Екідің ауылында ата-баба аруағына тағзым етті

Биыл тамыз айының соңында Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылында Арғынның Төлек руынан тараған ұрпақ рубасы Төлек бабаның аруағына арнап Ас берді. Бұл – 1994 жылы Төлек Жәуке батырдың 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтіп, 2013 жылы ру шежіресін кітап етіп құрастырғаннан кейін қолға алынған, бір мүдде жолына тоғыса білген ұрпақ алдындағы үлкен парыз. Сол себепті Асқа сонау Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Астана, Қостанай және Арқалық аймақтарына тарыдай шашылған бір атаның балалары көптеп жиналды.
Рубасын ұлықтаған Ас
Кейбір азамат Арқалық қаласынан әрі, Ұлытауға іргелес орналасқан шалғай елді мекенге барар мүмкіндігі болмаса да Асты ұйымдастырушыларға қолдау білдіріп, қаржылай көмектерін көрсетті. «Барымен – базар» дегендей, ауылды ертеден қоныс еткен Арғын, Қыпшақ тайпаларынан тараған туыс-жекжатты түгел қамтып, бір дастарқаннан дәм бұйыртқан осы сәтте ақсақалдар ақ батасын беріп, естен кетпес естеліктер айтылып, жасы һәм жолы үлкен кісілерге мейлінше сый-құрмет мәзіреті жасалды. Төлек әулетінің ақсақалдары Қабылда Сейдахметұлы, Жұмағазы Жасынбекұлы, Әбілқайыр Ұқышұлы, Мейрам Көшекбайұлы бастаған ағайын аталы сөз айтып, бәтуалы әңгіме өрбітті.
Осы орайда елдің түкпір-түкпірінен жиналған Төлек ата ұрпақтары қойнауын түртсе, дала шежіресі мен өлке тарихы ақтарыла түсетін көне «Екідің» ғұрыптық ескерткішіне, ата-бабаларының алақан табы қалған «Қыз тамы», Шоң би, Мақат саханасы, Күсеген кесенелеріне барып, Құлбаба әулие мен Жәуке батырдың жатқан жеріне аялдап, олардың арғы-бергі дерек-дәйегіне қанығып, ата-баба рухына арнап Құран бағыштады. Сондай-ақ сол құрам Ұлытау өңірінің Шеңбер ауылы мен Екідің елді мекенінің арасында тұрған Терісбұтақ жайлауындағы ХІХ ғасырға тиесілі, бой көтеруіне Төлек ата ұрпақтары ықпал еткен мешітке арнайы ат басын бұрды. Жолай 1912-1913 жылдар аралығында Төлектен шыққан Сабыр Әбдіхамитұлы салдырған Шеңбердегі мешітке де соға кетудің сәті түсті. Бүгінде Сабыр атаның ұрпақтары сол елді мекенді атақоныс етіп отыр.

Бұл жолы арнайы бөлген уақыттың тығыздығына байланысты, Асқа жиналған ағайынның аяғы тиген жерлер осы болды. Әйтпесе, Майкөтов жерінде де Жұмаш атты Төлектің ұрпақтары – ағайынды Серік, Берік, Ерік салдырған тағы бір мешіт бар еді. Ол ру шежіресі түскен үлкен кітаптың бір тарауына суретімен енгізілген. Сонымен қатар бағдарлама бойынша жоспарланған Тәтіғұл атаның бейітіне баруға да мүмкіндік болмай қалды.
Тағы бір айта кетер жайт, осы Асты ұйымдастыру қарсаңында Екідіңнің Маятас деген жерінде Күсеген атты елағасы мен өзге де ата-әжелердің сүйегі жатқан және ауыл маңында көненің көзіндей болып қалған қорымдардың сырты мал тұяғы баспас үшін түгел қоршалған болатын.
Зиярат етер зираттар
Алдымен екі дөңнің басындағы екі діңнің біріншісіне барып тоқтадық. Жалпы, бұл киізүй көрінісіне ұқсатып тастан өрген қызылқоңыр жәдігерлердің тарихы тереңде жатыр. Өлкетану материалдарында олардың өте көне екені, кей зерттеуде XIII-XIV ғасырлардан немесе одан да ертерек кезеңдерден сақталуы мүмкін екені айтылады. Бұл мақалада соның бәріне тоқталып жатпай, белгілі ғалым Әлкей Марғұланның 1959 жылы жарық көрген «Қазақ архитектурасы» кітабынан үзінді келтірсек те жеткілікті. «Бұл қасиетті діңдер Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы кездерінде жау келер жақтағы жойқын даланы бір шолып өту үшін ұлы жиһангерге де қажет болған. Кейін Абылай ханға, Хан Кенеге де, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дарабоздары Әбдіғапар ханның, Амангелді, Кейкі батырлардың шолғыншы сарбаздарына да игі қызмет еткен» деген анықтама берілген сонда. Қысқа қайырсақ, дің дегеніміз – жау келе жатқанда қырағы шолғыншылардың бір-біріне дөң басынан түтін салып белгі беретін, қазіргі рация қызметін атқарған дүние.

Одан кейін дөңнен төменірек, Ақшығанақ түбегінде менмұндалап тұрған Жәуке батырдың шағын да жинақы стилде салынған кесенесіне қарай аяңдадық. Оның іргесін 1994 жылы бір ай бойы жергілікті Төлектер – Өміртай, Мейрам ағалар бастаған топ қалап шығып, ел ағалары, өңір басшыларының белсене атсалысуымен батырдың мерейтойына арналған Ас содан кейін басталған болатын. Ал кесенеден жоғарырақ, діңнің тұсында тұрған көк найзалар архитектурасы Төлектің тағы бір ұрпағы Хисамеден Сапарғалиевтің бастамасымен және өзінің атсалысуымен бой көтерді.
Осы орайда Төлек Жәуке Назарғұлұлы туралы айта кетсек, ол Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Кейбір зерттеу деректерінде Жәуке батырдың Кенесары хан жасағына 16 жасында қосылғаны айтылады. 1838 жылғы Ақмола бекінісіне жасалған шабуылда ерекше ерлік көрсеткен. Кәрі тарих қатпарына Жәуке бастаған сарбаздардың бекініске алғашқылардың бірі болып кіргені қатталған. Кенесарының Жәукеге қатысты:
«Қамал бұзар батырым –
Қайдасың, Төлек Жәукесі?!» – деген өлең жолдары бар. Ең қызықты хикаялардың бірі – Жәуке мен Наурызбайдың қарым-қатынасы. Деректе екеуінің түйдей құрдас, сыйлас әрі сырлас дос болғаны айтылады. Бір оқиғада екеуі әскери дайындық кезінде найзаласып, бір-бірінің шеберлігін сынаған. Бұл әңгіменің қызық жері – Наурызбай найза сілтегенде, Жәуке оны қағып үлгерген. Сонда Наурызбай досының жауынгерлік шеберлігіне таңданған.
Жәуке батырдың ерекшелігі – Кенесары қозғалысына қатысып қана қоймай, көтерілістің соңғы кезеңіне дейін бірге болғаны туралы деректердің болуы. Ол Кенесарының соңғы жорығынан кейін Ағыбай, Шәкір, Толыбай батырлармен бірге елге аман-есен оралған.
Бұл ретте «Жәуке» атауының көне әскери мағынасы жорық кезінде әскерді күзететін, қауіп төнгенде дабыл қағатын сақшы, әскери топтың басшысы деген түсінікпен байланыстырылады. Сондай-ақ Жәуке батырдың тұлғасы тек тарихи еңбектерде емес, жыр-дастандарда, өлеңдерде, ауызша әңгімелерде де көп сақталған. Мысалы, Қарсақбай жырауға телінетін «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа…» деген жолдар оның халық арасындағы беделін айғақтайды.


***
Осындай нақтылық пен шарттылыққа тоқталған аз-кем кідірістен кейін Құлбаба аруағына арнап Құран бағыштаған құрам Екідің ауылының іргесіндегі «Қыз тамы» кесенесіне тартты. XIX ғасырдың екінші жартысына жататын ол нысан – жай ғана жергілікті мазар емес, қазақ мемориалдық сәулет өнерінің Торғай өлкесіндегі маңызды үлгісі ретінде тіркелген. Мемлекеттік тарихи-мәдени мұра тізімінде «Қыз тамы кесенесі, XIX ғасыр» деген атаумен тұр.
Халық арасындағы негізгі нұсқа бойынша, «Қыз тамы» – Төлектен шыққан дәулетті, елге беделді Алыс Жәмеңкеұлының қызы Бәтимаға арналған кесене екенін көпшілік жақсы біледі. Енді «Қыз тамы» деп аталу себебіне келсек, ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның әйел адамға арналып салынған монументалды кесене болуы. Бұл – өте маңызды деталь. Өйткені қазақ даласында XIX ғасырда көптеген батырға, биге, әулиеге, ру басыларына кесенелер салынғанмен, әйел адамның құрметіне осындай ірі мемориалдық ғимараттың тұрғызылуы (Домалақ ана, Айша бибі кесенелері сияқты), салыстырмалы түрде сирек кездеседі.
Бұл ретте Бәтиманың тағдыры қазақтың ескі салт-дәстүрі, құдалық және руаралық қарым-қатынастармен байланысты. Ел аузындағы аңыздың ең көп тараған нұсқасында Алыс байдың қызы Бәтима көрші елдің жігітіне атастырылып, ұзатылуға дайындалып жүрген кезінде кенеттен қайтыс болады. Ол кезде қазақ қоғамында құдалық пен атастыру жай ғана екі адамның арасындағы келісім емес, екі әулет пен екі рудың арасындағы байланыс саналған. Бәтиманың қайтыс болуы осы қалыптасқан байланысты үлкен мәселеге айналдырады. Сондықтан оның сіңлісі Қазына (кей мәліметте Қазина) әпкесінің орнына сол жігітке тұрмысқа шығуға келіседі. Мұндағы мақсат – екі ел арасындағы бұрыннан қалыптасқан құдалықты бұзбау, татулықты сақтау. Сол сәтте Қазына тұрмысқа шығар алдында әкесіне және туғандарына бірнеше шарт қойған. Соның бірі – өзінің қайтыс болған әпкесінің құрметіне қызыл кірпіштен үлкен кесене тұрғызу.
«Қыз тамының» тарихын одан әрі қызықтыратын тағы бір дерек: Қазына ұзатылып бара жатқанда туған елімен қоштасып, «Пау, шіркін!» әнін айтқан деген жергілікті тарихи нұсқа бар. Бұл ән кейін Торғай өңіріне кең тараған. Белгілі музыка зерттеушісі Александр Затаевич Торғай уезінен көптеген халық әнін жинаған. Оның «Қазақ халқының 100 әні» жинағында «Пау, шіркін!» әні де кездеседі. Е-history атты тарих порталында бұл әннің Сарыторғай өңірімен байланысы көрсетіледі. Сондықтан «Қыз тамының» тарихы тек сәулет ескерткіші ретінде емес, Торғайдың музыкалық-мәдени мұрасымен де байланысты.

Бір қызығы, біз барғанда кесене сыртындағы тақтайшадан апалы-сіңлілі Бәтима мен Қазынаның сонда бірге жерленгені туралы анықтаманы көрдік. Шын мәнінде олай емес еді. Кең тараған аңызда Қазынаның «уақытым келгенде, мені де осы кесенеге жерлеңдер» деп өсиет қалдырғаны айтылады. Сол негізде халық арасында «Бәтима мен Қазына осы кесенеде бірге жерленген» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ қазіргі зерттеу материалдарында Қазынаның кейінгі тағдыры нақты белгісіз болғаны, кей мәліметте оның Қызылорда өңірінде жерленуі мүмкін екені айтылады. Сондай-ақ шежірелік және өлкетанулық деректерде Бәтиманың ағасы Мырзабектің ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі шайқастардың бірінде қаза тауып, кейін сүйегі «Қыз тамына» жерленгені жазылған. Жергілікті көнекөз қариялар осы мағлұматты растап отыр.
«Қыз тамынан» шыққан соң бір кісідей Асқа қатысқан қауымға уақыттың тығыздығына және күзгі күннің қысқалығына байланысты, екіге бөлінуге тура келді. Бір топ Ұлытау өңірінің Шеңбер ауылы жаққа салынған Мақат саханасына қарай жол тартса, екінші бөлігіне Сарыбас жерінде орналасқан Шоң би кесенесіне баруға тура келді.
Осы орайда алдымен Шоң би кесенесіне тоқтала кетсек, ол шешендігімен, әділдігімен және ел арасындағы дауларды бітіммен шешкен беделді тұлғаның құрметіне тұрғызылған. Қолда бар өлкетану деректерінде Шоң бабамыздың елге беделді, сауатты, әділ би болғаны айтылады. Жергілікті деректе оның 29 жыл би болғаны қамтылған. Торғай өңірінде оны «Қаражорға» деп атағаны жөнінде де мәлімет бар. Сондай-ақ Шоң бидің өміріне қатысты қызықты деректің бірі – оның болыс болғаны. Еске сала кетсек, 2021 жылы Qazaq TV-ның «Бабалар ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы Торғай өңіріне барып, Шоң бидің өміріне арнайы тоқталған еді. Тіпті, арнайы бағдарламада Шоң бидің болыстыққа сайлануына Ыбырай Алтынсариннің ықпалының болған-болмағаны жеке зерттеу тақырыбы ретінде көтерілген. Демек Шоң бидің тұлғасын тек дәстүрлі би ретінде емес, XIX ғасырдағы Торғай өңірінің қоғамдық-саяси өміріне араласқан қайраткер ретінде де қарастыруға болады.
Ал Шоң би кесенесінің іргетасы XIX ғасырдың соңына қарай қаланған. Осы жолы онда өзінің тікелей ұрпақтары барып, Құран бағыштады.
Енді екінші топ табан тіреген Мақат саханасы туралы айта кетсек, ол – Торғай даласы мен Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұраларының бірі. Арғыната тауынан бастау алып, Торғайға құятын Қараторғай өзенінің бойында орналасқан. Сахананы Төлек руынан шыққан дәулетті, ел ішінде беделді Мақат Саржанұлы өз әулетіне арнап салдырған. Тікелей ұрпағы Әбуғали ағамыздың айтуынша, Мақат Саржанұлы 1890 жылдары Түркістанға барған. Сол сапарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және оның айналасындағы көне қорымдарды көріп, туған жеріне оралған соң өзінің әулетіне арналған ерекше сахана салуды ойлаған. Сол себепті Мақат саханасының ерекшелігі – марқұмның денесі бірден топыраққа көмілмейді. Сахананың ішінде арнайы жерлеу камералары бар. Онда ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған орындар бөлек қарастырылған. Бір адам қайтыс болған кезде бұрынғы мәйіттің сүйектері қасындағы арнаулы шұңқырға құлатылып, оның орнына жаңа мәйіт қойылған. Бұл ғұрып халық арасында «сүйекке сүйек қосу» деп аталады. Сол көне ғұрыпты көп адам заратуштра, яғни зороастризм сенімімен шатастырады. Мысалы, зороастризмде мәйітті жерге тікелей көмбеу, сүйекті кейін арнайы орынға жинау сияқты ерекше жерлеу дәстүрлері болған. Бірақ Мақат атамыз ол ілімді ұстанбаған. Бұл жерлеу дәстүрі – мүлде басқа.
Әбуғали Мақатовтың айтуынша, сахананың іргетасы 1898 жылы қалана бастаған және ол құрылыс 1907 жылы аяқталған. Ал бұрынғы энциклопедиялық мәліметте 1926 жылы салынғаны туралы нұсқа кездеседі. E-history тарих порталында бұл даталардың нақтыланбағаны арнайы атап көрсетілген. Енді біздің міндет – «Тасқа басылған сөз тарихта қалады» деген тәмсілді ұстанып, «әулеттік дерек бойынша, Мақат саханасының құрылысы 1898 жылы басталып, 1907 жылы аяқталған» деп жазу. Бұл шешім ғылыми тұрғыдан алғанда, кейінгі зерттеушілер үшін әлдеқайда сауатты болар еді.

Бұдан бөлек, «Мақат саханасын кім тұрғызды?» дегенде, Құлан руынан шыққан шебер Аманбек Нұрғожановтың есімін ескерген абзал. Өйткені құрылыста Мақат атамыз бен оның інісі Ахмет Қыпшақтың Құлан руынан шыққан жігіттерді жалдап, кірпіш құйдырғаны туралы да дерек сақталған. Сөйткен Мақат саханасына тек «қабір» деп қарау тағы дұрыс емес. Ол толыққанды түрде «Қазақтың дәстүрлі жерлеу архитектурасының арнайы типіне жататын мемориалдық ғимарат» деп аталуға тиіс. Міне, бұл сахананы басқа кесенелерден ерекшелендіретін негізгі нәрсе – осы. Ең басты тарихи-этнографиялық ерекшелігі сонда жатыр. Кейін бізге осы Екідіңнен шыққан тұлға, Мақат атаның ұрпақтары ретінде «Мақаттың өзі саханаға жерленген бе?» деген сұрақ та қойылмай тұрмайды. «Сонда не деп жауап бергеніміз дұрыс?» дегенге келсек, бұл да бір қызық тарихи деталь. Мақат атамыз ол сахананы негізінен жеке әулетінің болашақ жерлеу орны ретінде салдырған, бірақ онда өз сүйегі жоқ. Әбуғали ағаның айтуынша, Мақат ата 1929 жылы большевиктер тарапынан қудаланып, 1931 жылы Қызылорда облысының Сұлутөбе аймағындағы Дайыр тақыр деген жерде қайтыс болған.
Жалпы, Мақат саханасы еліміз бойынша жалғыз емес, бірақ Қазақстандағы сахана-тамдардың сақталған сирек үлгілерінің бірі дей аламыз. Өйткені мұндай жерлеу орындарының Сарысу өңірінде және Жамбыл облысында болғаны, бірақ көпшілігінің уақыт өте бұзылып кеткені айтылады. Сондықтан Мақат саханасының сақталуы өте маңызды. Ол кейінгі ұрпаққа бір мезгілде қазақтың жерлеу дәстүрін, әулеттік құрылымды, көне дүниетанымды, халықтық сәулет өнерін, кірпіш қалау шеберлігін, жерасты құрылысын, желдету жүйесін, «сүйекке сүйек қосу» рәсімін зерттеуге мүмкіндік береді.
Кезінде маған «сендерде Мақат саханасы деген бар екен. «Сахана» сөзінің өзі нені білдіреді?» деген сұрақ қойылды. Сонда жөпелдемеде оның нақты жауабын айта алмай қалғанмын. Кейін тарихи деректерді парақтап отырсам, қазақ тілінің сөздік материалдарында «сахана» сөзі «мола үстіне орнатылған ескерткіш там» ретінде түсіндірілген. Ал этнографиялық мағынада «мәйітті уақытша орналастырып, кейін сүйегін арнайы орынға жинауға арналған мемориалдық-жерлеу кешені» деп көрсетілген. Демек «сахана» дегеніміз – жерлеу архитектурасына қатысты көне атау. Нақты бір-ақ сөзбен түсіндіретін баламасы жоқ. «Мазардың ерекше түрі» демесек.

Сонымен, Төлек бабаға арналған Асқа келген қонақтар Мақат саханасынан кешке жақын шығып, күн көкжиекке іліне бергенде Маятасқа жетіп үлгердік. Өйткені онда Арғынның Төлек руынан шыққан Күсеген байдың тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың қатарында көрсетілген кесенесі орналасқан. Негізінен ол кісіге қатысты мәлімет өте аз және көбіне шежірелік сипатта. Ең маңыздысы, бір деректе Күсегеннің есімі Сарыторғай болысы 2-ауылының халық соты болған Әмірдің әкесі ретінде аталады.
Жалпы, Маятас аймағы да Төлек елінің тарихи мекендерінің бірі болғандықтан, Күсеген кесенесінің жанында осы рудың өзге де игі жақсылары жерленген. Оның ішінде өзімнің 1881 жылы туып, 1971 жылы, тура 90 жасында қайтыс болған Бейсен Шегебайұлы атамның қорымы бар. Сол ата-бабалардың аруағы алдында тізе бүгіп, Фатиха мен Ықылас сүресін оқыдық.
Келесі меже – Екідің ауылына барып қонып, таңертең туған жерден тұрған жерге аттану.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
журналист
Фото: автордан
Тобыл-Торғай tobyl-torgai.kz