ТОРҒАЙДЫҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАCЫ

(Зұлмат жылдар құрбаны болған Алаш зиялысы Сейдәзім Қадырбайдың күреске толы ғұмыры хақында)

 

«Мен, қазақ зиялысы ретінде халқымның патшалық кезеңде көрген қорлығы мен қанауын сезбеуім және түсінбеуім, әрине, мүмкін емес-ті…»

                                                                                                          С. Қадырбай

Алаш арыстарының бірі Сейдәзім Қадырбай – ғұмыры қасіретке толы тұлға. Ол 1937 жылы халық жауы ретінде ұсталып, қызыл террордың құрбаны болды. С. Қадырбай 1966 жылы ақталса да, ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, соңғы кезге дейін өзінің тарихи бағасын ала алмады. Мен, болашақ тарихшы болғандықтан, бұл олқылықтың орнын толтырып қана қоймай, ұмыт болған тұғырлы тұлғаларды тірілтіп, оларды халыққа насихаттауды өзімнің келер ұрпақ алдындағы парызым деп білемін.

Сейдәзім Қадырбай қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі және бірегейі, қазақ халқының мүддесін иманындай көріп, сол үшін өзінің барлық күш-жігерін, ақыл парасатын, білімін, ең аржағы өз өмірін де аямай, осы жолда жанын пида еткен асыл азамат. Өзінің 52 жылдық ғұмырында заң білімінің көшбасшыларының бірі, аудармашы, ІІ жалпықазақ съезінде хатшылық қызметімен таныла білген Сейдәзім 1885 жылы Торғай уезі, Наурызым болысындағы Сарықопа бойында (Тобыл алқабындағы көл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы) дәулетті шаруаның отбасында дүниеге келген.

Алғыр да зерек Сейдәзім кішкентайынан ауыл молдаларынан хат таныды. 1864 жылы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған мектеп осы өңірдің біраз талапты жастары үшін тек білім ошағы емес, өмір мектебі атанып, Торғай өңірінен шыққан әйгілі Өтей батырдың кіндігінен тараған ұрпақтың біразы осы мектептен тіл сындырып, сауатын ашқан болатын. Солардың бірі – Өтей батырдың ұрпағы Сейдәзім Қадырбай бұл мектепте 2 жыл білім нәрімен сусындап, үздік бағамен тәмамдаған түлектердің бірі. Ал, 1901 жылы Орынбордағы қырғыз (қазақ) мұғалімдер мектебіне қабылданып, оны 1905 жылы аяқтайды. Архив деректеріне сүйенсек, Сейдәзім Қадырбай Орынбордағы қырғыз (қазақ) мұғалімдер мектебінде бар ынта-жігерімен оқып білім алғаны байқалады. Себебі, оқу бітіргеннен кейін Сейдәзім 6 жыл бойы білім алғаны үшін ұстаздық жолдан бас тартып, оқу инспекторы Н.Андрусеевичтің 1905 жылы 8 тамыздағы шешімі бойынша Орынбор округтық сотына аудармашықызметіне тағайындалып, оқуына жұмсалған қаражатты төлеуден толықтай босатылады.

Сейдәзім Қадырбай 1905-1913 жылдар аралығында Орынбор округтық сотында аудармашы болып қызмет атқарып, көп нәрсені көкірекке түйеді, талай әлеуметтік-құқықтық істердің сырын түсінеді. Ал, 1913-1918 жылдар аралығында халық үшін қызмет істеп, ел алдындағы азаматтық борышын ақтауға бел буып, заң саласында хатшылық қызметке сайланады. 1918-1920 жылдары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлымен бірге «Алашорда» үкіметінің Торғай әскери бөлімшесіндегі көшбасшыларының бірі болып, қазақ даласын аралап, Алаштықтардың әскерін жасақтауға зор септігін тигізді. 1920 жылдан Воронежге айдауға дейін Әділет халық комиссариатта заң шығару, сот құрылысы және бақылау бөлімдерінің меңгеруші қызметтерін атқарып, осы жылдар аралығында заң саласындағы белгілі заңгерлер Нығмет Нұрмақов және Ахмет Бірімжановпен үзеңгілес жүріп, қазақ халқының ұлттық мүддесімен астарласқан заң жобаларын әзірлеген. C.Қадырбайдың соңғы қызметі «Россовхозснаб» мекемесінде заң кеңесшісі қызметін атқарды.

Ал, енді Сейдәзімнің «Алаш» партиясындағы, «Алашорда» үкіметіндегі алатын орны мен беделіне келсек, ол қатардағы көптің бірі емес, керісінше көш бастаған серкелердің қатарынан болды. Бұған мынадай мысалдар келтіруге болады: 1917 жылы 2-8 сәуір аралығында Орынборда өткізілген Торғай облыстық съезінің төралқалық хатшылығына Омар Алмасовпен бірге Сейдәзім Қадырбай сайланады. Съезде жалпықазақ съезін шақыру жөнінде қаулы қабылдап, оның ұйымдастыру бюросының құрамын бекітеді. Бұл құрамда: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Омар Есенқұлов, Имам Әлімбеков, Есен Тұрмұхамедов, Керей Тұрымовтармен бірге С.Қадырбай та енеді. Сондай-ақ, әлгі съезде 1-8 мамыр аралығында Мәскеуде ететін жалпымұсылман съезінің жұмысына қатысу үшін төрт делегат сайланады. Сол төртеудің бірі де — Сейдәзім Қадырбай. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен жалпықазақ съезінің хатшылығы құрамында Сейдәзім да бар болып табылады. Мұндай деректер Сейдәзімнің Алаш зиялылары арасында айтпай-ақ алдыңғы орынды алатындығы белгілі емес пе?!

Сейдәзім Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен тығыз байланыста болғандығын Міржақыптың қызы Гүлнәр апамыз өзінің «Арыстың бірі — Сейдәзім» дейтін естелігінде: «Ахмет Байтұрсыновпен аға-інідей араласып, менің әкем Міржақыппен екеуі болса-болмаса жастайынан бірге өскен, бірге оқыған, өмір жолдары бір адамдар еді. Екеуі де Алаш қозғалысының басшылығында болды. Түйедей құрдас әрі бір-бірінің қадіріне қанық олар туыстан бетер сыйласатын»,- деп нақтылап жазады екен. Әлихан Бөкейханов Сейдәзімді оның еңбекқорлығы мен білімпаздығы үшін сыйлап, хат алмасып отырған.

Заң саласында жүріп, халқымыздың ана тілін көтеру, тіл мәртебесін биіктету жолында қыруар жұмыс жүргізді. Қазақ тілінде іс жүргізуге көшірудің мемлекеттік комиссиясын мүшелік қызметін атқарып қана қоймай, сол кезеңде іс жүргізуде қолданылатын көптеген құжаттардың үлгісін қазақ тіліне аударды. Бұл құжаттардың легін, қазіргі таңда Орталық мемлекеттік архивінде ата-баба мұрасындай сақталып тұрған құжаттардан байқауға болады.

Сейдәзім Қадырбайдың аудармалық қызметінде артынан мол мұра қалдыра білді. Ең алғашқылардың бірі болып, 1922 жылы қабылданған «Қылмыстық істерді жүргізу» заңың қазақ тіліне аударып, көптеген қарапайым халықтың заң саласындағы өз құқықтары туралы сауатын аша білді. Бұл заңдар жинағы алғашында төрт мың тиражбен  қазақ даласының түкпір-түкпіріне тарады. «Қылмыстық істерді жүргізу» заңдар жинағын қазір біз «Қылмыстық кодекс» деп те атап жүрміз. Бұдан бөлек Сейдәзімнің бұл қызметінде көптеген заңдар жинақтарын аударып қана қоймай, 1926 жылы қазақ даласында алғашқы рет ұйымдастырылған заң курсында көмекші құрал ретінде пайдаланғанында атап өтсек болады.

Сейдәзімнің артынан қалдырған мол мұрасының тізімін тізсек:

  1. 1923 жылы «Қылмыстық істерді жүргізу заңы»;
  2. 1927 жылы «Жер заңы»;
  3. 1928 жылы «Нотариат туралы заң, ереже, нұсқаулар»;
  4. 1929 жылы «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заңы»;
  5. 1930 жылы «Ақылы істерді жүргізу заңы»;
   

Сейдәзім Қадырбайдың тергеу материалдарында 1917 жылы құрылған ұлттық үкімет туралы мынандай пікірін білдіреді: «Алашорда ұлттық ұйым болатын және ол мәдени ұлттық автономия алуды көздеді. 185 жылдық патша өкіметінің қанауынан соң 1917 жылы Алашорда сияқты ұлттық ұйымның өмірге келуі толық табиғи құбылыс болатын. Сол кездегі барлық дерлік қазақ зиялылары осы ұлттық ұйымның төңірегінде бірікті, хал-қадерінше ұлт-азаттық қозғалысқа атсалысты» — деп көрсетті.

Сейдәзімнің ұрпақтарының қазіргі таңдағы тұрғылықты мекені Қостанай облысы болғанымен, ертеректе Сейдәзімнің жақын әулеттері Торғай өңірінен Жаңаарқа топырағына қоныс аударыпты. Осы мекенде әулеттері заң саласында, басқару салаларында абыройлы қызметтерді атқаруда. 2009 жылы Сейдәзімның інісі Исаның балалары Жасұлан мен Гаухар Воронеж түбіндегі Дубовка кентінде аталары СейдәзімҚадырбай жерленген топыраққа тағзым етіп, қабір басына ескерткіш қойып қайтты. Қадырбайлар әулетінің көптеген жылдары бойы армандаған мақсаты орындалды, парыз өтелді.

Қорыта келе, Сейдәзім Қадырбайды есте қалдыру және оның мол мұрасын насихаттау жұмыстарды жүргізу әуелі өзі дүниеге келген топырақтан бастау алуыс тиіс. Себебі, әр жердің өзіндік тарихы жасайтын тұғырлы тұлғалары бар. Енді сондай азаматтарды есте қалдыру туған топыраққа артылған үлкен жауапкершілік деп білемін.

Біз, алдағы уақыт та бұл тұлға туралы ізденісімізді жалғастырып, оның саяси-ғылыми мұраларын жинастырып, жеке жинақ ретінде шығаруды қолға алып отырмыз.

 

Бағлан ӘБЕУ,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің студенті

 

Мынаны да қараңыз

Міржақыптың абақтыда көрген азабы аз емес

Түрмеде екенмін деп түңілмей, қайта жан-жағындағы серіктеріне көмек қолын созу – Алаш көсемі Міржақып Дулатұлы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *