Қостанайда үйлерге QR-кодтар орнатылады

Қостанайда «Smart city» жобасы Цифрландырудың жол картасы бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде негізгі 10 бағыт анықталды. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов мәлім етті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Биыл «Smart city» жобасы аясында Қостанайдағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың ғимараттарына QR-кодтар орнатылады. Тұрғындар аталған кодтар арқылы нысанның тарихын, пошталық индексін біле алады. Сондай-ақ әр үйге бекітілген учаскелік полицей мен дәрігердің есімдері жазылған.
«Бұл жобаның құны 18 млн теңгеге жуықтап отыр. Осы жылдың қыркүйек айына дейін қаладағы 1100 көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарға арнайы кодтарды енгіземіз. Бұған қоса қаланың «Ақылды картасы» жасалады. Бұнда көшелердің тізбегі, коммуникациялар мен ғимараттар көрсетіліп тұрады. «Ақылды карта» алдағы екі жыл ішінде толықтай жасалынып, пайдалануға беріледі» деді Б. Жақыпов.
«Smart city» жобасының тағы бір бағыты қоғамдық көліктерде пайдаланады. Енді автобустарда жүру үшін жол ақысы қолма-қол ақшамен емес, «Оңай» электронды картасы арқылы төленеді.
«Біз Алматы қаласының тәжірибесіне сүйеніп, автобустарға электронды билет енгізуді қолға алмақпыз. Қазір мамандар жолаушылар көлігінің қызметі жөнінде мониторинг жасап жатыр. Бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі маңызды. Барлығы жоспарлы түрде іске асса, «Оңай» картасы жақын арада-ақ жолаушылар игілігіне беріледі» деп хабарлады қала әкімі.
Жиында белгілі болғандай, биыл «Ақылды бағдаршам» жобасы да енгізіледі. Аталған бағдаршам үш режімде болады. Олар: таңғы, кешкі және түнгі.

Қала әкімі айтқандай, осы режімдер арқылы электр энергиясын пайдалану қазіргіден 30%-ға дейін үнемделмек.

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық мүгедек азаматты Шымкентте қайыр сұрауға мәжбүрлеген

Шымкентте екінші топтағы мүгедектігі бар қостанайлық азамат  қайыр сұрауға мәжбүр болған. Еріктілер оны бір күн ...