Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы мамандарын марапаттады

Қостанайда облыстың ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтті.

Салтанатты жиынға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, қала және аудан әкімдері, басқарма мен департаменттер басшылары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері қатысты деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында жыл қорытындысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасады. Ол үстіміздегі жылы өңір ауыл шаруашылығының жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталды.

Биыл қостанайлық диқандар мол өнім алды. Еліміз бойынша барлығы 21 млн тонна астық жиналса, соның 5,2 млн тоннасы немесе 25%-і Тобыл өңірі шаруаларының үлесіне тиді. Астық шығымы жөнінен облыс бойынша Федоров, Қостанай, Меңдіқара тәрізді бірқатар аудан көш бастады. Жекелеген шаруашылықтар арасында «Запасное» ЖШС әр гектардан 28 центнерден, «Өтемісов.К», «Сатаев.Б» шаруа қожалықтары 27 центнерден сапалы астық жинап алды.

Жалпы, өңір 342 млрд теңге ауыл шаруашылығы тауарлары өнімдерін өндірген. Яғни, өткен жылғымен салыстырғанда өсім 7%-ке тең. Сондай-ақ облыс шаруалары 52 мың тонна картоп, 25 мың тонна көкөніс жинады. 270 мың тоннадан астам майлы дақыл өнімдері ел ырыздығына айналды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үстіміздегі жылы 125 егін оратын техника сатып алыпты. Жалпы, соңғы бес жыл ішінде барлығы 65 млрд теңгеге 5 мыңнан астам техника алынған.

Сонымен қатар салтанатты жиын барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бір топ ауыл шаруашылығы маманына «Еңбек ардагері» медальдарын тапсырды. Олардың арасында Валентин Сивиридов, Жармағамбет Жүзбаев бар. Ал ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан Қалыбек Назарбеков, Тоқтарбай Қадамбаев, Николай Поспелов, Олег Даниленко, Иван Ветчейн, Жомарт Жүргімбаев тәрізді азаматтар «Құрметті ардагер» төсбелгілерімен марапатталды. Сонымен қатар Юрий Чеховский, Бақытжан Тілеубаев, Сергей Блок «ҚР ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісін омырауларына тақты.

Меркелік жиын соңы облыс өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *