Архимед Мұхамбетов: Жерді тиімді пайдалана алмағандар мемлекетке қайтаруы керек

Облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы өткен жылы жер заңнамасын бұзуға қатысты 231 деректі анықтаған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде аталған басқарманың басшысы Нұржан Әбдуов мәлімдеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Инспекторлар тарапынан әкімшілік жазалау ретінде 21,3 млн теңгенің айыппұлы салынған. Тексеру негізінен ауыл шаруашылық бағытына және коммерциялық нысандарға құрылыстың салынбауына қатысты жүргізілген. Нұрлан Әбдуов айтқандай,  өңірде мемлекет меншігіндегі жер телімдерін өз бетінше иемденіп, оның аумағын қоршап алған кәсіпкерлер көбейді.

«Қарасу ауданында шаруа қожалықтары басшыларының 3,1 мың шаршы метр жерді заңсыз иемденуіне қатысты 4 дерек анықталды. Оларға 600 мың теңгеден астам айыппұл көлемінде әкімшілік жаза қолданылып, өрескелдікті жою жөнінде хат жолданды», — деді Н.Әбдуов.

Өткен жылы басқарма  ауыл шаруашылық мақсатында игерілген  504,7 мың га аумақты  бақылауға алған.  Оның 76 мың гектардан астамында заңсыздықтар тіркелген. Атап айтқанда,  «Жаса-12» ЖШС (Таран ауданы), «Тассервис» ЖШС (Қостанай ауданы), «Есжанов Ч.Ж.» ШҚ (Әулиекөл ауданы) шаруашылықтары 2017-2018 жылдары ірілі-ұсақты мал сатып алып, қазіргі уақытта төлдерін заңсыз алынған жайылымда өрістетіп жүр. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы 456 мың гектар аумаққа қатысты 28 наразыхат жолданған болса, мемлекет меншігіне 290 мың га жуық жер телімі қайтарылды. 130 га алқапқа қатысты құжаттар сот қарауында. Биыл ауыл шаруашылық бағытындағы жалпы көлемі 10,7 мың га болатын 11 учаскені сот арқылы қайтарып алу жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, бұл учаскелердің барлығы жеке меншіктің қарамағында болғандықтан, олардың қожайындары жерді өз қажеттіліктеріне қарай пайдалануда. Мәселен, ауылшаруашылық мақсатта алынған жерлерге  құрылыс салатындар көп.

Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына қарасты кейбір аудандардағы бөлімдерде мамандар жетіспейтінін жеткізіп, басшыға осы жағын үйлестіруді тапсырды.

«Пайдаланылмаған жер деген болмау керек. Оны қайтару үшін ескерту, қаншама хаттар, сотқа берудің ұзаққа созылатын процесс екенін түсінеміз. Бірақ маған малымызды өрістететін жайылым жер жоқ деп шағымданатын тұрғындар көп. Қаншама микронесие алып, түрлі бағдарламаларға қатысып жататындар мал жаятын орын таппай жүр. Жерді тиімді пайдалана алмағандар мемлекетке қайтаруы керек. Осы жағынан жұмысты күшейтіңіздер. Айталық, Жітіқара ауданындағы тұралап тұрған «Талап Астық», «ЖерАна» серіктестіктерін сот ақтап шығады, бірақ оларда атқарылып жатқан ештеңе жоқ. Не өздері егін салмайды, не біреуге істетпейді. Осы жөнінде ұсыныс жасауды тапсырамын, алдағы уақытта арнайы кеңес өткізетін боламыз. Мұндай фактілер жетіп жатыр. Біздің мақсатымыз біреуді  қудалау емес, тек жерді тиімсіз пайдаланғандарды жөнге келтіру қажет», — деді А.Мұхамбетов.

 

 

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *