Қостанайлықтар Ғафу ақынды еске алды

Қостанайдағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында аса көрнекті ақын Ғафу Қайырбековті 90 жылдық мерейтойына орай еске алу кеші өтті. Жиналғандарға ақын туралы деректі фильм көрсетілді. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов ақынның туғанына 90 жыл толуына байланысты шаралар оның туған жерінде кеңінен аталып өткенін айтты.
«Ғафу ақынның туғанына 90 жыл толуына арналған үлкен іс-шара Астанада өтті. Туған жері де қарап отырған жоқ. Ақынның кіндік қаны тамған Торғай өңірі мен Қостанайдың барлық аудандары мен қалаларындағы кітапханалар мен мектептерде, колледждерде ақынның мерейтойына орай іс-шаралар кеңінен өтті. Бүгінгі кеш сол шаралардың қорытындысы болып отыр. Биыл Мәдениет министрлігінің қолдауымен ақын шығармаларының 3 томдығы жарық көрді. Біз ақынның ұлы Бақыт ағамыздың өтінішімен ол кітаптарды облыстық әмбебап кітапханаға әкеліп тапсырдық. Енді онымен қостанайлық оқырмандар да таныса алады» деді Ерлан Қалмақов.
***
«Ғафаңның өлеңіне жазылған Шәмшінің «Ана туралы жыр» әнін түркі тілдес халықтар өз әніндей шырқайды. Мен Уфаға құдалыққа барғанда осы әнді айтамыз ғой деп дайындалып барсақ, татар құдалар бізден бұрын айтып қойғаны бар. Олар әнді татар тілінде айтты, біз сосын қазақ тілінде шырқап бердік. Сөйтсек, татарлар «қазақтар, өз әндеріңді айтыңдар, бұл біздің ән» деп «қызғаныштық» көрсетті. Содан мен қалтамдағы ән жинағын көрсетіп, таласқаным бар» дейді жазушы Ғұмар Ахметчин.
«Ғафаңның өлеңдері кең таралды. Оның шығармаларының арасында туған жер туралы асқақ үнмен жазылған, патриоттық сезімге толы әрі нәзік лирикалары бір төбе. Әнге айналып кеткен өлеңдері қаншама! Ғафудың керемет әншілігі де болған. Қазір Қостанайдағы ең ұзын көше, оның бойындағы қазақ орта мектебі ақынның атында. Бұл туған жердің ақын ұлына деген құрметі» дейді ақын Ақылбек Шаяхмет.
Айша БЕКҚЫЗЫ
Қостанай

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...