
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласында болған И.Андреев, Ф.Назаров, И.Липаев, П.Тихов т.б. саяхатшылар мен этнографтар қазақ даласында жиі қолданылған музыкалық аспаптардың бірі ретінде сыбызғыны атап көрсетеді. Тіпті Алексей Левшиннің жазбаларында «…қырғыздардың ең басты аспабы қобыз бен сыбызғы» деген жолдар кездеседі. Әуезі сырға толы, әуені жүрек тербейтіндей осынау ғажайып аспаптың жасалу жолы да оңай. Қолының ебі бар кез келген адам қурайдан кесіп алып жасай береді. Бірақ жасалуы оңай сыбызғыда ойнайтын өнерпаздар сирек кездеседі. Қазақ даласында сыбызғының көп таралған жерлері Таулы Алтай аймағы, сыбызғы кең тараған башқұрттармен іргелес отырған Орал, Жайық бойы болса керек. Бірақ бұл сыбызғы өзге аймақтарда болмады деген сөз емес. Ертеректе жиі қолданылғанымен уақыт өте келе сыбызғышылар өнері сиреп, өз орнын домбыра, қобызға бере бастаған. Дегенмен ел арасындағы ауызекі әңгімелерде сыбызғышылардың өнері жайлы жиі айтылады. Торғай төңірегінде де сыбызғышылыққа қатысты деректер аз да болса сақталған. Біз бүгін сол деректерді талдап, аталған аймақтағы үрмелі аспаптар жайлы сөз қозғаймыз.
Торғай өңірінде Жаңқа сал, Тайлақбай, Жақыпбек, Сейітқасым, Нұрман секілді сыбызғышылардың есімі ел есінде сақталған. Бұлардың ішінен заманы бойынша ерте өмір сүргені қыпшақ Жаңқа сал. Жаңқа сал жайлы деректі белгілі ғалым Есмағамбет Смайылов 1949 жылы халық ақыны Иманжан Жылқайдаровтан жазып алыпты.
1949 жылы Иманжан Жылқайдаровтан жазып алған әңгімесінде ақынның бала күнінде жасы 80-ге жақындағын қыпшақ Жаңқа салды көргенін айтады.
– Жаңқа қыр мұрынды, ат жақты, ақсұр адам екен. Ұзын мұртты, тал-тал аппақ сақалы беліне түседі. Әлі қайратты, тіп-тік, шарт жүгініп, екі қолымен тізесін айқара жауып отырды. Тұсында домбыра, сыбызғы, қобыз ілулі тұр. Сал басына төбесі біздей шошақ, сегіз сай әлеміш бөрік киіпті. Бөріктің әр сайы әртүрлі ала-құла шүберектерден құралған. Төбесіне қадалған тоқпақтай үкі, сал басын анда-санда сылқ еткізіп тұқыртып қалғанда, бұлғаң етеді. Үстінде тізесінен асатын ұзын қайырма жағалы көйлек, екі иығында екі үкі және қадалған. Аяғында өзбектің ала мәсісі, бұтында шұбатылған ұзын шалбар…

Фотода — Сейітқасым Жамбылов
Таңертең шай ішер алдында кешеден бергі шалдардың тілеуін орындап әуелі сыбызғы тартты. Сыбызғымен «Досымжан» күйін ойнады. Ертеде Досымжан күйші күйлерін ылғи таңертең ашқарында тартады екен деп ескертіп қойды. «Бозінген» күйін де ол сыбызғыда ойнады… [«Е.Исмайлов. «Ақындар», «Қазмемкөркемәдеб», 1956 жыл, 53 б.].
Иманжан ақын айтқан әңгімеден біз Торғай төңірегінде тартылған бірнеше сыбызғы күйлерін білеміз. Оған қоса салдық дәстүрге қатысты қызықты деректерді де байқаймыз. Қыпшақ Жаңқа сал Торғай өңірінде салдардың дәстүрін толық сақтаған соңғы өнерпаздардың қатарында болды деуімізге болады. Дегенмен ел ішінде сал-серілердің дәстүрінің жұрнағын сақтап келген келген өнерлі тұлғалар да болды. Мысалы, дәулескер күйші, атбегі Амантай Жүсіпұлын ел арасында Қапақ сал (1879 – 1968) деген атпен таниды. Бірақ Қапақ салдыққа қарағанда серілік дәстүрді көбірек ұстанған жан. Торғай өңіріне белгілі зергер Сейітқасым Жамбылұлының да сыпа мінезбен киініп, сәндік үшін құлағын тесіп сырға тағуы – бұрынғы дәстүрдің қалған сарқыншақтары еді.
Торғай төңірегінде сыбызғышылық өнердің кеңінен тараған жері ұлы Жыланшық өзенінің бойы. Біз білетін Жаңқа сал, Сейітқасым секілді сыбызғышылар осы жерде дүниеге келген. «Сыбызғы» күйін қобызбен сызылтқан Қазбек Әбеновтің туған жері де осы Жыланшық жағасы. Ұлытаудағы Бағаналы найман арасында аты шыққан күйші Тайлақбай да қайыншылап жүріп, Жыланшық бойына талай келген. Тайлақбайдың қайын жұрты Қайдауыл болысын мекендеген Алтыбас Әлдекенің ауылы. Бұл ауыл ежелден ән мен жырдың, өнердің ордасы болған жер. Ыбырай Алтынсаринмен дос болып, Ахмет пен Міржақып кітабын шығармақшы болған Алтыбас Ақмолда ақынның, Амангелді сардардың серігі болған халық ақыны Омар Шипиннің ауылы. Омардың әкесі Шымболат та көмейі арқылы түрлі жан-жануардың, табиғат құбылыстарының дауысын айнытпай салатын имитатор болған жан. Алтыбастардың ауылына келіп-кетіп жүріп, Торғай өңірін талай аралаған Тайлақбайдың осы өңірдегі өнерпаздардың көріп, білуі, үлгі беруі, өзі де өнер үйренуі қалыпты жағдай. Оның «Айрауықтың ащы күйі» «Алқакөл сұлама» секілді бірнеше күйлері бар. Ол күйлерді белгілі халық ақыны Болман Қожабаев домбыраға салып тартады (Тайлақбай мен Тоқсанбай ағайынды. Тоқсанбай – Қожабай – Болман). Болманның әкесі Қожабай ақын осы Тайлақбайдың баурында өскен. Тайлақбай сыбызғышы 1854-55 жылдардың шамасында Торғайда дүние салған.

Фотода — Сейітқали Көккөзұлы
Сыбызғы күйлерінің басқа аспапқа ауысуының тағы бір көрнісін Қазбек Әбеновтің (1914 – 1996) шығармашылығына байқауға болады. Қазбек 1914 жылы Жыланшық бойындағы Майдамтал қонысында дүниеге келген. Жасында атақты Баубек бақсының үлгісін көріп, күй үйренеді. Қазекеңнің өскен ортасында Баубектен басқа Иманәлі, Көшек секілді айтулы күйшілер өткен. Халық аузында әсіресе, Көшекке қатысты әңгімелер жиі айтылады. Қысырауұлы Көшек Орта жүзде билік жүргізген Қайып ханның ұрпағы. Жасынан қобыз бен домбыраны қатар тартып, күйшілікке ден қойған. Бірде таңертемен өзінің туысқан інісінің үйіне барғанда келіні дастарханға май қоймапты. Мұны өзін сыйламағаны не болмаса ертемен келгенімді жақтырмағаны болды-ау деп ойлаған Көшек сол жерде отыра қалып, башайымен бір күй тартыпты. Сонда күй тілі «Қауын келін, май сал, Қауын келін, май сал» деп сөйлеп тұрыпты деседі. Қазір Жыланшық бойындағы Көшек атты жер атауы да бар. Міне, осындай өнерлі ортада өскен Қазбек домбыра мен қобызды қатар меңгерген күйші, әрі «Алпамыс», «Көрұғлы» секілді жырларды жатқа айтқан жыршы болған. Жасында сыбызғыға да әуестеніп көрген. Бірақ оның түпкілікті ұстанғаны қобыз аспабы. Қазбек домбыраға арналған «Жорға», «Жайлау» «Сахара», «Терісқақпай», қобызға арналған «Сыбызғы», Қоштасу», «Торғай толғауы» күйлерін шығарған. Бұлардың ішінде «Сыбызғы» осынау аспаптың сызылған үнін қайталайтын ерекше туынды. Оның шығуына белгілі композитор Бақытжан Байқадамов себепкер болған. Бақытжан бірде елге келген сапарында сыбызғы тартатын адам іздеп, оны зерттемекші болып жүргенін айтқан. Тура сол уақытта сыбызғышы табыла қоймаса керек. Жасында сыбызғы тартып әуестенген, әрі сыбызғышылардың өнеріне куә болған Қазбек қобызбен күй тартып берген. «Сыбызғы» – Қазбек Әбеновтің өз туындысы дегенмен, күй құрамындағы үрлемелі аспапқа еліктеушілік оның тыңдаған сарындарынан қалған жұрнақтар болса керек.

Фотода — Сейіткәрім Кенжеғалиев
Торғай өңірінде бертінге дейін келген сыбызғышылардың бірі Жұмантайұлы Нұрманғали. Нұрманғалидың әкесі суырып салма ақын, жыршы болған кісі. Оның өзінің де өлеңді жазып шығарған шайырлығы болған. Бірақ ауыл арасында молдалық құруына байланысты сыпайы мінезбен алқаға түсіп, ән салып, өлең айтпаған. Ол оңаша күйде, көпшілік көзінен жеке қалған кездерінде сыбызғы тартып, көңілін аулап отырса керек. Нұрманғалидың сыбызғышылығы жайлы інісінің ұлы Болат Молдашев (Жұмантай – Нұрманғали, Молдаш. Молдаш – Болат) былай деп еске алыпты: «Мен осы әкемнің бауырында өсіп, 10-шы сыныпқа дейін Нұрманғалиев болғанымды жасырмаймын. Әлі есімде кішкентай кезім, әкемнің атына мінгесіп қой баққанда, өзен жағасындағы қурайды кесіп алып, оны жонып, тесіп сазды үнімен бір күй тартқанын қалай ұмытам. Сол сазды үнмен ұйқыға кеткенім есімнен кетпейді. Әуенге әуестігім осы әкемнен басталған шығар» [О.Нұрманғалиев. Дара тұлға. Қостанай: «Шапақ» баспасы, 4 б].
1916 жылғы көтерілісте қару-жарақ соққан, белгілі шебер Сейітқасым Жамбылұлы да (1897 – 1983) қурайдан сыбызғы жасап сызылтып, домбырада шертпе күйлерді тартатын өнерпаз еді. КСРО-ның үздік мәдениет қызметкері», белгілі әнші Айтан Сейдахметов жас күнінде Амантоғай ауылында тұратын Сейіткәрім Кенжеғалиұлының (1941 – 2020) сыбызғы тартып отыратынын көргенін айтады. Сейіткәрім Амангелді ауданы Амантоғай ауылында тұрған. Онымен ауылдас әрі ағайындас Сейітқали Көккөзұлы да (1941 – 2014) сыбызғыда ойнай білген. Сейітқали домбыра тартып, ән де айтқан. Бар болғаны төрт сыныптық білім алған Сейітқали жас күнінен шаруа бағып шопан болған кісі. Ол сыбызғыны қурайдан жасап, екі ойық қана салатын болған. Сыбызғысын күтіп, баптап ұстап бертінгі уақытта қурайдың сыртын лактап қояды екен. Негізінен әннің әуездерін ойнаған. Сейітқалидың сыбызғысы ұрпақтарында сақтаулы тұр дегенді естіп, іздеп барғанымызда тауып бере алмады. Жұбайы Нұрзия Сөлтікқызы Шаяхметов Қайырғали деген ауылдасының бірнеше күн келіп, сыбызғы үйрене алмай кеткенін, бірақ Сейітқали жасаған сыбызғы үлгісі сол үйде сақталуы мүмкін екендігін айтады. Амантоғай ауылында ұзақ жылдар бойы ауылдық клубтың меңгерушісі болған мәдениет қызметкері Жаңбырбай Әмірғазиннің алпыс жас мерейтойында Сейітқали сыбызғы тартқаны видео таспаға жазылған екен. Аталған видеожазбалар табылса зор олжа болғалы тұр. Әйтпесе, Сейітқали мен Сейіткәрім тіпті бертінде дүние салғанына қарамастан, қолымызды мезгілінен кеш сермеп, олардың сыбызғыда ойнаған ән-күйлерін жазып ала алмай өкініп отырған жайымыз бар…

Фотода — Бақытжан Досымов
Торғай өңірінде сыбызғышылық өнерді дәріптеп, кейінгі кезге дейін ұстап келген өнерпаздардың ішінде белгілісі Аманбай Мұқышұлы болды.
Аманбай 1949 жылы Амангелді ауданындағы Ағаштыкөл қонысында дүниеге келген. Бала күнінен домбыра тартып үйреніп, Исаұлы Шәкір күйшінің үлгісін көреді, жеті жасынан «домбырашы бала» атанады.. Қолдан шапқан қалақтай ғана домбырасын тастамай жүрген Аманбай құлағына шалынған небір әуендерді қос ішекпен жеткізуге тырысады. Сөйтіп жүріп ауыл қарияларының қурайдан кесіп, қамыстан қиып жасаған сыбызғыда ойнаған әуездерін естіп, сызылған әуендеріне құмартады. Өзі де көрген үлгісімен сыбызғы жасай бастайды. Оның алғашында дөрекілеу жасаған сыбызғыларын көрген Әлпейісов Жақыпбек деген кісі жас балаға ақылын айтып, осы өнердің қыр-сырын үйрете бастайды. Бұл тұрғыдан Жақыпбек бала Аманбайдың ұстазы іспеттес болды. Сөйтіп жүріп ауыл қарттары тартатын сыбызғы күйлерінің барлығын үйреніп алады. Ойнаған күйлерінің атын сұраса, сыбызғы үнімен көңіл шерін тартқатқан көне көздер сабырлы қалпымен «Бәрі де мал соңында жүрген әкелеріміздің сарыны ғой» деп қана сыпайы жауаппен құтылады.
Аманбай Мұқышұлы 1959 жылы Жаңауыл орта мектебін бітірген соң Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесіне ұлт-аспаптары оркестрі бөліміне оқуға түсті. Осында оқып жүріп ауылдан ала келген қурай сыбызғыларын құйқылжытып, өздері оқып, үйреніп жатқан күрделі шығармаларды ойнауға талаптанады. Қалыптасып қалған сыбызғысының ойық санын көбейтіп, ойнау шеберлігіне қоса, аспаптың мүмкіндігінде артыра түседі. Осыдан бастап сыбызғы мен қамыс сырнайдың бірнеше түрлерін жасап, тәжірибелер жасай бастайды. Сыбызғышының өзі жасаған аспаптары туралы «сыбызғының диаметрі 10 миллиметрдей болғанын ұнатамын, ал түрі жағынан түзу қамыстан жасалғаны жөн. Өйткені қисық болса, дыбыс көп кедергіге кездеседі. Ал сыбызғыға тесік саларда мен ішкі есту сезіміме құлақ түремін. Сол қолдың төртінші саусағы тұсынан алғашқы саңлау қалдырып, содан бері қарай қалғандарын жасаймын. Сондықтанда тесіктердің ара қашықтығы әр түрлі болуы әбден мүмкін» дейді екен.

Фотода — Аманбай Мұқышев
Жамбылдағы оқуын бітіріп келгеннен кейін Аманбай Жаңаауыл орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі ретінде сабақ бере бастайды. Кейін Амангелді орта мектебінде ұстаздық қылып, аудандық мәдениет үйінде көркемөнерпаздар жетекшісі болды. Құрамында 400 оқушыны жинаған осы көркемөнерпаздар үйірмесі түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Ол дуэт, трио және көп дауысты хор ұйымдастырып, кәсіби маман ретінде көп еңбек сіңірді. 1970 жылы А.Мұқышев дайындаған оқушылар Алматыда өткен республикалық ұлт-аспаптар оркестрінің байқауына қатысып лауреат атанды. Аманбай кәсіби музыка маманы ретінде бірнеше халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, олардың жоғары деңгейде өнер көрсетуіне бар күш-қайратын жұмсады. Тынымсыз еңбектің арқасында 1982 жылы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының оркестріне «халықтық ұжым» деген атақ алып берді. Кейін Арқалық педагогикалық училищесінің ұлт аспаптар оркестрін құрарында арнайылап Алматыға барып, Болат Сарыбаев, Нұрғиса Тілендиевтермен жолыққан. Өзімен бірге сыбызғының бес түрін, қамыс сырнайдың он түрін ала барып, Нұрғисаның алдында «Алқоңыр» әні мен «Ой толқыны» күйін тартып береді. 1987 жылы бұл оркестрге де «халықтық ұжым» атағы берілді.
Аманбай Мұқышев домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы, қамыс сырнай, үскірік секілді ұлттық аспаптарды жинақтап, әсіресе, үрмелі аспаптарды көбірек зерттеп, шәкірттеріне оларда ойнау әдістерін үйреткен. Жақсылық Жүнісұлының «Нұрғисаның өзі сүйсінген» атты мақаласында оның жинаған коллекциясы жайында мынадай деректер кездеседі:
«Республикалық халықтық музыка аспаптары музейіне сыбызғысы мен қамыс сырнайын сыйлаған Аманбайдың үйіне бас сұқсаң… бейне музейдың филиалы дерсің. Сыбызғының 30-ға жуық, қамыс сырнайдың 40-тан астам түрі қабырғаға ілінген. Өзінің айтуынша, мұның бәрін Иманов, Крупская атындағы «Сарыторғай», «Қараторғай», «Ақбұлақ» совхоздарының територияларынан іздеп тапқан» [Ж.Жүнісұлы. «Нұрғисаның өзі сүйсінген», «Торғай таңы»].

Фотода — Батырлан Сағынтаев және Аманбай Мұқышев ұстаған сыбызғы
Аманбай өзі жинаған аспаптардың ерекшелігіне тоқталып, шәкірттеріне айтып отыратын болған. Ауыл арасында балалардың ермегі секілді болған қамыс сырнайды «Қамыс сырнайдың сыбызғыдан ерекшелігі ол сыбызғы секілді ән әуенін толық орындауға келе бермейді. Сондықтан оны оркестрге қосқанда шаңқобыз секілді күйге қосымша әр беруге пайдаланған абзал» – деп сахнаға алып шығу жағында қарастырған.
Бүгінгі күні елімізге танымал Қалибек Деріпсалдин, Бораш Әбенов, Айтан Сейдахметов, Қайырғали Әбішев, Сайлау Ордабаев секілді тамаша өнерпаздардың барлығы А.Мұқышұлының алдын көрген шәкірттері еді.
Торғай өңіріндегі сыбызғышылық дәстүрді сақтап, оны насихаттап жүрген өрелі өнерпаз 2006 жылы 25 қаңтарда дүниеден озды. Қазір еліміздегі мұражайларда Аманбай Мұқышұлының қолынан шыққан қурай сыбызғылар сақтаулы тұр. Бірақ оның өз үйінде жинап, сақтаған колекциясының қайда екені, қандай күйде екені белгісіз. Бір елдің мұрасындай болған ол коллекция мұражайға тапсырылып, арнайы зерттелсе игі іс болар еді.
Торғай өңірінде сыбызғыдан басқа да үрмелі аспаптардың бірнеше түрі қолданыста болған. Қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеген белгілі ғалым Болат Сарыбаев өз еңбектерінде Торғай өңірінде сазсырнайдың кейінгі кезеңдерге дейін сақталып келгенін жазыпты: «Мысалы, Торғай облысы Аманкелді ауданының, Крупская атындағы совхозының тұрғыны Өмірзақ Тұрмағанбетов сыбызғы мен саз сырнай тартқан. Ө. Тұрмағанбетовтың саз сырнайының Отырардан табылған саз сырнайдан айырмашылығы – ойығы үшеу. Ол кісі мұнымен «Шилі өзен», «Елігай» сияқты халық әндерін орындаған екен. Кейде құстың даусына салып ойнағанда жан-жақтан құстар ұшып келетін болған. Мұның бәрін 1975 жылы жазда ол кісінің жиені Нүрбибі Ахметова әңгімелеп берген еді» [Б.Сарыбаев. «Қазақтың музыкалық аспаптары»]. Аспаптанушы-этнолог Зәбира Жәкішеваның еңбектерінде де ауызсырнай деп аталатын үрмелі аспаптың Қостанай жерінен табылғаны жазылған.
Кеңестік заманда еліміздегі ең алғашқы болып құрылған «Шертер», «Ғасырлар пернесі» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдерінің Торғай облысында ұйымдастырылуы, оның төңірегінде Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаев секілді өнер жанашырларының болуы сыбызғы, саз сырнай, үскірік сынды үрлемелі аспаптардың қайтадан сахна төріне шығуына себеп болды. 1975 жылы Жангелдин ауданында құрылған «Ғасырлар пернесі» ансамблі құрамындағы Бақытжан Қапанова мен Тарғын Боранбаев үскірік пен сазсырнайда «Елім-ай» мен «Елігай» әндерін, «Толғау» күйін орындады. Бақытжан Досымов сыбызғыда ойнады. Көне аспаптардың жаңғырып, жаңарып ел алдына шығуы, ансамбльдің репертуарындағы шығармаларға өзгеше реңк беріп, құлпырта түскені анық. Қазіргі уақытта да өңіріміздегі кейбір жекелеген өнерпаздар сыбызғы аспабын үйреніп, сахнаға алып шығуға талпынып жүр. Облыстық филармонияның өнерпазы Санай Дәркенбай елімізге белгілі сыбызғышы Талғат Мұқышевтан дәріс алса, Данияр Рысбеков консерваторияда қосымша аспап ретінде оқып үйренді. Арқалықта тұратын Адиль Аканов болса сыбызғы аспабын өз бетімен үйреніп, ән әуездерін салып жүр. Осы аталған өнерпаздар алдағы уақытта үрмелі аспаптарды жетік меңгерсе, Торғай өңіріндегі сыбызғышылық дәстүрін қайта қалпына келтіруге болады ғой деп үміттенеміз.
Мақала авторы — Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы
Тобыл-Торғай tobyl-torgai.kz