ҚАЛАМЫ АЛМАС ҚЫЛЫШТАЙ ЖАРҚЫЛДАҒАН ҚАЛАМГЕР

немесе туған жеріне туын тігіп, найзағай ақын Назағаңнан бата алған

Мылтықбай Ысмағұл туралы бір үзік сыр

Айтары жоқ, шыр етіп дүние есігін ашқан тірі жанның о баста Жаратқанның кем өлшеп-пішіп берген өмірі бар. Ұзақ па, қысқама ма, бір Аллаға аян. Міне, Торғай-Тобыл өңіріне танымал журналист, жақсы жора жолдас, сыйлас Мылтықбай Ысмағұлдың жамбасы жерге тигеніне де 12 жыл болды, марқұммен жиырма жылдан астам уақыт аудандық «Жаңы өмір» газетінде, аудандық партия комитетінде бірге қызметтес болдық.

Мен Мылташпен (достары осылай атайтын) ең бірінші рет 1977 жылы сәуір-мамыр айларында етене таныстым. Ол кезде мен Жангелдин аудандық «Жаңа Өмір» (Новая Жизнь) газетінде аудармашы болып қызмет атқарған кезім еді. Газет редакторы белгілі ақын Назарбек Бектемісов, орынбасары белгілі журналист Әмірхан Абдуллин мен мамандығы инженер болса да, орысша сауаттылығы орыс тілі мамандарынан кем түспейтін Бақыт Ғабдырақов, жауапты хатшы талантты жас ақын Қоныс Іскендіров (қазір халық ақыны Қонысбай Әбіл), бөлім басшылары Тыныштық Әбжамалов, Тәшет Орынбеков, Талғат Қасымов, тілшілер – ақын Таңатқан Сәтпаев, Қарабек Гакашин, Қытайбек Ербатыров,Зейнел Зинекин, Мираш Жүнісбеков,орыс редакциясының аудармашы-тілшілері Ақылбек Арыстанов, Нұрғали Баймамыров, Гүлзада Рағатова, баспахана директоры Әбсан (Әбдісалық) Жүсіпов және т.б. жұмысшы-қызметкерлер бір ұжымда қызмет атқарды.

Сол жылы көктемде астанамыз Алматыдан С.М.Киров атындағы ҚазМУ-і (қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і) журналистика факультетінің студенті Мылтықбай Ысмағұлов «Жаңа Өмір» газеті редакциясына өндірістік тәжірбиеден өту үшін келді. Өндірістік тәжірбиеге келгенге дейн Мылташтың аты-жөнін тек арагүдік мерзімді баспасөзден білетінмін,онымен жүзбе-жүз танысқаннан кейін жолдастық, һәм әріптестік қарым-қатынасымыз тереңдеп, жұбымыз жазылмайтындай күйге жеткенімізді де білмей қалыппыз.Бір нәрсе анық – әйтеуір бір-бірімізді іздеп тұратынымыз.

Аз уақыт ішінде Мылташ өзінің салмақты қалпымен, білімділігінің арқасында өз әріптес ағаларының ортасында қадірлі бола білді. Сол жылдары Мылташ екеуіміз иық тіресіп қатар жұмыс істедік. Сонда ол бізді үлкен адамгершілігімен тәнті етіп еді. Ол біреуге міндетсіну, кергу дегендерді, қандай қызметте жүрсе де, кейбір құрдастары сияқты ісіп-кебу, сыздану дегенді білмейтін. Баяғы бір сол өзгермейтін үйреншікті қалпында болатын.

Редактордың тапсырмасымен ол қоғамдық тілшілермен қоян-қолтық жұмыс істеді. Қоғамдық тілшілер тірегінің жұмысын жандандыруға белсене атсалысты. Ауыл-ауылға іссапарға шығып, жазуға қабілеті бар азаматтарды қоғамдық тілшілік жұмысына тарта білді. Мылтықбайдың жүргізген ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде Торғайдан Игілік Бейсенбаев (кейін Торғай өңіріне белгілі айтыскер ақын болды), Қызбелден Сәрінжіп Дайыров (Торғай өңіріне белгілі ақын), Ақкөл мен Қарасу ауылынан Жолдыбек Мұқанов (Торғай өңіріне белгілі ақын), Сужарғаннан Тоқтар Тайшин (Торғай өңіріне белгілі ақын), Милісай мен Шиліден Бейбіт Әбдіков пен Сейітбек Қарақұлов (ақынжанды азаматтар) және Көкалат ауылынан Болат Молдашевтар (қазір Арқалық қаласының белгілі ақыны) өз ауылдарының тыныш-тіршілігі жөнінде мақалаларды редакцияға тұрақты жазып тұрды.

Аз уақыт ішінде Мылташтың атқарған жұмысына риза болған Назағаң редакцияда күнделікті тәңертенгілік өткізілетін ілездеменің бірінде: «Қарабек пен Қытайбектер журналистиканың атына жайдақ мінген қарапайым тілшілер ғой. Сендер Таңатқан екеуің мынау отырған Қоныс ағаң секілді журналистиканың ақбоз атына ертоқым салып, Қожакеевтің «шинелінен» шығатын нағыз болашақ кәсіби журналистер емессіңдер ме»-деп, өмірлік таңдап алған журналистік жұмысына ақ жол тілеп, батасын бергеніне кезінде куә болған едім.

Өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдардың басында КазГу-дің журналистика факультетін бітіріп, журналистикаға біржолата бет бұрған Мылтықбай Ысмағұл қайсысыбір замандастырындай жер таңдап, күй кешкен жоқ. Ұлан байтақ еліміздің тілшілер тапшы-ау деген өзі туған өңіріне ойланбастан тартып, құлшына жұмысқа кірісіп кетті.Университет қабырғасынан 1981 жылы түлеп ұшқан Мылтықбай өмірінің соңғы күніне дейін (3-4 жыл аупарткомда насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы болып істеді), яғни 23 жыл бойы аудандық газеттің қатардағы тілшісінен бастап, бүкіл баспалдақтан өтіп, редактор лауазымына дейін қызмет атқарды. Тобыл-Торғай өңірінің найзағай ақыны атанған Назағаңнан ақтілек батасын алған талантты журналист Мылтықбай Ысмағұл шаруасы шайқалып тұрған (90-шы жылдардың орта кезі), өтпелі бір қиын кезеңде жабылып қалған аудандық «Торғай Тынысы » («Біздің Торғай») газеті редакциясының жұмысын өзінің іскерлігімен қайыра жаңа деңгейге көтеруге елеулі үлесін қоса білді. Корректорлық, тілшілік және редакторлық жұмыстарды бір өзі атқарып, газетті шығарған уақыттары да болды.

Кезінде Қайнекей Жармағанбетовтің бір басында 3-4 қызмет («Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының жауапты хатшысы, КазПИ-де оқытушы) болғанын естігенбіз. Мылтықбай да пір тұтатын Қайнекей атасы сияқты бір өзі аудан көлемінде редакторлық қызметке қоса бірнеше жыл бойы облыстық газеттің Жангелдин ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Әріптес ағасы Болатбек Әлденов қайтыс болғаннан кейін Жангелдин аудандық «Қазақ тілі» қоғамының үні «Аманат» газетіне де басшылық жасады. Оның сыртында, ол аудан көлемінде өткізілетін түрлі іс-шараларға байланысты аудан және мекеме басшыларының «арнайы» өтініш-сұраныстарына байланысты салтанатты мінбеден оқылатын баяндамалар мен жалынды сөздерін жазып дайындағанын Торғайдың көзіқарақты оқырманы жақсы біледі.

Мылтықбайдың бір ерекшелігі, оның Торғайға деген ерекше сүйіспеншілігі еді. «Торғай – менің кіндік қанымның тамған жері ғой, оны мен қалай сынаймын»,-деп талай айтқанын естіген едім. Зерделеп қарасақ, ол баспасөз беттерінде Торғай туралы бірде-бір сын мақала жарияламапты. Таңғаларлық жағдай. Неткен мәрттік және туған жерге деген сүйіспеншілік?!

Мылтықбайды өз таланты мен мүмкіншілігін толық ашып көрсете алмай кетті десек те, журналистикадағы өзіне тиесілі, еншісіне, пешенесіне жазылған айшықты мақалаларды, суреттемелерді, очерктерді адалынан жазды.Айталық оның тарихи деректерге негізделген, бірақ кеңестік кезеңінде өкінішке қарай есімдері аталмаған Торғайдағы 1916 жылғы ұлттық-азаттық көтерілісінің басшылары туралы «Оспан хан», «Қасымхан Алтынсары», Торғайдан шыққан тұңғыш кәсіби журналист жөнінде «КИЖ-дің торғайлық тұңғыш түлегі» және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен торғайлық ардагерлер туралы жазған топтама материалдары шын ізденістен туындаған.

Елімізге белгілі қаламгерлер, әріптес ағалары Сабыржан Шүкірұлы, Сейіт Кенжеахметов, Әмірхан Абдулин, Байтұрсын Ілияс,Серік Тұрғынбеков, Қайсар Әлім, Серік Шайман, Жұмабек Жанділдин, Әбжан Әбілтаев, Хамитбек Мұсабаев, Жақсылық Жүнісов, Қонысбай Әбілдер Мылтықбайдың талантына тәнті болып, өз бағаларын берген еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін елімізге белгілі қаламгер, Ана тілінің жанашыры, шежіретанушы Сабыржан Шүкірұлының жерлес інісі (екеуі де киелі Тосын өңірінен) Мылтықбай туралы айтқан мына сөзін тілге тиек етейік. «Мылтықбайдың табиғат берген таланты толық ашылмай кетсе де, қарт Торғайдан шыққан жорналшылардың кейінгі толқын қатарынан ойып тұрып өз орнын алған қаламгер ретінде Рахмет дерлік іс тындырған азамат» деп бағасын берген. Әріптес ағасының інісіне берген бағасына алып-қосарымыз жоқ. Бұдан артық баға бола ма?!

Мылтықбай еліміздегі әдеби процесті де жіті қадағалайтын. Оны қашан көрсең де қолтығында қазақ газеттері жүретін. Әсіресе, өзімен бірге оқыған достары, бүгінде елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламгерлер Мұқтар Құл-Мұхаммед, Жұмабек Кенжалин, Қали Сәрсенбай, Мейрамбек Төлепберген, Дүрәлі Дүйсебаев, Жалғасбек Сүлейменовтердің және болашағынан үлкен үміт күттіретін өзінің жерлес әріптес інілері Дархан Әбдік, Аманкелді Кеңшілік, Дарханбек Жанділдин, Абылай Маудановтың басылымдарда жарияланған шығармаларын үнемі оқып, балаша қуанатын және олардың шығармашылығы туралы өз ой-пікірін білдіріп отыратын.

«Аспандағы жұлдыздың сырын ұғудан гөрі қасыңдағы адамның жан-сырын түсіну әлдеқайда қиын»,-деген екен Ұлықбек. Сол айтқанындай, аудандық партия комитетінің аппаратында қызмет істеп жүргенде біз (Серікбай Шаймағанбетов, Қосылбек Ахметжанов, Ахметқали Нұржанов, Мәлік Искаков, Елтай Анапин, Серік Бидашев, Ислам Әмірханов, Асқарбек Кенжеғарин, Ғалым Жүзбаев, Таңатқан Дәркенов, Балмұрат Айғожин, Тоқтағұл Көпеев, Наурызбай Сейдахметов т.б. ) өзіміздің жанымызда жүрген досымыз Мылташтың рухани жан-сырын кезінде терең түсінбеппіз. Ол елгезек, достыққа адал, қайырымды, білікті де білімді, жүрегі жылы азамат еді.

Мылташ үнемі ой үстінде, ізденіс үстінде жүретін. Өмірінің соңғы жылдарында тарихтың көлеңкесінде қалып қойған өзі туған Тосын өңірінің тарихын зерттеу керектігін айтып, осы киелі өңірден шыққан тұлғалар туралы мақалалар жазу да жоспарында бар еді. Сонымен қатар Мылтықбайдың артында Торғай үшін тұғырлы тұлға болған Жақан Қосабайұлынан алған жарияланбаған сұхбаты қалды. Құпия-сырға толы «Қарт Торғай туралы шер тарқату немесе базына сөз» атты осы сұхбат жарияланғанда, Торғайлықтардың іздеп жүріп оқытын дүниесі боларына ешкім күмән келтірмес.

Аяусыз ажал ортамыздан білімді, қайырымды азаматты осыдан он екі жыл бұрын алып кетті.Мылтықбайдың тілшілік қызмет шеңбері ауданнан әріге аспады. Бұл жөнінде ол: «Қазіргі ең үлкен өкінішім – әттең ЖОО-ын бітірген соң мүмкіншілік бола тұра Алматыда қалмағаным. Кезінде балалығым ба, әлде елге деген сағыныш пен сүйіспеншілігім басым болды ма, туған жерге ойланбастан қайтып оралдым. Университетті бітіргеннен кейін неге орталық басылымдардың бірінде қызмет істеуге қалмадым екен?»-деген өкініштер өзегімді өртейді. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»-деген хакім Абайдың өкінішін енді ғана түсініп жүрміз»,- ғой деп айтушы еді.

Ол мынау жалған ғұмырда жүрегіне кір жұқтырмауға тырысты, достыққа адал болды. Мәселен, Мылтекең қайтыс болғанда және берілген жылдық асына бірге оқыған курстас досы, елімізге белгілі жазушы-журналист, республикалық «Қазақ газеттері» АҚ Президенті, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жұмабек Кенжалин сонау Алматыдан шалғайдағы Торғайға бір емес, екі рет келіп, достық парызын өтеуі осының айғағы емес пе?! Жүкең соңғы рет келгенде Мылташтың курстас досы, белгілі қаламгер Мейрамбек Төлепбергеннің республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Арманға бай ғұмыр» атты эссе-мақаласын ала келіп, асқа қатысқан жамағатқа естелік ретінде таратты.

Ол мынау жалған ғұмырда жүрегіне кір жұқтырмауға тырысты. Қаламының қарымымен талайларды тамсандырып, айналасына мейірім шуағын төккен біртуар азамат болды. Пенделер арасында өз мінезімен ерекшеленіп тұратын досымыздан айырылғанымызға он екі жыл толды. Атақты Қожакеевтің тоқпағынан өтіп, найзағай ақын Назарбектің батасын алып, журналистиканың ақбоз атын ерттеп мінген Мылташ сол әлемнің марқасқасына айналуға талпынды. Әттең бұл өмірден ерте кетіп, таланты толық ашылмай қалды. Әйтпесе, бергенінен берері көп еді. Егер тірі болғанда бұдан да өндіре жазар еді-ау деп ойлайсың кейде. Алайда ғұмыры аз болса да, елге көп еңбек етті.

Жүзге келіп дүниеден өтсе де, өмірде бар-жоғы білінбейтін адамдар қаншама?! Торғайдан шыққан шетінен талантты, шетінен сұңғыла тарландар секілді Мылташ та айрықша ғұмыр кешті. Алла сенің бақилық ғұмырыңда жәнаттан орын сыйласын деп тілейміз енді.

…Қайран Мылташтың бақилық болғанына да он екі жылдың жүзі болыпты-ау… Өмір – өзен деген осы, ағады да өтеді.

 

Ертай ҚАРАБАЛА

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *