Қостанайдағы жеделсатылардың тең жартысы жарамсыз

Қостанайда 289 лифтінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыста құрылыс нысандарына жүргізілетін тексеріс биыл 30%-ға кеміген. Десек те, өңірде жаңа бой көтеріп жатқан құрылыс нысандары көп. Олардың жұмыс сапасы жіті бақылауда болуы тиіс. Осы мақсатта жыл басынан бері жоспардан тыс 195 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 155 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 51,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Тексеріс барысында басқарма мамандары тұрғын үй құрылысын және инженерлік инфрақұрылым жобаларын жасаумен айналысатын 2 серіктестікті сот арқылы лицензиядан айырған. Соның бірі — «Целинстрой» ЖШС. Бүгінде іс материалдары Қостанай облыстық мамандандырылған ауданаралық сотына түсті.
Нұрлан Қатарбековтың айтуынша, өңірдегі көп қабатты тұрғын үй лифтілерінің жай-күйі мәз емес. Облыс бойынша қолданыста 709 лифт бар. Оның 7-еуі жөндеуді қажет етеді. Қалған 289-ын пайдалану мерзімі өтіп кеткендіктен, бүтіндей алмастыру керек. Олар жарамсыз. Алдағы 5 жыл ішінде Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларындағы көп қабатты тұрғын үйлерде 300-ге жуық лифтіні жаңарту жоспарланған.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов лифт сатып алудың нақты жоспары болу керектігіне тоқталды.
«Өздеріңіз білесіздер, көрші облыстарда лифттің істен шығуы салдарынан қайғылы жағдайлар болды. Мен сіздерге әркез ескертіп келемін. Лифт сатып алудың арнайы жоспары болуы қажет. Қазіргі кезде бір лифт 5-6 млн теңге тұрады. Жыл сайын 100-150 млн теңге жұмсасақ, 30-40 лифтіні ауыстыруға болады. Сондықтан істен шыққан жеделсатыларды жаңартудың бағдарламасын жасаңыздар. Ақауы бар лифтілер туралы статистиканы анықтаудан басқа жұмыс жоқ па әлде? Бұл — үй кооперативтерінің жұмысы емес. Олқылықтың орнын дұрыстаңыздар!» — деді Архимед Мұхамбетов жиын барысында.
Аймақ басшысының тапсырмасын алған тиісті орган басшылары жақын арада арнайы жоспар жасауға уәде етті.
inform.kz

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...