«Тобыл» футбол клубы: футболшыларды сатып алмаймыз!

«Тобыл» футбол клубы легионерлерге жұмсалған қыруар қаржыны жоққа шығарды. Клуб директоры Николай Паниннің айтуынша, ойыншылардың ауыс-түйісі туралы БАҚ-та жазылған ақпараттардың дені шындыққа жанаспайды деп хабарлайды ҚазАқпарат «Тобыл» ФК-ның сайтына сілтеме жасап.

Жыл сайын мемлекет қаржысынан еліміздегі футбол командаларына қаржы бөлінетіні рас. Және ол команданың жетістіктерге жетуіне септігін тигізетіні сөзсіз. Айта кету керек, көптеген маман өткен жылғы «Тобылдың» жетістігін қаржылық жағдайлармен байланыстырды, сонымен қатар қаражаты жағынан елдегі ең бай клуб ретінде қатарға қосты.

«Тобыл» ФК директоры Николай Панин «бәрі ақшаға байланысты емес» дейді.

«Осы жылы «Тобыл» ашық саясат ұстанады, яғни біз бюджет туралы ешнәрсе жасырмаймыз. 2019 жылғы клубтың бюджеті үш миллиард теңге шамасында. «Тобыл» футбол клубы — тек қана ондаған футболшы және бапкерлік құрам емес. Бізде Екінші лигада өнер көрсететін қосалқы құрам, Футбол орталықтары бар. Соңғысында жүздеген бала доп тебеді. Оған қоса, осы жылы қыздар тобына іріктеу жинап жатырмыз. Біз салық ретінде 150 миллион теңгені ел қазынасына қайтарамыз, 250 миллион теңге өскелең ұрпақ арасында футболды дамыту үшін жұмсалады. Ойын алаңын жалға алу, спорт жабдықтары, іс-сапарлар және басқаларына ақша жұмсалады. Артық қалған 2 млрд 600 млн теңгені кәсіби командалар — негізгі және қосалқы құрамның шығындарына бағыттаймыз. Бұл сомаға барлық әкімшіліктің жұмысы мен инфрақұрылымдық нысандарды сақтау кіреді», — дейді Николай Панин.

Айта кету қажет, «Тобылға» қаражаттың едәуір бөлігі демеушілерден түседі. Осы жылы да олар басты серіктесі «Полиметалл» компаниясынан 350 миллион теңге көмек күтеді.

«Қазіргі уақытта жаңа серіктестер мен демеушілер іздеп жатырмыз. «Тобыл» көп жағдайда ойыншыларды сатып алмайды. Мұны тексеру оңай. Қазір біз бес жаңа футболшымен келісімшартқа қол қойдық: Михаил Гордейчук, Руслан Валиуллин, Андрей Пасеченко, Александр Клещенко, Эмиль Балаев. Олардың барлығы еркін агент, яғни олардың бұрынғы жұмыс берушілермен келісімшарттары аяқталды. Сондықтан біз қаражат шығарған жоқпыз», — дейді клуб директоры.

Николай Панин әлеуметтік желілерде жазылып жүрген ақпараттарды да жоққа шығарады. Оның сөзінше, жақында желіде команданың Балаев үшін 52 мың еуро төлегені туралы ақпарат пайда болды.

«Бұл Transfermarkt таратқан жалған ақпарат. Ол еркін агент ретінде келді. Бұл жерде Валерий Газзаевтың беделі үлкен рөл атқарды. Біз әзірге «Тамбов» футбол клубымен келісімшартты жоспарлап отырмыз. Бірақ мұнда да журналистер асығыстық танытып отыр. Сенин Себаи үшін «Тобылдың» 500 мың еуро шығарғаны бұрыс ақпарат. Ол үшін 50 мың доллар төлейміз. Бұл ретте клубтың трансферлік кезеңдегі қызметі аяқталады, бірақ бюджетпен жұмыс жалғасады. Кейбір ойыншылардың біздің клубымызға қаржылық жүктемені азайту үшін жалға беретінімізді жоққа шығармаймын», — деп түсіндірді клуб басшысы.

Мынаны да қараңыз

Әулиекөл ауданының тұрғыны өз үйінде өртеніп кетті

Қостанай облысында жеке үй өртеніп, ер адамның мәйіті табылды деп хабарлайды ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *