Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі елордаға құнды дүниелер алып келді

Астана қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық  музейі көрмесінің салтанатты ашылуы өтті деп хабарлайды Тобыл-Торғай-ақпарат TimePress желілік басылымына сілтеме жасап .

Іс-шара Астана қаласының 20 жылдығына арналған Қостанай облысының  мәдениет күндері қарсаңында ұйымдастырылды.

Музей директоры Марғұлан Оспанов бұл шара Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, сондай-ақ, Астананың 20 жылдық мерейімен орайлас қолға алынып отырғанын, мұнда жеткізілген ұлағаты мол тарихи-танымдық жәдігерлер елордалықтар­дың санасын жаңғыртып, зердесін жетілдіруге үлкен әсер етерін атап өтті.
Айта кетейік, алғаш 1991 жылы шаңырақ көтерген ұлы ағартушы атын­дағы мемориалдық музей өз қорына сол дәуірге тән 12 мың дана жәдігерді топтастырған еліміздегі жалғыз мекеме.

Көрмеде Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі қорынан ұлы ағартушының отбасы қолданған төсекқабы мен араб ғарпінде шыққан «Шариғат-ул-Ислам» («Мұсылманшылық тұтқасы») сирек кітабының түпнұсқасы, шығармалары, этнографиялық очерктері, Ыбырайдың аталас туысқаны, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың латын графикасы негізінде шыққан «Жеңешем» атты алғашқы өлеңдер жинағы, музей мен кесенесінің макеттері қойылған.

Сондай-ақ, Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметі туралы кітаптар, құжаттар, отбасымен, Қостанай екі сыныптық училищесінің тәрбиеленушілерімен түскен суреттері, Қостанайда Ыбырай Алтынсарин 1884 жылы іргесін қалаған училищесінің кірпіші,  ағартушының нағашы атасы Шеген бидің шапаны, нағашысы Бектеміс байдың тұтынған ағаш келі-келсабы және тағы басқа жәдігерлер жұрт назарына ұсынылып, монитордан бейнефильм көрсетіледі.

Көрме қыркүйек айының ортасына дейін болады.

Тобыл-Торғай ақпарат

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *