Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы туралы

Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы (1693 – 1752) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқан елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған, Бұқар жырау сөзімен айтқанда: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Ормандай көп орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі. Мұның сыртында ол ауыздыға сөз бермеген, қиянатқа жол бермеген әділ би, діни сауатты кісі болған. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасынан.
Халық өзінің сүйікті ұлын кезінде «Шақшақ Жәнібек», «Шақшақұлы Жәнібек» деп атап кеткенімен, Шақшақ оның үшінші атасының аты. Шақшақтан Көшей, Көшейден Қошқар, Қошқардан Жәнібек туады.
Атасы Шақшақ Аманжолұлы – қазақ ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің қолбасшыларының бірі болған. Шақшақ жауға шапқанда арғынның ортақ ұраны «Ақжолды» айтпай, өз атасының атын атап: «Аманжолдап» шабады екен. Содан Аманжол Кіші жүз жақтағы арғындардың ұранына айналған. Жәнібек те жауға осы ұранмен шапқан. Ол – ұзақ ғұмыр жасап, қазақтың Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілқайыр секілді хандарымен, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билерімен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырларымен бір болып, еліне елеулі қызмет еткен тарихта орны бөлек ерен тұлға. Абылай хан қашан ерлігімен танылғанша, үлкен қолбасшы Жәнібектің қарауында, қатардағы сарбаздардың бірі болған. Оған әйгілі Айтпай батырдың Абылайға айтқан:
«Абылай , сен орта жүзге келгенде,
Жұлдызың туды оңынан. Түйе баққан жаяулап,
Айрылдың қалың сорыңнан. Көкбестідей ат мініп,
Қошқар ұлы Жәнібектің тобынан,Қалмақты шауып бақ таптың,
Алғашқы барған жолыңнан» деген сөздері куә.

Белгілі қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев 1993 жылы Торғайда өткен Шақшақ Жәнібектің 300 жылдық тойында былай деген еді.
«… Екі жолбарысты соңына ерткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты боп, айбынын асырған батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, кісінің тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен би Жәнібектің біз үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығы мен сол билігін елдарлыққа жұмсағандығы. Меніңше, жаңағы айтқан сыртқы архивтердің құжаттарында да Жәнібек атының жиі кездесетіндігі де осы елдарлықтан шығар. Әңгіме болып жатқан кезеңде қазір де ұлықталып отырған билердің де, батырлардың да көбі тірі жүр еді. Алайда генерал-губернатор Неплюев 1742 жылы патша ағзамға Жәнібекті: «бұл екі ордаға да бірдей қадірлі, екі ордада да хандардан да беделі артық, екі ордада хандармен бірдей тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ете алатын бірден-бір адам», – деп бағалап, сондықтан да «басқа адамдармен шатастырмас үшін оған тархан атағын дара, ешкіммен араластырмай жеке беру керек» деген ұсыныс жасауы да тегін болмаса керек.
Мұндай жағдайда Жәнібек бабамыз жайындағы кептердің басын ашып алғанымыз дұрыс. Ол кісі жайлы парасатты әңгіме енді ғана басталды. Жәнібектің қазақ үшін қадірлі болатындығы тек батыр болғандығы үшін ғана емес, қазақта мыңдаған батырлар болған. Бәлкім алысқанда Жәнібектен де жауырындылау шыққан батырлар аз емес шығар. Түсірген жауының саны көп батырлар да бар шығар. Бірақ Жәнібектің Жәнібек болуының ең басты сипаты оның батырлығында емес. Батырлық оның «сегіз қырлылығының» алдымен көзге түскен бір қыры ғана. Жәнібекті ұлан-асыр тарихтық төріне шығарып тұрған нәрсе – оның шын мәніндегі саясатшылығы. Шын мәніндегі мемлекеттік қайраткер екендігі.
Оның үстіне, менің Жәнібекті қатты қадірлейтіндігім – қазақтың мемлекеттігіне адалдығы. Өйткені, орыс үкіметі болсын, жоңғардың қонтайшысы болсын, қытайдың боғдаханы болсын, қазақты билеп тұрған, оған ықпалы зор хандар мен батырларға ғана хат жазған. Кез-келген батырға, биге хат жазған емес. Ол батырлардан орта жүзде – Арқадағы Жәнібекке, Түркістандағы Нияз батырға, кіші жүзде – жеті руды бірге билеп отырған Бөкенбай мен Есетке ғана хат жазған. Қалған бірде-бір батырға хат жазып, арнайы дипломатиялық депеше жүргізіп көрген емес.

Осының өзіне қарап отырып-ақ мынадай жағдайды түсінуге болады. Батыр болсын, басқа болсын, Жәнібек – ұлыс бегі. Қазақтың бүкіл бір ұлысының тұтастығын қамтамасыз еткен саяси басшы. Аса ірі саяси тұлға. Ендеше, ол еліміздің егемендігі жолындағы көпғасырлық күресінің де мақтанышы бола алады.

Сонау бір 1941 жылдың ауыр күндерінің бірінде Бауыржан Момышұлы бастаған полктің жауынгерлерін Алматыдан шығарып салып тұрып Мұхаң /Мұхтар Әуезов/ айтқан екен. – Шақшақ Жәнібек бабаларың жорыққа аттанарда: — «Егескен дауға кездестір, құрсаулы жауға кездестір», — деп өзіне-өзі егес бата етеді екен. Сол бабаларыңның аруағы сіздерді қолдай берсін дегенде, Баукең: — «О аруақ,қолдай гөр»-деп айқай салған екен. Бізді де аруақтар қолдай берсін!

Анықтама ретінде
2006 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасы ҚР Генералдар кеңесі қауымдастығының төралқа төрағасы, әділет Генерал майоры, профессор Р.Е.Қайдаровтың басшылығымен «Генералы Казахстана» атты кітап орыс тілінде жарық көрді. Кітапта: «Указ императрицы Элизоветы Петровны о присвоени звания Тархана Шакшак Жанибек батыру был опубликован 26 августа 1742 года. Поэтому Тархана Жанибека следует считать первым, признанным соседними народами, военным главнокомандующим казахского народа», – делінген. Иә, сөйтіп қазақ ұлтында халықаралық деңгейде мойындалған, заңдастырылған тұңғыш генерал пайда болды, ол – Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр еді.
Осы кітаптың он сегізінші бетінде белгілі орыс тарихшысы А.И.Левшиннің 1723 жылы: «Не будь Жанибека тархана, вся Северная часть казахской степи очутилась бы под копытами войска джунгарского хунтайчы Сыбана Рабтана» – деген сөзі де берілген.
Аталған кітапқа алғысөз жазған Республика Президенті, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деген: «Это книга рассказывает о людях, посвятивших свою жизнь высокому служению Родине, – славной плеяде генералов Казахстана». Немесе, оларға Армия генералы М. Алтынбаевтың басшылығымен 2001 жылы орыс тілінде шыққан « ҚР-ның әскери энциклопедиясын» оқысын дер едім. Онда тайға таңба басқандай Шақшақ Жәнібек тарханды қазақтан шыққан тұңғыш генерал деп жазып көрсетілген.
Жәнібек тарханның өмірі мен ұлтына сіңірген қызметі жайлы тарихшылар В.Бартольд, И.Крафт, В.В.Вельяминов – Зернов, И.Андреев, И.Ф.Бларамберг, И.Рычков өз заманында тамсана жазып кеткен. Тархан Жәнібек жайлы ұлт тарихын біраз зерттеген Шоқан Уәлиханов та ілтипатпен ақиқатты жазған. Сол заман тарихына зер салған адам тархан Жәнібек батырдың өзінің қалың қолымен, басқа да батырлармен бірге 1728 жылы Бұланты өзенінің Сарысуға құяр тұсында, сондай-ақ 1730 жылы Балқаш көлінің маңындағы атақты «Аңырақай» шайқасында жоңғарлардың әскерлеріне шешуші соққы бергендігі жайлы тайға таңба басылғандай жазылған. Бұл лайықты бағалауға тұрарлық ерліктің өзі емей немене?!
Қорыта айтқанда бұл күндері әлем мойындаған қарқынды даму арнасындағы гүлденген Қазақстан Республикасының жер бетінде болуының өзі жоғарыда есімдері аталған, ұлт мақтанышы – батыр бабаларымыздың ұрпаққа қалдырған бағасы, өлшеусіз сыйы. Олардың ішінде Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тарханның есімі «жетімсіреп» жүргендей. Ал ұлт Көшбасшысы Н.А.Назарбаев болса былай деген: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген».

Арман СӘБИТБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *