Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуының өзекті мәселелері халықаралық конференцияда қарастырылды

Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің тозып, ластануы мәселесі қазіргі таңда аса өзекті мәселеге айналып отыр. Астанада осы тақырыпта өткен халықаралық конференцияда қатысушылар осы тақырыпта бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Шараны Қазақстандағы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Жаһандық экологиялық қоры ауыл шаруашылығы және экология және табиғи ресурстар министрліктерінің қолдауымен ұйымдастырды.
Қазақстандағы ауқымды жер ресурстары қазір күрделі экологиялық проблемаларға ұшырап отыр. Шаруашылық мақсатында тиімсіз пайдалану мен климаттың өзгеруі салдарынан топырақ қабаты азып-тозып барады. Конференцияда сөз сөйлеген сарапшылар топырақтың пестицидтермен, ауыр металлдармен бүлінуі, жердің тозуы, су балансының бұзылып, шөлейтке айналуы сияқты өзекті болып отырған проблемаларды атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті халықтың пестицидтерді шамадан тыс пайдалану зардабы туралы толық ақпараттандырылмауы топырақтың құнарлылығы мен өнімділігіне кері әсерін тигізіп қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығына қауіп төндіріп отыр.
Соңғы 20 жыл ішінде шөлейтті аймақтарда жердің деградацияға ұшырауы өткір мәселеге айналды деп атап өтті конференцияға қатысушылар.
«Қазіргі таңда ел аумағының 33%-ы яғни, 90 млн га жер әбден тозып, құнарынан айырылған. Сондай-ақ, 29 млн га жер эрозияға шалдығып, ауыл шаруашылығы үшін тиімділігі кеміп, мол өнім бере алмайтын жағдайға жеткен», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеті басқармасының бас сарапшысы Ә. Байсейітов.
Бұдан басқа, Қазақстанда жайылым алқаптары да тозып барады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, геоботаникалық барлау нәтижелері елдің біраз аумағында жайылым алқаптарының сапасы төмендеп кеткенін көрсетіп отыр, деградацияға ұшыраған жайылым аумағы 27,1 млн га, бұл елдегі жайылым жерлердің 15%-ын құрайды.
Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар 2024 жылы ұсынылған «Топырақты қорғау туралы» Заң жобасына қатысты да ойларын ортаға салды. Оның ішінде 90%-ы сырттан тасымалданатын пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштардың топыраққа әсері өз деңгейінде қадағаланбайтыны атап өтілді. Жердің құнарлылығын сақтау үшін мұның бәрі талап бойынша қатаң бақылауға алынуы тиіс.


Сондай-ақ Қазақстан ФАО мен бірлесіп, деградацияға ұшыраған жерлерді қайта қалпына келтіру, құрғақшылыққа төзімді технологияларды енгізу бойынша және жер ресурстарын тиімді басқарудың әдістерін жетілдіру жолдарын дамыту мақсатында бірқатар жобалар іске асыруда. Ал 2022 жылдан бері ФАО мен ГЭФ салалық министрліктермен бірлесіп «Орталық Азия мен Түркия елдерінде пестицидтердің өмірлік циклін басқару және құрамында ТОЛ бар пестицидтерді жою (GCP/SEC/011/GFF)» жобасын іске асырып келеді. Жоба аясында ескірген пестицидтер сараланып, бірқатар аймақтарда бүлінген аумақтарға экологиялық тұрғыда баға берілді. Сондай-ақ, бүлінген жерлерді сауықтырып ауыл шаруашылығына қайта пайдалану үшін топырақтың құнарын арттыру мақсатында биологиялық және фиторемедиация тәсілімен сынақ өткізілді. ФАО тәжірибесі дәлелдегендей, өзара ықпалдаса отырып, зиянкестерге қарсы әрекет етудің арқасында (IPM) қазақстандық шаруалар пестицидтерді қолдануды 80%-ға дейін азайта алады және қосымша шығынсыз және өнімділік көрсеткішін төмендетпей- ақ экологиялық таза өнімді өндіре алады.
«Биоалуандықты сақтауда, суды фильтрлеу және көміртегіні жою мен климаттың өзгеруіне қарсы күресте топырақ аса маңызды рөл ойнайды. Алайда, қазіргі экологиялық ахуалды ескере отырып, қоқыс алаңдарындағы қауіпті қалдықтар мен ауыл шаруашылығы пластиктері мен өзге де антропогенді факторларды есепке ала отыра топырақтың жағдайына біз кең ауқымда назар аударуымыз керек», — деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты “Жасыл даму” АҚ Тарихи қалдықтарды басқару департаментінің директоры А. Сәрсенова.

 

Мынаны да қараңыз

Ұлытауда болдың ба, ұлар етін жедің бе?

немесе Ұлытау саяхаты туралы Аяқ астынан сапарға шықтым.. Биылғы жоспар Талдықорған шаһары болатын. Бірақ, жақында ...