Ерлан Сағадиев Айшолпанға қалаған университетіне түсуіне көмектеспек

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев моңғолиялық бүркітші қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті. Жиында Айшолпанның білімін Қазақстанда жетілдіру мүмкіндігі талқыланды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте Айшолпанды елордадағы Кембридж бағдарламасымен оқытатын «Spectrum» халықаралық мектебінде екі жыл академиялық деңгейі жағынан және тілдік жағынан дайындап жатқандарын айтты.
«Біздің мақсатымыз — өзі шақырту алған Оксфорд жəне Гарвард университеттеріне дайындап, сол жаққа оқуға түсіру. Биыл қыркүйектен бастап Айшолпанды екі жыл бойы жан-жақты дайындаймыз. Соған біз «Білім-Инновация» қоры атынан 20 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөліп отырмыз. Айшолпан 12-сыныпқа көшуі тиіс, соны ол бізде оқиды. Негізі бір жыл жетеді. Бірақ қандасымыз өзі екі жыл дайындалғым келеді деген соң біз келістік. Айшолпанның бэкграунды өте мықты, ол қалаған университетіне түсе алады. Тек қана тілдік деңгейі мен академиялық қабілетін арттыру керек. Бұған ата — анасы келісіп отыр. Оны жатақханамен қамтамасыз етеміз» деді ол.

Ерлан Сағадиев те бұл ұсынысты қолдайтынын, өзінің де Гарвард университетінде оқығанын айтты. Министр Гарвард сияқты шетелдік білім ордасына жақсы дайындық керек екенін жеткізді.

«Гарвард университетінде оқу бір жағынан қиын. Мен өзім сонда оқығанмын. Бірақ олар саған бірнеше бағыт береді. Солардың арасынан келешек мамандығыңды таңдауға болады. Мамандық жағын жақсылап ойластыру керек» деп министр Айшолпанға кеңес берді.

Сондай-ақ Сағадиев Айшолпанға Қазақстанның да кез келген оқу орнына түсуге көмектесетінін қадап айтты. Сондай-ақ Айшолпан мен анасына сый-сияпаттар тапсырды.

Атап өтсек, бұл 17 жастағы бүркітші қыздың Қазақстанға алғашқы сапары екен. Ол өз сөзінде Қазақстан, соның ішінде елордадан керемет әсер алғанын, Астана қаласы сәулетімен ерекше ұнағанын жеткізді.

Естеріңізде болса, 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал етті. Осыдан кейін режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді.

 

Суретті түсірген Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Тобыл-Торғай-ақпарат

 

 

Мынаны да қараңыз

Сафура ТӨЛЕКТЕГІ, Астана қаласы №76 мектеп-лицей директоры: Әр оқушыны өз мүмкіндігіне сай дамытуымыз қажет

 – Сафура Сейдуәліқызы, Жаңартылған білім беру мазмұнының оқушылардың білім деңгейіне ықпалы қандай? – Білім мазмұнын ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *