Архимед Мұхамбетов: Білім басқармасының қызметі тым төмен

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Білім басқармасының жетім балаларды үймен қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан жұмыстарын сынға алды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі әкімдіктің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Дегенмен, аймақта жетім балалардың жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Мәселен, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы санының азайғаны байқалады. «Қостанай облысында жалпы 2296 жетім бала бар. Оның 67 пайызы отбасыларда тұрып жатыр. 33,5 пайызы немесе 761 бала 14 балалар үйінде және интернаттық ұйымдарда тұрады. Осылайша, аудан мен қаланың 20 білім бөлімінің есебінде ата-анасыз қалып, қамқорлық пен қорғаншылыққа берілген 1359 жетім бала бар. 175 бала — патронаттық тәрбиеде», — деді облыстық Білім басқармасының басшысы Бәтима Даумова аппараттық кеңестің отырысында.

Қостанай облысында соңғы 7 жыл ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар саны 4 бірлікке қысқарған. 2018 жылдың өткен мерзімі ішінде ғана аталған мекемелерден 94 бала шығарылған.

«Атқарылған жұмыстың нәтижесі ретінде 2017 жылы Федоров балалар үйі мен биылғы Қостанай облыстық балалар үйінің жабылуын келтіре аламыз. 5 жылдың ішінде 366 бала отбасылы болып, 778 бала туған үйіне қайтарылды, қазақстандық азаматтар 320 баланы асырап алды», — деді Б.Даумова.

Архимед Мұхамбетов бұл жұмыстарды облыстың өзге де аудандары мен қалаларында жалғастыру керек екенін ерекше атап өтті.

Бір айта кетерлігі, облыстық Білім басқармасының басшысы Бәтима Даумова Кеңес отырысында сөз сөйлеу кезінде балалар үйінен кеткен тәрбиеленушілердің алдағы тағдыры, әсіресе, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталмаған-ды. Сол себепті бұл мәселеге қатысты Архимед Мұхамбетов Білім басқармасының басшысына ескерту жасады.

«Қостанайда алғашқы жартыжылдықта 35 жетім бала үймен қамтылуы керек еді. Сіздер слайдта нөл деп көрсетіпсіздер. Астана күніне орай берілген пәтерлерді ескердіңіздер ме? Олардың қатарында жетім балалар да болған. Олар неге елеусіз қалды? Мекеме қызметі тым төмен», — деді облыс басшысы.

Осыған байланысты Архимед Мұхамбетов әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Марат Жүндібаевқа осы мәселе бойынша кеңес өткізуді тапсырды.

Тобыл-Торғай-ақпарат

фото: баспасөз қызметі

Мынаны да қараңыз

Қостанайда қылмыстық топ құрықталды

Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қостанайда бір тұлғаның заңға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *