Қостан ба? Қос тін бе? Қос Тана ма?..

Костанай!

Қостанай қаласы атауының шығуы жайлы түрлі аңыз-әңгімелер көп. Солардың бірі – Тобыл жағалауында Қос және Тана есімді егіз қыздың өмір сүргені туралы хикая.

Бұл туралы жергілікті ақын Асылбек Шаяхметтің 1996 жылы Қостанай қаласынан шыққан «Пирамида» атты кітабында жазылды. Осыған орай, қаланың кіреберіс қақпасына аңызға арқау болған егіз қыздың мүсіні де орнатылған. Бірақ, Ақылбек ақын өз кітабында былай деп жазған: «Қостанай – ежелден қалыптасқан жер атауы. Алайда, осы аттың  қашан, қалай қойылғаны туралы алыпқашпа әңгіме көп те, жүйеге түсірілген зерттеу жоқтың қасы. Осыған орай, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтін ағайындар білместіктің кесірінен Қостанай атын орыстың «кусты», яғни бұта сөзімен де шатастырады немесе толып жатқан ақылға қонбайтын дәлелдер айтады. «Танай деген кісі болған екен. Соның Тобыл жағасында жыртық қосы болған екен… Қостанай – Танайдың қосы деген сөз болу керек» деген аңыз да бар».

Ал тағы бір аңыз бойынша, белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбек өзінің «Күмбір-күмбір күмбездер» атты кітабының 1985 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген орыс тіліндегі нұсқасында («Поющие купола») Асан қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-Атаның бәйбішесі Тана-Әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық «Ақмешіт» деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-Әженің құрметіне қойылған Тана және Танай деген есімге ие болған егіз қыздың есімімен байланыстырған.

Кейін «Қостанай таңы» газетіне Қостанай облысы Лисаков  қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Қапыш Наурызбаевтың хаты шығады. Онда ол Қостанай атауының шығуын Танай есімді қызбен байланыстырады. Негізгі нұсқасы былай:

Костанай1

«…40-жылдары менің бала кезімде біздің үйге Қамысты ауданының Жайылма, Тұмарлы (Ливановка) ауылдары жағынан Әбіштай, Әбдірайым деген екі  қарт  кісі  келді.  Әбдірайым біздің елге күйеу екен. Сол кісілермен біздің ауылдың үлкен кісілері әңгіме-дүкен  құрып отырғанда осы Қостанай деген ат сонда да қозғалды. Сонда Әбіштай ақсақалдың айтқанын оқырман алдына тартпақпын. Әбіштай ақсақалдың айтуы: «Біздің қазақтың дау-дамайы біткен бе? Ертеректе бір жігітке ағайын арасында жер тимей, еліне өкпелеп, «көз көрмес, құлақ естімес жерге кетемін» деп көшіп кетіп, осы Қостанай тұрған жерге келіп жалғыз үй қоныстаныпты. Ол кез бұл маңда ел болмаған екен дейді. Осы жерге қоныстанғаннан кейін бұл жігіттің 13 жасар қызы қайтыс болады. Аты Танай екен. Сол қызы осы жерге қойылады. Қызы қайтқаннан кейін тағы бір қыз бала дүниеге келеді. Ата-анасы қуанып, «Танайдың орнына Танай болды» деп, бұл қызды да Танай атайды. Өкінішке қарай, 2-3 жасында бұл қыз да қайтыс болып, апасының жанына жерленеді. Содан соң «қос Танайдың моласы» атанады. Ақыры елді мекеннің атына айналады».

Өзі естіген осынау деректерді келтіре отырып, мақала авторы Қостанай атына байланысты айтылып жүрген Қостан батыр, Қос тіні, Қос тана атауларының нақтылыққа келмейтіндігін былайша дәлелдейді: «Қос тіні – тін деген жіпке, арқанға байланысты болса, «Қос тана» дегендегі тана – сиыр баласы ғой. Қостан батырдың тарихта болғандығы ақиқат дегенмен, батырдың Қостанайда туып, атының Қостан қойылмағанына кім кепіл?». Сондай-ақ автор облыстық «Большевиктік жол» газетінде жауапты қызметте істеген немере ағасының беріп жіберген 1940 жылғы газеттің бір нөміріндегі Омар Шипиннің ұзақ дастанын жаттап алған екен. Сөзін сол жырдың мына шумақтары да дәлелдей түскендей:

«Қостанай Тобыл өзен жағасында,

Аты еді бір моланың о басында.

Бір мыңда осы жерге қала түсті,

Сегіз жүз сексен жылдың шамасында».

Дегенмен, күні бүгінге дейін бұл қала атауының шығу тарихына қатысты ауыздан ауызға тараған даулы аңыздардан басқа нақты дәйектер табылған жоқ.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

 

Мынаны да қараңыз

Ардагерін ардақтаған аудан

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен бірге қоғам өмірінде жаңашыл леп есіп, соны ...

11 пікір

  1. Ирина Клаус

    Қостанай атауының қайдан шыққаны шынымен мені де қызықтырады. Осыны дөп басып айтатын ешкімнің табылмағаны ма?

  2. Ордабай-Торғай

    Қостанай әу баста Ордабая деген жерде (Ордабай-Торғай) деген жерде қала болып салына бастайды.
    Алайда, ол жер батпақты әрі тік жар болғандықтан Тобыл өзенінен 8 версь төменгі жағында Қостанай деген жерде салынады.
    Қостанай екі сайдың — Қостанай сайы мен Әбіл сайы арасында бой көтерген.
    Басында Ордабай деп атамақшы да болады, кейін Новониколаевск атауы берілген.
    Ал 1895 жылдан қазіргі атауына ие.

  3. Ақылбек Шаяхмет

    Қостанай – құт-мекен

    Қостанай – ежелден қалыптасқан жер атауы. Алайда, осы Қостанай атауының қашан, қалай қойылғаны туралы алып қашпа әңгіме көп те, жүйеге түсірілген зерттеу жоқтың қасы. Осыған орай, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтін ағайындар, білместіктің кесірінен Қостанай атауын орыстың «кусты», ягни бұта сөзімен шатыстырады, немесе толып жатқан ақылға қонбайтын қисын айтады. «Танай деген кісі болған екен, соның Тобыл жағасында жыртық қосы болған екен… Қостанай – Танайдың қосы деген сөз болу керек» – деген «ертегіні» және айтады. Қостан деген жігіт болған, жер аты соның есімімен аталған деген «қиялға» негізделген әңгіме тағы бар.
    Қостанай Орынбор және Торғай облыстары губернаторының жоспарында Ордабай қаласы деп көрсетілсе, 1879 жылдан бастап Қостанай деп аталады. 1893 жылы қаланың аты Ново-Николаевск болып өзгертілген. 1895 жылы Қостанай атауы қайтарылған. Бірақ, орыс тіліндегі нұсқасы Кустанай тек 1997 жылдан бастап Қостанай деген қазақша атаумен дұрыс жазылатын болды.
    Қостанай – ғасырлар бойы қалыптасқан, ана тіліміздегі мән-мағынасы сақталған төл атау. Сондықтан да оны ең алдымен туған жер тарихымен байланыстыра қарау керек екенін естен шығаруға болмайды.
    Жазушы Ақселеу Сейдімбек «Күмбір-күмбір күмбездер» атты кітабында («Жалын» баспасы,1985 жыл) Асан-қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-атаның бәйбішесі Тана-әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық Ақ мешіт деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне койылған Тана және Танай деген есімге ие болған егіз қыздың есімінен іздейді.
    Өнер зерттеушісі, сазгер Қайыржан Мақанов «Бізге беймәлім баян немесе Қайғы атауы қайдан шыққан?» деген мақаласында («Қостанай таңы»,17.11.2009 жыл): «Ауылдың жанында Қайғы деген шағын көл бар. Одан әрі Күйік деген сулы қопа бар. Асан қайғының бір баласы өліп, Асанның көз жасынан Қайғы көлі, ал екінші баласы өлгенде Күйік қопасы пайда болыпты дейді ел ішінде» – деп жазады. Данабике Байқадамова («Аңыздың айғағы бар»,«Лениншіл жас», 16.08.1984 жыл) мақаласында әкесі Байқадам Қаралдыұлының «Қайғы Қарасуы бұрын Асан қайғы Қарасуы делінетін. Қазір Қайғысы ғана қалды. Қоңыс іздеген ел данасы Асан желмаямен жүріп осы Қарасудың басына түнеді деген әңгіме бар. Асан саналы, көреген адам болған. Одан ел билеген хандар да ақыл сұраған. Қайғыдағы ауылдың «Асан келді, Абат жерленді» деген сөздері құлаққа әбден сіңген» деген сөздерін келтіреді.
    Филология ғылымдарының кандидаты Бақыткүл Мамиева «Асан қайғы туралы аңыздар» деп аталатын әдістемелік құралында (Қостанай, «Шапақ» баспасы, 2009 жыл,75 бет) «Мұндай аңыздың бірі Қостанай қаласының аталуына байланысты да айтылады. Аңыз мазмұны бойынша, Қостанай маңын жайлайтын қыпшақ руына жау шапқанда, егіз қыз батырлық көрсетіп, ерлікпен қаза табады. Асан ата қыздарды жоқтап: «қос танам-ай!» – деп жылайды. Содан қаланың аты Қостанай аталып кетеді» деп жазады.
    Осы автор Қостанай өңірінен жазып алынған аңыздың бірінде Асан Науырзым маңындағы Бестарау деген жерде жыланмен достасады. Бір күні Асанның баласы аңға шығып, әкесіне дос жыланның баласын абайсызда өлтіреді. Қайғы шеккен Асан дос жыланына келеді. Жылан Асанның баласы екенін білмей қалғанын айтып, қатты өкініп, бірге қайғырады.Осы жер кейін Бестарау деп аталады, Ол жер кейін Қайғы деп аталған деген дерек келтіреді. (ҚР ҰҒА сирек қолжазбалар қоры. № 910 бума, № 5 дәптер).
    Асанның Тана-әжеден туған батыр ұлы Абат туралы аңызда айтылатын Жыланды, Қызбел таулары осы күні Қостанай облысына қарасты Науырзым ауданының аумағында орналасқан. Осы уақытқа дейін Қайғы атын сақтап отырған ауыл тұрғындары күні кешеге дейін қара суға зар болғаны рас. Ауыз судың тапшылығынан әбден таршылық көріп қалған ел ауыл үстімен өткен көлденең көк атты жолаушыға сусын да бермеген кездері болса керек, «Қайғыға қайырылма, кара жолдан айырылма» – деген әзіл де болса шын айтылған сөз сол жылдардан қалған. Ал осы маңайдағы тағы бір тарихи жер атауы Бестамақ. Жазып алушы Бестарау деп қате жазып алған болуы мүмкін.
    Аңызға сенер болсақ, желдей ескен желмаясымен жер түбіне келген Асан ата түгін тартсаң майы шығатын құйқалы жерді көріп: «Шіркін, шөбі мол екен, әттең, суы жоқ екен!» – деп аса таяғымен қара жерді бір соғып қалғанда, жер астынан су атып шыкқан екен дейді. Қызбел тауының бауырында осы күні де Қарасу аталатын көл бар. Бұл көлдің пайда болу тарихы Асан атаның батыр ұлының есімімен байланысты.
    Ел аузындағы тағы бір аңызда ертеде өмір сүрген хан ел-жұртына: «кім қорықпайды, кім қызғанбайды, кім өкпелемейді???» – деген үш сауал тастағаны айтылады.
    Оған жиналғандар:«Абат ешкімнен қорықпайды, Абат ешкімді қызғанбайды, Абат ешкімге өкпелемейді» – деген жауап қайтарады. Мұны естіген хан Абатты үш сыннан өткізеді.
    Алғашқыда өзінің қырық жігітін жұмсап, Абатты оңашада қоршап алып, шайқасуды бұйырады.
    Бұл сыннан батыр мүдірмей өтеді. Тосыннан тиген жауға қаймықпай қарсы шауып, бетін қайтарады. Оның қайсарлығын көрген қолбасшы жігіттеріне тоқтау салып, кері қайтады. Көргендерін ханға келіп жыр қылып айтады.
    Екінші жолы хан өзінің жырынды қуын қиянат қылмаса да Абаттың әйелінің қойнына барып жатуға жұмсап, ол болса батырды сынағысы келген ханның ұйғарымы бар екенін айтып, Абаттың келіншегін көндіреді. Жорықтан оралған батыр үйіне кіріп келсе, әйелінің қасында бейтаныс жігіт жатқанын көреді. Жігіттің бір қолы әйелінің мойнының астында қалса керек. Сонда Абат: «Шіркін-ай, ер жігіт әйелдің астына қолын сала ма екен», – деп ұйқыларын бұзбай, ақырын әйелінің басын көтеріп, жігіттің қолын үстіне салып қойып, алаңсыз ұйықтай береді. Ертеңіне аман-есен ханға оралған жігіт болған жайды айтады.
    Үшінші рет хан Абатты асқа шақырып, қонақасы кезінде оны көзге де ілмейді, қараша үйлердің біріне кіргізіп, кәделі табақ тартқызбай, алдына ішек-қарын салынған табақ қойғызады. Абат алдына қойған тамақты жеп алып, рахметін айтып, жүріп кетеді.
    Мұның бәріне қатты қайран қалған хан батырды шақыртып алып, жөнін айтып, аталған үш қасиетке ие болуының себебін сұрайды. Сонда Абат былай деп жауап қайтарады:
    Қорықпайтын себебім, бірде жортуылда жүргенде бір қоян кездесті. Қоянды бір атпен қусақ та ұстайтын едік, 300 адам қамалап ұстаймыз деп тұрғанда, сол қоян бізден есебін тауып, құтылып кетті. Япыр-ай, тағдыр қырын қарамаса, ажал жоқ екен ғой, – деп қорықпайтын болдым, – дейді,
    Асқа өкпелемейтінім, бірде бір жеті жол жүріп, оралып келсем, шешем күнде ішетін үш мезгіл тамағымды дайындай берген екен, сол сақтап қойғанынан бір мезгілге есепетелген асты зорға тауыстым, бұл тамақ деген де жай көңіл екен ғой, бұған өкпелеу-пенделік екен, – деп тоқтадым, – дейді.
    Әйелді қызғанбайтыным, бір жылы сапарға шықтық, жиырма бес жігіт едік, ортамызда екі әйел бар еді, бір күні екеуі ұрысып жатыр екен, не деп жатыр, – деп құлақ қойсам, біреуі екіншісіне: «мен он екі еркекке ас қамдаймын, сен он үш еркекке ас дайындайсың, маған бір байыңның артықтығын сес қыласың ба?» – депті. Сонда қанағатсыз жандарды бір еркек болып қорғап үлгірудің өзі мүмкін емес екен, – деп ойладым,» – дейді.
    Абат батыр туралы айтылған әңгіменің осыдан сәл өзгертілген нұсқасы «Жалын» баспасынан 1985 жылы жарық көрген, филология ғылымының кандидаты Көбей Сейдаханов құрастырған «Өлген қазан» жинағында жарияланды.
    Қалай болған күнде де Абат басы деп аталатын жер де, аңыздарда айтылатын басқа географиялық атаулар да бар. Қостанай атауы Тана-әженің құрметіне қойылған қыздардың есімдерімен аталуы әбден мүмкін.
    Тарихқа ақын көзімен қарайтын болсақ, ендігі ойымызды жыр тілімен жалғайық:
    Бұл жердің ежелгі аты Қайғы деген,
    Өзінің түп негізін әйгілеген.
    Қайғыда қасірет жоқ, қуаныш көп,
    Өскен ел өркендерін жайды дер ем.

    Бұл Қайғы өткен күннің шежіресі,
    Көп сырға, араласаң, кезігесің.
    Бел шешіп, шалғынына аунап жатып,
    Қадірлеп басыңды иер жерің осы.
    Әрине, жоқтан бар зат жасалмайды,
    Өзендер су жоқ жерден бас алмайды.
    Жүйткітіп желден жүйрік желмаямен,
    Жүріпті саяхаттап Асан-қайғы.

    Қызбел мен Жылаңдының арасында,
    Дейтін жер Абат басы бар осында.
    Асанның сүйікті ұлы Абат батыр,
    Қазақтың жерленген бе даласында?

    Қазаға аңғал батыр ұшырайды,
    Аңыз қып ел айтады осы жайды,
    Ағыпты тау басынан Үлкен қайғы,
    Сәл төмен және ағыпты Кіші қайғы.
    Міні жоқ бұл мекеннің өз басында,
    Тұр, бірақ, қайғы деген сөз басылмай.
    Мына көл «Асан, Абат, қайдасың?»- деп,
    Жоқтаған қалың елдің көз жасындай.

    Көзіндей кешегі өткен Тана-әженің,
    Сабырмен ағып жатқан жоқ өзенім.
    Тек қана Қайғы деген көл қалыпты,
    Ал оған қажеті жоқ дәреженің.

    Кеткен соң өзен орнын мың із көміп,
    Сөз теріп, ел аузынан сыр іздедік.
    Қайғыда көптен бері жөнелтеді
    Адамды су сұраған қымыз беріп.

    Сәл тоқта! Қайда тартып барады өлең?
    Мен оның түйініне жаңа келем,
    Ұл да көп содан бері Асан деген,
    Қыз да көп кең даламда Тана деген.

    Бұлдырап көз алдымнан бала кезім,
    Елжіреп ет-жүрегім барам өзім.
    Шұрқырап құлын-тайдай бірге ойнаған,
    Білмеймін, қайда жүрсің, Тана-көзім?!

    Бағатын қонағының қас-қабағын,
    Қалмайтын құрақ ұшқан досқа жаны,
    Арудың сыңғыр қаққан сырғасындай,
    Ел қалай ұмытады қос Тананы?!

    Құшағы содан бері досқа дайын,
    Жемейтін ел аманда босқа уайым,
    Тіп-тік боп қарағайдай тұр асқақтап,
    Тобылдың жағасында Қостанайым.
    Қостанай қаласының бұрынғы орнын, Тобыл жағасын қыпшақ рулары қоңыс қылған. Олай болса қаланың атауы да қыпшақтың ару қыздарының аттарымен аталған деуге негіз бар.
    Журналист Қуаныш Орманов «Алтын дала» (Казинпресс, 2006 ж.66 бет) кітабында тағы бір нұсқаны мысалға келтіріп: «Ежелден Тобыл жағасында ұзын қыпшақ тайпасы Алтыбас руының ұрпақтары тұрған. Оның басшыларының бірі – Алтыбастың үшінші ұлы Тіней болған. (Алтыбастың бес ұлы болған: Табын, Тазша, Тіней, Қармыс және Хафизолла). Ал Тінейден Сатай, Санай және Құндыз атты үш ұл тарайды. Құндыз – Ыбырай Алтынсариннің арғы атасы. (Тіней-Құндыз-Көбек-Тастемір-Жаңбыршы- Балқожа-Алтынсары-Ыбырай). Ал Тінейдің ұлдары Сатай мен Санай туған өлкені жаулардан қорғаған, бүкіл өлкеге даңқы шыққан батырлар болған. Аңыз бойынша, бұл жерлер сол батырларға тиісті болса керек. Сол кезден бері халық бұл өңірді екі батыр, екі ағайынды Тінейлер жері деп атап кеткен. Яғни, Қостіней жері. Уақыт өте келе, қос Тіней өзгеріп, Қостанайға айналған. Бұл да шындыққа ұқсайды емес пе?» – деп жазады. Бұл жерде автор Көбек пен Тастемірдің арасындағы аталарды ұмыт қалдырған. Бірақ, Қостанай өңірі ежелден қыпшақтар қоңысы болғаны дау туғызбайды.
    Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова Қостанайға келген сапарларының бірінде қазіргі Қостанай қаласы орталығындағы Ұлттық банк ғимараты орналасқан үйді нұсқап, осы арада ертеде бейіт болған, онда қыпшақтың өмірден ерте кеткен екі қызы да жатыр. Қалаға алғаш қоңыстанған мұжықтар бүйірін таянып, жоқтау айтқан әжені көріп, одан «бұл жердің аты қандай?» – деп сұраса, ол «қос танам-ай! – деп жылай берген екен, содан қала Қостанай атанған деген әңгімені айтқаны да есімде қалыпты. Кейінірек сол бейіттің жанына Ақ мешіт салынғаны белгілі.
    Халық ақыны Омар Шипиннің:
    «Қостанай Тобыл өзен жағасында,
    Аты еді бір моланың о басында.
    Бір мыңда осы жерге қала түсті,
    Сегіз жүз сексен жылдың шамасында» – деген өлеңі бар.
    Бұл жерде қазақтың өз балаларын ботам, қозым, құлыным, танам деп атайтынын та есте ұстаған абзал.
    Тана – көз тимес үшін көбінесе қыз балалардың қамзолына тағып қоятын әшекей. Әжелері балаларын танам деп сүйгенде, осы тана ойында болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.
    Бірақ, ел аузында жиі айтылатын егіз қыз туралы аңыз шындыққа бір табан жақын секілді.

  4. Тана аталған екі қыздың есімі ізімен Қостанай атанған мекен екендігін қариялар айтып отыратын ертеректе.

  5. Қойшы Сәрсенкелдітегі

    Иә, Қостанай атауы қайдан шықты?

    Мен «Қостанай таңы» газетін жаздырып алатындықтан оның әр нөмірін толық оқып отырамын десем артық айтқандық болмас. Осы жылғы 9 қараша күнгі санындағы «Қостанай атауы қайдан шықты?» атты мақала Мұхаметқали Рахалиевтің қала кіреберісіне «Қос Тана» атты ескерткіш белгі қойылғанын айтып, қуантып ақ тастады. Себеп қаламыздың бұл атына мен көптен ізденіс жасап жүрген жандардың бірімін. Мен әрине тарихшы, ғалым болмаса зерттеуші емеспін. Дегенмен айналаңдағы болып жатқан қоғамдық қозғалысқа көңіл аударып, өзіңнің естіп білгендеріңді жас ұрпаққа қалдырғың келеді.
    Ұлт тарихынан хабары мол, өмір өткелінде жинаған тәжірибесі жетерлік, қарымды қаламгер Сәлім Меңдібайдың осындай атаумен жазған мақаласын оқып, қала атауы жөніндегі пайымдаулар ешкімді де бей жай қалдырмайтынын тағы сезіндім. Осы макалада: «Қостанай ғасырлар бойы қалыптасқан ана тіліміздегі мән-мағнасы сақталған төл атау. Сондықтан да оның атын ең алдымен туған жер тарихымен байланыстыра қарау керек екенін естен шығаруға болмайды» делінген. Өте орынды. Осы орайда автор белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбековтың: «Ұлытау басында Асан-атаның бәйбішесі Тана-әже жерленген, Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне қойылған Тана және Танай атты есімге ие болған егіз қыздың есімінен іздейді» деген нұсқасын келтіреді. Ел қалаулысы бола алған аға ниетіне ризашылықтан басқа ешнәрсе айта алмаймыз.
    Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың 27 мамыр 2011 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кісілік немесе Қазақ қайтсе қалады қазақ болып» толғанысындағы мына бір үзіндіні келтіруді жөн көрдім. «Анығында халық тарихының тұнық бастауы, қайнар көзі ешбір тарихи жазба деректермен салыстыруға келмейтін, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей айтылып келе жатқан ауызша шежіресінде жатыр. Біздің бабаларымыз ата тарихын ұрпақтарына ауызша айтып, құлағына құйып отырған. Не бір қырғын соғыстардан, апаттардан бүгінгі күнге аман жеткені содан. Біздің халқымыздың шын тарихы шежірелерімізде, байтақ эпостарымызда, батырлар жырларында жатыр».
    Билік басында болған тұлға ағаның толғанысы құптарлық, осындай тұжырымға бас иетін мен, қысқаша мазмұны төмендегідей: «Ұядай ұйысып отырған ағайын-туыс арасынан бір атамыз отбасымен өзен бауырайындағы төбеге келіп, қоныс тебеді. Сол жерде атамыздың он жастың шамасына келген, Танай атты жалғыз қызы қайтыс болып, қырдың төбесіне жерлейді. Арада біраз уақыт өтіп, атамыздың үйінде екінші қыз дүниеге келіп, алғашқы қызды аса жақсы көру құрметіне орай, жаңа туған нәрестеге тағы да Танай есімін береді. Екі-үш жыл өткесін бұл Танай да өмірден озады. Қырдың төбесіндегі алғашқы қыздың жанына мұны да жерлейді. Қыр үстінде екі мола алыстан мұнартады, екеуінің де аты Танай – Қос Танай. Қос қыздың аты осылай көпшілікке тарап, елді мекен Қостанай аталып кете барады» деген Мұқат Сәрсенбайұлы атамыздан естіген Қостанай қаласының атауына қатысы бар аңыз-әңгіме туралы «Қостанай таңы» газетінің 28 қыркүйек 2009 жылғы санында «Аңыз ақиқатқа жетелейді» атты мақала жазған болатынмын.
    Ізденіс нәтижесі болар осы газеттің 1970 жылдары санында шыққан Қапыш Наурызбаевтың «Қала аты ойыншық па?» атты мақаласы қолыма тиді. Мақала мені үлкен ойға қалдырды және тұжырымдарының нақтылығымен қызықтырды. Осының әсерінен Қостанай облысы Лисаковск қаласының тұрғыны, еңбек ардагері, сексен бес жасар Наурызбаев Қапыш ағамен 2011 жылдың қараша айында танысып, ол ұзақ әңгімеге жетелеп еді. Түсінікті болу үшін аға жазған мақаладан үзінді келтіргенім жөн болар.
    «Құрметті оқырман қауым!
    Мен осы газетіміздің «Большевиктік жол» кезінен бастап оқып келе жатқан оқырманының бірімін. Айтпағым, осы өзіміздің Қостанай аты туралы естігенім. Бес-он жыл болып қалған шығар, Қостанай аты бір ермек болып алды. Әркім өз ойынша сүбелеп болды. …1939-40 жылдары менің бала кезімде біздің үйге Қамысты ауданының Жайылма, Тұмарлы (Ливановка) ауылдары жағынан Әбіштай, Әбдірайым деген екі қарт кісі келді. Әбдірайым біздің елге күйеу екен. Сол кісілермен біздің ауылдың үлкен кісілері әңгіме-дүкен құрып отырғанда, осы Қостанай деген ат сонда да қозғалды. Сонда Әбіштай ақсақалдың айтқанын оқырман алдына тартпақпын. Сол кезде ол кісілер 75-80 жастың шамасында. Әбіштай ақсақалдың айтуы: «Біздің қазақтың дау-дамайы біткен бе? Ертеректе бір жігітке елінде, ағайын арасында жер тимей еліне өкпелеп, «көз көрмес, құлақ естімес» жерге кетемін деп көшіп кетіп, осы Қостанай тұрған жерге келіп жалғыз үй қоныстаныпты. Ол кез бұл маңда ел болмаған екен дейді. Осы жерге қоныстанғаннан кейін бұл жігіттің 13 жасар қызы қайтыс болады. Аты Танай екен. Сол қызы осы жерге қойылады.
    Қызы қайтқаннан кейін тағы бір қыз бала дүниеге келеді. Ата-анасы қуанып, Танайдың орнына Танай болды деп, бұл қызды да Танай атайды. Өкінішке қарай 2-3 жасында бұл қыз да қайтыс болып, апасының жанына жерленеді. Сонан соң Танайдың моласы атанады. Ақыры елді мекеннің атына айналады».
    Өзі естіген осынау деректерді келтіре отырып, мақала авторы Қостанай атына байланысты айтылып жүрген Қостан батыр, Қос тіні, Қос тана атауларының нақтылыққа келмейтіндігін былайша дәлелдейді.
    Қос тіні – тін деген жіпке, арқанға байланысты болса, Қос тана, Тана – сиыр баласы ғой. Қостан батырдың тарихта болғандығы ақиқат дегенмен, батырдың Қостанайда туып, атының Қостан қойылмағанына кім кепіл деген тұжырымдар жасайды.
    Және Облыстық «Большевиктік жол» газетінде жауапты қызметте істеген немере ағасының беріп жіберген 1940 жылғы нөміріндегі Омар Шипиннің:
    «Сарыарқа жері жазық, ағаш шұбар,
    Басында ағаштардың үкісі бар.
    Желпілдеп желді күні жапырағы,
    Болады тігілгендей қызыл тулар.
    Ән қосып ерте-кешті жер жаңғыртып,
    Сайраған бұтағында бұлбұл құстар.
    Қостанай Тобыл өзен жағасында,
    Аты еді бір моланың о басында.
    Бір мыңда осы жерге қала түсті,
    Сегіз жүз сексен жылдың шамасында.
    Қостанай торы қыпшақ баянтаңат,
    Туысы нәсілінің бәрі осында.»
    деген ұзақ дастанын жаттап алған.
    Кейіннен газет бетінде Қостанай қаласының атауы туралы не бір нұсқаларды тағып, негізсіз мақалалар көбейіп кетеді. Бұл кісінің айтуынша айтылған нұсқалардың атауға сай келмейтіндігіне қатты налыған. Содан өзінің бала кезінде естіген әңгімесі және Қостанай өңірінен шыққан Қазақстанның халық ақыны Омар Шипиннің дастанын басшылыққа ала отырып, облыстық «Қостанай таңы» газетіне «Қала аты ойыншық па?» деген көлемді мақала жазып, өз ойын нақты деректермен дәлелдей білген.
    Мен де ағаға өзімнің Мұқат атадан естіген аңыз әңгімелерімді және жазған мақалаларымды толық таныстырдым.
    Соңында ағаның: «Шырағым-ау қазақтың сұңғыла қариясы Омар Шипиннің өзі Қостанай қаласының атауын дәл айтып тұрған жоқ па, оған қарсылық білдіру негізсіз болар еді» деген сөзіне орай, оны оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдім.
    Қойшы Сәрсенкелдітегі, зейнеткер.

  6. Қойшы Сәрсенкелдітегі

    Тарих деректері дәлдігімен құнды

    Оны кейінгі ұрпақ білген жөн

    Өлшеулі ғұмыр алға жылжып, қарттықтың бастапқы нышандары біліне бастағанда: «Осы мен ешнәрсе бітіре алмадым-ау, осыным дұрыс па?» дегендей мазасыз сұрақтар, көңіліңді қобалжытып, беймаза жағдай құрсауында қала береді екенсің. Әрине, мен ғалым, тарихшы болмаса жазушы емеспін. Қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларға неге пікір айтпадың деген реніштің болмайтындығын және оны күтпейтінін де жақсы білемін.
    Кешегі кеңестік кезеңде комсомол, кәсіподақ, партия ұйымдарында тәрбиеленіп, оның соңы егемен еліміздің Ақордасы – ару Астанадағы қызметке жалғасты. Аудан, облыс, республика көлеміндегі жиындарға қатысып, көпті көріп, жақсылардың сөзіне құлақ түрдік. Қолға алған қайсы бір істерге бастамашы болып, оның жүзеге асуына қажетті жұмыстарды атқарып, оны көңілге түйдік. Міне осындай естіген, көрген жағдайлар әсер еткен болу керек қоғамда орын алып жатқан өзгерістен, ел тарихынан аз-мұз хабар баршылық.
    Қоғам қозғалысына және оны алға тартқан интеллигенция қауымына көңіл толмаушылық менде жоқ. Жақсыға қуанамын, жаманнан көңілім қалатынын қалай жасырайын.
    Біз жасымызда әдеби, тарихи кітаптарды, газет-жорналдарды көп оқитынбыз және оқығанымызды қатарластарымызға жеткізіп, дау-дамай туындап жататынды.
    Туыс-туғанның, ағайынның дастархандарындағы бас қосуларда үлкендер жағы ауыл-үйдің өсегіне жоламай, тарих тағылымына қарай бойлап, естіп-білгендерін айтып отыратын. Осының бәрі ел тарихын біліп, зерделеп отыруға себесін болды-ау деп есептеймін.
    Үлкендерден жеткен әңгімелер жадта сақталғанымен, оған қатты маңыз бере бермейтінмін. Ауылды жерде өскендіктен, естігендерім тарих тұңғұйығына бойлай қоймас деген ойда болатын едім.
    Дегенмен, «Қостанай» елді мекенінің атауы және Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүз билеушісі Шақшақ Жәнібектің кездесуінде Қыпшақ Шақаның үйінен қонақасы ішіп, ханның келу құрметіне туған ұлдың атын Ханкелді (маған жетінші ата) қою туралы Мұқат атадан естіген әңгімелердің, «Қостанай таңы» газетіндегі Қапыш Наурызбаевтың «Қала аты ойыншық па?» атты мақаласы және Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романындағы оқиға желістерімен сәйкестігі мені өзіне тарта бастады. Тарихи орындарға, мұрағаттар мен мұражайларда кездескен деректерге үңілу және жазылып жатқан тарихи шығармаларды жібермей оқу бұрынғыдан де көпшілік уақытымды алатын болды. Байқағаным мұндай жауапкершілігі мол ауқымды іске терең білімнің және бірнеше тілде оқып, білудің қажеттігі. Ойға алғанымды, өз өрісімдегі қол жеткендерді саралап, зерделеп, түйгенімді көпшілікке жеткізуді мақсат тұттым.
    Алдын-ала ескертетінім, мен басылым беттеріндегі көтерілген тарихи тақырыптағы жазылған мақалаларға наразы емеспін және оны сынап, теріс пікір білдіруге де қарсымын.
    «Қостанай таңы» газетінің 28 қыркүйек 2009 жылғы санында «Аңыз ақиқатқа жетелейді», 26 желтоқсан 2012 жылы «Ие, Қостанай атауы қайдан шықты?» атты мақалалар жазған болатынмын. Бұл мақалаларда жазылған деректер үлкендерімізден естіген бес таңбалы қыпшақтың Торы атасынан өзім тараған Баянтаңат руының тарихы туралы еді. Торыдан Әлпейіс, Құлпейіс. Әлпейістен Қитаба, Түйішке. Құлпейістен Көкмұрын, Шашты. Түйішкеден Қайсар, Жансар, Молдақара. Молдақарадан Қосым, Досым, Есім. Қосымнан Әбдірахман, одан Баянды, Таңат. Осы екі атаның абройлары асқақ болған болар, біздің ру «Баянтаңат» аталған.
    Ұядай ұйысып отырған ағайын-туыс арасынан бір атамыз отбасымен өзен бауырайындағы төбеге келіп, қоныс тебеді. Көшіп келген жаңа қоныстың айтары жоқ, табиғаты әсем, жері шұрайлы, тұрмысқа оңтайлы мекен болып шығады. Сол жерде атамыздың ондардың шамасына келген, Танай атты жалғыз қызы қайтыс болып, қырдың төбесіне жерлейді. Арада біраз уақыт өтіп, атамыздың үйінде екінші қыз дүниеге келіп, алғашқы қызды аса жақсы көру құрметіне орай, жаңа туған нәрестеге тағы да Танай есімін береді. Екі-үш жыл өткесін бұл Танай да өмірден озады. Мұны да қыр төбесіндегі алғашқы қыздың жанына жерлейді. Қыр үстінде әсем салынған, биік, ерекше безендірілген екі мола алыстан мұнартады. Өткен жолаушы «Кімнің моласы» деп сұрамай ма, «Танайдың», ал екіншісі: «Ол да Танайдың», екі Танай – Қос Танай. Қос қыздың аты осылай көпшілікке тарап, елді мекен Қостанай аталып кете барады.
    Міне, Мұқат Сәрсенбайұлы атамыздан естіген әнгіме нобайын осылай баяндаған болатынмын. «Қостанай» атауы барысында айтылып, жазылып жүрген бірнеше нұсқа бар. Ал осы нұсқалардың басым көпшілігі орыс ағайындарының: «Ерте де қазақтың бір үлкен шалынан жазып алып едік» деп басталып, «Байғұс кемпір болған екен, өзен жағасында соның жыртық қосы болған және Тана деген қызы суға кетіп өлген. Кемпір «Тана» деп зарлап жылайды. Кемпірдің Қосы мен қызының құрметіне Қостанай деп аталыпты» десе, келесісі «Өзен жағасындағы бір бейшара шалдың Тана деген екі сұлу қызы батыр болған», тағы бірі «Қост», «Анай» атты сүйкімді екі қыз ауырып өледі, екеуінің қабіріне «Қостанай» деген атау беріледі десе, Қостанайды ұнатқан орыс ағайындары «Куста» деген орыс сөзінен шыққан деп бүйірлейді.
    Жазба тарихы кемшін өңірдің олқылығын білдірмей, оны алға сүйреген азаматтарға ризашылықтан басқа ой жоқ. Алайда, осындай мәтінде жазылған аңыз әңгімелерді оқи отырып, басқа ұлт өкілдерінің жинаған деректеріне қарның ашады. Тарихи атауды ылғи «байғұс», «бейшара» кейіпкерлерден іздейді. Оның бұрмаланғандығы өзінен-өзі айқайлап тұр. Тіпті сол заманда дұрыс бір қазақтың болмауы мүмкін бе? «Зарлаған кемпір», «сұлу қыздар» деген желеумен жер аты берілді деген ақиқатқа жата ма? Осындай зерделеумен дерек жинағандарда ыждағаттылық жетіспеген-ау және екі ұлт арасындағы пікір алмасу барысында түсіністік болмағандықтан айтылған әңгіменің астарын аша алмаған деген ой ұшқындайды. «Орда», «Отау» сияқты қазақ атаулары тұрғанда, кішкене «Қос» көзге түспес болар. Ал «екі» деген сөздің «қос» болып айтылатынын барша қазақ біледі емес пе.
    Қалай болғанда да «Қостанай» атауы қайсы бір аңызды алмасаң да екі қызға саяды. Адал да, ақ көңіл қазақ халқының қыз баланы аса құрметтеп, сүйкімді де, қайырымды қылықтарына тәнті болып, олардың есімдеріне ру аттары, елді-мекен атаулары берілуінің тарихта жиі кездесетіндігі белгілі.
    Аңыз бойынша дерек жинағандардың қайсысы болмасын, аңыздың өте ертеде орын алғандығы және оның бұл жаққа орыстардың қоныс аударуынан әлде қайда бұрын болғандығын мойындайды. Сөйте тұра «Куста» деген орыс сөзін қыстырмалау, момынға көрсетілген өктемдіктің нышаны ма деймін.
    «Тіней», «Тана», «Қостан» атауларының да дәлдікке келмейтіндігі жөніндегі «Қала аты ойыншық па» атты мақаланың авторы, Лисаковск қаласының тұрғыны, көне көз қария Қапыш Наурызбаевтың дәйектемелерін «Иә, Қостанай атауы қайдан шықты» атты мақалада жазған болатынмын. Қапыш ақсақал өзінің мақаласында Облыстық «Большевиктік жол» газетінің 1937 жылғы нөміріндегі Омар Шипиннің:
    «Сарыарқа жері жазық, ағаш шұбар,
    Басында ағаштардың үкісі бар.
    Желпілдеп желді күні жапырағы,
    Болады тігілгендей қызыл тулар.
    Ән қосып ерте-кешті жер жаңғыртып,
    Сайраған бұтағында бұлбұл құстар.
    Қостанай Тобыл өзен жағасында,
    Аты еді бір моланың о басында.
    Бір мыңда осы жерге қала түсті,
    Сегіз жүз сексен жылдың шамасында.
    Қостанай торы қыпшақ баянтаңат
    Туысы нәсілінің бәрі осында» — деген «Қостанай» атты ұзақ дастанынан үзінді берген, ғажабы дастанды жаттап алған.
    Қостанай сияқты іргелі облыс орталығы атауының кім-кімді де бей-жәй қалдырмайтыны орынды. Облыстық газетіміздің 02 қаңтар 2013 жылғы № 7 санында КСРО және Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озат қызметкері Қазақстан Кәкенов ағай бұдан 90 жыл бұрын атақты теміржол инженері, ғалым, Түркісіб темір жолын салуға, Алаш партиясының әскери полкін құруға атсалысқан қазақтың белгілі азаматы Мұхаметжан Тынышбаев 1925 жылы Ташкент баспаханасында бастырған кітапшасында «Қостанай қаласы екі қыздың атына қойылған» деп жазғанын оқығанын айтады. Өзі естіген: «Қостанайға екі қыздың аты берілген. 1879 жылы қаланы Қостанай сайы мен Әбіл сайдың ортасына салуға келіседі. Бұл жерде Ордабай ауылының екі бойжеткен қыздарының зираты барын ескермейді.» — деген деректер келтіреді.
    Белгілі қазақ жазушысы, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі Ақылбек Шаяхмет «Есте қалар ел тарихы» кітабінің «Қостанай – құт-мекен» еңбегінде Қазақ КСР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Омар Шипиннің:
    “Қостанай Тобыл өзен жағасында,
    Аты еді бір моланың о басында.
    Бір мыңда осы жерге қала түсті,
    Сегіз жүз сексен жылдың шамасында” – деген өлең жолдарын келтіреді. Және осы еңбегінде: «Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова Қостанайға келген сапарларының бірінде қазіргі Қостанай қаласы орталығындағы Ұлттық банк ғимараты орналасқан үйді нұсқап, осы арада ертеде бейіт болған, онда қыпшақтың өмірден ерте кеткен екі қызы да жатыр.» — деген, дарқан жүректі ана, аса аяулы Мәриям апамыздың естелігін еске алады.
    Өлкетанушы Мақсұтбек Сүлейменнің «Инфо – Цес»тің 28 наурыз 2014 жылғы 12 нөміріндегі «ЕЛ мен Жер» мақаласының «Қостанайдың атауы хақында» тарауындағы мына үзінділерді келтіре кеткенді жөн көрдім. «Қазақтың барлық руы дерлік, аталарымыздың есімімен аталған. Талай елді мекендері мен жерінің атауы да атақты ата – бабаларымыздың атын иемденіп, тарихқа алтын әріптермен жазылып қалған. Зерттеушілердің болжамы мен пікірінше, Қостанай, Қарабалық та – аталарымыздың атымен аталған қазақ жері. Тек, Қостанайдың атауына байланысты аңыз көп. …Бесінші аңыз:
    Бұл кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған халық ақыны Омар Шипиннің естелігі. Баспасөз бетінде жарияланған бұл естелікті маған 1993 жылы қарт журналист Жиентай Ділдебайұлы өз қолымен табыс еткен еді. Содан бері сақтап келіп, бірінші рет жариялап отырмын. Біз енді осы естелікпен таныссақ:
    «…Осы күнге дейін Қостанайдың кім екендігіне талас-тартыс ұзамаса, үзілмей келеді. Біреулер Қос тана таққан әйел екен, сонан Қостанай аталып кеткен деп жүр. Мен бұдан 17 жыл бұрын Сүгірбаев Әбіл деген шешен, шежіре білетін қарттың ауыз әдебиеті айтуы бойынша Қостанай қазақтың ерте заманда халқын қорғаған ең қадірлі батырларының бірі. Қобыландының Қыз Құртқа деген әйелінен Бөкенбай туады. Бөкенбайдан бес бала – Ұзын, Торы, Қарабалық, Көлденең, Бұлтың. Торыдан төрт бала туады: Көкмұрын, Шашты, Қитаба, Түйшікі (дұрысы Түйішке. автор), Түйшікіден (Түйішкеден) екі бала – Баянды, Таңат. Қостанай Баяндының ұрпақтарынан тарайды. Осы биыл үстіміздегі 1956 жылы 6 майда «Правдаға» Қостанай облысының таудай табыстарын жазған жолдас Егінатей (Игнатий), Руджес, Пібінский (Пибинский) Қос деген бір қыздың аты, Тана деген бір қыздың аты екен, екеуінің атымен Қостанай қаласы «Қостанай» деп атанған деп жазыпты, «Правда» көсеміміз лениннің өзі шығарған газет, бүкіл дүние жүзінің еңбекшілерінің алдында тұрған айнасы, қате тарихты бұзып айтушы да.
    Қостанайдың ата-бабалары қазақтың аумалы-төкпелі, көшпелі, бірін-бірі шауып-шайнап жүрген күндерінде жау қызығатын үйі жоқ, жау қуатын малы жоқ, көшіп жүретін күйі жоқ, жарлығымен жан сақтап, жар-бұтаны паналап жүрген кедейлердің бірі болатын. Бір күндерде Қостанай отырған Тобол өзенінің бойына қазақтың қаһарман батырларының бірі, халқының қамын ойлап 1731 жылы ұлы орыс халқымен туысқан ұлы Жәнібек батыр Ақмоладан ауып келіп, өзіне ерген елімен Қостанайдың жеріне баса- көктеп қонып алыпты. Қостанай Жәнібек батырға баруға бата алмай, Жолтай Ізбасты биге барыпты. Ізбасты бидің сонда Жәнібекке айтқаны:
    — Ассалаумағалайкум, Жәнібек!
    Атаның сай, атың сай,
    Көшсең нуға жетесің.
    Кетпенің сай, шотың сай,
    Қазсаң суға жетесің.
    Жорықты көп жортқансың,
    Білесің жолдың төтесін.
    Ерегіскен жауыңды,
    Жермен жексен етесің.
    Қалың жатқан қазақтың,
    Баласына әкесің.
    Көбісіне көкесің.
    Жәбірлеме жарлыны,
    Жанышпа батыр жалғызды.
    Дүниеден сен де өтесің.
    Кеңінен толғап кеңесіп,
    Кедейдің бұзба кепесін.
    Ертең өзің өлгенде,
    Артыңда адыра қалатын,
    Бір жырымдай сайды,
    Сен не етесің?! – депті.
    Сонда Жәнібек батыр:
    — Менен не сұрайсың? — депті.
    Ізбасты би:
    — Сен қайдан да жер аласың. Мынау аз үй Қостанай ешқашан жер ала алмайды. Сен мұның жерінен көш, — депті. Жәнібек батыр Ізбасты биге қонақасы беріп, көшіп барып Торғайдың таңдамалы жері Тосын құмын алыпты.
    Қостанай Тоболдың суына қармақ салып, құсы мен қоянына қақпан салып, дұзақ құрып, күнелтіп отырғанда, Қостанайдың үстіне жауға шабылып, жабағыға сүрініп, Ыбырай Алтынсариннің атасы Балқожа би қыстыгүні өзіне ерген елімен Ақтау, Ортаудан ауып келіп, Қостанайдан жер сұрап, Ара – Тобол бойында Қостанаймен араласып отырыпты. Бір күндері көп жасап, көпті көрген Қостанай қайтыс болыпты. Алды екі көл, арты Тобыл, ертеден қалған обаның қасына Балқожа би Қостанайдың атағын шығармаққа ақ жуып арулап, Қостанайды қойдырыпты. Қостанайдың моласы қазіргі Госбанктің астында. Қостанайдың балалары Байкөшек, Байқұтты, Сүйіндік. Сүйіндіктен Темірбай. Темірбайдан – Серғазы. Байкөшектен – Көшекбай. Көшекбайдан – Нұрғазы. Нұрғазыдан – Арғынғазы туады (Бұлар қазіргі Щербаков совхозының 4 бөлімшесінде тұрады). Ал Қостанайдың үрімбұтағы Қостанай облысы, бұрынғы Обаған ауданында, Щербаков совхозының «Мезгіл» бөлімшесінде тұрады. Қостанайдың жеріне ұлы орыс халқының үлгі-өнерін алу үшін қала салдырған да Алтынсарин өз атасы Балқожаның атын қоймай, қаланың атын Қостанайдың атына қойдырған да Ыбырай Алтынсарин.»
    Қазақ тарихын құрметтегісі келгендер осы Мақсұтбек Сүлеймендей еңбек жасасын. Қазақстанның халық ақыны, Қазақ ССР Жоғары Советінің 3 рет депутаты болған Омар Шипиннің баспасөзде басылған естелігін осы кезге дейін сақтап, жария ету нағыз білгендік.
    Аңыз әңгімелерде баяндалған және жазба беттеріндегі деректерді зерделей отырып, ағайындар арасынан бөлініп шыққан Баянды атамыздың қайтыс болған Танай есімді қос қызының қыр төбесіне қойылған молалары атымен елді мекеннің «Қостанай» аталып, ақиқатқа жақындайтындығынан қаша алмаймыз.
    Орынбасар Тұрашұлының «Бәйтерек бұтақтары» (Қыпшақ шежіресі) кітабында Баяндыдан Тоқбатты (Тоқпат) туғызады. Қостанай осы Тоқбат атадан тараған ұрпақ болуы мүмкін. Елді мекеннің өзімен бірге туған апаларының есімімен аталуын аса ірі жоралғыға санап, өзінен туған ұлға оның атын беру, қазағымның ежелден келе жатқан салты екеніне ешкімнің таласы жоқ. (Торғай, Ақмола, Арқалық, Бурабай т.б.)
    Омар Шипиннің естелігіндегі Жәнібек батырдың Ақмоладан ауып келіп, өзіне ерген елімен баса — көктеп қонып алуына орай Жолтай Ізбасты бидің араласу оқиғасының 1731 жылы болғанын айтады. Оқиғаны ақиқатқа баласақ, Қостанай 30 — 40 жас шамасындағы, атасы Баяндының інісі Таңаттан өрбіген Өтеп, Шақа аталарымызбен тұстас келеді деп жорамалдауға болады. Бұл Тәуке өліп, хандыққа талас – тартыс, Аңырақай ұрысы, Әбілхайыр билігі, Шақшақ Жәнібектің дәуірлеуі, Қазақ Ордасындағы Ақтабан-шұбырынды әкелген ауыр соққыдан біртұтас Орданың бірнеше хандыққа бөлініп, заман тарлығынан туындаған тайғақ саясаттың орын алған күңгірттеу кезеңі болатын.
    1990 жылы Алматы қаласында қазақ зиялыларының дастархан басындағы отырысына қатысып, ұлттық тарихты қайта жаңғыртушы, академик, тарих ғылымдарының докторы Манаш Қозыбаевтың: «Мұрағат жазбаларын түртпектеп жүрсіңдер, Орта жүздің Арғын, Қыпшағына жататын бір қауым елді Торғай табанына орналастырушы Шақшақ Жәнібек екеніне көздерің жеткен болар. Енді оны сан-саққа жүгіртуді қою керек» деген салмақты да, сабырлы сөзін естіп едім. Шақшақ Жәнібектің 1693 жылы туғанын тарихтан білеміз. Мұндай ұлы істің ақыл тоқтатқан, абыздардың қолынан келеді десек бабаларымыздың Торғайға ат басын бұруы ХVШ ғасырдың екінші жартысы ғой деп шамалау қажет. Сонда Әбіл қарттың айтуымен Омар Шипин естелігіндегі Шақшақ Жәнібек пен Қостанай кездесулері шындыққа жақындайды.
    Аңызды жеткізушінің дерегінде «Қостанайдың ата-бабалары жау қызығатын үйі жоқ, жау қуатын малы жоқ, көшіп жүретін күйі жоқ, жарлығымен жан сақтап, жар-бұтаны паналап жүрген кедейлердің бірі болатын.» деп суреттейді. Жайық пен Алтай арасындағы кең салалы, суы мол Тобыл өзенін, оның шұрайлы бергі және арғы мекенін иелік еткен қауым елді өзіне қаратып отырған тұлғаны бұлай теңестіру әңгіменің кеңестік кезде баяндалуынан және сол тұстағы шовинистік орыс ағайындарының қазақ тарихын бейшаралық тұрғыда көрсету жемісі болар деп түсіну қажет шығар. «Қостанай Тоболдың суына қармақ салып, құсы мен қоянына қақпан салып, дұзақ құрып, күнелтіп отырғанда, Қостанайдың үстіне жауға шабылып, жабағыға сүрініп, Ыбырай Алтынсариннің атасы Балқожа би қыстыгүні өзіне ерген елімен Ақтау, Ортаудан ауып келіп, Қостанайдан жер сұрап, Ара – Тобыл бойында Қостанаймен араласып отырыпты.» деген оқиғада көңіл аударарлық.
    Осы әңгімені бала кезімде үлкендерден естіп отыратын едім. Ден қоймағандық болар адам аттары жадымда сақталмапты. Оқиға желісі осы, дегенмен ауып келіп, біздің баянтаңат аталарымызбен бірге қоныс тебетін Балқожаның әкесі Жаңбыршы болуы мүмкін. Әкесіне, ағайындарына көрсеткен қайырымдылық бала Балқожаның жадына мәңгі сақталған болуы мүмкін ғой. Денені қос апасының атын алып, тарих қойнауына еніп кеткен «Қостанай» елді мекеніндегі биік обаның жанына жерлеуі ұлтымыздың ұлағатты істерінің бірі деп есептеймін.
    Осы оқиғаны шындыққа баласақ, кейбір ағайындардың «Қостанай» — «Қос Тіней атты ұзын қыпшақ аталарының есімдеріне байланысты болуы мүмкін» және орыс ағайындарының «куста» деген ұғымдарының ақиқатқа жатпайтындығына анық көз жеткізуге болады.
    Мұхамбетжан Тынышбаев, Омар Шипин, Мариям Хакімжанова сияқты қазақ ұлтының асылдарынан шыққан дәйекті деректер тұрғанда біз неге жалтақтаймыз. Қазақ тарихын қазақтан артық білетін ешкім жоқ. Омар Шипин атамыз: «Аты еді бір моланың о басында.» десе, Мәриям Хакімжанова апа моланың орнын көрсетіп тұр. Үлкендердің айтқанына ден қойсақ, «байғұс», «бейшараның» тұрғызған моласына ұқсамайды.
    Басқаның көңілін аудару үшін айырықша ерекшелік болу, өмір заңдылығы. Қазақ тарихындағы ақ кірпіштен қаланған кесененің «Ақмешіт», аққайрақ тастан жоғарғы жағын киіз үйдің төбесіне сәйкестендіріліп тұрғызылған күмбездің «Ақмола» аталуы, сол ғимараттардың аса көркемділікпен салынып, басқаға ұқсамағандығынан болу керек.
    Қостанай елді мекендегі күмбездердің аса талғампаздықпен салынғаны әсем де, мұнаралы ғимарат екені аян болып тұр. Оған екі қыздың аты қосылған соң елді мекен атына ие болған. Осыдан артық қандай дерек қажет, біздің Қостанай тарихын осы екі абыздай білетін жан бола қоймас.
    Өзіміздің қостанайлық азамат Мұхаметқали Рахалиев қала кіреберісіне «Қос Тана» атты ескерткіш белгі қойып, қуантып ақ тастады. Құптарлық бастама, ескерткіш белгі де сондай әсем, алыстан көз тартады.
    Ескерткіштің «Қос Тана» болмаса «Қос Танай» аталуын тарихшылар еншісіне қалдырайық. Ойды ой түртеді. Қала тарихына қатысты ескерткіштің сыртта қалуы көңілге қонбайды. Алқабы астықпен көмкерілген ұлан-байтақ Қостанай өңірінің тарихына қатысты ескерткіш келімді-кетімді қонағы көп Қостанай қаласының дәл ортасында орналасса, онда екі қыздың күмбезі бейнеленсе және қала атауына байланысты тарихи оқиға желісін баян ететін ақпараттар көрініс тапса, республикамыздың ешбір аймағында болмаған көз тартар тарихи дүние болар еді-ау.
    Жоғарыда Баянды, Таңат аталардың бір туғандығын, рудың осы екі ата құрметіне «Баянтаңат» аталатындығын айтып өттік. Баянды ата ұрпақтарынан аз да болса мәлімет бере алдық. Таңаттан Өтеп, Шақа. Шақадан Нұрманбет, Ханкелді. Нұрманбеттен Ордабай, Барғана, Телғара, Өтеулі, Байсал. Ордабайдан Елемес, Естеміс, Асан, Базар, Назар.
    Қостанай елді мекенінің батысына қарай 6-7 шақырым шамасында «Қыпшақ Ордабай тоғайы» атты елді мекен орналасқан. Енді бірер сөз Ордабай қаласы туралы. 1868 жылы – Торғай облысы құрылды, оған 4 уезд кірді, соның бірі Николаевск (кейін — Кустанай).
    1879 жылы патша үкіметі Николаевск уездің орталығы етіп, «Жаңа Урдобай (Ордабай) қаласын құру туралы» генерал-губернатор Н. А. Крыжановскийдің ұсынысын мақұлдайды.
    Осыдан бастап Тобыл өзені жағалауы, қыпшақ Ордабай — Тоғайы елді мекеніндегі Ордабай ауылы – Жаңа Ордабай қаласы аталады. Кейін Облыстың әскери губернаторы, генерал А. П. Константитонович Ордабай-Тоғай елді мекенін «гигиеналық жақтан ыңғайсыз» деп тауып, қала салуға оңтүстік шығысқа қарай 6-7 шақырымда Тобыл өзені жағасындағы Қостанай елді мекенін тандайды және оны Ново-Николаевск деп атайды.
    Бұл ақпараттың ақиқаттығын ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің мына төмендегі хаты да айғақтайды. «В.В.Катаринскийге.
    Аса қайырымды Василий Владимирович!
    …Аштық пен сүзектің салдарынан азық-түліктің бағасы тағы да көтеріліп кетті. Бұл бақытсыз уездің қашан жөнделерін білмеймін. Сондықтан, бас-аяғым аман тұрған кезімде бұл жерден қашып, Троицкіге немесе жаңадан салынған Ордабай қаласына барып орын тепкім, келеді.
    Сізге мәңгі берілген қызметшіңіз, АЛТЫНСАРИН. 1880»
    Республикалық «Жас Алаш» газетінің 21 ақпан 2013 жылғы №14 санында Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Аманкелдi Әбдiбаевтың мақаласында: «О. Жүргенұлы екiншi дүниежүзiлiк соғыстан 10 күн бұрын 1941 жылдың 11 маусымында әскерге алынған. Солдаттық мiндетiн Челябинск қаласында өтеп жүргенде әлемдiк қанды соғыс басталып кетедi. Ордабай аталған қалада 3 ай мергендiк мектептi оқып, соғысқа қажеттi мамандық алады.» — деген дерек келтіреді.
    Ордабай қаласы атауының жалпы халыққа да жариялылығын мына төмендегі деректен де көруге болады. Менің немере ағайым Жүсіп Сәрсенкелдіұлы соғыста жараланып, 1942 жылы Литва қаласының госпиталінде жатып жазған толғауында:
    «…Әкесі бұл бесеуінің Ордабайды,
    Дәулетті, кісі болған қонақжайлы.
    Атантып «Ордабай горд» отырыпты,
    Сұрасаң осы күнгі Қостанайды…» — деген жолдар бар.
    Осыдан 70 жыл бұрын жазылған толғаудың менде түпнұсқасы сақтаулы.
    Бұдан шығатын қортынды жергілікті тұрғындардың Қостанай елді мекеніне берілген Ново-Николаевск атауын беріге дейін «Ордабай қаласы» деп атап келгендігін көрсетеді.
    Менің бұл дерекке айырықша тоқталуым орыс тілді ағайындардың жазуында Қостанай тарихы Ново-Николаевск қаласынан бастау алады. Қалай болғанда да қала салуды Қостанай елді мекеніне ауыстырғанша «Жаңа Ордабай қаласы» Николаевск уезінің орталығы болғандығы ақиқат.
    КСРО және Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озат қызметкері Қазақстан Кәкенов жоғарыдағы мақаласында қаладағы «Қазақ» көшесін Ордабай атына беру жөнінде ұсыныс жасаған. Мені таңқалдырғаны осы пікірін «Қостанай таңы» газеті арқылы ертеректе де көтерген екен.
    Тарихқа үңіліп, оны жинақтап жүрген бірді-екілі зиялы азаматтардың пікіріне құлақ түргеннің еш артықшылығы жоқ.
    Өмір көрген алдыңғы буын ағалардың ақ жолын арқаланып, тарих деректері дәлдігімен құнды болар деген мақсатта жиған-тергендерімді көпшілікке жеткізуді дұрыс деп санадым.
    Қойшы Сәрсенкелдітегі, зейнеткер.

  7. Ертеректе Тобыл өзеніне бір үйдің екі қызы бірдейсуға кетіп, қайтыс болғанда, әкесі «қос танам-ай» деп еңірегенде етегі толып зарлағанда, елдің сай-сүйегі сырқырағаннан сол өлкені Қостананың өлкесі, кейіннен Қостанай болып кеткен екен деп мамам-Күланда Бөкешова айтып отыратыны есімде. «Тана» дегені қалай деп сұрағанда, қыз баланы жақсы көргенде»танам» деп жақсы көру, «ботам», «құлыншағым», «қозым» деген сияқты теңеу деп айтқан болатын. Үйдің үлкені Ақсымбатты кейде, «Ақтанан» деп еркелелететін, онысын «Ақтанам» деген сөзден шыққан деп айтатын.

  8. Қос Танай

    Қазақта «Тана» сөзі екі мағынада айтылады. Бірі Тана — сиыр малының төлі, екінші зерлі моншақ түріндегі қыз бала бұйымы. Ал Қостанай қаласыныңі атауының «Тана» ға еш қатысы жоқ. Біріншіден «Қос»ты лашық үймен шатыстырып отырсыздар. Бұл жердегі «Қос» сөзі, «Екі»деген мағнаны білдіреді. Танай атты екі қыздың моласын — Екі Танай делінбей «Қостанай» аталуы қазақ ұлтының тіл байлығын білдірсе керек.

  9. СОЛ БІР ТАҢАЙ ҰРПАҒЫМЫН.Мен Арғын руынан тараймын. Оның ішінде Қояншы- Дәулет-Таңай ағалы- інілілердің ішінде Таңай батырдың ұрпағы Сазанбай руынан боламын. Әкемнің және аталарымның айтуы бойынша Қостанай аталу себебі «Танай деген кісі болған екен. Соның Тобыл жағасында жыртық қосы болған екен… Қостанай – Танайдың қосы деген сөз болу керек» деген аңыз да бар» деп жазылған дегенімен тарихта бірі шын бірі өтірік . Менің ойымша және әкемнің айтуы бойынша жыртық емес ӘДЕМІ қосы болған. Ол кісі байлығы сонша алтынды уыстап қалталарында жүрсе «жыртық қос» ойға сыймайтын зат қой.

  10. Дархан

    Қостанай атауы бұрында (қазірде) мекен еткен Қыпшақ руларының қос тана (||) белгісінен пайда болған деп естуші едім. Одар кұлыптастарында малдарында осы қос тана белгісімен рәсім деген.

  11. Талдықорғандық

    Менің естуімде Қостанай атауы Қосы батыр, Танай батыр деген ағайынды екі батырдың атымен аталған. Екеуінің моласы да бір жерде екен. Ертеректе жер атауы сол екі батырдың атымен аталып кеткен. Бұл екі батырда тарихта бар батырлар. Көне қазақ жас қыздардың атымен жер атауын атамаған. Соғыста шейіт болған батырлар мен атақты адамдардың атымен атаған. Мəриям апа айтқандай зираты сол ғимараттың астында екені рас болып тұр ғой.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *