Бүгін Астана ЭКСПО-2017 аумағында «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтіп жатыр. Іс-шара барысында 64 үздік ұстаздың әрқайсысына 2 млн 405 мың теңгеден табыс етілді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«2018 жылдың үздік педагогі» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы мұғалімдерінен 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскен.
Биыл аудандық және қалалық турларға қатысқан ұстаздар саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп болған.
«Мен соңғы жылдары біршама жұмыс атқарылғанын айта кеткім келеді. Бірақ әлі де алар асуларымыз жетерлік. Қазір стратегия, жоспарлармен мереке иелеріне жүктеме артқым келмейді. Айтарым — осынау күрделі әрі керекті мамандықты таңдағандарыңызға көп рахмет. Мұғалімді көп адам түсіне бермеуі мүмкін. Алайда, өзіміз біршама жолды басып өтіп, балаларымыз өсіп жетілгенін көрген кезде мұғалімнің қаншалықты үлкен еңбекті еңсергенін көреміз. Мен әке, оқушы және министр ретінде сіздердің күнделікті еңбектеріңізге алғыс айтамын» деді Ерлан Сағадиев.
Конкурс қорытындысы бойынша 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында 64 жеңімпазға «2018 жылдың үздік педагогы» төсбелгісі, куәлік, сондай-ақ, 1000 АЕК (2 млн 405 мың теңге) сомасында сыйақы табыс етілді.
Атап өтсек, «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.
Жеті жыл ішінде конкурсқа 31 420 мұғалім қатысқан. Оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақымен жəне «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған.
фото: baq.kz
Тобыл-Торғай-ақпарат