САЙЛАУ

Сайлау фото

әңгіме

Орман, барлық орман атаулы сияқты, кәдімгі жаңа патша сайлау алдындағы абыр-сабырға, қарбаласқа толы әбігер күй кешіп жатты.…Бұл жолғы сайлаудың орны ерекше еді. Бұрын кімді патша тағайындайтынын, не үшін тағайындайтынын, неге Оны тағайындайтынын ешкім ешкімнен сұрап жатпайтын. «Мынау сендердің патшаларың» дейтін жоғарыдан. «Е-е, бопты, елімізге тыныштық, патшамызға қанағат бергей» дейтін ормандағы барлық тіршілік атаулы бірауыздан келісіп. Енді, міне, сұрап қалыпты: «Мәссаған, кімді патша қоюды осылар шынымен-ақ менен сұрап отыр ма?» – деп таң-тамаша болды Қоян. Тіпті де сенер-сенбесін білмей, қыли көздері жыпылық-жыпылық етеді. «Ақымақ болма, – деді Жапалақ, Қоянның саяси сауатсыздығына күйініп. – Мұның бәрі айла, қитұрқылық, ал сайып келгенде бізді ақымақ ету». Қоян Жапалақтың ақылдылығына күмән келтірмейтін, сөйте тұра ол қанша ойласа да бәрібір, неге олардың мұны ақымақ қылғысы келетінін ұғына алмай-ақ қойды. «Ең дұрысы, – деп ойлады Қоян. – Барып, солардың өздерін тыңдап көру, не айтар екен».

«Қымбатты бауырластарым, – деп бастады сөзін Жолбарыс, жиылып отырғандарға жылыұшырай қарап. – Қымбатты бауырластарым, өздеріңіз білесіздер, Асекең басқарған соңғы жылдар ішінде орманымыз мүлде азып-тозып кетті. Бей-берекеттікке жол берілді. Салыстырып көріңіздерші, бұрын қандай едік, қазір қандаймыз… Кеше кім едіңдер, бүгін кімсіңдер? Кеше бәрі ортақ еді, кеше бәрі сендердікі еді, бүгін ешкімге керектерің жоқ. Бұрын емін-еркін едік, қайда барайын, немен қоректенейін демейтін едік… Қазір алыс-жақыны бар басқа орманның аң-құсы, біздің сонау заманнан бері бабамыз мирас етіп қалдырған жасыл орман, жан саямызды тура бір әкесінің үйінде жүргендей сайрандай иемденіп болды. Тіпті айылдарын да жимайды. Ағаштардың бұтақтарын сындырып, тамырларын түбінен қиып, індерін тереңдетіп, жайғасып, жайылып жатыр. Бүйте беретін болса, күні ертең түктен-түксіз қаламыз, осыны ойладыңдар ма, осының байыбына бардыңдар ма, қадірменді туғандар?!»

«Міне, орынды сөз, міне, жанашырлық сезім. Жөкең дұрыс айтады, осы келімсектер-ақ бәрін жайпап, жалмап құртатын болды, – деп бар даусына салып, сампылдап қоя берді ағаш басында отырған Сауысқан. Әділін айту керек, Сауысқанның мұнысы негізсіз емес-тін: бұрынғы Асекеңдер мен Қасекеңдерден, Жөкеңдер мен Түкеңдердің жемтігінен қалған өлекселер бүгінде бұған бірде бұйырып, бірде бұйырмайтын. Қышуы жетіп, бірақ қасуы жетпей жүрген жараның беті сыдырылып түскенде, ормандағы сауысқан атаулы  риза сезіммен шулап кеп қоя берді.

Қолдаушылармен қуаттанған Жолбарыс бұдан соң да қазіргі патшалықтың теріс жақтарын бұлтартпас дәлелдер келтіре отырып ұзақ сөйледі. «Олай болса, – деді сөзін түйіндей келіп Жолбарыс. – Патшалыққа мені сайлаңдар, таққа мен лайықпын. Қараңдар да тұрыңдар, мен бәріңді де жарылқаймын да қоямын!

Бұл кезде орманның екінші бір шетінде өзім, өзектесім дегендерін жиып алып, Қасекең өз жиылысын өткізіп жатқан еді. «Білмейді екенбіз, түкті де білмейді екенбіз, қадірменді ағайын… Бақсақ, біздің орманның асыл аңдары мен ғажайып құстары, жаны жайсаң жәндіктері мен қымбатты құрт-құмырсқалары бейшара халде ғұмыр кешіп жатыр екен. Мен оны осы жолы – орманды аралай, қасірет кешкен айналайын ағайынмен жүздесе жүріп байқадым. Жо-жоқ, қымбатты менің ормандастарым, аяулы менің отандастарым, бұлай өмір сүруге болмайды. Бүгін бәрін өзгерту керек, бәрін орын орнына қою керек… Өздеріңіз білесіздер,  біздің орман дүниедегі ең бай, мүмкіндігі ең мол орман. Соған қарамастан, біз, тіпті айтуға да ұят, қандай сорлы жағдайда отырмыз… Егер мені патша қылып сайласаңыздар, мен біздің орманды көзді ашып-жұмғанша керемет қылып көркейтемін де жіберем. Мұндай ұлы бетбұрысты мен алдымен ана Жолбарысты төңіректеп жүрген, кешегінің сарқыншақтарын жоюдан бастаймын… Көріңіздер де тұрыңыздар, сіздердің ең бай, керемет деп жүрген ормандарыңыз бізбен салыстырғанда жіп есуге де жарамай қалады.

Екі көзі оттай жанған Қасқыр өз шешендігіне өзі разы болып, осылай сілтеді.

Түлкі Қасқырдың сайлау кезіндегі кепілдік берілген сенімді серігі болатын. «Мен өзім, жеке басым тек Қасекеңе ғана сенемін! Соған ғана дауыс беремін! Қасекеңнің қажыр-қайраты, жұмыс десе күн демей, түн демей, дамыл таппай шапқылап жүретін еңбекқорлығы бәріңізге аян. Сонықтан да, қымбатты достар, сіздерді де Қасекеңді қолдауға шақырамын, – деді Түлкі сенімді серіктің қызметін қалтқысыз атқарып. «Аса құрметті Қақа, – деді сосын ол Қарғаға бұрылып. – Сіздің екінің бірінің бойынан табыла бермейтін ақыл-парасатыңыз, тереңнен толғай білетін көрегендігіңіз, мына кімнің кім екенін айырып болмайтын, елдің бәрі қой терісін жамылған қысылтаяң заманда  әріптестеріңізге үлгі, замандастарыңызға көрсеткен сара жол болады ғой деп сенемін. Қолдаңыз Қасекеңді, кейін өкінбейсіз».

Түлкі сөйлегенде, Қарғаның басы айналатын әдеті бар еді, бұл жолы да сөйтті. Аузында салп етіп түсіп кететін ірімшіктің жоқ екенін тиянақты тексеріп алғаннан кейін айналасындағыларға қоқиланып қарап қойды да, сонсоң бар даусымен «жасасын Қасқыр!» деп қарқ етті.

Бұған дейін бір ғана ақпаратқа жүгініп, өтірік болсын, шын болсын, бір ғана уағызға иланып келген байғұс аң-құс енді кімге сенерін, кімге ерерін білмей дал болды.

«Елу жыл, – деп бастады Аю сайлау алдындағы арнау сөзін. – Жарты ғасыр! Міне, осынша уақыт бойы біздің орман тұншығуда. Орманның байырғы мекендеушілерінің дархандығы мен сенгіштігін пайдаланған бағзы біреулер атадан қалған мирас жерімізді ойыншық етті… Ағаштарды сындырды, жапырақтарды жұлды… Небір көкмайса алаңқайларымыз ана жатқан тасбақаның сауытындай жып-жылтыр тақырға айналды, бұлақтарымыз суалды… Демек, бәрін қирағанды түзеуден, құлағанды сүйеуден бастауымыз керек».

Жиылғандар Аюдың сөзін үнсіз тұрып тыңдады. Ешкім, тіпті өзге таққа таласушылардың жақтастары да оған көрер көзге «қой» демеді. Қол соғып қостаушылар да табыла қоймады. Көптің көкейіндегі шешімін таппаған сауал – өз тірлігімен өзі жүрген Айекеңнің табан астында таққа таласа қалуы болатын. Орманның аты орман емес пе, кімнің аузына кім қақпақ болғандай, біреулер мұны әлдекімнің әріден ойлайтын тереңдігі, яғни «нағыз демократияның жарқын көрінісін танымайтындарға таныту тактикасы» деп те түсіндіріп жатты…

Арыстан өзіне бұрынғыдан да гөрі сенімді болатын. Сондықтан да ол нық сөйледі: «Мен бізде қиындық жоқ демеймін. Бірақ сіздер маған қиындығы жоқ орманды көрсетіңіздерші?! Көрсете алмайсыздар, өйткені ондай орман жоқ! Себебі, қазір аспан да өзгеше, бұлттар да өзгеше, жел де өзгеше, бір сөзбен айтқанда, өмір өзгеше… Бұрынғы аппақ нұр деп жүргеніміздің тұман екенін түсінетін уақыт жетті. Адасып болдық. Енді тығырықтан шығудың амалын ойлауымыз керек. Ал, сайып келгенде, одан шығудың жалғыз ғана жолы бар. Ол – сіздердің барлығыңыз бірігіп, алаланбай-құлаланбай, еш жаққа жалтақтамай, бір мақсатпен, бір бағытта жылжу. Менің соңымнан! Естіп тұрсыздар ма, тек қана менің соңымнан! Қайда апаратынымды мен өзім білемін! Ал енді мыналардың айтқаны салиқалы саясат емес, сайқымазақ… Қайтіп түзеймін дейді, алысты былай қойғанда, мына көрші орманда не бір танысы, не бір тамыры жоқ. Адаспаңдар, ағайын!»

Бұрынғы бұрынғы ма, аң-құс біткен есеңгірей, тентіреп  кетті. Сосын тіршілік иесімін дегеннің бәрі ешкім ештеңені түсініп болмайтын кезге тән қылыққа көшіп, өз алдына сәуегейлік айтуға басты. Біреулер: «Арыстан арыстандығын жасайды, мыналардыкі жай әшейін, далбаса!» – десе, екіншілері: «А-а, Жолбарысың да болмайды, көпті көрген нағыз әккің сол шығар…» – деп таразының басын теңестіруге тырысты. «Бәрінен де маған Қасқыр ұнады, мынадай заманда осындай жұлып жейтін біреу болмаса, мына қойыртпақтан шығуымыз оңай болмас және ол өзі аналардай емес, жас бөрі ғой» деп Қасқырға сенім артушылар да табылмай қалған жоқ.

Сонымен, ертең – сайлау. Орман шулап жатыр, орман у-да ду, у-да ду…

Әбутәліп ӘМІР, Қостанай облысы

Фото colxoz.com алынды

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Бір пікір

  1. Абылай

    Бұл 1999 жылы болған сайлау ғой))

Абылай жазбасы үшін пікір қалдыру Отменить ответ

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *