Торғайлықтарға үндеу!


Жақында елде болып қайттым. Өзі туып-өскен мекеннің бүгіні мен ертеңі кім-кімді де толғандырмай қоймаса керек-ті. Оның үстіне толғауы тоқсан Торғайдың проблемасы таусылған ба? Олардың бәрін тізбелей берсем сөз ұзап кетер, сондықтан ең негізгі мәселеге назар аударғанды жөн көрдім.
Қазіргі таңда жерлестерімді алаңдатып тұрған басты жайт – «Ресейге жалға жер беріледі» деген қауесет. Естуімше, «Союз-2» зымыранының бірінші сатысының қалдықтарын тастайтын алаң қажет екен «Роскосмосқа». Алайда, қаңқу сөздің қаншалықты рас екендігін дөп басып айтатын ешкім жоқ, әйтсе де, бір нәрсе ақиқат, ол іште жүргені бар, сыртта жүргені бар, барша торғайлықтардың зымыран қалдықтарын тастауға жер беруге қарсы екендігі. Зымыран қалдықтары түсетін жер берілмеу керек, егер мұндай шешім қабылданса, ол Сырбай атамыз «Қазақтың Ленинграды» деп баға берген, зіркілдеген зеңбірекке қылышпен қарсы шапқан батырлардың ұрпағын ғана емес, барша қазақтың наразылығын тудырары анық. Теңгенің екі беті бар ғой, ал, «басқа-басқа емес, Роскосмос неге Торғайдан жер сұрап тұр? Міне, бар мәселе осында тұр. Өйткені, жер бос жатыр. Кезінде нарыққа икемделе алмаған ел күнкөріс іздеп қала жағалап кетті. Қайсы бір ауылдар оңтайландыру үшін жабылды. Ал, қазір жағдай дұрысталды ғой, туған жерге шынымен жанымыз ашыса, неге қайтадан атамекенге бет бұрмасқа? Қолайлы мекендерге орналасып алғандарымыз қозғала қоймаспыз, әйтсе де, бір әулет бір-екі баласын елге жіберсе, оның өзі үлкен сеп болар еді. «Елге ел қосылса құт» деген, қойнауы халыққа толса, Торғай қайта түлейді деп сенем!


Осы орайда, өз басымды мысал етсем, оны мақтанды демеңіздер. Тоқсан жасқа келіп көз жұмған марқұм әкем алыстан болжайтын кісі еді. Қалаға келіп ұл-қыздарын орналастырған соң, бәріміздің басымызды қосып, елге мойын бұру керектігімізді ескертті. Балаларым туған жерінен ажырамасын, кіндігі үзілмесін деген әке тілегін ұққасын, мен тәуекелге бел байлап, Торғайға бет бұрдым. Көкалат ауылына қарасты аумақтан жалға жер алдым. Әкемнің ақылына қазір алғысым шексіз.
Бүгінде істеймін деген адамға мемлекеттің жәрдемі көп. Құр өзім ғана барған мен «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал алып, жаңадан шаруашылық аштым. Түрлі бағдарламаларға қатысып, техникалар алдым. Әрине, қиындықтар болды, бірақ, шегірткеден қорықққан егін екпейді ғой, күресіп жүріп бәрін жеңе білдік. Қазір Құдайға шүкір, мал басы өсіп жатыр. Үкіметтің көмегін жан-жақты пайдаланудамын. Биыл өз аумағымда бау-бақша салдырттым, оның жемісін жеп отырмын. Шаруашылығым ауылдан алыс болса да, күннен қуат алатын қондырғы орнаттым. Жаңадан үй салдым. Егер, табыс болмаса, осының бәрін істер ме едік. Артылған шөпті сатып, тағы да табыс түсірдім. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Өйткені, қазір Торғайды құтқаратын жалғыз амал, ол – елге инвестиция салу. Онсыз жерде құр байбалам, орынсыз ұраннан ештеңе шықпайды. Сондықтан, сыртта жүрген барша жерлестеріме кіндік қанымыз тамған мекенімізді құлатпай сақтап қалу үшін қам жасауға үндеу тастаймын. Істей білген адамға Торғайда күнкөріс жетеді, жол жоқ, су жоқ, жарық жоқ, анау жоқ, мынау жоқ деген жай сылтау ғана. Сондықтан, бауырлар, Торғайға аттың басын қайта бұралық!
Құрметпен Талғат Әмірxамзин!

Мынаны да қараңыз

Қазыналы Құсмұрын құпиясы

Құсмұрын – сулы, нулы, көрікті тарихи мекен. Оның атауы көлемі жағынан Қазақстандағы ірі су бассейініне ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *