Бюджеттен үнемделген қаражаттың жартысы жол жөндеуге бағытталды

Қостанай облысының бюджетінен үнемделген 2 млрд теңге бірінші кезектегі қажеттіліктерге жұмсалады. Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясының отырысында мәлім етілді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Бақытбек Есенғұлов баяндағандай, үнемделген қаражаттың көбі жол жөндеуге бөлінеді.
«Артылып қалған қаржының 947 млн теңгесі облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға бағытталады. Атап айтқанда, Амангелді ауданындағы Амангелді-Үрпек-Рахмет-Әліби (0-16 шақырым), облыстық маңыздағы Рудный-Качар-Федоров (50-65 шақырым) тас жолы, Сарыкөл ауданындағы Тағыл-Қоскөл (0-35 шақырым) бағыты, Ұзынкөл ауданының кіреберіс жолы (0-3 шақырым), Алтынсарин ауданындағы Докучаев ауылы (0-9 шақырым), Федоров-Первомай (0-34 шақырым) тасжолы бар. Қаржының жетпей қалған бөлігі республикалық бюджеттен алынады» деп хабарлады Б. Есенғұлов.

Айта кетейік, жоғарыда көрсетілген жолдардың көбі 30 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген. Бұған қоса үнемделген қаражаттың 460 млн теңгесі Білім басқармасына беріледі. Оның 250 млн теңгесіне кітаптар сатып алынады. Ал 210 млн теңге мектептерді кең жолақты ғаламтор жүйесіне қосуға қарастырылды. Жалпы, облыстағы 514 мектептің 224-нің интернетке шығатын мүмкіндіктері бар. Ал «Әуежай» шағын ауданында салынатын Ұлттық-мәдени орталықты жарақтандыру үшін 400 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар үнемделген қаражат Спорт басқармасы мен облыстық ІІД қажеттіліктеріне де жұмсалмақ.

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *