«Өзге тілдің бәрін біл…»

Әлем сахнасындағы ең мықты елдер қатарына қосылуды көздеп келе жатқан еліміздің барлық салаларда жаңа реформалар жасауы өте заңды құбылыс. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды алға бастар үлкен мақсаттарды көздеген жоспарларды ұсынып, оның жүзеге асырылуын қадағалып келеді.
Әр жаңа реформа қандай саланы қамтыса да, ел болашағы үшін маңызды саналатын білім саласындай салмақты бола алмайды. Олай дейтін себебіміз, білім саласы ұлтты аспанға шарықтататын болашақ білікті азаматтардың бала кезден қалыптасу үдерісіне тікелей әсер ететін тарап. Яғни, ел болашағы жастарда. Ал, жастар, ең алдымен, мектеп жасындағы бала кезінен қалыптасып, дамиды. Білікті, бәсекеге қабілетті азаматтардың пайда болуына қазіргі жаһандану заманы үлкен талаптар қояды. Солардың бірі — бірнеше тіл меңгеру, полиглот болу. Осыған байланысты, Елбасы оқу үдерісін үш тілдік оқыту бағдарламасы жағдайында басқару, өз кезегінде, неғұрлым тиімді әрі нәтижелі оқытуға алып келетінін айтады. Сондай-ақ, жаңа үштілдік оқу жүйесіне өту арқылы қазіргі заман талабына сай аз уақыт ішінде тілдерге қатысты материалдардан бөлек, өзін-өзі басқару сынды жеке қасиеттерін дамыту бағытындағы ауқымды ақпарат алып, қарқынды даму дағдыларын оқушылар бойына сіңіру мүмкіндігі ашылады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған үштілді оқыту бағдарламасы білім демократияландыру және ізгілендіру, басқарудағы жүйелілігі мен тұтастығы, орталықтандыру мен орталықтандырылмаудың ұтымды үйлесімі, өзін-өзі басқару мен алқалылық бірлігі арасындағы қарым-қатынас, басқарудың ғылыми негізділігі, ақпараттың объективтілігі, толыққандылығы және жүйелілігі сынды негізгі принциптерін жүзеге асыруды мақсат тұтады. Үш тілді бағдарламаға қатысты қандай да бір түсініспеушіліктер болса, ол мақсатты анық түсінбегендіктен орнайды. Шындығында, оның аты үш тілді оқыту болғанымен, заты бірнеше тілді оқыту бағдарламасы екені бағдарламаның жүйесін көріп жүрген бізге түсінікті.
Осыған қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған :олдауында: «…атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет», – дейді.
Елбасының сөзіне жақсы мән берсек, үш тілде білім беруге кезең-кезеңімен көшеміз, бірақ қазақ тіліне басымдылық сақталады, тіпті ары қарай дамиды деп ашық айтылып отыр. Ал қазақ тілінің басымдылығы сақталса, оның үстіне дами түссе, қазіргі үшінші тіл болып тұрған ағылшын тілі қай тілдің есебінде дамуы керек, әрине, орыс тілінің орын босатуынан деген сөз. Ренжімеңдер, бұл менің шешімім емес, Елбасының шешімі… Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деді.
Қараңыз, орыс тіліне емес, қазақ тіліне аударылады. Бұл үрдіс Қазақстанда болашақта әлденеше есеге дамиды, себебі, орыс тілі – ғылым тілі деген қолдан жасалған қиял-ғажайып ертегіге ешкім де сенбейді, ғылымды тікелей ағылшын тілінен алу мүмкіндігі тұрғанда ешкім орыс шовинизмі араласқан орыс тілді оқу құралдарына жүгінбейді.

Полиглот азамат қалыптасуын жүзеге асыру барысында өзге тілдерді үйрету үдерісі білім берудің шығармашылық сипаты, білім берудің үйретушілік сипаты, оқыту барысында оқушының автономиясын дамыту, оқыту коммуникативтік сипаты, өзге тіл өкілдерінің мәдениетін үйрету, мәдени, сөйлеу және оқыту тәжірибелеріне арқа сүйеу секілді принциптерге негізделеді. Үштілдік білім беру бағдарламасы, ең алдымен, өздері мақсат тұтқан құзыреттіліктерге қол жеткізу жолында аянбай еңбектенеді. Бұл жолды аталған құзыреттілтерді әр оқушының білуі және соған жету мақсатында аянбай еңбектенуі парыз. Бұл оларға барша ел артып отырған жүк. Мұндай бағдарлама шеңберінде білім алған келер буын өкілдері елді алға жетелейтін негізгі күш болмақ. Негізгі мақсат та сол.

Әзірлеген Айша БЕКҚЫЗЫ

Мынаны да қараңыз

Сафура ТӨЛЕКТЕГІ, Астана қаласы №76 мектеп-лицей директоры: Әр оқушыны өз мүмкіндігіне сай дамытуымыз қажет

 – Сафура Сейдуәліқызы, Жаңартылған білім беру мазмұнының оқушылардың білім деңгейіне ықпалы қандай? – Білім мазмұнын ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *