Фёдоров қашан Жаркөл болады?!

«Құйылып тұрған көктен нұр,
Жиылып тұрған көктем-жыр,
Айдында шабақ шоршыған,
Жаркөлдің суы мөп-мөлдір» деп келетін ән жолдары Қостанай облысының бұрынғы Жаркөл, қазіргі Фёдоров ауданы жеріндегі Жаркөл көліне арналған.
Фёдоров ауданы Қостанай облысының солтүстігінде орналасқан. Аудан 1928 жылы құрылған. Жер көлемі 7,2 мың шаршы метр. Фёдоров ауданы 12 ауылдық округке бағынатын 49 елді мекеннен тұрады, осыған дейін аудан аумағында 68 елді мекен бар еді. Аудан орталығы 1900 жылы негізі қаланған Фёдоров кенті. Халқы 2022 жылғы дерек бойынша 28 016 адамнан тұрады (бұрын халқы 30 мыңнан асатын, қазір меніңше 25,5 мың көлемінде болса керек), оның 33,27 проценті орыстар, 27,10 проценті украиндар, 15,09 проценті қазақтар (қазір жаңылмасам 17,5 проценттен асты), қалғандары өзге ұлт өкілдері. Яғни, Федоров ауданы жергілікті халықтың саны бойынша тіпті үшінші орын иеленетін облыстағы жалғыз аудан. Жергілікті халықтың азаюының екі себебі бар. Бірінші, 1930 жылдары КСРО-ның орталық аймақтарынан, зауыттардан партия үндеуі мен шешімі бойынша көптеген адамдар жіберілді және 1950-1960 жылдары «тың және тыңайған жерлерді игеру» заманында тағы бір толқын келді. Жалпы, үш толқын туралы айтқан дұрыс болар. Және ол аталған уақыттарға дейінгі кезең.
Қысқаша айтқанда, осындай жағдайдан кейін өз жерімізде ұлттық азшылық болып отырмыз. Жалпы Фёдоров ауданындағы (Жаркөл жеріндегі) аудан орталығы Фёдоров кенті Жаман Жаркөлдің жағасында орналасқан.
Айтқандай, аудандағы 25 мектептің екеуі аралас, тек бір мектеп (аудан орталығы – Фёдоров кентінде) мемлекеттік тілде білім береді. Қалғанының бәрі орыс тілінде оқытады.
Дегенмен, Фёдоров ауданы Қостанай облысындағы өндірісі өркендеген ірі аудандардың бірі. Мысалы, 2022 жылы аудан бойынша 3 311,5 млн теңгенің өнімі шығарылған. Ауданда екі шұжық цехы, бір диірмен, бес наубайхана және өсімдік майын өндіретін үш цех жұмыс істеп тұр.
Аудандағы 49 елді мекеннің отызына су желілері тартылған. 16 ауыл суды құдықтан ішіп отыр. Қалған үш ауылға ауыз су тасымалданады. Жалпы, Қостанай облысы ауыз сумен қамтамасыз етілу бойынша республикадағы ең нашар өңірлердің бірі.
49 елді мекеннің тек төртеуі ғана газбен қамтылған.
Пешковка — Жаркөл-Успеновка стансалары арқылы Троицк-Қостанай-Тобыл темір жолы өтеді. Аудан орталығынан облыс орталығына дейін қашықтық темір жол бойымен 82 шақырым ғана.
Туристер үшін Фёдоровкадағы патша заманынан қалған су айдайтын мұнара мен темір жол вокзалының ғимараты сәулет өнерінің ескерткіштері ретінде қызықты болар деп ойлаймын.
Фёдоров ауданы мынадай 1 ауылдық әкімдік пен 11 ауылдық округке біріктірілген:
• Баннов ауылдық округі
• Вишневый ауылдық округі
• Воронеж ауылдық округі
• Камышин ауылдық округі
• Костряков ауылдық округі
• Қоржынкөл ауылдық округі
• Қосарал ауылдық округі
• Ленин ауылдық округі
• Новошумный ауылдық әкімдігі
• Первомай ауылдық округі
• Пешков ауылдық округі
• Федоров ауылдық округі
Яғни, тізімнен көріп отырғыңыздай екі ауылдық округтің атауы ғана ана тілімізде, осы орайда, белгілі жазушы Ақылбек Шаяхмет ағамыздың жазуынша: «Жаркөл өңірін ертеден қыпшақтың көлденең және қарабалық руларынан тараған қазақтар мекен еткен. Фёдоров ауданының орталығы орналасқан орын тың игеру жылдарына дейін Жаркөл деп аталған. Уақытында «Қазақ тілі» қоғамының Фёдоров аудандық филиалының басшысы, көнекөз қария Бақытжан Жиентаев аудандағы бұрмаланған жер-су атаулары туралы көп мағлұмат берді. Алайда Жаркөл атауы шалағай шенеуніктердің кесірінен қалпына келмей қалды.» дейді.
Белгілі тарихшы ғалымдар Аманжол Күзембайұлы мен Еркін Әбіл (қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты) бастаған зерттеу тобы жүргізген үшжылдық ғылыми экспедицияның нәтижесінде 2010 жылы жарық көрген «Қостанай облысының тарихи топонимикасы» жинағының екінші томында ХХ ғасырдың басында өңір топонимикасын зерттеген Ф.Щербина бастаған экспедиция қағазға түсірген Фёдоров, Қарабалық, Қостанай аудандарындағы байырғы жер-су атаулары көрсетілген. Мысалы, Щербина қазіргі Фёдоров ауданында жатқан Кеңарал болысында Жаңғабыл тоғай, Қабылтоғай, Бестамақ, Ақсуат-Қарасу, Қаратоғай, Шаңырақтоғай, Жолбарыс, Олжабай, Тұрсынбай өзек, Жарағаш, Шаңырақ, Қарағозытоғай, Кеңтоғай, Боқтыбайтоғай, Ақсуат, Ақтөбе, Қаракөң, Жыланды, Қосарал, Жарқайың, Медеубай, Ащыкемер, Иірімқарасу, Тінейтоғай, Қызылшарпы, Дәулетсай, Қызылтоқ, Сасықағаш, Толысай, Тұйғынағаш, Ұялытомар, Тышқақсай, Шоқтерек, Қашқынбайсай, Бапансай, Борсықбайсай, Найманқыстау, Ұсақ, Жыңғылдысай, Үңгір, Қаражар, Құттыбек, Тереңсай, Бесқайың, Есімбайтүбек, Көкайыл, Алжансай, Жарықкөл, Балықтыкөл, Кішкенекөл, Үлкенкөл, т.б. ауылдардың қоныстанғанын жазады. Бүгінде бұл атаулардың біреуі де жоқ.
Сондықтан да Қостанай облысының Фёдоров ауданына байырғы атауы Жаркөлді қайтару өте өзекті!
Мақала авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Демалысыңды спортқа арна — жетісулықтар

Демалысыңды спортқа арна — жетісулықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт саулығының кепілі-бұқаралық спортты дамытуға ...