Апат төнгенде «аттан» емес, ауызбіршілік керек, ағайын!

Құрметті редакция!
Мен Әулиекөл ауданының Көктал ауылында тұрамын. Осы жерде туып-өсіп, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азаматтардың атынан бір ауыз базынамды жеткізгім келеді.
Біздің ауылымыз аудан орталығынан қашықтау орналасқанымен, күнделікті өмірі жанданып, біреуден ілгері, біреуден кеш келе жатқан қазақы елді-мекендердің бірі.
«Апат айтып келмейді» дейді. Кеше ғана күн күрт жылынып, су тасу қаупі төнгенде, біздің ауылымыздың да іргесін су басты. Бірақ, қиын жағдайда ауыл адамдары абдырап қалған жоқ. Бәріміз бір кісідей жұмылып, тіршілік қамын жасауға кірістік.
Бүкіл жағдайдың қиындап кетпеуіне себеп болған бір жайт – жергілікті биліктің дұрыс іс-әрекеті деп білеміз.
Ауылымызға қауіп төнгенде аудан әкімі мен төтенше жағдай қызметшілері дер кезінде жетіп, қызметін көрсетті. Керекті техника жеткізіліп, судың бетін қайтаруға қам жасалды.
Сонымен қоса, аулымызға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзі арнайы келіп, жағдайды бақылауға алды. Тұрғындармен кездесіп, жағдайымызды өз көзімен көрді. Ел азаматтарына тиісті тапсырмаларын берді. Ауыл адамдарының көптен көтеріп жүрген мәселесі шешіліп, жаңа мектеп құрылысына ақша бөлінетін болды. Күре жол мен ауылымызды қосатын бұрыс жатқан жол да жөнделеді екен.
Өкініштісі, осы жағдайдан бейхабар, әрісі Астана, берісі Қостанайда отырған журналистер, қарапайым азаматтар ақпарат құралдарында, ғаламторда «билік ештеңе қарап отырған жоқ» деп айып тағуда. Бұл ешбір шындыққа жанаспайтын ақпарат.
Біз су тасыған бірінші күннен бастап күні бүгінге дейін әкімдіктің, тиісті құрылымдардың жәрдемін көріп отырмыз.
Менің жеке шаруа қожалығым бар. Біз де қарап қалмай, елге көмек ұсынып жатырмыз. Қиын жағдайда «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, бірлігімізді танытып отырмыз.
Біреулер сол бірлігімізді, тату тірлігімізді көрмей, білмей, сыртымыздан тон пішіп жатқаны жанымызға батады.
Халқымызда «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Одан да елдің тыныштығын, мал-жанның амандығын тілейік. Қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын берейік дегім келеді.
 
Ғинят Хасенов,
шаруа қожалығының басшысы,
Әулиекөл ауданы

Мынаны да қараңыз

ЗАҢДЫ БІЛМЕГЕНДІКТЕН ЗАРДАП ШЕГЕТІНДЕР КӨП

Қоғам белсенділері осылай дабыл қағады «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің басшысы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *