Рудныйдағы қазақ балалар орысша оқуға мәжбүр

Қостанай облысының өңір орталығынан кейінгі үлкен қаласы — Рудный, өткен аптада өзінің 65 жылдығын атап өтті. Атақты Соколов-Сарыбай тау кен байыту өндірістік кәсіпорны орналасқан аймақ.
Тұрмысы бар, жұртының жағдайы жақсы, өндірісі дамыған қала, халқы шамамен 135 000 шамасында. Айтқандай, шаһар пайда болған жердің байырғы атауы — Сарыбай.
Бірақ әңгіме қала атауы да, оның мерейтойы да туралы емес, қаланың тіпті жыр болған ҚАЗАҚША атауы бар ҮШ ҚАНА көшесі жөнінде емес, әңгіме шаһардағы мемлекеттік тілдегі мектептер мен ана тіліміздегі балабақшалар туралы.
Қалада 20 мектеп бар деп есептесек, оның ТЕК ҮШЕУІ мемлекеттік тілде. Орыс мектептері қазақ сыныптарын ашуға тіптен құлықсыз.
Бұл ана тілімізде оқығысы келетіндердің санының аздығынан емес, мәселе Қостанай облысы әкімдігі Білім басқармасы мен Рудный қалалық Білім бөлімінің енжарлығынан болып отыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді.
Тіпті, Қостанай облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары, екі сөздің басын ҚАЗАҚША құрай алмайтын Айман Ибраева ханым қазақтілді жұртшылыққа не айтар еді деген сұрақ мазалайды мені?! Жалпы, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ білмейтін МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР білім саласында қалай жүр деген заңды сұрақ туындайды.
Ата-аналар балаларын мемлекеттік тілдегі мектептерге бергісі келеді, бірақ, алыстағы қазақ мектебінен гөрі, үй іргесіндегі өзге мектепке беруге мәжбүр. Қаланың шағын аудандарындағы қазақ (тілді) ата-ана саны көп, олардың балалары бүрсеңдеп қыс бойы автобуспен шаһардың шетіндегі мектепке барып оқуға мәжбүр. Әсіресе, қақаған қыста төменгі сыныпта оқитын жас балаларға өте қиын. Оқу түстен кейін басталады да, қараңғыда үйіне автобуспен қайту қауіпті және автобустар тағы уақтылы жүрмейді.
Ал іргедегі, мәселен, бір сыныптағы 20 баланың екеуі ғана орыс ағайындардың баласы да, қалғаны қаракөздер, бірақ, орыс сыныбы. Міне, мәселе қайда жатыр?
Соны ойлаған Қостанай облысы әкімдігі мен Рудный қаласы әкімдігі бар ма екен?..
Әйтпесе, «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» дейміз де, мемлекеттік тілде оқығысы келетін балалардың құқығын таптаймыз!
Ал енді балабақша мәселесіне тоқталайық.
Рудный қаласында балабақша мәселесі де шешілмей тұр. Балабақшалар қазақ тобын ашуға құлықсыз, ата-аналар балаларын амалсыздан орыс тобына беруге мәжбүр. Мәселен, № 10 балабақшадан биыл 2 топ ашылмақ, бәрі де орыс тілінде. Мұнда да балабақшаға баратын балалардың 80 пайызы қазақ. Бұл не масқара, ата-аналардың, балалардың ана тілінде тәрбие алу құқығын кім қорғайды?
Бұл қаладағы барлық балабақшаларға қатысты.
Егер қазақ тобын ашатын болса: «сендерге керегі осы ма?» деп, жас айырмасына қарамай топырлатып, бір топқа тығып қояды.
Бұл енді нағыз заңсыздық, қай заңда балаларды бұлай кемсітуге жол берілген?
«Индиго» деген кезек алатын бағдарламадан тек орыс тобына жолдама алуға болады, қазақ тобы аз болған соң орын шықпайды. Амалсыздан балабақшаның ішінде орыс тобына өту үшін «Индиго»-ға қайта кезекке тұру керек. Рудный қаласы балалары, осылайша, дүбәра болып барады. Оның үстіне балабақша меңгерушілері КСРО кезіндегі тың игеру заманында келіп қалған «апайлар». Жүрдім-бардым тыңдайды.
Қысқаша айтқанда, Рудный қаласындағы балабақшалардың атауларын алдаусыратып қазақшалап әдемілеп қойғанмен, заты өзгеше.
Егер «Индиго»-ға кезек қоятын болса, ата-ананың тізімін сұратсын, тілін білсін. Жоғары жаққа тек бір тілде сұраныс бар деген жалған ақпарат жіберіледі. Тіпті, ата-аналардан: «балаңызды қандай топқа бересіз» деп те сұрамайды.
Жалпылама айтқанда, жоғарыда тізбектелген сауалдардың жауабын Қостанай облысы әкімдігі мен Рудный қаласы әкімдігінен және Қостанай облысы Білім басқармасы мен Рудный қаласы Білім бөлімінен білгім келеді һәм тиісті шара қолданылуын сұраймын!
 Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...