Қазақстанға рахмет…

narat-05

Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы оқиға еді, әлі күнге ойымнан кетпейді. Қытайдағы Іле қазақ облысына қарасты Үлкенқұштай деп аталатын туған жерімізге барып демалып жатқан кезіміз еді. Мен туған ауылмен жапсарлас отыратын Қайыңды деген ауыл бар. Бір күні сол ауылдағы туысқан ағамыз үйіне қонаққа шақырды. Біз де айтулы уақытта сол үйден төбе көрсеттік. Түс мезгілі болатын. Үйге жасамыс тартқан, қараторы көрші әйел саңғырлай сөйлеп кірді. Аман-саулық жасасып, қазақы жолмен төрге шығардық. Сөз арасында біздің Қазақстаннан екенімізді білген соң: «Ой, Қазақстаннан келдіңдер ме? Айналайын, қандай ғажап ел» деп тебіренді тәтеміз. Көршінің мына сөзі менің назарымды өзіне аудара бастады. Бұрын-соңды Қазақстанды көрмеген адам, бұлай айтуына не түрткі болды екен деген оймен: «Иә, сол елден келдік, бірақ сіз ол жаққа бармаған сияқты едіңіз…» Сөзімнің соңын жұтып ала қойдым. Көрші тәтем менің ойымды бірден түсіне қойды. «Ой, ана біздің Жалғасты көріп айтам да (Жалғас осы кісінің жалғыз ұлы еді). Ол да сендер сияқты сонда кетпеді ме, екі жыл өткен соң бір келіп кетті. «Құдай-ау, мынау менің ұлым ба?!» деп таңғалдым. Бұрын тал түске дейін керіліп ұйықтап, алқам-салқам киінетін, түймесі үзіліп, жерге түссе де қарамайтын, мен тамақ дайындап бермесем аш өлуге даяр тұратын Жалғасым мүлде басқа адам болып оралды. Мың айтып, бір рет тілімді өткізетін ұлым зыр жүгіріп жүр, кірін өзі жуады. Кейде тамақ жасап жібереді. Жасаған палауын айтсай, өте дәмді. Сөйтсек, Қазақстан адамды сондай өзгертіп жіберетін жер екен ғой, Қазақстанға рахмет! Мұндағы ана бір түкке септігі жоқ боқмұрындарыңды сонда бір жіберіп алмайсыңдар ма?!» дейді тәтеміз. Шайымызға шашалып, бір рахаттана күліп едік. Сол тәтеміз айтқандай, бүгін арамызда жүрген елдің қадір-қасиетін білмейтін кейбір адамдарды шетелге он-ақ күнге қонаққа жіберіп алса ғой, шіркін. Қайтып оралғанда мына жерді жата қалып сүйетін еді!

Мұқият ҚОЙШЫБАЙДЫҢ

Фейсбуктегі парақшасынан

 

Фотода Қытай қазақтарының Нарат атты жері, сурет Интернеттен алынды

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *