Қостанай облысында «Кім кінәлі?» деп аталатын толықметражды фильм түсіру қолға алынды. Оның идеясы, түсірілім барысы туралы туындының режиссері Есбол Жатқанов Қазақпарат тілшісіне баяндап берді.
— Толықметражды фильм түсіру идеясы қалай пайда болды?
— «Кім кінәлі?» — тағдыр тауқыметін тартқандардың тұрмысын көрсететін туынды. Драма жанрында түсіріледі. Біз бұл фильм арқылы қариялардың қиын жағдайымен бөліскіміз келді. Одан қалды, бүгінде әке мен ұлдың, ене мен келіннің арақатынасы маңызды болып тұр. Міне, фильм идеясы осыдан пайда болды. Бұл ойымды айтып, белгілі театр әртісі Әлімхан Мырзаханға келдім. Ол кісі менің идеямды қолдап, сценарий жазуға кірісті. Фильм «қаңқасы» 3-4 айда дайын болды. Сөйтіп, көптен күткен мақсатымызға қол жеткіздік.
— Қостанайда түсірілген «Саяқ», «Кәусарым» сияқты қысқаметражды фильмдер жұртшылықтың жақсы бағасын алды. Бірнеше рет облыстық театрларда көрсетілді. Мынаны айтыңызшы, жұрт «Кім кінәлі?» фильмінен не күтеді? Қандай мақсат қойдыңыздар?
— Фильм түсіруді бастамас бұрын, осы сұрақтың жауабын іздедік. Жоғарыда айтқан қариялардың жанайқайына үн қосу — біз көздеген мақсаттардың бірі. Қария — қара шаңырақтың киесі. Халқымыз ықылым заманнан бері жасы үлкенге қарсы шығып, жолын кеспеген. Уақыт өткен сайын қоғамның тарпаң қылықтарын көріп жатамыз. Қартайған шақта қызықтарын көрсетудің орнына қабырғаларын қайыстырып, тағдырдың ауыр сынағына тастап, үйінен әке-шешелеріне орын тауып бермей жүргендер жоқ емес. Өкінішке қарай, қариялар үйіне келушілердің қатары азаймай тұр. Оған өзіміз де көз жеткіздік. Осы туынды арқылы безбүйрек балаға ой салсақ, бір қария болса да, өз отбасына оралады. Ал, бұл біздің отбасылық құндылықтарға қосқан шамалы үлесіміз болар еді.
— Түсірілім қашан басталды?
— Түсіру тобын жұмысқа кірістірместен бұрын, Рудныйдағы Қарттар үйіне барып, сондағы жағдайды бақыладық. Зерттеу жүргізіп, мәлімет жинақтадық. Мұнан соң қаладағы нысандардың ішінде түсірілім жасау үшін әкімдіктен рұқсат қағазын алуға тура келді. Техникалық жарақтар дайын болып, 5 наурызда түсіруді бастап кеттік.
— Әртістер құрамына тоқталсаңыз.
— Үстіміздегі жылдың ақпан айында кастинг жарияланды. Ниет білдірген 100-ден астам адамның ішінен отызы іріктелді. Олар арнайы сынақтардан өтіп, комиссияның шешімімен таңдалды. Фильмде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Қонысбек Бегайдаров рөлдердің бірін сомдайды. «Бір сен үшін» фильмінде ойнаған Әлімхан Мырзахан да «Кім кінәліге» түседі. Жалпы, әртістердің көбі Қостанайдағы қазақ және орыс драма театрларынан алынды. Қалған рөлдер жергілікті тұрғындарға тиесілі.
— Фильм қашан жарыққа шығады?
— Бұл туындыны өзіміз қаржыландырғандықтан қиынға түсіп жатқан нәрселер көп. Дегенмен де, монтаж жұмыстарымен қосқанда маусым айының ортасында «Кім кінәлі?» үлкен экранға шығады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
inform.kz