Торғайым — текті тамырым, Атырау — алтын діңгегім

Өткен аптада Атырау қаласында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Рашила Қабиқызы Мұрсалиеваның 70 жылдық мерейтойы атап өтілген болатын. Жалпы көзі қарақты оқырманға түсінікті болуы үшін Рашила Қабиқызы туралы толық мәлімет бере кетсем.

Рашила Қабиқызы 1948 жылы 15 ақпанда Қостанай облысы Жангелдин ауданының Торғай селосында дүниеге келген. Түп-тұқияны өз жұртынан алатын болсақ та, нағашы жұрты жағынан қарайтын болсақ та, текті елдің қызы. Арғы бабасы аталас туысы қазақтың Ахаңы – Ахмет Байтұрсынұлына сабақ берген, оның алғашқы ұстазы болған, қазір өкінішке орай заманында алғашқы білім нәрін берген мешіт-медресе орнының тек жұрты қалыпты, дәл Ақкөлдегі Ахаң үйінен 3-4 шақырым екен (оны мен тек кеш білдім, әйтпесе өткен жылғы Ахаң жұртына барған жазғы сапарымызда міндетті түрде соғатын едік). Кезінде Ыбырай Алтынсарин Торғай даласында алғашқы мектеп ашқан кезде біздің аталарымыз, Рәшила Қабиқызының нағашылары Көбек-Көтібар деген кісілер «Арғынның алтын босағасы» деп аталатын, Алаштан шыққан алғашқы тархан, яғни фельдмаршал, Шақшақ Жәнібек батыр ұрпағы Шеген би әулетімен қатар жаңағы мектептің құрылысына қаражат бөліп, бірінші білім ордасының жандануына барынша жәрдемдескен екен. Бұл да болса, олардың көрегендігін көрсетеді емес пе? Көтібар-Көбек қара жаяу адам болмаған, уақытында ел билеген, аузы дуалы кісілер еді.

Міне, осы тұлғалардың тікелей ұрпағы Тоймағамбет деген кісі 1916 жылы Торғайға жарты патша Эверсмен келген кезде, дүйім жұрттың сөзін айтып, ашық қарсылық білдірген 2-3 кісінің бірі болған, әрине Сіздер «Амангелді» атты фильмде ол сәт туралы естеріңізде шығар, алайда шындық осылай еді. Тоймағамбет Көтібаров 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық  көтерілісі кезінде патшаға солдат бермейміз деп, мерген Төкеннің Смағұлымен Орынборға барған кісі. Кейін ұлт-азаттық көтерілісі кезінде оларға бүкіл мал-мүлкін, байлығын беріп, қолдау көрсетеді. Ел үшін еселі еңбек етіп, басын бәйгеге тіккен Тоймағамбет 1917 жылы сәуір айының 1-3 күндері Орынбор қаласында өткен Алаштың съезіне Торғай уезінен делегат та болып қатысқан. Осындай кісілердің ұрпағы Рәшила Қабиқызы әрине текті елдің қызы болуы заңды ғой.

Елден 41 жыл бұрын кесте де, Рашила Қабиқызы туған жерін әсте ұмытқан емес. Атырау жұртына келін болып түскеннен бері, Рашила Қабиқызын Атырау халқы қаршадай Торғай қызын өз қызындай қабылдап, өсуіне, өркендеуіне жол берді. Рашила Қабиқызы өзінің өмірлік жары, Атырау тумасы Ғибадат ағамызбен отау құрады.

Рашила Қабиқызының өмір жолына зер салатын болсақ, 1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1971 жылы аталған оқу орнын аяқтап, биология және химия пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолын 1971 жылы Торғай облысының Қазақстан Лениншіл Жастар Одағы Жангелдин аудандық комитетінің мектеп бөлімінің меңгерушісі қызметінен бастайды. Туа біткен зеректегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1972 жылдың қазан айынан бастап аталған ауданның комсомол комитетінің хатшысы қызметіне ұсынылды. 1973 жылдың қараша айы мен 1974 жылдың қазан айы аралығында Торғай облысы Жангелдин ауданының  аудандық оқу бөлімінде нұсқаушы, 1974-1976 жылдар аралығында туған жері — осы Жангелдин ауданында аудандық партия комитетінің үгіт –насихат бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарады.

Мұрсалиева Рашила Қабиқызы 1976 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны  1978 жылы аяқтайды.

1978 — 1984 жылдар аралығында Гурьев (қазіргі Атырау) облысында Қазақстан Компартиясының Гурьев қалалық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1984 жылдан 1986  жылдың мамыр айы аралығында Алматы советтік сауда техникумының Гурьев қаласындағы филиалының меңгерушісі қызметін атқарады.

1986 жылдың мамыр айы мен 1987 жылдың желтоқсан айы аралығында Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1987 жылдың желтоқсан айы мен 1999 жылдың ақпан айы аралығында Мұрсалиева Рашила Қабиқызы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры қызметтерін атқарады.

1999-2006 жылдар аралығында Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады.

2006 жылдың 1 ақпанынан  2008 жылдың 15 ақпанына дейін Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2008 жылдың 15 ақпанынан бастап зейнеткерлік демалысқа шығады. Дегенмен мемлекеттік қызметтен кеткенімен де қоғамдық жұмыстардан, өңірдің саяси-экономикалық өмірінен әсте қол үзген емес.

Мұрсалиева Рашила Қабиқызының есімі ел ішінде танымал.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік саладағы өріс алған қиыншылықтарды шешуде халық арасында насихат, үгіт жұмыстарын басқарып, ел арасындағы тыныштықты, ынтымақты сақтауда нәтижелі жұмыстармен ерекше көзге түсті.

1999-2006  жылдар аралығындағы Халықаралық, Республикалық дәрежеде өткен мәдени, танымдық шаралардың ұйымдастырушылардың бірі болды.

Олардың қатарында: қазақ мұнайының жүз жылдығы, ұлы Бейбарыстың 775 жылдығы, ЮНЕСКО деңгейінде өткен Махамбет Өтемісұлының  200  жылдығы сияқты көптеген шаралардың басы-қасында болып, үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарғаны туралы республикалық, аймақтық басылымдарда жазылды.

Білім, денсаулық саласындағы оңды өзгерістерде өз ізін қалдырды.

Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры болып қызмет атқарған кезеңдерде облыстағы жұмыссыздықты жою, шетелдік құрылымдардың ұлттық кадрларды дайындауға жедел бетбұрыс жасауына ықпал етті. Оған дәлел: 2006 жылдағы жұмыссыздық деңгейін  9,6%-дан  2008  жылдың басында  6,4%-ға жеткізу арқылы осы бағыттағы облыс көрсеткішін Республикада үшінші орынға көтерді.

Ұзақ жыл мемлекеттік қызметкер есебінде, сол қызметке лайық үлкен жауапкершілік, адалдық, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуда өзіндік тәжірибе жинақтады, атқарылған істерінде мемлекетшіл көзқарас қалыптастыра білді.

19-20 ғасырды қамти отырып, бүгінгі күнге дейінгі Атырау өңірінің тарихында із қалдырған әйел аналардың өмір жолын баяндайтын «Атырау арулары» атты кең көлемді энциклопедияны дайындады.

Рашила Қабиқызы өзін қызметінде қайраткерлік дәрежеге көтеріле отырып, ел ішінде үлкен беделге ие болды.

Бүгінгі таңда облыстың қоғамдық өмірінде өз пікірі бар зиялы қауымның өкілі.

2009 жылдан бастап «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамы президентінің кеңесші қызметін атқарады.

 

Кешегі күні өткен Рашила Қабиқызының мерейтойына оның үзеңгілес достары, қызметтестері Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев, Серікбек Жүсіпбекұлы Дәукеев, Серік Кеңесұлы Нокин, Нұрпейіс Мақашұлы Мақашов сияқты ел көптеген ел ағаларымен қатар, Атырау жұртының белді де белгілі тұлғалары қатысып, тойдың сәнін келтіре түсті. Рашила Қабиқызының төркін жұрты – Торғай елінен шыққан қазақтың белгілі ұл-қыздары Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев, Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбеков, Қонысбай Әбілдев, Орекен Алматов, Рысты Ерденқызы, Нурикамал Сейітжанова, Айбек Қалиев және Сіздердің пақырларыңыз – Амандық Қорғанұлы сияқты 40 адамнан тұратын тұтас бір делегация туған жердің ыстық сәлемін ала келді, торғайлық бауырлар шетінен әнші, күйші һәм биші ғой, тіпті екі өңір, яғни Атырау мен Торғай арасындағы өнер сайысына айналып кеткендей болды. Әсіресе Қонысбай ағамыз бастап берген өнер жарысында «айтыстың Ақтаңгері» атанған Айбек пен Атыраудың мықты ақыны Шалқарбай арасындағы айтыс мерейтойдың көрігін қыздыра түсті. Ең қызықты әрі тағылымды сәт Атырау аспанында қазақтың әнші қызы Рысты Ерденқызының «Торғай қызы» әнін әуелетуі болды, сахнаға шыққан барша торғайлық ағайындар хормен қосылып айтқан кезде, Атырауға тұтас Торғай жұрты көшіп келгендей әсерде болдық.

Оны айтасыз-ау, Нурикамал апайымызды таныстарған кезде «Нурикамал» әніне арқау болған аруды көруге бәрі ынтық болып, оның да Торғай қызы екеніне таң қалып жатты, көркіне ақылы сай осындай жан бекерден әннің кейіпкеріне айналады ма?!

Мерейтойға арналған сазды-музыкалық шараға ойысатын болсақ расында, мерейтой тізгінін алған Нұржан мен Әлия әдетте ұзақ сонар және ығыр қылатын жаттанды құттықтаулардан емес, музыкалық-сазды кеш ретінде өткізуді ұсыныпты, мерейтой сол ұсынылған сценарий бойынша өтті. Шынымды айтсам талай мерейтойларда болып жүрмін, бірақ адамды зеріктірмейтін, әнмен өріліп, күймен көмкерілген бұл кештің орны ерекше дер едім. Оның үстіне академиялық деген атақ алған Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы музыкалық драма театры ұжымының мерейтойға ат салыстуы кәсіби әртістердің бейнелерін тіпті айшықтай түсті. Атырау, жалпы батыс өңірі тек батырлар жері ғана емес, Дина мен Құрманғазы, Дәулеткерей шыққан күйдің Отаны. Өңірдің белгілі әншілері мен күйшілерінің өнеріне қайта қайта қол соғып разы болыстық. Шындығында қазақ руханиятының тағы бір орталығы Атырау біздің таң қалдырды.

Қазақтың белгілі тұлғасы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың, облыстың кезіндегі басшыларының бірі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтың, ТҮРКСОЙ басшысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтың және т.б. азаматтардың құттықтау хаттары оқылды. Атырау облысының басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев кешке арнайы келіп, басынан аяғына дейін қатысып отырды және сахна төрінде өзінің ақжарма тілегін білдірді. Мен талай басшыларды көріп жүрмін, бірақ ойын еркін, нағыз қазақы тілмен жеткізетіндері аз ғой, ал Нұрлан Асқарұлы тек білікті басшы ғана емес, өнер мен әдиебетті сыйлайтынын көрсетті, қазіргі қазақ әдебиетін сүйіп оқитынын білдірді, оған келесі күні тағы көзіміз жетті.

Мерейтой бар сәнімен өтіп, Рашила Қабиқызының мерейі асқақ, абыройы биік екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық.

 

Келесі күні облыс әкімі алыстан келген бір топ ғылым, өнер және мәдениет қайраткерлерін қабылдап, дастархан жайды. Бұл да болса оның көргенді ұл екенін көрсетпей ме?

Тағы да ән мен күйден шашу шашылды, мерейтой иесіне рахметімізді айтып, кешке Астанамызға қайта ұштық.

Расында қарапайым Торғайдың қызының еңбегі елеулі, халқына қалаулы рекені белгілі, мәселен, Мұрсалиева Рашила Қабиқызы  «Құрмет» орденімен (2004ж), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001ж), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011ж), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005ж), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015ж), «Қазақстан Республикасы  Ассамблеясына 20 жыл» (2015ж) медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі (1996ж) иегері атанды.

Бұрын айтқандай қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, 1997-1999 жылдары Атырау облыстық маслихатының депутаты лауазымын иеленді.

2006-2008  жылдары «Нұр Отан» ХДП  Атырау облыстық филиалының төрайымы, бюро мүшесі болды.

2006-2008  жылдары Республикалық «Нұр Отан» ХДП  саяси кеңесінің Атырау облысынан сайланған мүшесі болатұғын.

2008  жылдың шілдесінен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының кеңесшісі (қоғамдық негізде) қызметтерін де атқарды.

2017 жылдан бастап Атырау мұнай және газ университеті КеАК Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

2017 жылдан бастап «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті» ШЖҚ РМК байқау кеңесінің мүшесі болды.

Рашила Мұрсалиева жолдасы Ғибадат екеуі екі бала тәрбиелеп өсірген аяулы ана, асыл әже, адал жар. Қысқаша айтқанда өмірін туған халқына арнаған, жаны жайсаң, көңілі дархан ізгі жан Рашила Қабиқызы осындай жан!

Жалпы, мен кейде Рәшила Қабиқызын Торғай даласынан шыққан тағы бір апамызпен, қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы журналист Нәзипа Құлжановамен салыстырамын. Себебі Нәзипа да Торғайла туса да сыртта жүріп, қазақтың бас ақыны Абайды танытты, оған арнап театрландырылған көрініс қойып, насихатталуына көп еңбек сіңірді емес пе?

Ал, Рашила Қабиқызы ел мен жердің арасын жалғап, туған жері киелі Торғайды әсте ұмытпай, қасиетті Атыраудың нағыз патриоты да бола білді! Мерейтойлық шаралардың «Торғайым — текті тамырым, Атырау — алтын діңгегім» деп аталуы да тегін емес.

Сондықтан да Рашила Қабиқызын дүйім қазақ жұртының құрметтейтіні де, сыйлайтыны да осы себептен деп ойлаймын.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Соғыстан қайтқан солдаттар…

22 маусым – адамзат тарихына миллиондаған адамдардың өмірін қиған сұрапыл соғыстың басталған күні ретінде қара ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *