Италия ғалымдары цифрландырудағы тәжірибелерімен бөлісті

Италиядан келген ғалымдар мен қостанайлық агроөндірістік кешен мамандары ауыл шаруашылығы саласына енгізілетін жаңашылдықтар туралы кеңес өткізді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанай облысы әкімдігінде өткен жиынға Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капаннели бастаған бір топ делегат қатысты. Олардың арасында ауыл шаруашылығы саласында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген Мичиган мемлекеттік университетінің (АҚШ) профессоры Чен Джикуан, ІНЕ институтының (Нидерланды) профессоры Вим Бастиаанссен сияқты ғалымдар бар.
Жиын барысында италияндық ғалымдар Қазақстан нарығы іскерлік ынтымақтастықты дамыту жағынан өте әлеуетті екенін айтты. Сондай-ақ олар цифрландыру жүйесінің маңыздылығына тоқталды.
«Көп елде ауыл шаруашылығы экономиканың айнымас бөлігі саналады. Италияда шағын және орта деңгейлі фермалар көп. Олардың 7-8 мың гектар алқапта ғана өнім алады. Біз ауыл шаруашылығын цифрландыру арқылы өнімділікті арттыруға жағдай жасап отырмыз. Осылайша, біз фермерлердің халықаралық стандарттарға қол жеткізуіне мүмкіндік береміз. Нәтижесінде, жаңа технологияларды енгізу экспортқа жол ашып береді. Олар көп жағдайда университеттермен байланыс жүргізеді. Міне, біз қостанайлық әріптестерге өзімізде қолданатын технологияларды көрсеткіміз келеді. Біз шағын ғана жерді игеріп, индустрияландыруға қол жеткізген елміз. Сондықтан өзіміздің технологиямызды агромеханикаға, тауарды өңдеу және қаптау салаларына ұсына аламыз» деді шет елдердегі Италия кәсіпорындары агенттігінің өкілі Сальваторе Парано.
Параноның сөзінше, Италияда цифрландыру жүйесі енгізілген шағын шаруашылықтардың экономикалық жағынан өсімі жоғары.
«Цифрландыру жүйесі жағынан Қазақстан мен Италия бірін бірі толықтыра алады. Мысалы, Италия шағын фермалар арқылы алманы экспортқа шығарады. Оларда қолданылатын құрылғылардың бәрі автоматтандырылған. Қазір мұндай фермалар саны 2 000-ға дейін жетті. Шағын шаруашылықтар неғұрлым көбейген сайын кіріс көлемі де артады. Бір жылдың ішінде Италиядағы шағын және орта бизнес өкілдері экспорт арқылы 172 млрд еуро пайда келтірген» дейді С.Парано.
Сондай-ақ Сальваторе Парано екі елдің кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстың нығаятындығына сенім білдірді.

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалық әкімдігі су тасқынынан зардап шеккен отбасыға көмек көрсетуден бас тартқан

Арқалық қалалық соты Арқалық қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 100 АЕК мөлшерінде ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *