Кісілік пен кішілік

Академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің туғанына – 80 жыл

 8

Есімі әлемге танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, жерлесіміз Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазиннің туғанына 80 жыл толды.

 Арыс еді Өмекең

Ол 1936 жылы Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Қараоба ауылында туған еді. Алақандай ауылда туған бала өсе келе әлемге танылды. Оның еңбек жолын көктей шолып көрейікші. Қазақ мемлекеттік университетінің студенті, сол білім шаңырағының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі. 1978-1986 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының математика және механика институтының директоры, Қазақстан Ғылым академиясының физика-математика бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті, 1988-1994 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының президенті, 1991 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Ғарыштық зерттеулер институтының директоры болды.

Өмірзақ Махмұтұлы АҚШ-та, Англияда, Францияда, Германияда, Жапонияда және басқа да көптеген шетелдің белгілі университеттерінде лекция оқыған, сол ел ғалымдарымен бірлесе талай зерттеулер жүргізген үлкен ғалым. Карлов университеті мен Плзень қаласының электротехникалық институтында тасымалдау теориясының математикалық проблемалары жөнінде лекция оқып, «Сызықты Больцман операторының теориясындағы спектр мәселелері» жөнінде ғылыми жұмыспен шұғылданды. АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде «Сфералық гармоника әдісінен туындайтын Фридрикс бойынша симметриялық гиперболалық жүйелер» туралы лекциялар оқып, профессор Б. Келлогтың (Мериленд университеті) семинарында «Сызықты емес Больцман теңдеуінің дискретті моделі» жөнінде баяндама жасап, профессорлар – Филипске (Оңтүстік Калифорния университеті) мен Р.Лакска (Куранттың математика институты. Нью-Йорк) жолығып, сәуленің тасымалдату теориясындағы есептердің шешуін жуықтап есептеу мәселелерін талқылады. Чехословакияда, Кубада, Польшада, Германияда, Жапонияда, Ирландияда, Италияда, Австрияда, Францияда, Иранда, Швецияда және басқа көптеген алыс та жақын шетелде профессор Сұлтанғазинді жақсы біледі, ол мұнда талай лекциялар оқыды, талай ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Өмірзақ Махмұтұлы осы саладағы бүкіл әлем мойындаған ғалым болатын. Алыстағы Кентуки қаласының құрметті азаматы еді.

Ол көрнекті қоғам қайраткері еді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазақстан Бейбітшілік қорының төрағасы, Ғылым мен техника жөніндегі Мемлекеттік сыйлық комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы математиктері ұлттық комитетінің төрағасы және басқа көптеген қоғамдық жұмысты белсене атқарды.

Ол қазақстандық ғарышкерлер үшін ғылыми бағдарлама жасаған, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшуына тікелей араласқан ғалым болатын. Оның апаттық аймақтардың жағдайын зерттеудегі математикалық тәсілдері ғылымға қосылған соны үлес еді. «Мир» ғарыш станциясында академик жасаған бағдарлама күні бүгінге дейін қолданылады.

Академиктің Отан алдындағы еңбегі Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Тәуелсіз Қазақстанның «Парасат» орденімен, С.П.Королев атындағы, П.Л. Капица атындағы алтын медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше Құрмет грамотасымен аталып өтілген еді. Оған КСРО Мемлекеттік сыйлығы, Қазақстанның  Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы берілді.

Академик Сұлтанғазин тек математик қана емес еді, оның ғылымның талай салалары бойынша жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері рухани дүниемізге қосылған ерекше құндылық еді.

Міне, осындай арыс еді Өмекең.

Асыл азаматты еске ала отырып, көңілде жатталып қалған кейбір қимас сәттер туралы сыр сабақтауды жөн көріп отырмын.

«Қарақшы сияқты қайдан шыға келдіңдер»

1969 жыл. Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің соңғы курсында оқитын тұс. Тілектес, ниеттес болып, түсініскен Мәрзия атты қызым бар. Сол құрбымды курстас жолдастарыма таныстырып, студенттік сауық-сайранды бірге өткізіп жүрген кез. Бірге оқитын Жолбарыс Әбішев деген қызылордалық жігіт ашық та жарқын Мәрзияны көрген сайын:

– Ау, Қостанайдың қызы, осы сенің аяғы қисық, көзі қыли не апаң, не сіңлің болса, бас салып үйленер едім, –  дейтін. Бәлкім, онысы Мәрзияның бойындағы жақсы бір қасиеттерін түйсінгендіктен, мұндай қыздың бауырлары да жаман болмас деген ниеттен де шығар. Мәрзия ойланбастан:

– О, Жөке, менің аяғы да түзу, көзі де сау тамаша апам бар, танысқың келсе, не тұрыс, –  деп отқа май құя түседі.

Ақыры Жолбарыс досым Мәрзияның Нәзира деген апасымен танысып, ғашық болды да қалды. Нәзира халық шаруашылығы институтын бітіріп, облыстық тұрмыстық қызмет комбинатында экономист болып қызмет істеп жүр екен.

Әне-міне дегенше оқу да аяқталғалы тұр. Жолбарыстың менен екі жас үлкендігі бар:

– Бала, сен қоя тұр, ағасы тұрғанда інісіне жол жоқ, алдымен мен үйленемін, –  деп той жабдығын бастап та кетті.

Жаңалықты естіген Нәзира мен Мәрзияның осы Алматыда тұратын апа-жездесі Райхан мен Өмірзақ ол жігіттерді алып келіңдер, танысайық дейді ғой.

Сабақты ине сәтімен. Сол кезде Өмекеңнің докторлық диссертациясының ғылыми жетекшісі, есімі бүкіл әлемге танымал ғалым, академик Гурий Марчук келіп жатыр екен. Кешкілік Сұлтанғазин үйінен дәм татпақ. Нәзира мен Мәрзия қонақ күту қамымен сол үйде болмақ.

– Сендер бәлен уақытта, кешкілік академик Марчук кеткен кезде келе қалыңдар, үлкен кісінің сарқытын ішіңдер, – деген Мәрзия.

Уәде байласып, Өмекеңдер сол кезде тұратын Морис Торез көшесіндегі үй маңына қас қарая, бір киерімізді киіп, Жөкең екеуміз де жетейік. Академик Марчук қашан шығады деп күтіп тұрмыз, баса-көктеп үйге кіріп баруды ыңғайсыз көріп, ұзағырақ тұрып қалдық. Бір кезде қонақтар шықты, есік алдында да біраз қауқылдасты, біз, екі студент ағаштың тасасында тығылып тұрмыз. Қонақ машинаға мініп, алысқа ұзай берген сәтте ағаштың тасасынан сау етіп екі сидиған ашқұрсақ студент шыға келейік. Екі қыз екеумізге жақындап келеді. Біз Өмекеңе «ассалаумағаликумді» жаудыртып жатырмыз. Әрине, балдыздары алдын ала айтып қойған болар:

– Әй, екеуің екі жақтан қарақшы сияқты қайдан шыға келдіңдер? – деп күлді. Күлді де екеумізді қолтықтап алып, үйіне бастады.

Содан Өмекең қашан дүниеден өткенше ағалы-інілі жандардай ерекше мәнді де мағыналы дәурен кештік. Бір өкініштісі, енді Өмекең де, Жолбарыс та жоқ. Белгілі журналист, талантты аудармашы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жолбарыс Әбішев Парламент Мәжілісінің аппаратында жауапты қызмет атқарып жүріп, ауыр науқастан дүние салды. Жерлеуіне қатысып, топырақ салдым.

Өмекең қайтыс болғанда бір уыс топырақты сол Жөкеңнің атынан да салғаным бар.

 «Құданы құдайдай сыйлаған халықпыз ғой»

Сол Жолбарыс пен Нәзираның үлкен ұлы Айдар үйленетін болып, Шымкенттің Арыс қаласына құдалыққа бардық. Болашақ келініміздің аты да Райхан екен. Айдармен екеуі Алматыда мектепте бірге оқыған, сынып жетекшісі менің немере апам Дәмеш Тойшыбайқызы болыпты. Екеуі де алғыр, тәрбиелі бала. Бүгіндер бір ұл, бір қыздары бар. Қытайдағы Қазақстан елшілігінде қызмет істейді. Болашақтарынан мол үміт күтетін, білімді де икемді, бауырмал жастар.

Келін жағынан құдалар келгенде дастарқан тізгінін Өмекеңнің өзі алды. Сен екеуің мынаған ие болыңдар деп ұзын мойын, қысқа мойын шишаларды бізге жылжытты.

Құдаларға да, жас жұбайларға да ерекше бір тебіреніспен игі тілек айтты, құдаларын құдайдай сыйлайтын халықтың ұрпағымыз ғой деп, ерекше қызмет жасады. Әзілге де, сөзге де ұста академик өз басынан өткен талай қызықтарды айтып, қыран-топан күлкіге бөледі. Құдағи мен құдашаларды да алақанға салды. Құданың үлкен баласы Шәмшиден медицина ғылымының кандидаты екен, Алматыда үй салып жатқанын біліп, назарын соған аударды.

– Жап-жас жігіт екенсің, Шәмшиден, бүгінгі ғылымға өзің сияқты ұсынықты, жігерлі, жас жігіттер керек, – деп бір қойды.

Содан кейін сәл ойланып барып:

– Бүгіндер ештеңеге ебі, икемі жоқ бір ұрпақ өсіп келеді, әке-шеше дәулетіне мас болып, бетімен жүргендерден сақтасын, – деп тағы бір ойдың ұшын шығарды.

Өмекеңнің айтып отырған сөзінің де жаны бар еді, алдында ғана үлкен қызметтегі бір дөкейдің баласының орынсыз қылығы туралы теледидардан айтып жатқан болатын. Ал Жөкеңнің құдасы да олқы адам емес, Оңтүстік Қазақстан темір жолындағы белгілі адам, Социалистік Еңбек Ері… Құдайға шүкір, өсіп-өнген балалары да жаман емес екен…

Осы Өмірзақ Махмұтұлының өз балалары да өнегелі өрендер. Қыздары Жанат – ғылым кандидаты, бизнестегі белгілі адамдардың бірі, ұлы Алмас та ғылым кандидаты, бүгіндер белгілі «Сулпак» холдингінің президенті. Ортаншы қызы Салтанат та болайын деп тұрған бойжеткен еді, әттең, ауыр науқастан 18 жасында үзіліп жүре берді. Жанаттың жолдасы Нұрлан да өлімге қимайтын өндір жас болатын, білікті дәрігер еді, тура келген ажал шіркінге не істеуге болады, альпинизммен айналысып, тауға өрмелеп бара жатып, кездейсоқ қайғылы оқиғаға душар болды. Ол Ілияс Жансүгіровтің жиені болатын. Ұлы мен қызы жағынан құда-құдағиларына жан теңгермейтін Өмекең. Немере-жиендерін алақанға салатын. Жастай өмірден өткен Салтанатын жиі еске алатын. Тіпті Германияға осы қайтып келмес соңғы сапары алдында да қызының Кеңсайдағы зиратының басына барып, қып-қызыл гүл шоқтарын қойып, дұға бағыштап оралыпты академик. Мәңгілікке тыныстаған ағаның өзіне де сол қызының қабірі жанынан топырақ бұйырды.

Қоштасу

Академик Өмірзақ Сұлтанғазин қайтыс болғанда оны соңғы сапарға аттандыруға Қостанай облысы атынан арнайы делегация қатысты. Оны облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Гүлнәр Құсайынова бастап барды.

Делегация құрамында Өмекең туған Сарыкөл ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Нұрғалиев, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымының докторы, профессор Хұсайын Уәлиев, Қостанай педагогика институтының кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, Өмекеңнің туысы, бала жастан бірге өскен досы, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Төлеу Тентеков және осы жолдардың авторы болды.

Алматы жұртшылығы халқымыздың біртуар ұлымен қимас көңілмен қоштасты. Қазақ елінің көк байрағы жабылған табыт Ұлттық Ғылым академиясының кең залына қойылды. Табыттың жан-жағын ұйымдар мен мекемелерден келген азагүлдер көмкерген. Оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз атынан қойылған венок та бар. Үкіметтен, Парламенттен, Алматы қаласы әкімдігінен, Ғылым академиясынан, жоғары оқу орындарынан, мекемелер мен ұйымдардан қойылған азагүлдерде сан жоқ.

Әскерилер құрметті қарауылға тұрған. Жерлеуді ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, белгілі ғалымдар, жұртшылық өкілдері құрметті қарауылға тұрып, аза тұтуда. Қостанайдан барған жерлестері де үнсіздікпен бас иіп, Өмекеңнің туған-туыстарына көңіл айтты. Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен басқа да билік басындағы азаматтар академик ағамен қоштасу рәсімдерінің үнемі басы-қасында болды.

Өмірзақ Махмұтұлымен қоштасуға келген халық легі толастамады. Олардың бәрі халқымыздың аяулы ұлын соңғы сапарға шығарып салуға арналған азалы митингіге қатысты. Қаралы жиынды сол кездегі  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова ашып, Өмекеңнің өмір жолына, оның ғылымға қосқан өлшеусіз үлесіне, азаматтық келбетіне тоқталды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, Өмекеңнің өмірдегі де, ғылымдағы да айнымас досы Кенжеғали Сағадиев біздің даңқты жерлесіміздің кісілік те, кішілік те қасиеттерін, оның азаматтық, парасаттық, отансүйгіштік қасиеттерін кеңінен қозғады, тебірене, толқи сөйледі. Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, академик, Халық қаһарманы Мұхтар Әлиев, Қазақстаннан шыққан тұңғыш ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің сөздері жиналған жұртты толқытты.

Құрметті қарауыл екі қатарға тізілді, ортасындағы дәлізден өткен академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің мәйіті салынған табыт әскери зеңбіріктің лафетіне қойылды. Ол бронетранспортерге тіркелген. Азалы әуен сай-сүйегіңді сырқыратады. Қаралы кортеж Кеңсайдағы зиратқа бет алды. Ағылған халықта сан жоқ. Оның қабіріне топырақ салуға мыңдаған адам қатысты. Оның ішінде Өмекеңнің талантын құрметтеген талай марқасқа азаматтар болды.

Өмірзақ Махмұтұлының асына жиналған жандар да академиктің тамаша қасиеттерін, оның ғылымға қосқан үлесін ерекше атап көрсетті. Әсіресе, Бәйкен Әшімов ақсақалдың тебіренісі талайымызды толқытты. Академиктер Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев және басқа ғалымдар, Мәскеуден арнайы келген ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, Дариға Назарбаева және де басқа көптеген елімізге белгілі азаматтар Өмекеңнің жарқын бейнесінің әрдайым есте сақталатынын, оның ғылымдағы еңбегі мәңгі жасайтынын ерекше атап көрсетті.

Ғұлама ғалым, жаны нәзік біртуар азаматтың қазасына байланысты талай шетелдерден, бұрынғы Одақтас республикалар Ғылым академияларынан, жүздеген таныс та бейтаныс жандардан көңіл айтқан жеделхаттар санында да шек жоқ.

Қостанайдан барған делегация мүшелері Өмірзақ Махмұтұлының отбасының шақыруы бойынша оның өз ошағында болып, қонағасыға қатысты. Марқұмның аруағына құран бағыштады.

Өмекеңнің жұбайы, Қостанайдың Сарыкөл ауданының қызы Райхан апа, балалары Жанат пен Алмас, барша ағайын-туған жерлестеріне Өмірзақ Махмұтұлына көрсеткен құрмет-ілтипат үшін ризашылық сезімін білдірді. Елге сәлем айтты, тілектестік көңілдерін, алғыс сезімдерін жеткізуді өтінді.

Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Сәбит Байзақов, Фазылхан Бәйімбетов, Қоғабай Сәрсекеев бастаған қостанайлық ғалымдар мен жазушылар Қостанайдан барған азаматтарға пейіл-ықылас білдіре жүріп, академик Сұлтанғазинді соңғы сапарға ерекше құрмет және ізетпен аттандыруға өлшеусіз еңбек жасаған еді.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық. Өмекеңдер болса жақсылардың ішіндегі жайсаңы, ғалымдардың ішіндегі майталманы еді. Олай болса оның аты да, заты да өлмейді, мәңгі жасайды.

Сәлім МЕҢДІБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қостанай қаласы

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *