Кейкі батыр: аңыз бен ақиқат

Басқа басқа біз бала кезімізден Кейкі батырдың ерлігі мен өрлігін естіп өстік. Торғай даласында Кейкі Көкембайұлы туралы әңгімелерді әрқайсымыздың аталарымыз бен әжелеріміз аңыз қылып айтып отырушы еді.

Сондай әңгімені ең алғаш рет Кейкі батырдың көп жүрген жерлерінің бірі Ұлы Жаланшық өзені бойында Қатеш әжем аузынан естіп едім. Жыл сайын жаз мезгілінде қырдағы Әбілда нағашымыздың ауылына баратынбыз. Сонда Қатеш әжеміз Кейкінің 1920 жылдардағы оқиғаларын баяндар еді, әсіресе, Кейкінің қаза тапқанға дейінгі жағдайын айтып беріп еді. Ерлікпен қаза табар алдында оның ауылға келіп шашын алдырғанын, не деп айтқанын, қалай қаза болғанын бәрін-бәрін жыр қылып айтар еді.

1-сурет. Жыланшық жері

Бұл 1980 жылдар еді, әрине, мектеп қабырғасында Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты кітабын оқымағанымыз жоқ шығар?

Қалай десек те, батырдың есімі ел есінде ұмытылмап еді.

Енді оның бейнесіне байланысты әңгімелер шыққан кезде, Қостанай қаласында тұратын Нәрікбаев Төлеу ағамыздың кітабының негізінде менің  «Қасқыр жүрегін жеген жігіт» атты мақаламда Бүркіт атымен белгілі Нәрікбай ақсақалдың Кейкі батырмен кездесуі де баяндалады.

Төлеу ағамызға Нәрікбай ақсақалдың айтып кетуінше, Кейкі Көкембайұлының бейнесі менің рулас әкем – Жәкейге ұқсайды екен.

2-сурет. Жәкей әке

Қысқаша айтқанда, біз үшін оның бейнесі әлімсақтан белгілі еді, Кейкі батырдың өлімі де аян.
Тек оның өліміне қатысты деректер бұрмалауға түскен.
Әрине, халық өз батырын өлімге қимағаны анық. Тіпті оны Шығыс Түркістанға өтіп кетті десе, енді бірде Қызылқұм асып кетті деседі.
Бірақ шындықтың аты шындық, тек оның өлімін бірде 1922 жылы, енді бірде 1923 жылы деп жүр. Бірақ бұл жерде тарихи шындыққа, архив деректеріне жүгінгеніміз жөн болар.
Ол жөнінде кәсіби тарихшы Құрманғали Дәркенов былай дейді:
«Кейкіге қатысты бұрын жазған болатынмын. Кейкіні Желяев өлтірді дейді. Мына арада Кейкіні Желяев өлтірді деп отырғандары жалған, өтірік. Желяев Андрей 1919 жылы 28 тамызда Түркстан майданы Әскери Кеңесі шешімімен әйелі және қасындағы оның жақтастары Володина, Стефановский, Гуренко — бәрі атылды. Неге атылды, ол басқа әңгіме. Ал сонда ол қалай тіріліп келіп арада бірнеше жыл өткен соң Кейкіні өлтіреді. Кейкіні өлтірген Дудин отряды. Алматыдағы архивте материалдар тұр. Мен тарихшы болғысы келетіндердің көбісін түсінбеймін. Жұртты шатыстырып, тарих айтпау және жазбау керек. Кейкіні 1922 жылы 29 наурыз күні өлтіреді. Арқалықтағы ескерткіш т.б жерде 1923 жыл деп жазылып жүр, ол да дұрыс емес. Ал Кейкінің басын сол өлтірген жолы басын шауып алып, Торғайға апарып іліп қойған. Ол да архивте есепте жазылған. Басқасының бәрі бос сөз».

3-сурет. Кейкі Көкембайұлының қалпына келтірілген бас сүйегі

Ал енді Кейкінің өз басына, оның істеріне қатысты айтатын болсақ, оның тарихтан ойып тұрып орын алатыны мәлім.

Біріншіден, 1916 жылғы оқиғаға мән беретін болсақ, бұл қазақ халқының Патша Үкіметіне қатты қарсылық көрсеткен ең тегеуірінді көтерілістерінің бірі, әсіресе, Торғай көтерілісі Ресей империясының құрамындағы бұратана ұлттар арасында, оның ішінде Орта Азия аумағындағы патша билігінің құлап, Уақытша Үкімет орнағанға дейін жалғасқан тапқан көтеріліс еді.

Жалпы, осы уақытқа дейін көтеріліс бір жақты, байларға, қанаушыларға қарсы көтеріліс ретінде қарастырылып келгені аян. Дегенмен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жалпы халықтық сипат алғаны мәлім. Торғайдағы көтерілісшілер саны көтерілістің ең шарықтау шегі кезеңінде 60 000 дейін жеткені бар. Әрине, 1916 жылы Торғай үйезінде 110 000 халық тұрғанын ескерсек, тек бір үйезден осынша көлемдегі көтерілісшілердің шығуы мүмкін емес, ол көтерілісшілерге көршілес аймақтардан да келіп қосылғанын білдіреді.

Қалай десек те көтеріліс өте ұйымдасқан түрде жүргізілді, архив деректеріне қарасақ 2 арғын, 1 қыпшақ хандығы ұйымдастырылып, кейін 1 арғын хандығы мен 1 қыпшақ хандығы қалғанын көреміз, әрине 6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, 1 болыс найман жұртының барлығы көтерілісті қолдағаны аян.

Ал Кейкіге келетін болсақ, ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз қалған.

4-сурет. Кейкі батыр үңгірі

Көтерілісшілердің жазалаушыларға дес бермегені сондай, Патша Үкіметі тіпті батыс майданнан әскери күштерді әкеліп, Торғай көтерілісшілерін әуеден ұшақтармен бомбалаған.

Көтерілісшілер патша әскерлерінің қанқұйлы іс-әрекеттеріне шиті мылтық сияқты өздері жасап алған қару-жарақтарымен қатты қарсылық білдіргенімен, тіпті Иран асуды да ойластырған деген деректерді кездестіруге болады. Тек Патша Үкіметі құлап, Уақытша Үкіметтің билікке келуі олардың ойларынан айнуына алып келген сияқты. Бірақ Патша Үкіметі болсын, Кеңес Үкіметі болсын Кейкі батыр Көкембайұлының атын атауға қорықты. Өйткені Кейкі батыр қазақ рухының, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің белгісі еді.

5-сурет. Кейкі батыр үңгірі жазуы

Енді, міне, Кейкі батырдың бас сүйегі елге келген соң, кезіндегі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов уақытында Кейкі Көкембайұлының басын елге алып келу, оны арулап жерлеу, іс-шаралар өткізу және батырдың кесесін салу жөнінді қаулы қабылдатып, шаруаның тетігін тауып еді.

Міне, кешегі күні аталған шаралар өз шешімін тауып, еліміздің Торғай өңірінде Кейкі батырға қатысты шаралар өз деңгейінде өткізілді.

Біріншіден, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова бастаған, Мәденит және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қостаған және Қостанай  облысының əкімі Архимед Мұхамбетов алып жүрген делегация 2017 жылдың 15 қыркүйегінде Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты ауылында Кейкі батыр кесенесін ашты. Шараға, сондай-ақ, Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы Сəбит Досанов, Серік Ақылбай ағамыз да қатысты. Облыс, аудан және республикамыздың басқа өңірлерінен 7-8 мың шамасында қонақ келіп, кешенде бабамыздың бас сүйегі жер қойнауына берілді.

6-сурет. Кейкі батырдың бас сүйегінің әкелінуі

Тобыл-Торғай өңірінің жұртшылығы үшін бұл шара қос қуанышпен қатар келді, себебі 14 тамыз күні Қостанай қаласында батыр бабамыз – Шақшақ Жәнібек Қошқарұлына арналған, биіктігі 15 метрге тақау болатын еңселі ескерткіш бой көтерген еді. Бұл қазақ рухының астықты аймақтың бас қаласында аспандауының белгісі іспетті еді. Міне, келесі күні дархан Торғай даласында баһадүр бабамыз Кейкі Көкембайұлына қатысты шаралар жалғасып тапты.

Тасты ауылында ақшаңқаң үйлер қаз-қатар тігіліп, ат жарысы ұйымдастырылды.

7-сурет. Ат жарысы

Дүйім жұртшылық жиналды, оның соңы қазақтың ұлттық спорт түрлерінің бірі — ұлттық күресіміз – қазақ күресінен ең мықты балуанды анықтаумен қыза түсті.

8-сурет. Балуандар боз кілемде

Жарыста Мұхит Тұрсынов атты балуан Қостанай облысы Жанкелдин ауданының спортшысынан басым түсіп, Астана қаласынан келген Сергей Пакті тізе бүктірді, Айбат Сейтен деген балуан да өзінің екі қарсыласын жеңді. Арқалық қаласынан келген Ғабит Болысбаев қос қарсыласын жеңіп, жартылай финалға шақты, Амангелді ауданының палуаны Рысбек Дәуітті жеңді. Ал Мұхит Тұрсынов пен Айбат Сейтеннің күресі Айбаттың жеңісімен аяқталды. Айбат пен Ғабиттің күресі Ғабиттің жеңісімен аяқталды. Сөйтіп, республикалық «Түйе палуан» атағына Ғабит Балғынбаев ие болды.

9-сурет. Қонақтардың материалдармен танысуы

Ал Арқалық қаласындағы шаралар айтыспен және театр қойылымымен, сондай-ақ, ғылыми-практикалық конференциямен жалғасын тапты.

«Бас кеспек болса да…» атты Арқалықта өткен айтысқа республикамыздың әр өңірінен мықты деген ақындар қатысып, айтыс қорытындысы бойынша үшінші орын – Тоба Өтепбаевқа, Әсем Ережеқызына, Саягүл Бірлеспекке бұйырды. Екінші орынды Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев бөлісті. Бірінші орынға Айбек Қалиев ие болды. Ал Маржан Есжанова бас жүлдеге темір тұлпарды еншіледі.

10-сурет. Темір тұлпар Маржан Есжанованың иелігінде

Іс-шаралар Арқалық қазақ жасөспірімдер театрында «Кейкі батыр (Нұрмағамбет) Көкембайұлы. Өмірі мен өлімінің тарихы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Сондай-ақ Кейкі батырға арналған қойылым да көрермендер көңілінен шықты.

11-сурет. Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар

Қысқаша айтқанда, батыр баба жұрты Кейкі батыр Көкембайұлына арналған шараларды асқан ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өткізе білді.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

e-history.kz

 

Мынаны да қараңыз

Наушабайдың Нұржаны

Қаңтарда қарсы желге ұшқан — дауылпаз ақын Нұржан Наушабаев 1856 жылы бұрынғы Николаевск уезі (қазіргі ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *