Мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тартқандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды

«Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасын даярлаушы жұмыс тобының мүшесі, Астана қаласының гуманитарлық колледжінің директоры Елдос Нұрланов мұғалімдердің мәртебесін қорғайтын заң жобасымен таныстырды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Қытай және Оңтүстік Корея елдеріндегі заңдарды, ТМД-ның «Педагогтар мәртебесі туралы» 2004 жылғы үлгілік заң жобасын, ЮНЕСКО-ның мұғалімдердің жағдайы туралы ұсынымдары мен өзге де құжаттарды зерделей келе жұмыс тобы алдарыңыздағы заң жобасының құрылымына тоқталды. Бұл құрылым мемлекеттік органдардың қарауындағы тұжырымдамада көрсетілген. Заң жобасы алты бөлім мен 21 баптан тұрады. Бірінші және соңғы тараулар әдеттегі кіріспе және қорытынды тараулар. Ол барлық нормативті-құқықтық актілерде болады. Мәртебені тікелей реттейтін үш тарау — екінші, үшінші және төртіншісі», — деді жұмыс тобының мүшесі БҒМ-да өткен басқосуда.
Оның айтуынша, Педагогтар мәртебесі және оның педагогтық қызметі туралы екінші тарауда ең көп баптар көзделген. Олардың саны — 8.
«Мұнда мәртебенің мазмұны, педагогикалық қызметпен шұғылдану құқығы, қызмет ету шарттары туралы мәселелер регламенттеледі. Одан кейінгі ең қомақты бес баптан тұратын үшінші тарау — Педагогтың құқықтары. Оған мұғалімнің материалдық тұрғыда қамтамасыз етілуі, әлеуметтік кепілдіктер, аттестаттаудың және көтермелеудің өзге де түрлерін қамтиды. Құқық міндет пен жауапкершіліксіз болмайтыны түсінікті. Сондықтан, оған келесі төртінші тарау арналған. Бұл және басқа тараулардың барлығында екі баптан көзделген», — дейді Елдос Нұрланов.
Заң жобасын әзірлеуші жұмыс тобының мүшесі атап өткендей, қолданыстағы «Білім туралы» заңда педагогтық қызметке тән емес жұмыс түрлеріне тыйым салынған.
«Алайда бүгінгі таңда бұл норма жұмыс істемейді. Неліктен? Себебі, жауапкершілік көзделмеген. Міне, сондықтан, талқыға ұсынылған заң жобасында педагогтарды осындай жұмыс түрлеріне тартқандар үшін жауапкершілік көзделеді. Бұл норманың негізінде әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне бірқатар жауапкершілік түрлерін енгізу жоспарлануда. Оны бұзған лауазым иелері бұдан былайғы уақытта кодексте көрсетілген жауапкершілікке тартылатын болады. Жұмыс тобының пікірінше, мұндай жаңалық мұғалімдерді педагогтық емес қызметтерге тарту практикасын азайтуы тиіс», — дейді Елдос Нұрланов.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді.

Мынаны да қараңыз

Қанат Құлшыманов жаңа қызметке тағайындалды

Қанат Құлшыманов ҚР Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Ол ...