Кейбір ЖОО-да жатақхана орындары көбейеді

Алдымыздағы жылы еліміз бойынша студенттік жатақханаларды жаңа орындармен қамтамасыз етудің алғышарттары жасалды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде студенттер жатақханаларын жаңа орындармен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырыс отырысы өтті.

Жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі, бағдарламаны жүзеге асырушы оператор Қаржы орталығы және бірқатар ЖОО, оның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Д. Асфендияров атындағы ҚҰМУ, Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, ҚазГЮУ және Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының жатақханаларын жаңа орындармен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерге қол қойылды. Келісімдердің нәтижесінде нысандарды салу және қайта жөндеу арқылы Астана, Алматы және Семей қалаларының студенттері үшін 4 мыңнан астам орын пайдалануға берілу жоспарлануда, оның 2 810 орны келесі жылы беріледі.

«Студент жастарға әлеуметттік-тұрмыстық жағдай жасау, олардың болашақтары үшін маңызды. Осы тұрғыда ЖОО-дағы шешілуі тиіс мәселелердің бірі жатақханамен толық қамту. Әсіресе аталған проблема жастар көптен жиналған үлкен қалаларда орын алған. Осы мақсатта мемлекеттік тапсырыс аясында министрлік пен бірнеше ЖОО арасында өзара келісімдерге қол қойылды. Осы келісіммнің негізінде алдағы жылдан бастап сол оқу орындарының жатақхана мәселесі шешілетін болады» деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Сонымен қатар шара барысында бағдарламаның опеараторы Қаржы орталығы АҚ мен Қазақстанның ипотекалық ұйымы арасында студент жастардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды.

«Мемлекеттік тапсырыстың басты мақсаты — студенттер жатақханаларындағы орын жетіспеушілікті жою, әсіресе еліміздің ірі үш қаласында жатақхана мұқтаждығы бар, ол- Астана, Алматы және Шымкент. 2019-2022 жылдары жатақханалық орындармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 15 млрд теңге қаржы бөлінді. Және аталған жобаның тағы бір ерекшелігі бағдарламаға тек қана мемлекеттік емес сонымен қоса жекеменшік ЖОО-да қатыса алады. Алдағы 3-4 жылдың ішінде еліміз бойынша жатақханалардағы орын жетіспеушілікті жоямыз деп ойлаймын» деді «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов.

Сонымен қатар Қаржы орталығы басшысы үстіміздегі жылдың соңына дейін тағы 20 ЖОО-мен келісімнің жасалатынын және 2022 жылдың соңына дейін барлығы 75 мың жаңа орынмен қамтамасыз етілетінін айтып өтті. Оның айтуынша қазіргі күні еліміз бойынша 89 мың студентке жатақханада орын жетіспейді.

Еске сала кетсек, 2018 жылғы наурыз айындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа жариялаған үндеуінде «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөнінде айтылған болатын.

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында 89 елді мекенді су басу қаупі бар

Қостанай облысында су тасуы ықтимал кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында су тасқыны кезеңінде төтенше ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *