Киелі Торғай туралы толғау
Туған жер — Торғайым! Біздің Торғай жеріне жасаған экспедициямыздың екінші күні, яғни 7 шілде күні Торғай қаласындағы музейлерге барғанымыз және өте құнды жәдігерлермен танысқанымыз туралы бұған дейін жазған едім. Әрине, мүмкіндігінше тарихи нысандарын да, өңіріміздің табиғатын да көруге тырыстық. Сол күні, Торғай кентіндегі музейлерді аралап болған соң, алыстан келген қонақтардың құрметіне Жанкелдин ауданы әкімдігі ұйымдастырған қонақасыға шақырылдық. Тағы да мақтанғандай боламын-ау, бірақ Торғай қазақтарының қонақжайлылығы да ерекше ғой, кеше ғана Көкалат ауылында Талғат інім алдымызға сүр қосылған жас марқаның етін дайындатып қойса, енді алдымызға бұқпа келді, ал, елдің қымызы мен құрты қандай тамаша еді! Біз әрине, тек қымыз ішіп, ет жеуге келген жоқпыз, мақсат, өңірдің туризмін дамытуға жәрдемдесу және рухани жаңғыруға да өз тарапымыздан ат саласу. Бұл ретте, Қостанай облысы Жанкелдин ауданы басшылығымен кездесіп, салиқалы сұхбат ұйымдастрылды. Ұсыныстарымызды білдірдік және жергілікті билік жағынан аумақ бойынша істеліп жатқан жұмыстар туралы толық мәлімет алдық. Реті келсе, кейін ол жөнінде жеке жазамын деп үміттенемін. Ал, көпшілік Торғай туралы естіп, біліп жүргенімен Торғай кенті (қаласы) туралы дерек бере кетейін. Жалпы, Торғай дегенде біздің көз алдымызға ұланғайыр дала мен оның талантты ұл-қыздары көзге елестейді. Бірақ, Торғай атауын тағы бір таратып көрейікші. Бірінші, ойымызға әрине Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстанның, кейіннен Қазақстан Республикасының құрамындағы Торғай облысы түседі. Тағдырына жазылғаны ашылып-жабылуы есіктен де жылдам болған Торғай облысы туралы білмейтіндер жоқ шығар. Негізінде бұл қате шешім еді. Оған бірақ баға беру біздің еншіміз емес. Алайда, қазір Торғай мен Қостанай қатар аталады дегенімізбен кейде «өгей баланың» кебін кешетініміз де өтірік емес қой?! «Облыстың оңтүстік аудандары» деген сөз тіркесін жиі естиміз, бірақ облыстағы солтүстік ия болмаса батыс, шығыс аудандары деген атау жоқ. Кім оны шығарып жүргенін өзі? Екіншіден, кезінде орталығы Орынбор болған Ресей патшалығы құрамындағы Торғай облысы туралы да білеміз ғой. Үшінші, қазіргі күні Қостанай облысы Жанкелдин ауданының орталығы – Торғай кенті. Әрине ол 1845 жылы негізі қаланып, қала мәртебесіне ие болған еді. Төртінші, кезіндегі Торғай үйезі туралы да хабардармыз. Бесінші, Торғай дегенде әрине Қостанай облысының оңтүстік аудандары туралы айтамыз. «Бастан құлақ садаға» демекші, әбден кесіп, бөлшектеп, Науырзым мен Жарқайың аудандарын алып қойып, қазіргі күні «барымызға базар» деген жайымыз бар. Алтыншы, өңірдің басты өзендерінің бірі де Торғай деп аталады. Жетінші, Торғай ойпаты мен Торғай қолаты көбінесе ғылыми терминологияда пайдаланылып, аталған өңірдің жағрафиясын одан сайын кеңейтіп тұр. Мәселен, басын сонау Орал тауларынан, одан әрісі Батыс Сібір жазығынан, Тавда деген өзеннен басталып, оңтүстігі Арал теңізіне дейін жететін, шығысында Сарыарқамен шектесіп, батысы қазіргі Ақтөбе облысының аумағының бір бөлігін қоса алғандағы жанасатын алып өңір – Торғай жері. Дәлірек айтсақ, Қостанай мен Ақтөбе облыстарының, Ресейдің Қорған және Түмен облыстарының аумағы дәл осы Торғай ойпаты, Торғай қолаты деген атпен белгілі. Сегізінші, Торғай геоглифтері туралы біз ғана емес, бүткіл дүние жүзі біледі, болашақта ол тек Қостанай облысының ғана емес, Қазақстанның басты туристік нысаны болар еді. Тоғызыншы, Ақмола облысы аумағында Торғай атты ауыл да бар, бұрындары бас қалада кейбір ағайындар аталған ауылмен шатастырушы еді, қазір айыратын болды. Айтқандай, Торғай аталатын жер Орынбор мен Башқұртстанда да кездеседі екен. Әуелде Торғай өзені аумағы Сауық деп аталған, ол жөнінде Сейіт Кенжеахметов ағамыз жазып кетіп еді. Ол заманда Кенесары-Наурызбай бастаған ерлер бір жыл Торғайда қыстап, ұлт-азаттық көтерілісіне жергілікті жұрттан көп адам қатысып еді, кешегі Шәкір, Иман сияқты батырлар тіпті қырғыз жеріне дейін жетіп еді ғой. Оныншы, торғай әрине құстың аты. Он бірінші, Торғай деген кісі есімі де бар. Қазақтан өзге ұлттарда да кездеседі екен, бір жылы Стамбұлда бір түрік ағайынмен танысқанда, ол: «есімім Торғай, мағынасы бүркітті білдіреді» деген болатын, ішімнен торғай атын атауға қораштанып тұрған болар, бірақ торғай да жаман құс емес деп едім. Шынында, Торғай аты Торғай болғанмен, қырандар мекені ғой. Дегенмен, өзім торғайлық болсам да торғайлықтарға тән, мен байқаған бір-екі ерекшелікті де келтіре кетейін. Жинала қалсақ, Торғай туралы әңгіме айтып «Туған жер — Торғайым» деп әндете жөнелеміз және қазақтың әрбір ауылдан шыққан баласы сияқты ән салмайтын, би билеймейтін, домбыра тартпайтын, күреспейтін немесе басқа салада жұмыс істесе де ақындардан кем емес өлең жолдарын оқитын, сөзге мүдірмейтін жерлестерімді жақсы білемін. Екінші бір ерекшелігі, бәрі тұтас қазақ тілді, яғни, от ауызды, орақ тілді, сөйлей қалса көмекейі көрініп, шынайы бейнесін көресіз. Және қалай сөйлейді дейсіз ғой? Баппен, әр сөзге мән беріп, маңғаздана, «құләқ, әйдік» деп нығыздай, бастырмалата жөнеледі. Иә, көпшіл, бауырмал және бала сияқты аңғал. Жалпы, бұл тек менің жерлестеріме ғана емес, дүйім жұртымызға – ұлтымызға тән-ау өзі?! Әрине, тағы да көсілуге болар еді, бірақ, бүгін мен жұртшылықты Торғай кенті туралы хабарлар еткім келеді. Осыдан үш ғасыр шамасында, дәлірек айтсақ, жоңғар шапқыншыларынан қазақ даласы азат етілген соң Шақшақ Жәнібек бабамыз жұртын Торғай жеріне қоныстандырғаннан кейін, ел едәуір тыныштық табады. Тархан жаз жайлауын Сарыарқаның (Тобыл-Торғайдың) шұрайлы жерлерінде өткізсе, қыс мезгілінде Тосынқұмда қыстап, іргесін «шегір көз көршісінен» аулақ ұстайды. Айбалтасы қолында болады. Ормандай орыс, Еділдегі қалмақ, Орал тауындағы башқұрт пен Жайықтағы казактар тиісті «сыбағасын алып», жұрт жамыражай күш кешкендей болған. Ресеймен сауда қатынасы жолға қойылып, Мұнанай (Троицк) мен Бағланның (қазіргі Звериноголовское), Жаманқала (Орск) мен Орынбордың сауда базарлары қазақтың малы мен етіне толып, шекара саудасы қыза түседі. Бірақ, олардың түпкі және арам ойы әріде еді, мақсат – қазақ даласын толық бағындырып, хандық билікті жойып, кешегі батыр халықты басыбайлы құл ету. Бұл енді Абылайдың немересі Кенесары заманы болатын, ентелей кіргендер туралы Шортанбай Қанайұлы жырлағандай: «Ел қамқоры сандалды. Кетейін десе, алдың тар, Тұрайын десе, кәпір бар, Қайсы бірін айтайын, Қазақтың ұлы қамалды. Қамалмай енді неғып тұр, Тау басынан қазақ жаңылды. Тұс-тұсынан жау шығып, Дұшпанға жаман табынды. Кәдесі қалың Арқаңыз Ақ шөбін қимай бағынды.» деген «зар заман» еді. Осы уақыт аралығында Кенесары мен Наурызбайдың соңынан ерген жұрт Торғай жеріне келіп тоқтайды. Ондағы мақсат, ағайындармен байланыс жасап, жердің қолайлысын таңдап, азаттық күресін жалғастыру еді. Өйткені, Торғай жері Сарыарқаның бір пұшпағы болғанымен Қазақстанның батысына да жақын, мына жағы Ұлытау, оңтүстігі Қарамқұм (Торғайдың өз Қарақұмы бар) арқылы Сыр бойына жақын, солтүстігі салыстырмалы түрде Ресейден де алыс емес. Сондықтан, 1845 жылы патша үкіметі қазіргі Торғай кентінің орнына алғашында Оренбургское деген атпен белгілі болған Торғай қамалын сала бастайды. Әрине, басты мақсат көтерілісшілердің жолын кесу. Торғай тоғыз жолдың торабы болғандықтан тез қарқын алып, дамып кетеді. Мәселен, «Обзор Тургайской области за 1912 год» атты шолуда Торғай облысының облыстық төрт қаласы аталады, олар: Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай және Торғай. Шолуда Торғай қаласында 1244 адам тұратыны жазылады, мұнда ағаш шіркеу, қалалық училище, Яковлев қолөнер училищесі, 2 сыныпты қыздарға арналған қазақ-орыс әйелдер училищесі, почта бөлімшесі, кіріс-шығыс кассасы және 4 диірмен болғанын сипаттайды. Бір қызығы медресе мен мектеп жанында 1 орыс сыныбы болған екен. 353 версть құрайтын Шалқар-Торғай тракты жұмыс істеп тұрды. 2 машинадан, 2 бөшкеден және өзге де аспаптардан, сондай-ақ, 3 ат пен 2 қызметкерден тұратын өрт депосы да болған екен. Қалада 1 дәрігер, 4 фельдшер халыққа қызмет көрсеткен. Штанге деген ветеринардың бас-көз болуымен сол заманда Торғайда озық мал сою пункті де болыпты. Ал, Торғай уезі 13 болыстан және 97 ауылдан тұрған екен. Қала халқынан басқа уезде 1911 жылы 100 800 көшпенді қазақ тұрғанын білеміз. Сол кезеңде Торғай уезінде ресми 10 мешіт болғаны да хатталып қалыпты (облыс бойынша саны 163). Сауда бұқар еврейлерінің, сарттардың, татарлардың және орыстардың қолында болған. Торғайда 26 мамыр – 8 маусым және 10-20 желтоқсан аралығында жәрмеңке ұйымдастырылатын болыпты. Негізі қалада сауда тұрақты түрде жүргізіліп отырған. Мәселен, Торғайда бір жылдың өзінде 1 365 204 сомға сауда жасалғаны жазып қалдырылған. Торғайдың басты байлығы — Торғай қойы Ташкентке дейін айдап апарылып, облыспен шекаралас Ресейдің аудандарына, әсіресе Троицкіге көп мал жеткізіледі екен. Кейін сырттан қоныстанушылардың көптеп келуіне байланысты тек ішкі ұсынысты қанағаттандырған. Айтқандай, Торғайдың тәтті қауыны да өте жақсы бағаланған. Торғайға Троицкіден келіп байып кеткен Башкиров туралы материал сақталып қалған. Башкиров деген Ресейдің атақты көпесімен аты қатар аталатын байлардың бірі, Торғайда бірнеше сауда үйлері болған татар көпестері – ағайынды Яушевтер (1-ші гильдия саудагерлері) Торғайда көп ғимараттар салған екен. Олардың Торғайдан басқа Ташкент, Петропавл, Қостанай, Троицк, Қазан, Құлжа,Челябинск сияқты қалаларда сауда үйлері болған (яғни, сауда ісі өте қарқын алған қалалармен қатар Торғайда сауда үйлерін ашуы бекер болмаса керек?). Тек саудамен ғана айналысып қоймай, оқу-білімге көп қаражат бөлген, дін ісі жолында да қаражаттарын аямаған. Мәселен, атақты Троицкідегі «Расулия» және «Мухаммадия» атты медреселерді қаржыландырған (әрине, жергілікті қазақ байларының қаржысы арқылы Қостанайдағы қазіргі Ақмешіттің салынғанын білеміз). Міне, сол ғимараттар пассаж түрінде салынған, тіпті көнекөз қариялардың айтуынша Торғайда сол ғимараттарды байланыстыратын жер асты жолдары болыпты. Өкінішке орай, төбесі әдемі, қабырғалары қалың тастан қаланған, қақпаларының өзі тұтас бір ансамбльді құрайтын бұл ғимараттардың бәрі келмеске кетті. Кейін, 1916 жылы Торғай қаласы Торғай жері сияқты халқымыздың ұлт-азаттық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Одан кейінгі жылнамасы әрине Кеңес дәуірімен және тәуелсіз қазақ мемлекетінің тарихымен байланысты. Десек те әлі күнге дейін қариялармыз: «дуанға барамын» деп Торғайдың тарихтағы орнын білдіретіндігін меңзегендей айтып отырар еді. Қазір, мәселен, аудан орталығы болса да былайғы жұрт әлі де Торғай қаласы деп атауы міне, сондықтан болса керек. Бастысы, Торғай қаласы талай тарихи оқиғаларға куә болып, жұртымыздың белгілі қаншама ұл-қыздарын тудырған шаһар ғой! Айтқандай, қонақжайлық танытып, қонақтарға ықылас білдіріп, ат-көлік амандығын тілеген Қостанай облысы Жанкелдин ауданының әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспанов мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Қуанышбекұлы Торыбаев мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Серікұлы Бидашев мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Роза Өтелбайқызы Аққалиева ханымға және Жанкелдин ауданы Кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Сәуле Дүйсенова ханымға, «Торғай» мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Құлетқызы Сәрсекей ханымға алғыс білдіреміз! Суретте Арқалық-Торғай трассасының бойы! Фото авторы Данил Потапов-Поличинский!