Ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы – Кейкі батырға көрсетілген бұл қандай құрмет?!

 

немесе көзі тірісінде халық батырының бас сүйегін жоқтап

боздаған қарияның боздауы

 

ХХ ғасырдың соңында, көп ғасырлар бойына ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, осынау уақытта жоғалтқан ұлттық құндылықтарымызды түгендей бастағанымыз әр қандасымыздың есінен оңайлықпен өшіріле де, ұмытыла да қоймас. Отаршы Ресей империясының «бұратана халық» деп айдар таққан аз халықтарға жасаған репрессиялық жойқын қысымын, шектен шыққан үстемдігін қалай ұмытарсың!

Қазақ халқының хандық үкіметін алдаусыратып, «Қазақтар біздің қолтығымызды өздері келіп паналады» деген желеумен 1822 жылдан бастап өз «қамқорлықтарына» алған Ресей империясы шетсіз-шексіз кең даламызға көздерінің сұғын қадап, отаршылдық саясатын ашықтан-ашық жүргізіп келді. Осы «қамқоршы» алып күштің отаршыл саясаты бел ала бастаған ХVІІ ғасырдан бастап, 1986 жылғы ызғарлы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі аралықта кеуделерін өзгелерге басқызбаған қазақ халқы отаршыларға қарсы 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілісті басынан кешіріпті. Қашаннан бейбіт, тыныш өмірді қалаған халқымызды елімізге еркінсіп келіп, сұраусыз төрімізге шыққан қара шекпенділер аяусыз жазалап, қанға бөктіріп келгеніне енді көз жеткізгендейміз. Баға жетпес құндылығымыз – тәуелсіздігіміздің арқасында, үш ғасыр аясында ұлтымыз басынан кешірген қорлық пен зорлықтың не бір шектен шыққан түрлерін түйсігімізбен түсініп жатырмыз. Сол зобалаң ғасырлардың шыншыл шежіресін жасау, тарихи тұлғалардың ақиқат болмысын ашып көрсету елін, жерін сүйетін өскелең ұрпақтың еншісіне тиіп отыр. Олар бұрынғыдай төл тарихымызды бұрмалауға жол бермеулері керек. Бұл әрине жауапты жұмыс. Өйткені, таңбалы тарихымыз өткен өмірімізді сөз еткенімен, оның өнеге болар тағылымы бүгін мен болашаққа қызмет етеді. Сол өзегімізді өртейтін өткен өміріміздің қазанында сақылдап қайнаған құбылыстарды, оқиғаларды бүге-шігесіне дейін қалдырмай ашық айтып, таным көкжиегін кеңейтуге қаламгерлер, драматургтер, киногерлер ат салысулары қажет.

Ол үшін олар тарихымызда орын алған оқиғаларға көкірек көздерімен қарап, талғам таразысына салып таразылап, жоғарыда айтқан қазанның қаспағын шындықтың қырғышымен қырып, болған істі боямасыз көрсетулері керек. Бұл өткен тарихымызды танып-түсіну үшін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тиянақты жүргізуге өз септігін тигізері хақ. Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бастап халқымыздың азаттығы үшін қанын төгіп, шыбын жанын елі үшін құрбан еткен халық батыры Кейкі Көкембайұлы жайлы аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. Сонда да, Кеңес үкіметін орнату тұсында құралайды көзге атқан қол мерген жайлы оқырмандардың көкейіне қонымды дерек көздерінің аздығы көрініс тауып, еріксіз бас шайқатып келеді. Қылышынан қан тамған кеңестер заманында Кейкі батырды «бас кесер банды», «халық жауы» деп атап, оның есімін атауға қатаң тиым салынды. Осындай теріс насихаттың салдарынан қазақтың хас батыры жайлы қара халықтың санасында керағар ұғым қалыптасып келді. Кеңес үкіметі тұсында ол жайында «Құланның ажалы» атты роман жарыққа шықты. Бұл тарихи романда Кейкі батырдың прототипі – Құланның өмір жолы баяндалады.

… «Құланның ажалы» үлкен символикалық атау. Жаһанда жортқан жалғыз батыр, соның үнсіз тұншыққан қуаныш-мұңы, меңіреу сары дала, үміт пен күдік арпалысы – романға желі болып тартылған лейтмотив әуендері осы. Адамның жеке басының қасиеті қай уақытта артады, ерлік, қаһармандық сыры неде, бауырмалдық пен жат жұрт дұшпандықтың түп төркіні қайда жатыр, осыған да Ақан (романның авторы Ақан Нұрманов – авт.) бірсыдырғы, байсалды жауап береді.

«Құлан атты мерген бүгінде әлеумет ісінен, халық мақсатынан қол үзіп, жапан түзде жалғыз қалған. Албырт көңіл, ақ жүрек батырды оқымаған қараңғылық зардабы бір жеңсе, жаңа өмірдің қуатты ағысының екпіні екінші жеңіліске ұшыратады», — деп өз көзқарасын білдіріпті романға алғысөз жазған қаламгер Рамазан Тоқтаров. (А. Нұрманов, «Құланның ажалы», Алматы, «Жазушы», 1976, 5 бет) Роман «Құлан батыр ат үстінде қаздиып отырып мәңгілікке көз жұмды» деп аяқталады. Оқиғаның бұлай аяқталғанына алғашқыда көңілім толыңқырамай жүруші еді, оның өз себептері бар екен. Өмірден 34 жасында өткен А. Нұрманов көзі тірісінде «Құланның ажалы» романын аяқтай алмапты. Кезінде жазушымен бірге оқыған елімізге танымал қаламгерлер – Әкім Тарази мен Қалихан Ысқақовтар достары үшін романды жалғастырып, жарыққа шығарыпты. Бұл олардың Ақандай адал достарына көрсеткен адалдықтары болса керек. Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейтін мына заманда адал достарының роман авторына деген көзқарастарының кіршіксіз таза екеніне көзімді жеткіздім. Сондықтан шынайы достардың достық сезімдерінің мөлдірлігіне тәнті болдым. Өнер адамдарының шығармалары оқырмандарына несімен құнды деген сұрақ туындайтын болса, өз басым шығарманың құндылығы – шыншылдығы мен шынайылығы деп жауап берер едім. Халық батыры – Кейкі Көкембайұлының (Азан шақырып қойған аты Нұрмағамбет – авт.) қилы тағдыры жайлы жазылған шығармаларда бірізділік байқалмайды. Әр журналист, әр жазушы батыр бейнесін әр түрлі суреттеп, тарихи деректерді бұрмалап жүр. Олардың жазған шығармаларында оқырмандарының көкейінен шыға бермейтін күмәнді тұстары көп. Шындықпен жанаспайтын мұндай жәйттар тарихи тұлғаның тұғырын аласартпаса биіктетпесі анық.

1982 жылы Құланқыпшақ Кейкі батыр жайлы түсірілген «Асудағы айқас» кинофильмі көрермендерге көрсетілді. Бұл кезде ұлтымыздың азаттығы үшін шайқасқан ұлт батырының атын ататтырмайтын. Сол себептен фильмнің басты кейіпкері Ораз мергеннің 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінде көрсеткен ерлік істері бұлыңғыр баяндалады. Фильмнің сценарийін жазған мүйізі қарағайдай Олжас Сүлейменов ағамыз да, қоюшы режиссері Амангелді Тәжібаев. Бұл екі кісіні қазақтың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабары жоқ деуге аузым бармайды. Бірақ фильмде орын алған олқылықтар ол ойымды көрермендерге жеткізуге мәжбүрлейді. Атам қазақ қашаннан кепілдікке қыз баланы алмаған. Ондай істі сүйекке салынған таңба деп санаған. Осыған назаланған мерген қызды кепілдікке алған серігін «жұрт алдында қарабет қылдың» деп атып тастайды. Фильм желісінде Ораз мерген кепілдікке алынған қыздың басына бостандық беріп үйіне жібереді. Ауылында өздерін аңдығандар болса, белгі беруін сұрайды. Қыз белгісіз себептермен оларға белгі бере алмайды. Мерген қыздан белгі болмағасын, қасына екі серігін ертіп, жаралы күйінде қаруымен қыздың ауылына келеді. Үйде отырған бай Ораз мергенді де, соңынан ерген серіктерін де атып өлтіреді. Өз басым кинофильмнің басты мақсатын, айтпақ ойын түсіне алмай, дал болдым. Қанша жерден мерген жаралы болса да, байға қару қолданбағаны түсініксіз жәйт. Қарулы үш азаматты байдың жалғыз өзі жайратып салуы көңілге қонымсыз көрініс.

Сол жылдары көрермендерге көрсетілген «Құланның ажалы» кинофильмі де жұрттың көкейінен шықты дей алмаймыз. Бұл фильмде де қазақтың хас батыры Кейкі Көкембайұлының образы толық ашылған деу қиын.

Бұл Кейкі батырдың атын айтқызбайтын кезең болғандықтан, оны руының атымен Құлан деп атағаны қалың оқырманға жақсы таныс. Осындай себептермен қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен халық батырының қалың көрермен күткен адами болмысы (образы) толық ашылмаса да, оның батырлығы мен өжеттігін суреттейтін туындылар өмірге келе бастады. Сол шығармаларда жоғарыда айтқанымдай бірізділік жетіспейді, ақиқаттан аңызы басымдау. Бұл өз кезегінде өмірде орын алған оқиғаны жансақтыққа әкеліп соқтырып отыр. Бұл өткен таңбалы тарихымызға өз қолымызбен жасап отырған үлкен қиянат. Бұрын өткенімізге мойнымызды бұрғызбай, 70 жыл бойына желкемізден түспей желкелеп келген кеңес үкіметі келмеске кетпеп пе еді?! Тауықсыз да таңымызды атырған ел емес пе едік?!

Шырылдатып шындықты айтатын азаттығымызға қолымызды жеткізгенімізде ақиқатты айтуға кімнен арланамыз, кімнен тайсақтаймыз?! Тәуелсіздігімізді алған ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, санамызды әлі толық сілкілеп болмағанымыз қынжылтады. Қазір құлдық санадан біржола құтылдық деп ауыз толтырып, айта аламыз ба?! Әй қайдам! Олай дейтінім, Арқалық қаласының «Дала өлкесі» мұражайының адындағы мына бір келеңсіз көрініс, көрген жанның көңіл күйін желге ұшырары хақ. Фото суреттен кешегі кеңес үкіметінің құрушысы, алғашқы көсемі В. И. Ленинді, қазіргі таңда әлі толық тани алмай жатқан халық батыры Кейкі Көкембайұлының «күзетіп» тұрғанын анық көруге болады. Туған халқының бостандығы мен азаттығы үшін одырайған орыстармен «Сары орыстың бәрі орыс» деп ақырғы демі біткенше шайқасып өткен ұлтымыздың хас батырына көрсетілген бұл қандай құрмет?! «Ақтар келіп ағымды төкті, қызылдар келіп қанымды төкті» деген алашапқын заманда жауларымен жағаласып өткен жаужүрек Кейкі батыр туған халқынан тап мұндай «құрметті» үш ұйықтаса түсінде де көрмеген шығар?!

Көрмегеннен шығады, осы 10 жыл бойына тұрған келеңсіз көріністі Арқалық қаласына келіп-кетіп тұратын әкім-қаралар, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары қалай көрмеген?! Олар өлкетану мұражайына барғанда көздеріне қара көзілдірік киіп барған ба?! Әлде мұндай келеңсіз көріністерге халықтың қамын ойлаушылардың еттері үйреніп кетті ме екен?! Сонда ұлтымызға тән намысымыз қайда қалған?! Иә, мұндай сансыз сұрақтардың бірінен соң бірі балалай беретіні ащы шындық. Бұл не деген масқара?! Насихаттың да шегі бар емес пе?! Келмеске кеткен кеңес үкіметінің «көсемін» қашанғы дәріптейміз?! Оның Торғай өңірінің өркендеуіне қандай еңбегі сіңіп еді?! Әлде өлкемізде Лениннен басқа, өз ұлтымыздан ұртымызды толтырып мақтанышпен айтатын ұлыларымыздың болмағаны ма?! Алты ай аш-жалаңаш жүрсе де, қалың бұқара халықтың көкейіндегісін қашанда ақындар айтқан.

Торғай өңірінің танымал ақыны – Молдатай Жапаров ағамыз «Кейкі батыр ескерткіші алдындағы ой» атты өлеңінде:

…Тас мүсінге қараймын да таңданам,

Қыран кейпің қанаттарын қомдаған.

Әубәкірдің қаламынан төгіліп,

Әділбектің алтын қолы сомдаған.

 

Ұран салдың Ұлытаудың басында.

Қыран салдың Тасты-Талды тасында.

Ендігі орның Қызылқозы төрінде,

Әліби мен Аманкелді қасында.

 

Құйылған құздай Қорғасын таудың басында,

Жанары оттай ұқсаған бейне жасынға.

Ахаңдар тұрса, Жақаңдар тұрса айып па?!

Кейкі атам тұрған «күн көсемнің» қасында.

 

Азаттық үнін естірткен бүкіл ғаламға,

Дүбірі өшпес Хан Кенелердің даламда.

Ақаңдар тұрса, Ғафулар тұрса айып па?!

«Күн көсем» тұрған мұражайдағы алаңда.

 

Торғайыңа тамырыңнан байланған,

Шөлдегенде қанып ішкен қайнардан.

Ендігі орның мұражайдың алдында,

«Азаттықтың алаңына» айналған, – деп тебіреніп, ішіндегі ащы запыранын сыртқа шығарыпты.

Артық-кемі жоқ осы өлең жолдарынан ақынның негізгі айтпақ ойын түйсігіммен түсінгендеймін. Кешегі Кеңестік тоталитарлық заманда «кеңес үкіметінің кемеңгерлері» үлкен-кішімізге сөйлейтін сөзімізге дейін шайнап аузымызға салып келді емес пе?! Атам қазақтың «жас балаға шайнап берген ас ас болмайды» деген сөздің төркінін түсінгенімізге де ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бірақ санамызға әбден сіңіп қалған құлдық санадан әлі құтылар емеспіз. Билік басындағылар не айтар екен дегендей жоғары жақтағыларға жалтаңдаудан жалығар емеспіз.

Тәуелсіздігімізді алған ширек ғасырдан астам уақытта «Жерімді жатқа басқызбаймын, халқымды өзге ұлтқа басындырмаймын» деп намысын жыртып, атқа қонған халық батыры Кейкі Көкембайұлын өз дәрежесінде ұлықтай алдық па?! Кезінде оған жабылған жалған жаладан толық арашалап ала алдық па?! Өз басым «иә» дей алмаймын, оған себеп – Кейкі батыр төңірегінде айтылып жүрген, болып жатқан келеңсіз көріністер. Келеңсіз сөз бен келеңсіз көріністер қайдан өрбиді. Жаужүрек батыр жөнінде ел ішіндегі үгіт-насихат жұмыстарының мардымсыз жүргізілуінен. Оның өмірде қандай адам болғандығы жайлы оқырмандарға ақиқаттың астарының ашылмауы. Ол жайында көкірегі ояу жандар жоғарыда айтқандарыма қарап көздерін жеткізе жатар. Бұрын кеңестік дәуірдің салқын лебінен қорқып аузымызды аша алмай келсек, қазір сөз бостандығының беделі биіктеп тұрғанда аузымызға кім қақпақ қойып жатыр?! Тәуелсіздігіміздің тамаша тартуын орынды пайдаланып, жоғалтқан құндылықтарымыздың орнын қалай толықтырып жатырмыз?! Бұл сұраққа өз басым «көңіліміз көншігетіндей, көзге көрінетіндей, халқымыздың рухын көтеретіндей ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр» деп жауап бере алмас едім. Олай дейтінім, біз қазақ деген халық қашаннан ақынын ардақтап, батырын құрметтеп басына көтеріп жүретін халықпыз. Торғай өңірінен шыққан батырлардың батыры – Кейкі Көкембайұлын басымызға көтермек түгілі, оның рухын риза қылатындай жақсылық жасай алмай келе жатқанымыз ащы шындық. Оны әр торғайлық мойнымен мойындауы керек. Жалпы тарихта алар орны бөлек Кейкі батыр жайлы аз айтылып та, аз жазылып жатпағаны жайлы жоғарыда айттық. Бірақ сол айтылған, жазылған дүниелердің нәтижесі қандай?! Не өзгерді?! Өткен 80-жылдарда бүркеме аттармен батыр жайлы көрермендерге көрсетілген күмәнді кинофильмдерді жоғарыда тілімізге тиек еттік.

90-жылдардың басынан бастап халық батырына Торғай өңірінен лайықты елді-мекендердің, көшелер мен мектеп аттарын беру және ескерткіштер орнату жөнінде ұсыныстар көптеп айтыла бастады. Бірақ ол ұсыныстар кейбір билік басындағы басшылар тарапынан (облыс, қалалық, аудандық) қолдау таппай, Абай атамыз айтқандай «Баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып келеді. Бұл мәселе жөнінде ештеңе де істелген жоқ» деуіміз әрине күпірлік болар. 90-жылдардың ортасында Кейкі батырдың ата қонысы саналатын бұрынғы Амантоғай ауданында оған арнап ескерткіш орнатылды. 1995-1997 жылдары осы ауданда әкім болған іскер басшы – Сабыржан  Ахметов бір кездескенімізде «Егер ауданымыз жабылып қалмағанда ауданымыздың атын «Кейкі батыр ауданы» болып өзгертілуіне бар күш-жігерімді салар едім» деген сөзі әлі күнге дейін көкейімнен кетпейді. Жұрттың бәрі Сабыржан Ахметұлындай патриот дейсің бе?! Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл елді мекен арқылы Ақтөбе, Ырғыз жақтан келіп-кетіп жататын жолаушылардың қарасы қашанда қалың. Батыс жақтан келетін сол жолаушылар Жангелдин, Амангелді аудандарын басып өтіп Арқалық қаласына бет түзейді. Жолда «Кейкі батыр ауданы» тұрса, жолаушылардың «Торғай өңірі шын мәнінде батырлардың мекені екен ғой» өтетіндері талас тудырмас еді. Бұл ойларым әзірше арман күйінде қалып келеді. Ондайда «орындалмайтын арман болмайды, егер мақсатың айқын болса» деген сөз ойыма оралып, бойыма жиналған күдіктің ойранын шығарады. Көрінген нәрсеге күдіктеніп, келешектен күдерін үзбеген халықтың өкілі болғандықтан, болашаққа үмітпен қарап, сол үмітімді үкілеумен жүрген жанмын. Өткен жылдары: «Арқалық қаласында батыр атына көше беріледі. Фурманов елді-мекенінің аты «Кейкі батыр ауылы» болып аталады» деген сөз желдей есіп, қала тұрғындарын бір серпілтіп тастап еді.

Кейін бұл әңгіменің соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Өткен 90-жылдардың басында Кейкі батырдың ұрпақтары, ет жақын туыстары батыр бабаларын ұлықтауға көп талпыныс жасады. Бірақ олар әкім қаралардың тарапынан қолдау таба алмай, қаланың қысқа Руфия Маясова атындағы көшенің елеусіз бір жеріне батыр бабаларының ескерткішін (бюстін) қоюмен шектелді. Олардың бұл талпыныстары – осы көше түбі батыр бабамызға бұйырып қалар деген ойдан туындаған еді. Бірақ кейінірек қала басшылары қаланың іргесіндегі «жаңа поселок» деп аталатын поселкеден көше беріп, сол бюсті алғызып тастады. Шамасы бұл бюст қала басшыларының қытығына тиген болу керек. Ал, Фурманов елді-мекенінің аты батыр атамызға берілмей қалуын жұрт сол кездегі жарияланған мораториймен байланыстарады. Әйтеуір елдің, жердің тарихына байланысты бастама көтерген жергілікті халықты, жайлы креслоға жайғасқандар тышқанның ізіне салып жіберетін болды ғой. Мұндай жағдайда атам қазақ: «Бермесіңді қызартпа» деген ғой. Фурманов пен Маясованың Торғай өңірінің өркендеуіне қандай еңбектері сіңгендерін Жасаған Иеміз білмесе, ешкім білмейді. Ғасырға жуық аралықта өзіне жабылған «халық жауы» деген жаладан толық құтылып, ортамызға қайта оралған теңдессіз батырымызды неге өз деңгейінде ұлықтай алмай жүрміз?! Бұл жөнінде Кейкі батырды кеңес үкіметінен қудалау көріп жүргенде қолтығын паналатқан көрші Ұлытау ауданынан үйренеріміз көп-ақ. Бұл жердің тұрғындары батыр аталарының атағын аспандатып, рухын көкке көтеріп жүр. Халқымыздың азаттығы үшін қызылдармен қырқысып өткен қырандарына олар көше, мектеп аттарын беріп, ескерткіш орнатқан. Ескерткіштен шығады 2010 жылдың жазында Арқалық қаласының «Дала өлкесі» деп аталатын мұражайдың (Бұрын «Өлкетану мұражайы» болып аталатын. Авт.) алаңында халық батыры – Кейкі Көкембайұлына көзге көрінерлік ескерткіш орнатылды. Қолында шолақ бердеңке мылтығы бар Кейкі батырдың тас мүсінін танымал мүсінші Әбілбек Ұзақұлы шебер мүсіндеген.

Ештен де кеш жақсы – дегендей бұл жағымды жаңалыққа қала тұрғындары тайлы-таяғына дейін қуанып қалды. Қала тұрғындарын шексіз қуанышқа бөлеген қалалық «Жас ұлан» жастар ұйымының басшысы Елена Цвентух деген азаматша. Бұл іскер басшы Торғай өлкесінің мәдениеті мен тарихын зерттеп, кітап бетіне түсірді. Ол Кейкі батырды республика деңгейіне дейін насихаттап, оған Арқалық қаласында ескерткіш орнатуға мұрындық болды. Осы ескерткіштің ашылу салтанатында бір қария тебірене сөз сөйлеп, жиынға қатынасушылардың жанарларына жас ұялатты. Бұл қария Торғай елінің ақын-журналисі Әубәкір Қылышбайұлы болатын. Бұл кісінің әкесі – Бекішұлы Қылышбай (1889-1982) Торғай өңірінде орын алған ұлт-азаттық көтерілісіне қоян-қолтық араласып, Амангелді сардардың сенімді серігі болған адам. Осы жан алысып, жан беріскен көтерілісте ол 500-ге тарта жасақ сардары болған Кейкі батырдың жақын туысы ретінде үнемі оның жанында болып, кескілескен талай шайқастың куәгері болған. Көтерілістен кейін кеңестік жүйеге қарсы шыққан батырдың ет жақын туысы деп қызылдар Қылышбай ақсақалдың ауылын тонап, түрмеге жауып қуғындаған. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің, – дегендей, Әубәкір Қылышбайұлы (1925-2011) жас шағынан Кейкі батыр туралы айтылған әңгімелерге құлағын түріп жүрген. Өзінің «Құлан қыпшақ Кейкі батырдан соң» атты кітабында (Арқалық қаласы, 1997 жыл) жазушы Ақан Нұрмановпен бір мектепте бірге оқығандарын айтып: «Ақан маған қымбат еді. Өйткені, ол менімен бір жыл туған төл болатын. Біз бір мектепте, бір класта бірге оқып, оны бірге тәмамдаған, мына батыр атындағы (А. Иманов атындағы мектепті айтып отыр. Авт.) орта мектептің 1951 жылғы түлегі едік. Ол қазақ қаламгерлерінің шын Кейкі батыры болды. Кейкі батыр – батырлардың қашанғы әдетіндей жаудың санын, шайқастың уақыты мен мезгілін сұрамайтын. Сол сияқты, Ақан да заман өзіне қарсы қоятын жойқын күшпен «мен Кейкі туралы қандай уақытта жазып тұрмын» дегендей, тіпті, мезгілмен де есептескен жоқ» деп өз пікірін білдірген Әубәкір қария ескерткіш алдындағы сөзін:

«Азаттықтың, бостандықтың туын осыдан сексен жыл бұрын көтеріп шыққан ерлердің даңқы арта берсін! Осы батырлар алаңының кем-кетігін хан иеміз – Әбдіғапар Жанбосынұлының мүсіні толықтырар күні осы жерде тағы да қауышатын болайық, халқым! Сол күн, ылайым да жақын болғай!», — деп аяқтаған еді. Сол Кейкі мінез қаламгер қария: «Кейкінің бас сүйегін іздейтін қазақтан бір ұл тумады ма?» деп боздап жүріп, Тасты өзенінің бойындағы ата қорымдарына өз қаражатына, бір грузин тасқалаушысын жалдап, жаяу жүріп, көрікті кесене тұрғызды. Кесененің алдыңғы қабырғасына мәрмәр тасқа қашалып жазылған Әбекеңнің екі шумақ өлеңі оқыған жанның жанды жеріне тиері анық. Оның мәтіні төмендегідей:

Сұлтан қайда, сүйегін қорлатпайтын,

Мен қазақтың боздауық қара шалы.

Боздағаннан қалмаған басқа амалы,

Кейкі атаның сүйегін жинай алмай,

Өлмеген соң, әйтеуір, жүрген әлі.

Сұлтан қайда, сүйегін қорлатпайтын,

Өлі-тірі әруақты сорлатпайтын.

Халқы үшін қор болған, қайран Кейкі,

Көрі де жоқ, соны ойлап жәй таппаймын.

Осы өлең жолдарын оқығаннан кейін ғасыр бойына туған халқының көңілінің көгінен, жүрегінің төрінен орын алып келген хас батырымызды «Боздауық қара шалдан басқа іздейтін қазақ болмағаны ма?! – деген ойға баттым. Кейкі атамыздың өмірде қандай адам болғанын, оны отарлаушы орыстардың неге қыр соңынан қалмай «бандит» деп басын алғанын білу ниетінде көптеген ақпарат көздерін ақтардым. Кейкі Көкембайұлына кеңес үкіметі кезінде «қанішер жауыз», «баскесер банды», «халық жауы» деп насихаттап, жала жабумен болды. Біздерді солай оқытты. Шын мәнінде батыр атамыз діни сауатты адам болған адам көрінеді. Алласын аузынан тастамай, бүйірден жау көрінсе, халыққа қоқан-лоққы жасағандарға қасқайып салауатын айтып қарсы шауыпты.

Оның:

…Атқа салдым ерімді,

Бермедім жауға елімді.

Мұсылманнан жау шығып,

Сындырдың, Алла-ау, белімді!

Атқа салдым терлікті,

Дұшпанға қылдым ерлікті.

Мен кеткен соң, халқым-ау,

Көрерсің жаудан қорлықты! – деп қиқулаған. Осы өлең жолдарынан оның қаскөй, қанқұмар жан болмағанын анық көруге болады. Әркім өз ойынан хабар береді. Ресей империалистері (ішінде КСРО-ның басшылары да бар. Авт.) өздеріне қарсы шыққандардың бастарын қағып алып, оларды не үшін жазалағандарын қағаз бетіне жазып отырыпты. Қазір Санкт-Петербургтағы Кунсткамера музейінде 60 мың адамның басы сақтаулы көрінеді. Олардың ішінде Қазақстаннан 7 адамның бас сүйегі бар екен. Осыдан-ақ кімдердің қаскөй, қанқұмар екенін көруге болады. Музей құжаттарында: «Инв. №3383.45 лет. Череп знаменитого киргизского бандита Кейки Тургайского уезда, Кайдаулской волости, сверепствовшего в степи в 22 и 23 году. Наводил ужас своими зверствами на местные населения и на переселенцев двигавшихся из Актюбинска в Атбасар. Был очень набожен и всегда в молитвах раскаивался в преступлениях. Его бандиты участвовали в отрядах красных и отрядах белых. Участвовал в осаде киргизами города Тургая, в 1916 году. Он почитается киргизами за свою храбрость и считается «батырем» не смотря на свой невзрачный вид (низкого роста, худощавый). Был неоднократно арестован, но всякий раз бежал. При поимке голову отрубили китменем и доставили в гор. Тургай где она была вывешена на площади». Д. Букинич.

Осы қолайсыз құжаттан көріп отырғанымыздай, үстемшіл тап үнемі өздерінің өктемдігін, үстемдігін жүргізіп отырған. Ауылдағы ағайын-туыстарына қамқор болған, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай әділдік жолынан ауытқымай қорғаған халық батырына қанша жерден қара күйе жағылса да, туған халқы оны құрдымға жібермей ел болып, жұрт болып арашалап қалды. Немістің ұлы ақыны Гете:

Кім ақынды білем десе,

Төңірегін түгендесе,

Туып-өскен елін көрсін.

Кіндік кескен жерін көрсін – деген екен. Сол сияқты қайсар рухты, өр мінезді қазақ батырының туған елін, кіндік қаны тамған жерін көруді қазақ елінің жұртшылығына, сондай-ақ, шетелдік көптеген журналистерге Жасаған Иеміз нәсіп еткелі тұр. Өткен жылдың қараша айында мәлім болғандай, қазақтың қаһарман батыры – Кейкі Көкембайұлының сүйегінің бас-аяғы толық жиналып болған соң, оны ұлықтап жер қойнына тапсыру, сол жерге көрікті кесене салу, мемлекеттік деңгейде ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланыпты. Осы жерде оқырмандарға айта кететін бір жайт, Санкт-Петербургтен жеткізілген батыр атамыздың бас сүйегін елімізде көп кідіртпей, Венгрияға жөнелтілгені белгілі. Қазіргі ғылым мен технология ғарыштап дамыған заманда Будапешт мұражайында Германия ғалымдарының қатынасуымен Кейкі атамыздың кескін-келбеті көзі тірісінде қандай болғаны қалпына келтірілген. Батырдың бет-бейнесін бейнеленген Венгрияның атақты антропологы Андраш Биро. Бұл ешкімде талас тудыра алмайтын ақиқат. Кеңес үкіметі кезінде батыр атамыз жайлы айтылып келген қолайсыз жәйттар мен келеңсіз көріністер тарих қойнауына жіберіліп, рухани жаңғыру заманында қазақтың қайсар батырының жарқын бейнесі жарқырап биіктен көрінуіне сеніммен қарайық!

Асқарбек Бектемісов

журналист-жазушы,

ақпарат саласының үздігі.

Мынаны да қараңыз

«Арқалықтың жастарын оқытыңыздар…»

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Арқалық қаласына барды деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстың ет кластерін ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *