Әбілфайыз Ыдырысов – журналистиканың қара нары

Әбілфайыз Ыдырысов. Қазақтың қабырғалы қалам­гері. Журналист-публицист. Ұлағатты ұстаз. Тарих ғы­лым­­дарының кандидаты, профессор. Ғұмыры ғиб­ратты ғалым. Зейінді де зер­делі зерттеуші. Жиырмаға жуық оқулық пен әдістемелік құралдың, сондай-ақ онда­ған кітаптың авторы. Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері. Бірнеше орден-медаль­дың иегері. Қысқасы, қазақ журналистикасының қара нары.

Әбілфайыз Ыдырысұлы Қоста­най облысының Амангелді ауданына қарасты Егінсай ауылында туған. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша тәмамдап, журналистік еңбек жолын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер болып бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып жемісті еңбек етті. Жалындаған шағында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім ме­ңгерушісі, жауапты хатшы қызметінде газеттің сапалы шығуына өз үлесін қосты. «Қа­зақстан пионері» газетіне басшылық жасаған тұсы ерекше бір кезең. Ал кейін ұстаздық қызметке біржола ден қойып, өзі білім алған қара шаңырақта аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Олардың алды министр, бас редактор, профессор, академик, декан, ректор болды. Ал соңы ақпарат айдынында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Міне, осындай еселі еңбегі арқылы қазақ журналистикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты.

«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Арис­тотельден өмі­рімді жақсы өткізу туралы білім алдым», деген екен Александр Маке­донский. Бұл сөзді мен өзімнің ұла­ғатты ұстазым Әбілфайыз Ыды­ры­совқа арнап айтқым келеді. Өйт­кені мен де ол кісіге әкемнен кем қа­рыздар емеспін. Оның әкелік һәм ұс­таздық қамқорлығын көрдім. Ол оқиға күні бүгінге дейін жадымда қаттаулы.

1987 жылдың жазы еді. Атақты КазГУ-ге түсу үшін тағы да құжат тапсырдым. Тағы да деуімнің себебі бар. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 1984 жылы талапкер болып келіп, құлап кеткен болатынмын. Содан екі жылдық азаматтық борышымды өтеп әрі еңбек етіп келіп тұрмын. Ол кезде әскерге барғ­андар мен қара жұмыс істеп кел­гендердің қадірі болатын. Мен де сондай жеңілдікке ие болдым. Бізді Әбілфайыз ағайымыз құшақ жая қарсы алды. Оның үстіне, аудандық, облыстық һәм республикалық газет-журналдарға там-тұмдап жазған-сызғандарымыз бар еді. Ол да бізге әжептәуір ұпай. «Емтиханға жақсылап да­йындалыңдар. Құлап бара жат­саңдар маған айтыңдар» деп қатаң ескертті. Бұл сөз бізге үлкен демеу болды. Содан не керек, шы­ғар­ма­шылық байқау мен емтихан­дардан өтіп келіп, соңғы тарих пәніне келгенде сүріндім. Дереу Әбекеңе жүгіндік. Ол кісі сөзге келмей, тарих пәнінің профессорына барып мән-жайды айтты. Түсінбеді. «Бізге тарихшы емес, журналистер керек. Бұлар – дайын журналис­тер. Кейін тарихты меңгере жатар» деді. Оған да көнбеді. Ақыр ая­ғында жалынып та көрді. Ыңғай танытар емес. Ашуға булыққан Әбекең: «Ендеше қой екіңді», деп қолын бір сілтеді де кетіп қалды. Мені ерте кетті. Жолда кетіп бара жатып: «Сағың сынбасын. Келесі жылы кел. Қалайда түсіремін», деп уәде берді. Уақыт жүйрік қой. Бір жыл өте шықты. «Үйреніскен жау алыспаққа жақсы» деп бағым­ды сынап, КазГУ-ге үшінші рет келдім. Әбілфайыз ағамды тауып алдым. «Биыл қалайда түсе­сің» деді. Білдей бір деканның орынбасары айтып тұрған соң, қалай сенбейсің, сендім. Ағай уәдесінде тұрды. Сөйтіп өзім армандаған оқуға үшінші рет келіп түстім. Әрине бірінші – Құдай, екінші – Әбекеңнің арқасында. Кейін де ол кісінің көмегін көп көрдім. Бірінші курста «Он саусақ, соқыр әдіс» сабағынан, яғни «Машинка басу» пәнінен оңбай құладым. Кінә өзімнен. Сабаққа келмегенмін. Тұрымтай апай жанына жолатар емес. Болған жайды кураторым Бауыржан Жақыпқа айтып, жәрдем беруін сұрадым. Ол тура Әбекеңе алып барды. Зачеткіме бесті қонжитты да: «Ағайың бие сұрап еді, мен түйе бердім» деп күлді. Біз әйеліміз ұл тапқандай қуандық. Бұл да – Әбекеңнің маған деген әкелік қамқорлығы еді.

Жалпы, Әбілфайыз Ыдырыс­ұлы тек маған емес, журфакта оқи­тын барлық студентке өз баласындай қарап, оларға қолынан келгенінше көмек беріп жүрді. Тіпті бір басы екеу боп, отау құр­ған студенттердің тойына Заря жең­гемізбен бірге барып, Әбекең Төлегеннің, ал Заря жеңгей Қыз Жібектің ариясын айтатын. Сөйтіп, студенттердің тойы Әбілфайыз ағамыз бен Заря жеңгейсіз өтпейтін болды. Бұл үрдіс біз оқу бітіріп кеткенше жалғасты. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қағиданы бізге ұстазымыз осылай түсіндірді. Қазір сол күндерді сағына еске аламыз.

«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Әбілфайыз Ыдырыс­ұлын таныған күннен бастап, ұст­аз ретінде құрметтейміз, қадір тұ­тамыз. Ол кісі өмірінің соңында жүріп-тұруы қиын болып қалса да, қолына таяқ ұстап жүріп, арнайы курстан дәріс берді. Мен де осы оқу ордасында аға оқытушы едім. Көрген сайын ол кісіні көліктен дәрісханаға дейін, сабақтан соң дәрісханадан көлікке дейін қолы­нан демеп, шығарып салып жүр­дім. Кейде той-томалақтарда жо­лы­ғып қаламыз. Сонда да мені іздеп, шақыртып алатын. Мен сол дағды бойынша ағайды құрметпен шығарып салып тұратынмын. Бұл маған әке мен бала арасындағы қарым-қатынастай көрінетін. Ылғи да оның көзінен нұр, жүзінен мейі­рім көруші едім. Асқар таудай әкем тіріліп келгендей сезінетінмін. Ол да бір дәурен екен-ау.

Осыдан бес жыл бұрын, яғни қазақ журналис­тикасының қара нары Әбілфайыз Ыдырысұлының 85 жылдығына орай «Қазақ уни­верситеті» баспасынан «Өнеге­лі өмір» сериясы бойынша арнайы жи­нақ шыққан болатын. Ол кітапқа ұла­ғатты ұстаздың өмірі мен шы­ғар­­машылығы, алған асулары мен жеткен жетістіктері, мұрағат құ­жаттары мен фотосуреттер һәм ол туралы зиялы қауым өкілдерінің па­расатты пікір-пайымдары топ­тастырылған. Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұ­танұлының бастамасымен жарық көрген басылымның мәнді де маз­мұнды шығуына Әбекеңнің шәкірттері – Ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент-мү­шесі, филология ғылымдарының док­торы, профессор Бауыржан Жа­қып пен журналист-публицист, баспа ісінің білгірі, ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубекұлының сіңір­ген еңбектері зор. «Ұстазыңа бар ықылас-ниетіңмен қызмет қыл» деп Қожа­ Ахмет Ясауи айтпақшы, бұл ізгі іс – осы қағиданың орындалға­ны­ның белгісі.

Әбілфайыз Ыдырысұлы 89 жасында фәниден бақиға озды. Сол қаралы жиында кезінде Мә­дениет, спорт және қоғамдық келі­сім министрі, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған, қазіргі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза сөз алып:

– Заря жеңгеміз Әбекеңді ба­ла­сындай күтті, махаббатымен аяғынан тік тұрғызды. Ұлы ұста­з­ы­мыз махаббаттың, қаламның құ­діретіне сүйенді. Сол қалам Әбекеңе 30 жыл өмір сыйлады. «Таңшолпан» атты романдар сериясын дүниеге әкелді. Оны Олжас Сүлейменов орыс тіліне аударды, – дегені әлі есте. Бұл кісі де – абыз аға­мыздың алғыр шәкірттерінің бірі.

Әбілфайыз Ыдырысұлы қа­зақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің көзін көрді, оның тә­лім-тәрбиесін алды. Тіпті сол кі­сіге еліктеді. Оны бізге кей дәрістерінде айтып та отыратын. Кейін төсек тартып жатып қалса да қолынан қаламын тастамады. Сол өзі ұстаз тұтқан ұлы Мұхаң ту­ралы «Әуезовке іңкәрлік» атты кітап жазды. «Біртуарлар болмысы», «Аңсаған менің әнімсің», «Айжанның ғашығы», төрт кітаптан тұратын «Таңшолпан» роман-хикаяты да сол тұстарда жазылған шығармалар. Қарап отырсаңыз, мұның өзі – үлкен ерлік. Қайтпас қайсарлық! Қаламға деген құштарлық!

– Қазақ журналистикасының арда­гері, профессор Әбілфайыз Ыды­рысұлы өмірінің жарты­ ғасырға жуық уақытын осы жо­ғары оқу орнына арнады. Та­лай журналист мамандарды тәр­биелеп шығарды. Менің де қадір­лі ұстазым. Ағамыздың өмірі мен еңбек жолы – бүгінгі ұр­паққа үлгі-өнеге. Ол – газетті бе­зендіру, түрлендіру өнерінің негізін салып берген кісі. Осы са­лаға қатысты оқу құралдарын шы­ғарды. Қазір технология қанша дамыды десек те, бұл кітаптар өзі­нің маңыздылығын жойған жоқ, – дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы.

«Бір бала, атаға жете туады,

Бір бала, атадан өте туады,

Бір бала, кейін қарай кете туады», деген екен атам қазақ. Сол айтқандай, Әбілфайыз Ыдырысұлының ұлы Ерлан – атадан өте туған атпал азамат. Ол кезінде Сыртқы істер министрі қызметін абыроймен атқарды. Қазір Қазақстанның Ұлыбритания, Ислан­дия және Ирландиядағы Төтенше және өкі­летті елшісі. Әбілфайыз Ыды­рысұлының 90 жылдық мерейтойы­на орай Журналистика факультетінен ашылғалы отырған аудиторияны безендіріп, әрлеп һәм көрнекі құралдармен қамтамасыз еткен де – осы Ерлан Әбілфайызұлы. Бұл – осы қара шаңырақта білім алып, бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған әкесіне ғана емес, сон­дай-ақ киелі оқу ордасында оқып жатқан қазақ жас­тарына һәм қасиетті білім ошағына деген құрметі. Ол үшін оған университет ұжымы атынан алғыс айтамыз.

– Тірі өледі, жер қойыны – жатағы,

Ізі қалар жақсы болса атағы, –

деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Әбілфайыз Ыдырысұлының аты да, ізі де қазақ деген халық бар­да мәңгі жасай берері хақ.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

«Алтын қалам» сыйлығының лауреаты

egemen.kz 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *