ЗАҢДЫ БІЛМЕГЕНДІКТЕН ЗАРДАП ШЕГЕТІНДЕР КӨП

Қоғам белсенділері осылай дабыл қағады

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің басшысы Амандық Әмірхамзин жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға қарапайым еңбек адамдары, қоғамдық ұйым өкілдері, журналистер, медицина, мәдениет саласының өкілдері қатысты. Алғашқы боп сөз алған Амандық Қорғанұлы басты құжат манифестте жұмысшылардың құқықтарын қорғау, барлығына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, кірістерді бөлудегі әлеуметтік әділдік, әр азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау, заң алдындағы теңдік, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы туралы 6 қағидат қамтылғанына тоқталып өтті.
Қоғамда қордаланған мәселелер көп. Соның көбі азаматтардың заңды дұрыс білмеуінен туындап жатады. Мәселен, солардың бірі –Айткүл Бәйсейітова. Алматыдан қоныс аударушы болып келген ол, Алтын дала ауылынан үй алады. Баспанасын қалыпқа келтіру үшін мердігер іздейді. Арзан баға ұсынған мердігерлердің айтқанына сеніп, үйінің жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы аударады. «Құрылысшылардың» үйіп-төккен уәдесіне иланып, тараптар арасындағы келісім-шартты да толық оқымастан қол қояды. Кейін арада дау туғанда, қаржы бергенін растайтын қолхат, құжаты болмағандықтан сан соғып қалады. Жалғызбасты ана кейін басын тауға да, тасқа да ұрып, тиісті орындарға шағымданғанымен бәрі кеш боп еді. Сот құжаты «сақадай сай» пысықай мердігерлердің пайдасына шешім шығарады. Әділдік іздеген ана «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ көмек сұраудан басқа амалы қалмағанын айтады.


Мұндай мысалдар қоғамда мыңдап кездеседі. Шетелден келген қандастарды да тап осы құжат мәселесі қинайды.
«Оған жыл сайын ауысатын заңнамалардың да кедергісі көп. Кейде бір заңның орыс тіліндені нұсқасы мен қазақ тіліндегі нұсқасы бір-біріне қайшы кеп жатады. Бөтен мемлекеттен келген қандастар біздің елдің занын біле бермейді. Сол себепті маңдайы тасқа тиіп, жігері құм болады», – дейді республикалық «Отандастар» қорының Қостанай облысы бойынша фронт-офисінің сарапшысы Назира Жәрімбетова.
ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ТЕҢДІК – «Әділдік және Өркендеудің» басты ұстанымдарының бірі. «Кез келген азаматтың міндеттері мен құқықтары әлеуметтік дәрежесі мен материалдық жағдайына қарамастан заң алдында бірдей сақталуы керек. Тек әділетті қоғамда ғана әрбір азамат мемлекеттік билік органдары, сот және құқық қорғау органдары оның құқығын қорғап шығарына сенімді бола алады» деп Үндеуде анық жазылған. Қор жұмысы басталғаннан бері тікелей эфирде заңгер маман тегін кеңесі ұйымдастырып келе жатқаны белгілі.
Кездесуде бұдан бөлек еңбек адамының мәртебесін көтеру, экология, қала мен ауыл, байлар мен кедей жұрттың арасындағы алшақ жікті қысқартуды т.б өзекті мәселелер қозғалды. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысы филиалының төрайымы, «Нұр шебер » ҚҚ және Қостанай облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Гүлжәмила Сүндетбаева Әділдік және Өркендеудің қадамына сәттілік тілеп, болашақта бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ықыласты екендігін айтты. Соның бірі жоғарыдағы Айткүл Бәйсейітованың мәселесіне қатысты.


Кездесуді Қор белсендісі Марғұлан Бәкір түйіндеп, барша азаматтарды белсенді болуға шақырды.

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...