Торғай өңірінің туризмін дамыту үшін ең тартымды орындар

«Торғай өңірінің туризмін дамыту үшін ең тартымды және ерекше орындар қайсы деп ойлайсыз? Неліктен?» деген сұраққа жауап беріп көріп едім.
Сонымен,
1. Арқалық қаласы – Торғай өңірінің туризм орталығы, яғни саяхат арқылы Торғай өңірін танимыз.
2. Арқалық қаласындағы Облыстық Дала өлкесі музейінің жәдігерлерімен танысу, мұндағы бірегей және сирек экспонаттар туристер үшін қызықты деп ойлаймын. Мәселен, Торғай өңірінің флорасы мен фаунасы, әсіресе зіл сүйегі, сондай-ақ, ғарыш саласынан сыр беретін жәдігерлер де тартымды. Жалпы, туристердің тағы бір тобына – Кеңес Одағының шаруашылық жұмысының теріс нәтижесі туралы – қаланың шеткі жағындағы бұрынғы 9 шағын ауданды көрсетуге болар еді.
3. Әрине, туристер үшін сондай-ақ, қала аумағындағы (бұрынғы Арқалық ауданы) Екідің ескерткіші тарихпен әуестенетіндер үшін қызықты болады деп санаймын. Себебі дәл дің стиліндегі мұндай ескерткіш Қазақстанда жоқ десе болғандай және бұл 8 ғасыр ескерткішіне жатады.
4. Арқалық қаласынан 80-120 шақырым аралығында Сарыторғай, Қараторғай өзендері бойының табиғаты керемет, себебі аталған өзендер Ұлытаудан бастау алады және жақын болғандықтан таулы және шоқ тоғайлы болып келеді.
5. Арқалық-Торғай бағытындағы туристердің әуелі тоқтайтын жері — Кейкі батыр Көкембайұлының кесенесі. Бұл жерде шағын дүкен мен асхана болса жақсы болар еді. Бәлкім қонақ үй де қажет, себебі сапарлаушылар саны жылдан жылға артып келеді. Кәдесыйлар дүкені де қажет.
6. Туристердің келесі тоқтайтын нүктесі Тасты бұлағы атты жер, мұнда тамаша бұлақ бар, туристердің сусындап, тынығуы үшін әрине жағдай жасалған, мұнда да іс ішетін шағын асхана мен кәдесыйлар дүкені қажет.
7. Келесі нүктеміз Құтан әулие кесенесі, аталған кесене туристер үшін танымды деп үміттенемін, себебі ол Тәуке ханның Хан кеңесі мүшесі болған белгілі тұлға.
8. Бұдан соң Торғай геоглифтерінің ішіндегі Үштоғай геоглифтеріне бару қажет. Ол Арқалық қаласынан 175 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл Әлемнің сегізінші кереметі десек те болады. Геоглифтер Торғай даласы мен Оңтүстік Америкада ғана кездеседі. Оның жаны қоршалуы тиіс. Бұл Тобыл-Торғай өңіріне туристердің жиі баратын нысанының біріне айналуы керек. Оның жанынан кәдесыйлар дүкені, асхана, шағын қонақ үй және Түркияның Каппадокиясындағыдай әуе шарларын ұшырып, ұшар биіктен қарауға болар еді. Жалпы, Торғай геоглифтеріне шетелдік туристердің қызығушылығы күшті.
9. Одан кейін тоқтайтын орнымыз – ол Амангелді кенті, аудан орталығы, Арқалық қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда инфрақұрылым жақсы дамыған, дегенмен кәдейсыйлар дүкені қажет. «Тәж Торғай» кешені ұялмай көрсетуге тұратын нысан. Туристер үшін Сатыпалды ишан кесенесі мен Амангелді Иманов атындағы мемориалдық музей мен Амангелді батырдың жерленген жері, Амангелді Имановтың кезіндегі штабы да көруге тұрарлық.
10. Амангелді кентіне жақын маңнан кемпинг салып, туристерге қызмет сапасын арттыру қажет. Сондай-ақ, өзен жағасында жағалау туристері үшін барынша жағдай жасалауы керек.
11. Үрпек ауылы өңірдегі озық ауыл ретінде туристердің қызығушылына ие болады деп ойлаймын. Айтқандай ауыл маңында Торғай геоглифтерінің тағы бір бөлшегі де бар. Ол да туристер үшін қызықты деп ойлаймын. Ағаштыкөл туралы айтып отырмын.
12. Келесі нүкте ол – Құмкешу ауылы маңындағы туристер үшін қызмет.
Құмкешу кешені төрт бөліктен тұрады.
а) Торғай Дубайы аталып кеткен Құмкешудің табиғи ерекшелігі, туристердің көп әрі жиі тоқтайтын жері, сондықтан мұнда қоқыс жәшіктері керек, кәдесыйлар дүкені, шағын асхана мен азық-түлік дүкені, автосервистік қызмет орталығы мен шағын қонақ үй де қажет.
б) Құмкешу ауылы археологиялық ескерткіштерге бай, ежелгі заманнан бастап қола дәуірі кезеңін қамтитын жәдігерлер жер астынан көп қазылып алынған, олар тіпті Арқалық музейінде де бар. Бұл ежелгі адамдар тұрағы болғаны белгілі.
в) Құмкешу ауылы 22 әулие жатқан мекен, олар да туристер үшін зиярат ету орны бола алады.
г) Ауылдың өзі нағыз этноауыл болуға сұранып-ақ тұр.
13. Одан кейінгі нүкте Сарықопа қорығы, бұл «Алтын Дала» резерватының үш бөлігінің бірі, мұнда елік, жабайы шошқа, киік және құстардың көптеген түрлері кездеседі, қысқаша айтқанда туристер жергілікті флорамен және фаунамен танысуы қажет. Ал, Сарықопа көлі аймақтағы ең ірі көлдердің бірі.
14. Одан әрі Қызбел ауылы, бұл ауылдың ерекшелігі бұл мадияр атты арғын тайпасының адамдары тұратын ауыл. Ауылда венгр-қазақ достығы құрметіне ескертшкіш те орнатылған. Жыл сайын венгрлер осында келіп отырады. Болашақта егер, барынша жағдай жасалса, онда осы ауылда оларды қабылдауға болар еді. Әрине, ол үшін қонақ үй, асхана, кәдесыйлар дүкені сияқты сервистік орындар керек. Мұнда жыл сайын көшпенділер этнофестивалін өткізуге болар еді.
15. Одан әрі Бидайық ауылына соғып, Міржақып Дулатұлы кешеніне өту қажет. Шынында бұл бірегей кешен. Мұнда да туристерді тарту үшін жағдай керек, яғни, жоғарыда аталғандай қонақ үй, асхана, кәдесыйлар дүкені сияқты сервистік орындар керек. Әсіресе Кейкі батыр кесенесі мен Амангелді кесенесі сияқты руханиятқа қызығушылық білдіргендер көптеп келер еді.
16. Келесі тоқтайтын орын – ол Татыр соғысы өткен жер, мұнда ескерткіш те бар. Бахадүр бабаларымыздың ерлігін паш ететін орын ретінде әрине жастар үшін өте маңызды әрі пайдалы орын.
17. Жолда тұзды кен орны мен бор кеніші орнын (Шақпақ) туристерге көрсетуге болады. Бұл ретте, ландшафтың әртүрлілігін байқауымызға болады.
18. Торғай шаһары.
Бұл қала қазақ тарихында ерекше орын алатын қала.
Себебі, бұл қалада Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин, Әліби Жангелдин, Шақшақ Жәнібек батыр, Нұрхан Ахметбеков сияқты тұлғалардың музейлері бар.
Қаладағы музейлерді аралауға жарты күн кетеді, сондай-ақ, қала іргесіндегі Дәуітбай сайы да туристер үшін қызықты болады деп сенемін. Қала маңындағы «Партизан сайы» мен ескі қала үйлері де туристер үшін таңсық.
Әрине, мұнда да жақсы қонақ үй мен кәдесый дүкені және сапар-орталығы керек.
Сондай-ақ, киіз үйлер құрып, шағын этноауыл жасауға болады.
19. Торғай қаласынан онша қашық емес жерде бұрын демалыс үйлері салынған, соны қайта жаңғыртып, демалушылар үшін жағдай жасалып, олар емдік-сауықтыру суына түсіп, денсаулықтарын түзетуі керек.
20. Торғай даласындағы ашық аспан астынан түнде жұлдыздарды анық көруге болады. Аспан денелерін Торғай қаласындағы телескоппен неге көрмеске?
21. Торғай қаласынан 110 шақырымдай қашықтықтағы Ахмет Байтұрсынұлы ауылы ұлы тұлғаның ауылы, ауылдан шамалы қашықтақта Ахметтің кіндік қаны тамған үй бар, қазір музейі.
Негізінде бұл үйді Жиделідегі Абайдың кешеніндей жасап қойса деген ой қылаң береді. Жан-жағын қоршап, ағаш егіп, көріктендіріп дегендей.
Туристер үшін өте қызықты орын.
22. Ауылға 10 шақырымдай қашықтықтағы жер асты суына адамдар келіп, балшығын жағып, денсаулықтарын түзейді. Алайда онда үй жоқ, сервис жоқ, қонақ үй мен асхана тіпті жоқ. Бұны да қолға алған жөн.
23. Ауылға жақын жерде орналасқан Ақкөл көлі бұл жергілікті халықтың негізі тұрмыс көзі, нағыз шынайы тұрмыс көзі ретінде мұнда ауыл тұрмысын туристерге көрсетуге болады.
24. Көл жағасындағы «Кендірлі» жағалауы нағыз демалыс аймағы болуға әбден лайық.
25. Атақты Қаратұзға жағдай жасалуы тиіс, жолға қойылады деп үміттенемін.
26. Қыпшақ Сейітқұл ауылы Көкалат ауылы Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы ең озық ауыл. Сейітқұлдың жұртының, арықтарының, қорғандарының орны әлі күнге дейін бар. Тарих үшін өте қызықты деп ойлаймын.
Нағыз қазақы дастарханды көрсетіп, ұлттық тағамдардан дәм татыруға болады. Қажет болса неге бие байлап, сиыр сауып, қой тоғытпасқа?
27. Ар жағында Байқадамовтардың жұрты.
28. Тентек өзені жағасында балық аулап, кәнігі балықшы туристерді шақыруға мүмкіндік бар.
29. Көкалат ауылы «Алтын дала» резерватының «Ұлы Жыланшық» учаскесімен шектеседі. Мұнда құландарды, киіктерді, бұландарды көруге болады. Құстары тіпті көп. Шөптері тіпті тамаша, мысалы жабайы жуа мен сәбіз де өседі.
30. Амантоғай кенті тұсынан да бір туристік нысан қажеттілігі білінеді.
Мәтін авторы — Amandyq Amirkhamzin, фото авторы — Arman Baisadykov
#Тылсым Торғай тур #Ішкі туризм #СапарLike

Мынаны да қараңыз

ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕГІ СЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ДӘСТҮР

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласында болған И.Андреев, Ф.Назаров, И.Липаев, П.Тихов т.б. саяхатшылар мен этнографтар қазақ даласында ...