Жасындай жауға тиген Шәкір батыр…

шакир

Шәкір батыр жайлы ауылда жүргенде шама-шарқымша ізденіп көрген едім. Батыр жайлы деректер жоқ деуге болмас, алайда, аз екені рас. Мұхамеджан Сералиннің «Наурызбай-Қаншайымында» ептілігі суреттелсе, Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбайында» ерлігі баяндалады. Ал, Нұрхан Ахметбековтің «Жасауыл қырғынында» «қыстауын қитабаның шауып» алған қатыгез қарақшы ретінде көрсетіледі.
2002 жылдары ауылда жүргенде түбі керек болар деп, әуесқой камераға туысы Әбілдә әкемді жазып алған болатынмын.
Кейін екі рет арнайы телехабарға өзек қылдым. Оның бірі 2007 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілді (Жалпы, бұл шағын фильм телеарна ішінде өткен байқауда үздік деп танылды. Соның арқасында мен Алматыда оқып қайтқам). Екіншісі, Қасым Баймағанбетов ағамыз кесене көтергенде, облыстық теледидардан берілді. Ел ақсақалдарының бәрін жазып алдым, олардың ешқайсысы жоғарыда аталған дүниелерден өзге ештеңе айта қоймады. Сірә, ол да артық бөспелікке ұрынбайық деген елдің әдебі сияқты. Әйтсе де, іздеген адам таппай қоймайды, мен де біраз жайтты індеткен едім. Өйткені, ат аунаған жерде түк қалмауы мүмкін емес ғой. Енді соларды жариялаудың кезі келген сияқты.
Шәкірдің өмірде бар адам екені, Наурызбай батырдың 40 жігітінің бірі болғаны, Кенесары ханның соңғы соғысына дейін қатысқаны тарихи факт. Бұл жайында Нысанбай жырау «Шәкір, Жәуке, Толыбай» деп бірнеше рет қайталайды, «соңғы соғыста Шәкірдің білегіне оқ тиді» деп анық айтады. Ал, «Шәкір батыр, қайдасың?! Қане, қолыңды жай, батамды берейін! Сен топты жарып шық!» — деп айғай салыпты.
Хан Кененің күндей күркіреген аруақты даусы қайрат берді ме екен, Шәкір атамыз бес қаруын оттай ойнатып, қырғыздың шебін тас-талқан етіп бұзып, Ағыбай батырлар хан Кененің отбасын қабат-қабат қоршаудан аман алып шығып, елге қарай ұзай беріпті.
Сонда Кенесары ханның:
«Жарайсың, Шәкір батырым! – деген зор даусы көптің құлағына шалыныпты» деген халықтың сүйіспеншілігінен туған негізсіз аңыз деп ойлаймын. Мұндай аңыздарды түптей берсе барлық батырға тиесілі болып шығады. Әрі біз оқыған Кенесарының соңғы сәттері туралы деректермен үйлеспейді.
Ел аузындағы тағы бір әңгіме Шәкір батыр хан өлгесін Ұлытауда жатқан Кенесарының жылқысына бірінші болып «хан талапай» жасаған дейді. Сол кезде ондай дәстүр болғаны шындық. Ханның малы Ақмамық, Қоянқарта деген жерлерде жатса керек. Бұл Ұзын Қыпшақтың Алтысынан тарайтын аталарға тиесілі қоныс. Ыстыбайдың Жанақбай әулеті де сол жерлерде жайлайды екен (Менің аталарым бұл әулетпен ежелден құдандалы. Оған ондаған дерек келтіруге болады). Ыстыбайдан тарайтын Қараман-Түменнің де сол жерде отыруы, батырдың көтеріліс аяқталғасын туыстары үшін ең бірінші болып асыға жетуі әбден мүмкін ғой. Демек, бұл шындыққа жанасымды.
Осы «хан талапайдан» туған түсінбестік пе, болмаса мысықтілеулестер айдап салды ма, Кенесары өлгесін Шәкір мен Табын Бұқарбай бір-бірімен жауласқан екен дейді тағы бір қисса. Тіпті, Бұқарбай батыр шауып алам деп іздеп келген. Әйтсе де, Шәкір «еруліге қарулы көрсетпей» өзі жылыстап кетеді де, Ақтікеннің бойына үй тігіп, жігіттеріне Бұқарбайды қарсы алуға тапсырады. Ас ішіп, жайлана бергенде Бұқарбай түскен үйге Шәкір кіріп келіп «құшақтасасың ба, пышақтасасың ба?» деп сұрапты. Бұқарбай «құшақтасамын» депті. Екі батыр құшақтасып, татуласыпты. Кейін Бұқарбайдың жігіттері «табысарың бар, неге бізді әуре қылып, қол ертіп келдің?» деп ренжігенде, «Шәкірдің мінезі маған мәлім, сол сәтте оның қойнында қанжары тұрды. «Пышақтасам» дегенде ол қолқамды суырып алудан шімірікпес еді» деген екен. Ақыры, жауласудың арты тойға ұласып, Бұқарбай күш сынаста жетім руының Наурызбай атты (Ағзамиден қалпенің аталары) жігітіне аса риза болған екен» дегенді шалдардан естіп едім. Бұқарбайдың елінде бұл әңгіме айтыла ма, айтылмай ма, оны білмедім, бірақ, сенбейтін дүние емес. Бұл да батырдың бір шешімді, қатал болғандығын көрсетсе керек.
Шәкір батырдың өз ұрпақтары туралы Әбілдә әкемнің айтқандары кассетада жазулы. Тауып алып, тыңдау керек, толық есімде жоқ. Бірақ, қыздан туған жиен бе, әлде ұлынан тарай ма, «Қостанай жағында тұқымы бар. Ертеректе келіп кеткен. Орыс арасына сіңіп кетті ғой» дегені ойымда қалыпты. Батырдың қанынан тараған ұрпақтары да бар, тек оны үлкендер ашып айтпайды. «Көзі тірісінде көрші ауылдағы жеңгесімен жақын болған екен» деп жақауратып қоя салады.
Осы жігітшілігі Шәкірдің екінші қайта жерленуіне себеп болған екен. Көзі тірісінде тісі бата алмаған «көршілері» «ерлікті» батырдың мәйітіне жасапты. Жерленген жерінен қазып алып, сүйегіне «найза қандап», ат құйрығына сүйреп жіберіпті. «Батыр зор денелі болған ғой, сондықтан ізі қазылып қалған. Сол ізбен жағалап отырып, мәйітті Шалдыбай жақтан тауып әкеліп қайта жерлеген» дейді тағы бір жантүршігерлік әңгіме. Ағайындас адамдардың арасын ашпас үшін үлкендер бұны көп айтпайды. «Найза қандау» кешегі 1916 жылғы көтеріліске дейін жалғасқан «дәстүр». Демек, бұл да шындық тәрізді әрі осы арқылы Шәкір батырдың тұғырдан түспеген, жасырақ кезінде қайтыс болғанын аңдаймыз.
Ал, Көкалат атауы туралы аңызды білетіндер былайша айтады. «Батыр өлгесін ауылдастары Көк ала атты тұлдап қоя береді. Әбден қартайған тұлпар көктемде ұйыққа батып қалыпты. Көтергенге тұрмайды, ұруға қолдары батпайды. Ақыры, маңайынан дүбірлетіп бес-алты тайды шаптырғанда, үйелеп жатқан жылқы атып тұрып, соңынан шаба жөнеліпті. Ақыры шауып бара жатып өліп кетіпті. Содан бері ол құлаған жер Көк ала ат аталыпты» дейді.
Демек, «Көкалаты өлгенде атамыз оны өз қолымен арулап жерлетіп, қимай қиналыпты. Оңашада «Қайран, Көкалатым-ай, енді менің күнім не болар?» деп жылайды екен. Батырдың аты да өзі сияқты ардақты ғой. Содан былай бұл маң Көкалат ауылы атанып кетіпті» деу, меніңше, жаңсақтық. Қазақта ат көтере алмайтын алыптар қатарында Иманжүсіпті айтады. Сосын Үмбетей Төлебай туралы сондай аңыз бар. Егер Шәкір шынымен сондай алып болатын болса, тарихи дастандарда бұл ерекшелігі суреттелмеуі мүмкін бе? Шәкір жорықтан келгесін де елде біраз уақыт жүрген ғой, әбден қартайған жорық тұлпары батыр қайтыс болған жылдың көктемінде өліп, батырдың қазасын ұмыта алмаған елге көк ала аттың да ажалы ерекше әсер еткен шығар. Әйтпесе қазақта батыр көп, олардың өз сүйікті тұлпары болды, бірақ оның бәрі жер атауын ала бермеген ғой. Өзі батыр болса, өзі жас болса, «оңашада «Қайран, Көкалатым-ай, енді менің күнім не болар?» деп жылауы» адамды сендірмейді. Қалай болғанда да бәріміздікі болжам. Болжам да қисынға сыйса екен дейсің, өйткені, нақтылық жоқ жерде қисынға сүйенгеннен өзге амал қайсы?!
Назарбек Бектемісовтің «Жерінде әкем мінген жүйрігі бар, көлінде шешем тартқан сүйрігі бар. Көк ала ат — кер заманда майып болған, қарттардан естігендер күйді ұғынар» деп келетін өлеңі бар. Шамасы, ақын «кер заманда майып болған» деп аты саясат салқынынан ескерілмей қалған Шәкір батырды тұспалдаса керек (Назарбек ақын да Ыстыбай руынан).
Қонысбай Әбіл Көкалат жайлы өлеңінде:
«…Астында Абылайдың ақ туының,
Жасындай жауға тиген Шәкір батыр.

Дегендей «өткен іске өкінбелік,
Жатыр-ау құбылаға бетін беріп.
Көзіме елестейді, жер астында
Қол бастап бара жатқан секілденіп» деп толғайды. Ал, Көкалат жайлы Төлен Әбдіктің повесі жоқ. Төлен ағаның шығармасымен бір адамдай таныс болғандықтан оны сеніммен айта аламын. Тек Қойшығара Салғараның «Көк ала ат» әңгімесі бар. Онда ажал үстінде жатқан батыр мен жау қоршаған жорық тұлпары жайлы баяндалады. Батыр деп Шәкірді айтқанын түйсіну қиын емес. Бірақ, ол да көркем дүние екенін ескеру керек.
Шәкір батырдың тегі Торы Қыпшақтан тарайтын Түйішкенің ішінде Ыстыбай, оның ішінде Қараман-Түменге жатады. Шындығында Шәкір Қараманның баласы емес, немересі болуы мүмкін. Менің әжем Қараманмен бірге тарайтын Түменнің ұрпағы. Шежіреге қарағанда Түмен әріректе өмір сүрген адам болып шығады (ру бөлінісі көбіне 17-18 ғасырға тиесілі ғой), ал, оның бауыры Қараманның ұлы Шәкір болса 19 ғасырдағы Наурызбай тұстас адам. Демек, ол Қараманның немере, шөбересі тәрізді. Әкесі жастай өліп, әулет аты Шәкірде ғана қалуы мүмкін. Өйткені, Қараманда Шәкірден өзге ұрпақ тарамаған (Өздері де Түменнің қызынан туатын, нағашыларының шежіресін менен артық білетін, үйінде құймақұлақ қариясы бар Жәнібек, Талғат, Амандық бөлелерім бұл жағын зерттей жатар). Ал, қазіргі Көкалаттың басы Ақтікен, Арпа шабындығы Қараман-Түменге тиесілі қоныстар. Әжем оны үнемі айтып отыратын. Айтуынша, Түменнің жігіттері де шеттерінен батыр, өжет, бұзықтығы да бар, ешкімге кеудесін бастырмаған. Сосын да ұрпағы аз дейтін. Әжем Қарлығаш Түменнің ішінде Ыбырай деген кісінің жалғыз қызы. Сыйлы қарттың жалғыз қызы болғасын да ешкімге атастырмай, үйінде 18 жасына дейін отырыпты. Ол кезде қыз баланың мұнша жасқа дейін ұзатылмауы әбестік, «кәрі қыз» саналады екен. Әжем мен атам Маудан сөз байласып, қашып кетеді. Сонда Түменнің жігіттері «атамды атқа байлап өлтіреміз» дегенде, «Қарлығашым қателеспейді. Ақылы бар қыз дұрыс таңдау істеді. Мауданға көңілім толады. Шама келсе, жалғыз жігітті қатарларыңа қосыңдар» деп қатал әкесі кешірім жасаған екен. Сүйтіп, біздің әулет Көкалатқа Ыстыбайлар арасына сіңісіп, тұрақтанып қалады. Әжемді сыйлаған Ыстыбайлардың бір де бірі көкемді жатсынбаған, өзінің бір үйі санаған. Егер ежелгі рулық тәртіппен атамекенге кеткенде мен қазір не Амангелді ауданының, не Жезқазған жақтың тумасы болып шығар едім.
Бірді айтып, бірге кетіп барады екем, тақырыпқа оралайын. Қалай болғанда да, Шәкір ел үшін соғысқан батыр адам. Қателігі болса, заманының «жемісі». Шәкір заманы қазақтың бірлігі кетіп, өз ішінде қырқысып жатқан кезі еді. Сондықтан жекелеген руларға тізесі батуы да мүмкін. Алайда, Кенасарыға еріп, соңғы шайқасқа дейін антына адал өтуінің өзі неге тұрады. Егер Абылай заманында туса, тағдыры, атағы бөлек болар ма еді?! Ол енді бөлек әңгіме. Әйтсе де, елдің Шәкірге деген құрметі ересен. Қалың қорым батыр атында.
Шәкір батырдың өз зиратын марқұм Әбілдә әкемді ертіп барып көріп едім. Қатар жатқан төрт моланың шеткісі екен, (қазіргі кесене тұрған жер) үстінде ортасында ойығы бар (шамасы диірменнің тасы болуы керек) қоңыр тас жатты. Көтеріп қарап едім, ешқандай жазуды байқамадым. Тек шекесіне үлкен қылып ай ойып басқан екен. Төменіректегі собық көктастардан мүлдем бөлек. Демек, батырға белгі үшін туыстары диірмен тасын қойған деп ойладым. Алашапқын заман көктас орнатуға мұрша бермеді ме, болмаса қойған тасын жаулары ұрлап әкетті ме, ол жағы бір Құдайға мәлім (Сүйегіне найза қандаған жандардан ол да шығуы бек мүмкін ғой).
Қысқасы, Шәкір жайлы менің білетінім осы. Ал, тарихи тұлғаның туған, өлген жылдарын, жалпы, өмірбаянын зерделеген Қорған Әмірхамзин ақсақал дұрыс айтты деп ойлаймын. Жалпы, Шәкір жайлы әңгімеде өзге емес, Қорған атамызға сүйенген дұрыс.
Қызығы, Шәкір тамда Қараман-Түмен әулетінің қорымдары бөлек. Өзгелері тіпті тығылыса орналасқан. Әжемнің зираты Түмен әулетінің шеткісі.

Абылай МАУДАНОВ

Суретте: Көкалат ауылындағы Шәкір батыр зираты

Мынаны да қараңыз

Ахаң тұрған үйді қалпына келтіру үшін қаржы керек

Қостанай облысында 29 киелі жердің туристік картасы жасалды. Қасиетті нысандардың 19-ы жергілікті маңызға ие. Солардың ...

Бір пікір

  1. Қызықты мәлімет. Көп рахмет! Сол кассетаны тарсаңыз, керемет болар еді. Шәкір атаның ұрпағымыз.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *