Қостанай облысының 2019 жылғы бюджеті бекітілді

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен Қостанай облысы мәслихатының кезекті сессиясы өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кезекті сессияда 2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджеті қайта қаралды. Алдымен, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Шаймарданованың баяндамасы тыңдалды. Оның сөзінше, келер жылы өңірдегі барлық саланы ілгерілетуге қажетті қаржының есеп-қисабы даяр.
«2019 жылы облысты дамытуға бюджеттен 14 млрд 789 млн теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде ең көп қаржы, 3 млрд теңге Әулиекөл ауданына тиесілі. Ең азы, 799 млн теңге Лисаков қаласына бағытталды. Жалпы алғанда, республикалық қазынадан 110,2 млрд теңге қаражат біздің облысқа құйылады. Аталған қаржының 5,5 млрд теңгесі қызметкерлердің жалақысын көтеруге жұмсалады», — деді Ж. Шаймарданова.
Қостанай облысы басқармаларының жұмысын жетілдіруге 61 млрд теңге бөлінеді. Ал тағы 1 млрд теңгеге ішкі істер органдарына техникалық, технологиялық жабдықтар сатып алынады. Атап айтқанда, 172 млн теңгеге 26 қызметтік көлік, 22 млн теңгеге компьютер жабдықтары, 3 млн теңге сала қызметкерлеріне өзара байланыс ұстауды жетілдіретін әмбебап нөмір сатып алуға жұмсалады. 50 млн теңге Қостанайда уақытша оқшаулау мекемесінің құрылысын жалғастыруға шығындалады.
Төтенше жағдайлар қызметі де назардан тыс емес. Бұл саланың материалдық-техникалық жабдығына 290 млн теңге қарастырылған. Оның 238 млн теңгесіне авариялық-құтқару көліктері, 26 млн теңгеге арнайы жабдықтар,18 млн теңгесіне өрт сөндіру құрылғылары әкелінбек. 8 млн теңге көктем мезгілінде су айдындарында мұз жару жұмыстарына, тасқын қаупінің алдын алуға бөлінеді.

Мәслихат депутаттары облыстың дамуына бөлінетін қаражатты бірауыздан мақұлдады.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *