Жер-судың аты – тарихтың хаты
Түркі тіліндегі «Тұмар» сөзі – «туни иер» (туған жер) дегеннің біреуінен шыққан сөз екен. Біз туған жер – рулы ел мекені ғана емес, қазақтың Сырдан қырға өрлеу шағындағы көшінің кең тыныстаған, саф ауасынан тыныстап, мөлдір суынан шөлін қандырған, малын суарған шалқар айдын, Сырбайша айтқанда «Аралдан соңғы теңіз- Аққөл».
Ата-бабам мекен еткен Ақкөлім, сенің өткенің мен өскеніңді ойлап, өзімше тарихыңды талдап, шамамша зерделеп, елдігің мен ерлігіңді ұрпаққа жеткізгім келеді. Иә, сөз басы Ақкөлдің осы кезеңге, анығырақ айтқанда ХІХ ғасырға дейінгі туған жер тарихына аз да болса таным-түсінік бергендей болдық. Қарағанда көзді талдырып, ұшқан құстың қанатына да өлшем бола алмайтын мен туған мекенде қадау-қадау биік төбелер көп. «Амандаса келсеңдер бейітіме, сөзіңді айт тірідегі өлді деме» – деп Шәһкәрім қажы айтқандай, ондағы тамдар, мазарлардың бұл күндері сұлба-сілемдері ғана көрінеді, төмпешік болып қалған қыстаулардың орындары ғана қарауытады. Бұл өзім шығып қараған Байтұрсын тамы- кейінгілердің Ахаң кесенесі дегенді қосып айтуға тұратын Збан мен Көбен Қарасуы ортасындағы биік үстірттен қарағандағы бір ғана көрініс. Мұндай көріністер қай өлкеде де көп-ақ. Осыларды жіктемес бұрын ақын Қалдыбек Мамытбаевтың мына бір шумақтарын келтіре кеткенді жөн көрдім.Жастар жадына түйіп алса да артықтық етпес.
Армысың ескі молалар!
Армысың ескі армандар!
Ата-бата жұртына,
Қарауыл болып қалғандар.
Құламай қалай тұрсыңдар,
Бәрің құпия сырсыңдар!
Ояу жүріп мен егер,
Ұмытып кетсем ұрсыңдар!
Осынша төзім берді кім,
Ойға енем, аяп желді күн.
Оқимын үнсіз сендерден,
Ата-баба ерлігін!
Тұрғанда сендер қалқиып,
Аласа маған бар биік.
Қуып тастап келемін
Жапалақ қонса жарбиып!…
Осы өлең шумақтары, меніңше, әрқайсымыздың көңіліміздегі ата-бабаға деген арман-мүддемізді қозғағандай-ақ. Бұған кейін де тоқталып кеткен жөн-ау деп ойлаймын.
Туған жер тарихына үңілуді, дұрысы зер салуды ғасыр басында неге осы екі ауыл — Збан мен Көбен Қарасуы ортасынан бастадым?.. Бар ойым туған жерге деген азаматтық, перзенттік парызымды – ұлт ұстазы, қазақтың әлеуметтік-рухани көсемі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының туған қара қонысын, кіндік қаны тамған қыстауын есте қалдырудан туған еді. Осы ойымның куәсі етіп: Балғабай Таулашұлы мен марқұм Жетпісбай Сағиұлын ерте барғанмын…
Белгі бекзаттан қалады
Үстірт үстінде үнсіз елжірей қарап тұрмыз. Алдымен шығыс жақта, Жыланшықтың арғы бетіндегі Тоймағанбет қыстаулары, Қаражар, одан әрі биік қыр үстіндегі Науша белгісі, әлі күнге құпиясы ашылмай келе жатқан Сырлы там, Жыланшықтың бергі бетіндегі Тауасар қыстауы көз алдыма келді. Жыланшық бойлап батысқа ойыссақ, қалың тал көмкерген-жеке тау Домалақтөбе, Ғаббас, Дәулетқали белгілері, Бекназар тамы, Көбен Қарасуы орталығындағы Көбен балалары:Телекеш, Зілқара негіздеген қалың қорым, одан шыға беріс біз тұрған орынға тақау Бердімұрат белгісі, Мағзұм, Біржікен тамдары. Домалақ төбеден басқасы Жүсіп (Түсіп), Миясары, Жолдыбек,Бақыттар орнатқан белгілер. Қазіргі Ахаң ауылы (Көбен Қарасуы) солтүстік-батыстағы көл бағытына қарай Ноғайлылар обалары, өзен аңғарында шамамен ХІІІ ғасыр құрылысы деп аңызаланатын: Сырлы там, Домалақ төбе, Қыздың моласы мазараттарына қолдан күйдіріліп боялған кірпіштер сынықтарының бірдейлігіне қарап, бір дәуірдің туындылары деуге әбден болады.
Бұдан әрі Ақкөл көлі төңірегіндегі көлдің арғы бетіндегі «Отарбай тамы, бері қарайғы Бас, орта ШӨмішкөлдердегі,Сағадағы Баянды балалары: Сүйін, Бәйтөт, Өсер, Көшер қорымдары, осы дәл біз тұрған жерден турасымен бергі бетке 4 шақырымдай жерде бие сүтіне иленіп, жылқы қосылып иін әбден қандырып айдағандықтан әлі күнге сақталып тұрған Таңбай ұлдары Көбек, Кәйдек тамдары тұр. Осы әдіспен салынған Сызайдағы Шошақтың ақ тамы да көрінеді екен. Биіктігі екі кісі бойындай (шамамен 3,5 метр). Науша белгісі туралы аңызды кейінірек өз көзіммен көргеніммен дәлелдеп айтып бағармын.
Осы біз тұрған үстірттің қарсы алдында Збан аулының үлкен қорымы. Негізінен мұнда алғаш жерленгендер: Рамадан, Әлімбеттер. Бұл жерге 1920 жылы Ақтас жерленген, баласы Шәймерден де осында жатыр. Рамадан Жебеген молда мен баласы Молданың осындағы көктастарын Мираш қажы Дәулетұлы, Сұлтанбек Кәмен баласы екеуі 2008 жылдары қорым үстіне шығарып қойған-ды. Ал 2003 жылы Әлімбет: Жұмағұл. Бозым, Тыныштық, , Ыбырай, Төрежандарға арнап академик Кенжеғали Сағадиев ескерткіш қойды.
Збаннан солтүстікке қарай Үшқарасу жолындағы қырқада (Үшқарасу жайлауы болса керек) Қарпық жырау Шолақұлы (1857-1920) атамыз жерленген. Рамадан Серік Шілтенұлының туған нағашысы, анасы Кәлен туған жылы қайтыс болған.
Науша Барқыұлы –«Алтын Жаппастың» Кенесары тұстас батыры. Туған, өлген жылдары белгісіз. Ұрпақтары Ақтөбе өңірінде, Қызылорданың Қармақшысында тұрып жатыр. Біздің елдің үлкендерінің айтуынша, Астау қопалар, Қотан-Нұра, Атанбасы, Қарақұмдағы Сәтбайдың Ақшелегі кезінде Алтындардың жайлаулары болса керек. Садақшы, найзагер, атақты батыр тұтқынға түсіп, қас жаулары оң жақ жауырынының тамырларын қиып жіберген. Улы садақтың оғы қысыр биенің сүтіне салып емдегенімен уыты қайтпай, ақыры сол жарақаттан ажал құшқан. Өсиеті бойынша обасы Торғай қаласы көрінгенше салынған дейді. Тобылғы, ши араластырып үйілген обаның шеңбері алпыс метр, бірнеше қабат. Мен көрген 1999 жылдың өзінде биіктігі 2,5-3 метрдей болатын.
***
Айтпақшы, Торғай қаласы көрінсін демекші, мұның жәй қиял еместігіне көз жеткізетіндей бір дәлел: Көбен Қарасуының ішкі қолтығына мен 1999 жылы атақонысым деп өзіме арнап үй салдырдым. Сол жерден күн шығар сәттегі тымық ауада Збан көшелеріндегі адам түгілі ит пен мысыққа дейін көрінетін. Оған талай рет куә болдым.Демек, өсиеттің де жөні бар. …
Айта кетерлігі, Белгі — аты айтып тұрғандай қызметі сіңген даңқты адамдардың атын ел аузында қалдыру үшін немесе артында ұрпағы жоқтарға биік, көрнекі жерлерге, көпшілік жүретін қара жолдың үстіндегі жол айырықтарға салынады. Ақкөл аймағында Құрманайлар: Қанапия, Өмірбектерге, Наушаға салынған белгілер әлі тұр. Қанапия белгісі Кіші Жүз (Жаппас) көші өтетін Кішікөл жолы үстінде. Ал Өмірбек белгісі Сәтбай жолы үстіндегі Сұпылы мен Дәнсараның ортасындағы қара жолдың үстінде. Өмірбек негізі Қосбармақтан туған он екінің бірі Сеңгірбайдың ұлы. Одан біз көрген алып күш иесі Балғожаның Құсейіні Қаби, Серіктің әкесі тараса, Кәдірханның әкесі Дабылбай да осы Сеңгірбайдың бірге туған туысы.
Бұлар Үмбетей қоныстарының Қарақұмның оңтүстігінен бастап батысындағы Уақтың Қызылжары, Кішікөл, Баймұрат, Үлкенкөл, Балта деген ұялы қоныстармен шектеледі. Олардың бәрі сонау колхоздастыру басталғаннан бергі ХХ ғасыр бойына Аққөл табанындағы елдің жайлау, қоныстары болған өндірісті мекен, құтты орындары. Кезінде аталарымыз бізге «Үлкенкөлдің сонасы көп пе, Баймұраттың жылқысы көп пе» деген аңызаны тәпсірлесе, біздің өзіміз ғасыр соңына дейін осы табандағы Ақкөл, Южный совхоздары 2000 жылқы, 20 000 қойы мен 500 ірі-қараны бағып, өсіріп, жазда жайлатып, қыста қыстатқанын көрдік. Ата, ана, тек жұртымыз осы шаруашылықтардың бейнетқорлары болды.
Ал Ақкөл аймағының шығысы Айырқұм, Аққұм, Жыланшық өзені бойындағы аң, құс, балыққа бай, ұланғайыр жайлау, тебіндікке таптырмайтын жер. Әліби, Талғұй, Бірәлі, Дәненнің Дәнсарысы Бозшакөлмен шектеседі. Бұлардың бәрі іргелес жатқан 1993-ші жылға дейінгі Южный, қазіргі А.Байтұрсынұлы ауылының Сазанбай өлкесімен шектеседі. Одан әрі Тұрлының Алақамысы, Орсақ, Мұратқали, Жарбидайық, Шыңдыбидайық, Астауқопа, Атанбасы, Ақирек, Қарақұм…
Ақкөл аймағы – сан ғасырдан бері ел қоныстанған Торғайдың бір құйқалы пұшпағы. Кешегі «Ақтабан шұбырынды» кезінде де ел іргесі сөгілмеген, не бір зұлматтардың куәсі болған жер. Бір кездері Ноғайлы көші де ерулеген. Жоғарыда айтқанымыздай, осы жерден Сырға, одан әрі теңіз сағасына қарай көп адамын құрбан қылып аттанған тәрізді. Қашақбай қыстауы үстіндегі Ноғайлылар обалары соның айғағы.
Жыланшық өзені басын Ұлытаудан алып, Ақкөлге құяды. Оны толтырып, артығы Жаман теңізді де толтыратын.Сол мол су ғасырға жуық уақыттан бері биыл ғана ,яғни, 2024-ші жылы ғана қайталанды. Судың азаюы өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап жиіледі, соның салдарынан осы көлге тақау Бажықан қыстауынан бастап Жаман теңіз түгел сорланып бітті. «Тайлақ өткен», «Тотықұс» аралдарының қалың сексеуілді ну ормандарының жұрнағы да қалмады. Бұдан әрі уақтың Қызылжары, Тәші-Балта,Аюдың Жарықбидайығымен шектесетін Ханзада, Тосын құмымен жалғасатын шекара Көбей, Белшұбар, Қарамеңді соры, Қабырға, Айтуар шыңы (сайы), біздің Ақкөл аймағын белдеулей көмкеріп жатқандай. Мен бұлай Ақкөлдің төрт қыбыласын жағалай айтуым, кешегі өткен ХХ ғасыр заманының алғашқы жылдарынан басталып, ғасыр ортасына дейін Торғай бойын қансырата жайпап кеткен тәркілеу, ашаршылық, Отан соғысы жылдарынан қадау-қадау боп аман қалған елдің ұрпақтарына, халықты асыраған Ақкөл аймағы елінің, жерінің аттарын есте қалдыру еді.
Біздің тарих ол да бір қалың тарих,
Оқулығы жұқарақ бірақ-дағы… – деп Қадыр Мырза-Әлі айтқандай, менің жазғаным да көп тарауихтың бір үзігі ғана.
Сарыарқаның шетінде жатқан, қара жусан мен көкпек өсетін Ақкөлде кезінде штаб салып Кенесары хан орныққан. Дарабоз Үмбетейге тиген Ақкөлде ұлт көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған. Осы даңқты Ақкөлді, көлді ғана емес, оны нәрлендіретін ұзындығы 422 шақырым, 26000 шаршы шақырым су қоры бар, бас жағы Ұлытаудың шығысынан шығатын Жыланшық. Жыланшықтың бойында: Қарағаш, Терек, Қайың, Үшқат, Тал, Тобылғы, Итмұрын, Баялыш, Арша өседі. Даласы Жусан, Боз, Ши, Бидайықтармен көмкерілген.
Жыланшықтың Ұлытаудан шығар аузы Дулығалы, Терісбұтақ болып Арқалық, Амангелді аудандарын басып өтеді. Шөптібай Бәйділданың 2014 жылғы қазан-қараша айларында шыққан «Жер бедері тартқан сыр» атты мақаласында: «– Шығысқа қарай доғаланып, ашасы тарыла келе Ұлы Жыланшыққа жалғасады», – дейді. Бұл жер біздің Жангелдин (ескіше Торғай) ауданының тұсы. Айнакөл мен Шімен көлдерімен қапталдас Рахметтен кейінгі Шойынқап және біздің Аққөл аймағы, Сырлы тамнан басталады. Оның толық сыры ашылмағаннан ба, әлі күнге Сырлы там деп аталынады.
Бізге бір қатынасы – 1948 жылдары Әлкей Марғұлан қазба жұмыстарын жүргізіп, оған жұмысшы күші болып Жылқыбай Бейсенұлының қатынасқандығы. Бізге жеткені тек ауызекі әңгіме, бұл тамға Шыңғысханның Күлан (Құлан?) деген әйелінің жерленгені, қазба құпиясы Мәскеуге жөнелтілгені жайлы қауесет. Осындай құпияны жамылып А.Байтұрсынұлы ауылының іргесіндегі «Қыздың моласы», «Домалақ төбе», «Ноғайлылар обасы» да жатыр.
Жыланшықтың шығар басын: Арқар, Бүркіт, Бөктергі, Ителгі, Лашын, Қаршыға мекендейді. 1956 жылдары Жыланшықтың Көкталында Байқасынның Молдабайы атамыздың Күйкентай деген құсты тұғырлап ұстап отырғанын өз көзіммен тамашалап едім. Күйкентай тектес Жағалтайды да көрдім. Біздің қырда Дуадақ осы кезге дейін кездеседі. Бейсеннің кенжесі Ералы атамыздың: «әкемнің кер атымен Дуадақты көтерілгенше құрық, қамшымен соғып алатынбыз» – дегенін естігенмін. Шыңайт жерлер мен жыраларда Үкі әлі күнге бар. Елік, Киік, Қарақұйрық, ара-тұра Бұлан да кездеседі. Ал, Қасқыр, Шибөрі, Түлкі, Борсық, Қоян, Доңыз, Күзен, Суыр, Андатр, Зорман, Сарышұнақ, Қосаяқ–біздің даланың ежелден еншілестері. Үйірлі көк алалы жылқы, келе-келе боталы түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой-ешкінің азығы – жер нәрінде. Біздің елдің ет, сүтінің ерекше дәмді болуы осы шөптер мен табиғатының ерекшелігінен.
Табиғаты: шөл, шөлейт аймаққа жататын Ақкөл атырабы шөптері күн райына бейімделген. Ыстық, суыққа, шөлге, аязға берік. Тобылғылы шұбар, сексеуіл тоғайы, жиделі атырабы, Қарақұм, Аққұм, Сазанбайдың – түзген, жыңғылы, жидегі, изен, итмұрын, қурай, жусан, бетеге, бидайық (еркек, ұрғашы), қамыс, қоға, ақбас қурай, жердің қара тарысы, сүтіген, алабұта, қоңыраубас, селеу, киікоты, жөтелшөп, бақ-бақ, жұмырбас, итсигек; қой жейтін жұпаргүл, улы шытыра, ешкі шөбі, жұмыршақ, ебелек, қызыл изен, раң, қымыздық, меңдуана, шоғайна, сасық қурай, қурай, таңқурай, қоңырау бас, адыраспан, кәріқыз, құмсағыз, жер бидай, Аққұмда ғана өсетін тарлау, атқырған атты шөптер жылқының қоңын көтеруге таптырмайтын қорек. Бұл екі шөптің пайдасын Кенесары хан Ұлытауда қыс қатты болып, мал жүдей бастағанда-ақ жылқысын Аққұмға тебіндеуге жіберіп,тарлау, атқырған шөптеріне жайғызып аз уақытта оңалтып, пайдасын көргенін 1987 жылы Ғафу Қайырбеков «Аққұм суретінде» жазған.Жыланшық өзенінің сулы арналары: «Жиделі», «Әлімбай», «Ботпай», «Жиделі», «Тармақ», «Жосалы»,
«Ботпай», «Үшқарасу», «Жүрек», «Батпа»— қарасуларының арғы-бергі жағаларын жаз бойы жайлап,кей жылдары Күзем алып, Қараша айында қыстауға осы арадан айрылысып жататын.
«Қоғалы көлдер, Қом сулар ,Кімдерге қоныс болмаған» -деп Махамбет айтқандай өңірдеАқкөлден басқада қар сулары және тасқын сулардан бұлардың барлығынада балық шығып, құс базары болатын. Қарашаға дейін су сақтап, мұз қататыны да бар, бірақ өте сирек жағдай. Олар: «Шұқыркөл», «Шөптікөл», «Жетікөл» «Егінкөл», «Збан», «Жалбыр», «Қарамойын», «Кішікөл», «Үлкен көл», «Қанафияның Алакөлі», «Сұпылы», «Мони», «Шошқакөл», «Тұрлының Алақамысы», «Бүйрекқамыс», қос «Астауқопа», «Сарықұрақ». Бір сөзбен жүйелеп айтқанда ;өңір суға өте кедей, жерасты суы қоры болғанмен Мемлекетіміздің қай Үкіметі тарапынан әлі күнге дейін өңірді суландыру жөнінде мәселе көтерілмей келеді.Су жөнінде елге, өңірге көмек тек табиғат беретін қар мен оның еруі, Жыланшық өзенінің тасуы. Осындай табиғат тәуелділігінен өңірде 1960-1993-ші жылға дейін өсірілген 60 мың қой, 1500 жылқы, 1000 ірі қара, 40 түйенің – жарты қой , сыйыры 1963-ші жұтқа ұшырап, анда-санда болатын табиғи апаттан (жауын-шашын) шығындалғанмен өз төлінен өсіріліп орны толтырылып отырумен келді. Оған керісінше жылқы мен түйеге 1974-1977-ші жылдары екі рет «тағылық» шабуыл жасалды. Аудандағы 60 түйенің 40-ы біздің Байтұрсын аулында ғана болды. Сол тұйелер етінің 0,90 тиын тұрғанына қарамастан етке тапсырылып кетті. Ал жылқы басқа ауылдарға таратылып, 2000 жылқыдан екі ауылда небары 400 ақ жылқы қалды. Бұлардың өзі жұмыс күші үшін.
Шағылып күнмен шайқалып,
Жағада құрақ жайқалып,
Ақ айдын сұлу, Ақ керім,
Сабасы жарға сыймаған,
Байлығын бойға жинаған,
Ол менің туған,Ақкөлім!
Ахаңдай дана асылдың,
Кіндік қаны тамған жер! — деп Ақкөл перзенті Жолдыбек Мұқанұлы жырлағандай, Ахаң ел-жұртының ертедегі де, жаңадағы да өз тарихымен қоса жасап келген Бас мұрасы Ақкөл ғой.
Ақкөл жүйесі: — «Ақкөл», «Қабақ», «Жаман Ақкөл», «Орта Шөмішкөл» «Бас Шөмішкөл» атты бес бөліктен тұрады. Су жақсы тасыған жылдары бұлардың барлығыда толып, артығы Ақбасты арқылы « Жамантеңізге», Көбен қарасуы арқылы «Сатырлауыққа», «Ұзынсор», «Қарасор», «Алақамысқа» асады. Олар толған жылдары мал жайылымы кеңіп, ел шат-шадыман байлыққа кенеліп, көлдер балық, құсқа толады. Бұлар бірімен бірі: Құмарал, Нанбай, Көшер, Ернешбай, Мейірман, Көбен қарасулары құлақтары; Аша, Іскендір, Арғынбай, Қызжан-жырықтары, Ұзынсор, Қарасор –жармалары арқылы қосылады. 1954-ші жылы пайда болған бұл жармалар Жыланшық Ашадан мұзбен кептеліп Көбен қарасуы арқылы Сатырлауықты толтырып екі ортадағы қырдың шығыр салған арығы арқылы борсық қазған бос топырақтан тескіндік тауып, сор басқан Ұзынсор ойпатын толтырып, бір қырқаның ғана астында тұрған терең шұңғыл ойпат Қарасор асты. Содан орташа тереңдігі 19-27 метр, салмағы 9-30 келіге дейін тартатын семіз сазан-шортанға бай өндірісті, жағалауы қалың жыңғыл, ну қамысты көл облыс картасына түсті.
ЗБАН қопалары жүйесі: — Жалбыр, Шұқырқопа, Ақтас, Қазыбай, Айқожа, Қарамойын. Бұлар — Тұрғынбек құлағы, Іскендір жырығы, Оспан, Ноғай өткелі, Тоқы-қарасулары арқылы бірімен бірі қосылады. Бәрінің шығар көзі-Жыланшық өзені, оның Ақкөлге құяр сағасы-Бесмола.
Осы сулы көлдердің біразы өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін мал ішуге ішінара жарап тұрды.Әсіресе, үлкен Ақкөл мен Қарасор жазғы мал жайылымы үшін тамыз айларына дейін шаруаға үлкен жеңілдік беретін. Көкалалы жылқының сәске түсте шаңдатып көлге құлағаны,жондары жылтылдап, аяқтағанша көлден сүзіп су ішкенінің өзі бұл күнде біз үшін армандай болып қалса, қазіргілер үшін қиялдай-ды.
Жалпы көлемі 45 мың шаршы шақырымды құрайтын Ақкөл аймағы шекарасы: Солтүстігінен оңтүстігіне дейін Торғай қаласынан Қабырғаның Қияөткелі арқылы шығатын ескі қара жолмен 30 шақырым Белшұбардан Арал Қарақұмының Атанши-Ақожарына дейін, Шығысы-батыс аралығы Аққұм Боржысынан Уақтың Қызылжарына дейінгі аралықты алып жатқан Торғай (Жанкелдин ) ауданының жарты аумағына жуық. Қарақұмның мемлекет иелігі, Қызылжар-Үлкенкөл Балтасының Ақтөбе облысы иелігі екеніне қарамастан біздің ел бұларды Кеңес билігі ықпалынан кейінде 1996-шы жылға дейін пайдаланды
Тіл білімінің Жалқы есімдерді зерттейтін саласын ОНОМАСТИКА дейді.
Ономастика — гректің ат беру өнері деген сөз. Ат берілетін жалқы есімдерге: кісі есімі, жануарлар аттары, халық, ұлт, ру, тайпа атаулары, жер-су, аспан денелері жатады.
Ономастика:
- Антропонимика – адамдардың есімдер жиынтығы;
- Гидронимия — өзен, су көл аттары;
- Ойконимя – елді мекен аттары;
- Оронимя – тау, төбе, шың, қыр аттары;
- Этнонимика – халық, ұлт, ру, тайпа аттары;
- Космонимика – аспан кеңістігі:жұлдыз, ай, күн т.б.;
- Зоонимия—жануарлар әлемі.
Қазақстанда 85 мың өзен,15 мыңнан астам көл бар. Соның ең ірі, өндірістілерінің бірі-біздің Ақкөл. Біздің өлкенің қай түкпіріне барсаңда жапан түзде кездескен кішкене жырақана, сай-шұқанақтарының өзінде қаншама мағына, ашылмаған сыр жатыр!
Ақкөл аймағындағы Кісі атауымен байланысты жерлер (Темір Кірқабақ ұлының қосымшасымен):
Аймақ жерінің орналасу реті, шама келгенше, 1834-40 жылдар аралығындағы орыс әскерлерінің Хиуа хандығына жасаған Орск-Хиуа жорық жолы бойынша жаздым. Бұл жол-«Тоқа Сәтбай қара жолы» деп аталған тарихта. Орскіден (Жаманқала) шыққан жол Өлкейік өзенін бойлап, ащы Қабырға қосылатын Хан — Жалаудан екіге айырылады. Торғай құлайтын бұл жол Торғай өзенінен бірі — Батпақ суаттан, екіншісі — Жыңғылды арқылы өтеді. Алғашқысы Шөптікөлдің шығысымен Жетікөл Батпалатып Жыланшықтың Жылқыбай өткелінен өтіп Қаражоталатып Шанышқан тұмсықтан түсіп Сарысайда жолдың екінші — Жыңғылдыдан шығып Ақкөлдің батысынан өтетін жолдың негізгі бөлігіне қосылып Қота нұра асып, Астауқопа, Тегене арқылы Қарақұмды көктей өтіп Арал құлайды.
Ибраһим АҒЫТАЙҰЛЫ,
журналист, этнограф, өлкетанушы
(Жалғасы бар)