Қостанай облысындағы Науырзым ауданына 60 жыл!
Жалпы, Қостанай облысы республикамыздағы аса ірі өңір екені белгілі. Бұған дейін жазғанымдай халық саны бойынша уақытында (Кеңес Одағы ыдырау кезеңінде) облыс жерінде 1 223 844 адам тұрған еді. Өкінішке орай, республика бойынша халық санының азаюы жөнінен қазір СҚО кейін екінші орын аламыз. Алдағы уақытта да аймақ халқының саны одан сайын азая түседі, бұл әсіресе ауыл халқына тән!
Енді, оны урбанизацияға теңесек те проблеманы шешудің жолын Үкімет ұсынбаса, жергілікті билік органдарының қолынан келмес.
Жалпы, пессимистік көзқарасты соңғы уақытта азайтайын деп шештім.
Сонымен, бүгінгі әңгімеміз Қостанай облысындағы Науырзым ауданы туралы. Әрине, Науырзым десек, есімізге Науырзым қорығы еске түседі. Оны көрген де арманда, көрмеген де арманда!
Енді, Қостанай облысындағы Науырзым ауданы туралы баяндасақ.
Осыдан аттай 60 жыл бұрын Қостанай облысының Науырзым ауданы құрылған болатын. Бір қызығы сол уақытта Қостанай облысында 31 аудан болыпы. Жаңадан құрылған ауданға Семиозер ауданының 4 совхозы, Октябрь ауданының 2 совхозы, Амангелді ауданының 2 совхозы және жаңадан құрылған Буравестник совхозы енді. Аудан орталығы Докучаевка, қазіргі Қарамеңді кенті болды. Аудан құрамына тиісінше Науырзым қорығы аумағы да тиесілі болды.
Ауданның негізі көрсеткіштеріне тоқтала кетсем, дұрысы аудан туралы 20 фактіні келтірейін:
1) Қостанай қаласына дейінгі қашықтығы — 198 шақырым, ең жақын теміржол станциясы — Аманқарағай кенті тұсында;
2) Аудан 8 мынадай ауылдық округтерден тұрады: Буравестник, Дәмді, Қарамеңді, Қожа, Раздольное, Өлеңді, Шилі, Шолақсай;
3) Аудан халқының саны бар болғаны 9193 адам (2023ж. дерек);
4) Аудан аумағында ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Науырзым қорығы орналасқан;
5) Науырзым ауданының жер көлемі — 18,3 мың км²;
6) Науырзым ауданы солтүстігінде Әулиекөл, батысында Қамысты, оңтүстігінде Амангелді, Жангелдин аудандарымен, шығысында Қарасу және Ақмола облысының Жарқайың ауданымен шектеседі;
7) Науырзым ауданы Торғай үстіртінің солтүстік жағында орналасқан. Аудан аумағында Қызбелтау, Қарғалы таулары мен Қыземшек шоқысы орналасқан. Ең биік жері Қарғалы тауында (308 м);
8) Өзендер жүйесі Үлкен Дәмді, Наурызым Қарасуы, Қаражылға, солтүстігінде Данабике өзендері мен олардың көптеген сай-салаларынан тұрады;
9) Жер қойнауында Панфилов қоңыр көмір кені, Шошқалы құм-қиыршықтас кені, отқа төзімді балшық, Шолақсай кен орны, Қарасу құм кендері бар;
10) Халық саны бойынша 1989 жылы Науырзым ауданы аумағында 30 323 адам тұрған болса, қазір соның үштен бірі ғана қалған;
11) Ұлттық құрамы бойынша қазақтар 72 процентті құрайды, өзгелері басқа ұсақ ұлттар;
12) Аудан орталығы Қарамеңді кентінде шамамамен бар болғаны 4 000 адам тұрады;
13) Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады;
14) Аудан жерінде Науырзым көлдер жүйесі орналасқан;
15) Науырзым ауданы жерінде Науырзым қорығы орналасқандықтан, аудан жерінде өсімдіктердің 687 түрі кездеседі. Оның ішінде бесеуі эндемик;
16) Науырзым жерінде (қорығында) құстың 282 түрі өмір сүреді. Сирек құстардың 44 түрі кездеседі, олардың 36 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілсе, 23 түрі Халықаралық Қызыл кітапқа кіргізілген;
17) Науырзым жерінде құстардың ұшатын жолы орналасқан;
18) Қорық аумағында жануалардың 44 түрі кездеседі.
19) Айтқандай біреу білер, біреу білмес, Науырзым ауданы аумағында 1972 жылы, қазіргі Қарамеңді кентінен 20 шақырым жерде, 424 метр тереңдікте, Регион-5 сынақ полигонында ядролық сынақ жүргізілген;
20) Қостанай облысының Науырзым ауданы аумағында қазақ халқының мынадай белгілі тұлғалары туған: Орал Мұхамеджанов, Шайсұлтан Шаяхметов, Абзал Мұхитдинов,
Әсия Беркенова, Меңдібай Алин.
Материал авторы — Амандық Қорғанұлы