Қостанай облысына көшіп келушілерге жағдай жасалады

Биыл Қостанай облысына еліміздің басқа өңірлерінен 300-ге жуық отбасы қоныс аудармақ. Олар үшін баспана, жұмыс орындары әзірленді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова айтқандай, биыл жұмыс күшi тапшы аймақтарға отбасыларды көшіру бойынша жоспар жасалды. 2016 жылы Қостанайға басқа облыстардан — 22, 2017 жылы — 30 ғана отбасы қоныс аударған. 2018 жылы бұл көрсеткіш 10 есеге ұлғайды. Биыл Қостанай облысы 272 отбасын қабылдауға дайын.
«Қазір біз сырт облыстардан қоныс аударушылар үшін арнайы паспорттар әзірледік. Онда өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы: мектептер, мектепке дейінгі мекемелер, денсаулық сақтау және басқа да нысандар туралы деректер көрсетілген. Келушілерді қабылдайтын аудан-қалалар бос жұмыс орындардың тізімін жасады. Бүгінде 216 жұмыс беруші 962 бос орын ұсынды. Сондай-ақ отандастарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп келеді. Отбасылардың қосалқы шаруашылықпен айналысуына да мүмкіндік бар» деді басқарма басшысы.
Белгілі болғандай, облысқа мұғалім, механизатор, дәрігер, көлік жүргізушілері сияқты мамандар жетіспейді. Гүлнар Әбенованың айтуынша, оңтүстіктен келетін отбасылар жоғарыда аталған мамандықтарға қызығушылық танытып отыр.
«Біздің ведомство әрбір қала, аудандардағы жылжымайтын мүлік нарығына сараптама жүргізді. Мәселен, аудан орталықтарындағы баспана 500 мың теңгеден бастап, 6 млн теңгеге дейін бағаланды. Ал ауылдарда 300 мың теңге көлемінде үй табуға болады. Қалалық жерлерде пәтер бағасы 1,5-9 млн теңге аралығында» деп дерек келтірді Г.Әбенова.
Айта кетейік, қостанайлық делегация ақпан айында Маңғыстау облысындағы бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Сонымен қатар наурыз-сәуір айларында басқа облыстарда өтетін жәрмеңкелерге барып, Қостанайға келуге қызығушылық танытқан мамандарды іздейді. Биыл облыс бойынша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларына 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында 89 елді мекенді су басу қаупі бар

Қостанай облысында су тасуы ықтимал кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында су тасқыны кезеңінде төтенше ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *