Мұхамбетов Тәуелсіздік күнін тәрк етіп отыр ма?

 

«Атың шықпаса, жер өрте» деген сүйкімсіздеу сөзді бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке қарата айтудың реті келіп отыр…

Қазақ халқы Тәуелсіздік күні мерекесін асыға күтіп жүргенде, Мұхамбетов дәл 16 желтоқсан күні Қостанайдың қақ ортасына биіктігі 22 метр болатын жаңажылдық шырша тікпекші. «Қостанай қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш Мадиярованың айтуынша, басты шырша 600 жарықдиодты пиксельдермен безендіріледі» деп жазады ҚазАқпарат агенттігі.

«16 желтоқсанда сағат 12:00-де облыстық әкімдік алдында концерттік бағдарлама өтеді. Осы күні кешке басты шырша жағылады. Бұған қоса, Гашек көшесі мен КСК шағын ауданында тағы екі шырша орнатылады. Тобыл өзенінің жағалауында сырғанақ тұрғызылып, орталықта мұз қалашығы бой көтереді» депті бөлім басшысы сүйінші сұрағандай.

Жалпы, қаланы Жаңа жыл мерекесіне орай безендіруге 18 млн теңге бөлінген. Дайындық жұмыстары 1 желтоқсанда басталып кетеді екен.

Өткенде Торғай даласына протон қалдықтарын құлатуға «үлес» қосқан әкім енді атын шығарудың басқа тәсіліне көшкен сыңайлы. Әкімдердің рейтингінде ылғи соңғы орыннан көрінетін Мұхамбетовтің кеңесшілері һәм баспасөз қызметі әкімді мұқатуды мақсат ете ме, әлде шынымен де бастары жетпей ме, кім білген, әйтеуір, осындай қадамға барып отыр екен. Артының қайырын берсін деп тілейік.

Сірә, ормандай болып отырған орыстарға жағынудың амалы деп түсінетін болса керек, әйтпесе, о заман да бұ заман, бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздікке енді қолымыз жетті ме деп отырғанда, дәл халықтық мереке күні Жаңа жылды әспеттегені қай сасқандары?! Шыршасын мереке өткен соң құрса, қостанайлықтар жаңа жылға үлгермей қала ма екен?

Жалпы, Архимед мырза неге өзге әріптестерінен үлгі алмайды екен осы?

Жаңаберген АСАУОВ,

Қостанай облысы

Мынаны да қараңыз

Рудныйдың мәслихат депутаты жеңгетайлықпен айналысқан ба?!

Рудныйда жас қыздарға қалталы азаматтар мен қомақты табыс табатын жұмыс тауып беріп, жеңгетайлықпен айналысқан қалалық ...

4 пікір

  1. Қостанайлық оқырман Бәкөш

    Облыс әкімінің мына ісі ұят екен!

  2. Асқар Қошқар

    Ұяты несі, барып тұрған сорақылық! Автор айтқандай әкімнің кеңесшілері қайда қарап жүр? Әлде әдейі істеп отыр ма?

  3. Жүндібай Түктібаев

    Архимед Бегежанұлын ұлтжанды азамат деп еститін едім. Не түлен түртті екен?

  4. Мақала дұрыс жазылған. Орынды сын. Алайда мені алаңдатып отырғаны оны шын автор емес, бүркеншек атпен жазылған ба деп ойлаймын. Олай болса мұндай нәрсе сайтқа абырой әпермейді. Кім болса да қорықпастан өз атымен жазуы керек. Ал Жаңаберген деген журналисті естігенім жоқ. Жайберген деген бар.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *