Қостанай дүкендерінде сапасыз азық-түлік сатылып келген

Қостанай облысында дүкен сөрелеріндегі өнімдердің арасында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы ең көп құс еттерінде анықталды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дүкендердегі тауарлардың техникалық регламенттерге сәйкестігіне мониторинг жүргізді.

«Ай сайын өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жасалады. Мысалы, былтыр тамақ өнімдерінің және азықтық емес тауарлардың 3579 сынамасы сатып алынды. Зертханалық зерттеулердің қорытындысы бойынша олардың 306-сы немесе 8,6% ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына және Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормативтерге сәйкес болмай шықты», — деді департаменттің Техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Наталья Ахметова агенттік тілшісіне.

Осы жолы зерттелген сынамалар бойынша да талапқа сай емес тағамдар анықталды. Атап айтқанда, сүт өнімдерінің — 18,2%,  еттің — 13,7%, құс етінің — 27,3%, балықтың — 15,0%, майдың — 7,2%, шырынның — 9,6%, кондитерлік өнімдердің — 5,6%, көкөністер мен жемістердің — 6,1%, алкогольсіз өнімдердің — 3,0% және алкогольді өнімдердің 4,1% талаптар сақталмаған.

«Техникалық регламенттердің талаптары көбіне микробиологиялық көрсеткіштерге байланысты. Айта кету керек, өнімдерде немесе тауарларда ішек таяқшалары тобындағы бактериялардың болуы, жалпы бактериологиялық тұқым себудің асып кетуі, көгеру, ашып кету, өндірушілердің таңбалау қағидаларын сақтамауы талаптардың бұзылуына әкеп соғады. 2018 жылы жалпы сомасы 619 мың теңгеге 1416 келі қауіпті өнімдер сатылымнан алынды. Қауіпті өнімдердің 323 келісі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында жойылды», — дейді бөлім басшысы.

Анықталған тәртіп бұзушылықтарды жою үшін кәсіпкерлерге 90 ұйғарым берілді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 48 іс қозғалған.  Осыған орай, департамент облыс кәсіпкерлеріне тауар сатқанда ұқыпты болуға шақырады. Сонымен, тауар сапасын қалай анықтау керек? Кез келген өнімнің сапасыздығын білдіретін белгілерге мыналар жатады: консервілердің ісініп кетуі, ораманың бұзылуы (майысқаны, үзілгені, сынғаны), ластануы, бөтен қоспалар, бөгде иіс, жарамдылық мерзімінің көрсетілмеуі, таңбаланудың болмауы.

Мамандардың айтуынша, бұл белгілердің болмауы тауардың қауіпсіздігін білдіреді. Қостанай облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті облыс тұрғындарына азық-түлік сатып алу кезінде ерекше зейін аударуды сұрайды.

«Өнімдердің қауіпсіздігі бойынша талаптар бұзылған және өзге де фактілер анықталған жағдайда белсенді болу қажет. Кез келген адам тағам сатып алғанда бұзушылықтардың нақты фактілері болса, оны фото немесе бейнежазбаға түсіріп алғаны дұрыс. Қауіпті өнімдерді сатып алсаңыз, тауар түбіртегін сақтаңыздар. Әрдайым аумақтық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларына жүгінуге болады», — дейді Наталья Ахметова.

 

Түпнұсқадағы тақырып: «Тауар сапасын қалай анықтау керек — мамандар кеңесі»

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында психологиялық қолдау орталығы ашылды

Қостанайда елімізде баламасы жоқ психологиялық және қосымша білім беру өңірлік орталығы ашылды деп хабарлайды ҚазАқпарат. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *