Ұлы Жыланшық — киелі жер

Бастауын Ұлытаудан алатын Ұлы Жыланшық керемет жер!
Ұлы Жыланшық – киелі жер! Ұлы Жыланшық жеріне менің іңкәрлігім ерекше, өзі әуелден осылай. Шынымды айтсам, біріншіден, бұл өзеннің бойы, дұрысы орта ағысы біздің ата-бабамыздың киелі мекені. Бас жағы боса болмаса қазақтың тағы бір киелі жері – Ұлытау жағы, Ұлы Жыланшық бастауын Ұлытау тауларынан алып, жолай қар суымен қоректенеді, көктемде «қызыл су» жүргенде тіпті өткел бермей кетеді, ал, аяғы өзіміз бала кезден білетін Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың елі. Аққұм жері арқылы Ақкөл көліне құяды. Алдыңғы жылы Ақкөлді айналып шығып едік, аумағы 60 шақырым болған шығар. Айтқандай, Ахаңның «Аққұм» атты әнін білмейтін торғайлық ағайындар жоқ. Қызыл көменестер заманында да Ахаңның аты тура аталмаса да, жадымыздан тіпті өшкен жоқ. Халықтың, елдің оған құрметі өте жоғары еді.
Біздің Іңкәр атты апамызға арналған әні қандай керемет туынды. «Аққұмды» жырлағанда көз алдыма Айырқұм, Аққұм жері келеді. Ахаңның әні, сөзі демекші, кеше інім Талғат жазғандай, Ахаңның аты аталмаған замандағы «Aйна мен маймыл» аты мына өлең жолдарын әкем айтып отыратын еді: Айнаның қарсы алдына маймыл барып, Айнадан өз суретін көре салып, Аюға жанындағы күліп айтты, Ақырын аяғымен түртіп қалып.. деп басталатын жері бар еді ғой. Баламыз ғой, мән бермеппіз. Енді ғана ғой Ахаңның қазақ руханиятындағы жолын танып, ұғынуға тырысып жүргеніміз. Алдыңғы жылы арнайы ауылына, туған жеріне, үйіне барып тәу етіп қайтқанымыз бар еді… Ұлы Жыланшық осындай қазақтың қасиетті кісілері туған киелі жер. Киелі жер демекші, бала кезімізде жыл сайын нағашымыз – атақты Шәкір батырдың ұрпағы Әбілдә (қауқылған ақкөңілдігіне байланысты халық Қауқамбай деп кеткен еді) көкеміздің қырдағы үйіне, қойшы ауылға барып, қой бағамыз. Шынында қой бағу деген аты ғана. Құдды пионер лагері дерсіз.
Бердібай Қарасуына барып ау саламыз, жұтпа жібереміз, қармақ саламыз. Бәрі де көз алдымда. Адамның бір қызығы бала күнгі естеліктері жадыңда қатты сақталады екен. Даланың небір жан-жануарлары мен аң-құстары, табиғаты тылсым өзендері мен көлдері, шатқалы мен бұйрат құмдары – бәрі, бәрі көз алдымда. Киік аулап, қырда асыр саламыз, түнде түз тағысын қорқытып, аспанға мылтық атамыз. Естен кетпес балалық шақ қой! Бір жолы нағашым — Қапаш үйленіп, қырдағы ауылға бардық. Сонда, жаңбыр жауып, құм ішіндегі ауыл жаңбырдың асында қалсын, отыратын жер таба алмай қалдық, мұндайды бірінші рет көруім. Таң қалдым.
Табиғат құбылыстары да керемет. Одан өзге, Қатеш әжемнің әңгімелерін айсаңызшы. Кешегі күнгі Кейкінің ерлік істерін жыр қылып айтып отырады. Біз үшін түс сияқты. Бірақ, ол әңгімелер есімде қатты сақталып қалыпты. Елі ерін ешқашан ұмытпақ емес. Ерлері демекші, бұл өлкеден қазақтың талай дүлділ ақыны да, батыры да, арқалы биі де шыққан. Кешегі патша заманында елінің ертеңі үшін жандаралға қаймықпай сөз айтқан Тоймағамбет те, байлығы басынан асқан, қазақтың Қостанай жылқысының пайда болуына негіз болған жылқылардың иесі, 1916 жылы Тоймағамбет сияқты бар байлығын азаттық жолында сарп еткен атақты Бірәлі бай да Жыланшықтың бойында отырған еді. Әрісі, атақты Тәйпен би де, бір заманда Досбол датқа да Жыланшық бойын жайлап еді-ау! Атақты Шашамбай да Жыланшықтың жерінде мыңғырған мал ұстаған. Кейінгі аталарымыздың бірі – Бәймен де осында жатыр. Тағы бір қызықты дерек, 1844 жылы Кенесары мен Наурызбай Ұлы Жыланшық бойына қыстап, олар бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне Иман батыр, Шәкір батыр, Жәуке батыр, Қошқар батыр сияқты торғайық ағайындар белсене қатысып, Алатау асып, кейін бірлі-жарымдысы елге келетіні бар еді ғой. Ол да бір бөлек тарих!
Ал енді, жоғарыда «жайлап еді» дейтін себебім, 1930 жылдардағы халқымыздың басына түскен нәубеттен — ашаршылықтан Ұлы Жыланшық бойының халқы тұтастай қырылып қалған еді. Тірі қалғаны босып, тентіреп кетті. Кейін 1960-1970 жылдары Торғайдың «кіші тыңы» уақытында Жыланшық бойына жан кіріп, қайтадан ел қоныстанып, жаңадан кеңшарлар ашылды. Тіпті, бір уақытта, Жыланшық өзенін бөгеп, суармалы егін де салмақшы болған еді. Сол кезде еді ғой, әкемнің ауыл арасына тікұшақпен ұшып жүргені.
Заман өзгеріп, қиын-қыстау шақ туындап, 1990 жылдары Жыланшық бойы халқы тағы тентіреп кете барды…. «Орнында бар оңалар» деп дана халқым айтпақшы, күндердің бір күні Жыланшық бойына жағалай ел қонса таң қалмаймын! Шынында, қазір бұл аймақ, 1992 жылдан бері киіктерді қорғау үшін құрылған «Алтын Дала» қорығының жері болғанымен, астында, жер қойнауында қаншама кен қоры бар десеңізші. Мұнай да бары анық! Жомарт Түбекбаев ағамыз айтпақшы: «Басын Ұлытаудан алатын өзен бойында небір қорымдар, қыстаулар бар, Дулығалы (Бердікей) мешіті, Бірәлі қыстауы, екі қабатты үй, Шашамбай, Рахмет, Жалаулы, Зікірия қыстауы, Зілқара, Қарабай, Дуана, Айырқұм (Мешіт), Әли бақсы, Сырлытам тағы басқа бейіттер небір құпияны сақтап жатыр.». Осылардың ішінде өзім көргендерімің арасында Дуана тамы, Айырқұм (Мешіт) маған бұрыннан таныс.
Дуана туралы бұрын жаздым да, ал Айырқұм туралы айтылып жүр. Біз Дуана тамының түбіндегі қорымдарды ата-бабамыздың бұрынан келе жатқан зираттары екенін білеміз, Дуана туралы дерек әртүрлі, бірақ, осы жолы экспедиция аясында тапқан құлпытастарымыз Дуана іргесінің, ондағы қорымдардан табылған тастар бұл мекеннің тарихын 15-16 ғасырға жылжытты. Бір таңқаларлағы мұндағы зираттарда қара да төре де жатыр екен. Дегенмен, әкемнің айтқан бір әңгімелері тағы да еміс-еміс есіме түседі. Баяғыда, бұл жерде түркі руникалық тастар болыпты. Сонда аталған мекеннің тарихы тіпті әріде, тағы 10 ғасырға жылжып тұр ғой. Олай деуге негіз де бар. Мәселен, Торғай жеріндегі құнды ескерткіштердің бірі (дұрысы Торғай мен Ұлытаудың шекаралас аймағында) Сырлытамның тарихына қатысты академик Қаныш Сәтптаев оны тіпті 9 ғасырға дейінгі ескерткіш деп санайды. Жалпы, Сырлытамға жету бір арманым, әкем де Сырлытам туралы көп айтушы еді. Құдай қаласа, келесі жылы бір экспедиция жасақтап қалармыз.
Енді, Жыланшық бойындағы бабаларымызға қатысты екі тұлға мен оларға қойылған ескерткіштер туралы дерек бере кетейін. Біріншісі, Тәйпен би туралы. Дана халқымыз «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп бекер айтпаған ғой. Бір шеті Қостанай, екінші шеті Торғай жеріндегі Қара руынан шыққан ағайындарымыз жиналып, кезінде алты алашқа мәлім болған Досбол датқамен, Шеген билермен сыйлас әрі замандас болған Тәйпен биге ас беріп, кесенесін көтерген еді. Бұл бір біткен іс болды. Тек, өкініштісі осы шараға, елге алдын ала жоспарлап, «барамын» деп отыр едім, бұған дейін жазғанымдай Арыстан деген ұлыма операция жасалып, Нұр-Сұлтаннан кете алмай қалдым. Ал, енді біздің аталарымыздың бірі – Тәйпен би туралы әкем Қорған Әмірхамзаұлы өзінің «Елдің Қорғаны» кітабында бабамызға қатысты мынадай деректерді келтіре кетіпті. Сонымен, былай деген екен:
«Қара Тәйпен би» Ежелгі Торғай өңірінен қара қылды қақ жарып, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітістіретін, әділдігімен, турашылдығымен танылған небір шешен, дүлдүлдердің шыққаны тарихтан белгілі. Солардың бірі – Торы қыпшақтың Қара руынан шыққан Тәйпен би. Ол ХІХ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген адам. Үш жүзге танымал, атақты Досбол датқамен тұстас, туыстығы да бар, көңілі жақын замандас болған. Тәйпен туралы ең алғаш қалам тартқан жерлесіміз, белгілі жазушы Қойшығара Салғараұлы еді. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінің кейіпкері Сейітқұл Маманұлы он ағайынды болған екен. Қазіргі қолымыздағы «Торы Қыпшақ» шежіресіне сүйенсек, Тәйпен би Қыпшақ Сейітқұлдың ағасы Жантелінің бел баласы болып шығады. Ауыздыға сөз, азулыға дес бермеген Тәйпен би көзге қораш, бойы ортадан төмен, қатқан қара кісі екен. Оқырмандар назарына ұсынылғалы отырған бұл дүниелер кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған, бай әрі би болған Елікбайдың Орақбайы деген кісіден жазылынып алынған еді. Қабыл алыңыздар!
«Келдің бе аман-есен, елдің құты?!» Атақты Шақшақ Жәнібектің шөбересі Шеген би кезінде патша төрешілерінің Торғай бекінісін салуға бірден-бір қарсы болған адам. Қазақ сахарасына қалалар салудың мақсаты – қазақ жеріне бекіністер салу арқылы, патшалық үкімет бірте-бірте қазақтың шұрайлы жерлерін алу екенін Шеген би ерте түсінген. Шегеннің осы қылығын патша шенеуліктері кешірмей, үкіметке қарсы пікірдегі адам деп түрмеге жапқан, бірақ атақты батыр Шақшақ Жәнібектің тұқымы, халық арасында аса зор беделге ие Шегенді түрмеге көп жатқызуға патшаның әкімдері халықтың қаһарынан қорыққаннан, тез түрмеден босатып жіберіпті. Шегеннің аз уақыт түрмеге жатқаны бүкіл Арғын-Қыпшаққа мәлім болып, Шегеннің аз уақыт болса да тар қапаста болғанын Тәйпен би естіп, «Шегенге қайырлы болсын!» айтайын деп Аққұмнан 1-2 жолдасымен Тосында отырған Шеген ауылына барыпты. Амандық-саулықтан кейін, Тәйпен Шегеннің қолын алып былай депті: «Бағыланда» қымбат болды ұнның пұты, «Бозайғырдай» болар ма қыстың жұты? Байлаулы қап түбінде кетіп едің, Келдің бе аман-есен, елдің құты?!
Тәйпеннің сөзіне риза болған Шеген би орнынан тұрып, Тәйпен бидің иығына қасқыр ішік жауып, сый-құрмет көрсетіпті. «Тәйпен бидің Мұқан правительмен екінші кездесуі» Кіші жүз жағы ешқандай дәлелі, қолмен ұстаған бұлтартпас айғағы болмаса да, өздерінің жоғалған бір үйір жылқысын Кіші жүзбен шектес Арғынның Шақшақ руынан көріп, жоқ іздеп жүрген екі жігітін Мұқан правитель байлатып тастапты. Бұл хабарды Шегеннің Қазыбегі естіп, Кіші жүзге барып билік айтуға, байлаулы жатқан екі адамын босатып әкелуге: – Арғын-Қыпшақ бірге туыстық, осы жолғы билікке, аға, өзіңіз барыңыз! – деп Қара Тәйпен биді жіберіпті. Тәйпен би Арғын жағының бір топ адамымен Кіші жүзге баяғы өзі баласына көңіл айтатын Мұқан правительге барыпты. Асығыс шаруамен Орынборға губернаторға жүргелі жатқан Мұқан правитель: – Тәйпеке, мен асығыспын, Орынборға кетіп бара жатырмын, жылқы ұрлаған Арғынның қаңғырған ұрыларына төрелік айтатын уақытым жоқ, осы елдің игі-жақсыларына барып сөйлесіңіз, – деп жүруге асығыпты. Сонда Тәйпен би Мұқан правительге: Төрем, сенің асығыс ісің болса, Менің байлаулы кісім бар, Иттің иесі болса, Бөрінің тәңірісі бар…
Сен Арғынның екі жігітін нақақтан байлатсаң, оны іздейтін артында Шегенім бар, ойлас, шырағым» деп Мұқан правительді сөзден тоқтатып, Арғынның көптігін айтып, қыр көрсетіпті.. Сөзге тоқтаған заман емес пе?! Тәйпенің бір ауыз аталы сөзінен аса алмай, Арғынның адамын байлатып, құр қол қарап отырмайтынын сезген есті төре – Мұқан правитель Тәйпеннің іздеп келген екі жылқышысын босатып беріпті. Сөйтіп, Тәйпен би Шегеннің жылқышыларына бостандық әперіпті.
Тәйпен би туралы там-тұмдап материал бердік, ал Құлназарұлы Бәймен деген кісі кім? Ол туралы Қуаныш апамыздың естелігін ұсынуды жөн көрдім. Қасиетті адам Құлназарұлы Бәймен молда Қасиетті Торғай топырағында елін қорғаған батыр да, жырлаған ақын да, халқының қамын жеген зиялы азаматтар да, қасиетті аруақты адамдар да өмір сүрген. Менің атам Құлназарұлы Бәймен аса қасиетті, аруақты кісі, үлкен молда болған, 1857 жылы дүниеге келіп 1930 қайтыс болған. Әулиелік, көріпкелдік, емшілік бала кезінен қонған. Оның баласы Мейрам әкем аталарының өмірін, тариxын біліп жүр деп үнемі олар туралы айтып отыратын. Мен Бәйменнің екінші баласы Мұқанбетқалидан туған Абдраxманның қызымын, есімім Қуаныш, сол ата-бабам Көкалат ауылынан (Кеңес одағы кезіндегі Еңбек совxозы) 80 км жердегі Жаманқопа атты жерді қоныстанған екен. Қоныстануға барған кезде қопадан қабан шыққан. Сол себепті ол жерді Жаманқопа деп атандырған.
Байту атамыздан Байшағыр деген әкеміз және бір қыз туады. Байшағыр атамыздың бір үйір жылқысы болады. Бір күні жылқысы жоғалып, оны іздеп келе жатқанда алдынан ақ боз ат мінген ақ сақалды қария шығып «Балам, жылқы мына қыраттың астында жатыр, айдап қайтарсың. Бірақ артыңа қарама», деп жоқ болып кетеді. Ақ сақалды қарияның айтқан жерінен жылқысын тауып, айдап келе жатқан кезде үстін шаң басқан жылқылар шұрқырасып атамыздың үйіріне қосыла бастайды. Сонда атамыз: «не болып жатыр?» деп артына жалт қараған екен. Сол кезде жылқы қақ бөлініп, бір бөлігі кері қайтып кетеді.
Әкеміз үйіне көп жылқы айдап келеді. Сонда әкесі Байту: «Бұл Қыдыр атаң берген ырыс екен», деген екен. Жылдар бойы үйір-үйір жылқымен жайлаудан жайлауға көшіп тіршілік еткен. Бірде көшіп бара жатқан кезде түйенің терісінен жасалған сабаны тіліп, ішіндегі қымызды жер ошаққа төгеді, бір емес үш тіледі. Ішіндегі қымыз дірілдеп ұйып қалған екен. Сол кезде жалғыз қарындасы аттан түсе қалып «ағатай-ай, Қыдыр берген ырысты бекер төктің-ау», — деп маңдайына жағып тәу еткен. Жылдар өткенде малдан зекет алатын калпе әкемізге: «Қыдыр атаң берген ырысты аяаққа басыпсың. Сабаны бір тілмепсің, үш тіліпсің. Ырысың қызға кеткен екен. Жеті атаңа дейін аш-жалаңаш болмассың. Жеті атаңнан әрі қарай елден асқан бай боларыңды, не елден асқан қу боларыңды құдайың білер», деген екен.
Мейрам әкем сонда: «ол калпе малдың емес, жанның кедейлігін айтқан ғой» деп отыратын. Ал, жаңағы қымызды маңдайына жағып тәу еткен апамыз (Байшағыр әкеміздің қарындасы) руы найман жігітке күйеуге шығыпты. Кейін жылдар өткенде ол апамыздың Байшығардың баласы Сарманнан туған Құлназар іздеп барады. Барса, апамыздың 90 жастан асқан шағы екен. Апамыздан 6 ұлы 6 ауыл болып отырған. «Мені немерем іздеп келді» деп апамыз қатты қуанған. Балаларына: «менің немеремді ренжітпей аттандырыңдар», деп өтінген. Құлназарға түйеден нар, жылқыдан жорға мінгізіп, кәлі кілем беріп, кәмшат бөрік, шұғадан шапан жауып аттандырады. Байшағыр атамыздан 4 бала тараған: Сарман, Серке, Күмісбай, Сүттібай. Оның ішінде біз Сарманнан тараймыз. Сарманнан Құлназар мен Алданазар. Құлназардан — Бәймен, Ғап, Қаси. Бәйменнен — Мейрам, Мұқанбетқали, Мұқанбетжан.
Құлназар бабамыз еліне қадірлі, танымал кісі болыпты. Баласы Ибрагимді 7 жасында медресеге оқуға береді. 15 жасында ислам дініндегі діндарлар оған азан шақырып Бәймен деген ат берген. Сол кезден бастап Бәймен атанған. Бәймен атамыз оқуды 22 жасында бітіреді. Ислам оқуын бітіріп елге келген. Ол кісі жыланның, қара құрттың оқуын оқыпты-мыс. Күзде емдік шөптерді жинап, xалықты емдеген. Марту басқан әйелдерді зікір салып емдеген. Әсіресе, жіңішке (туберкулез) ауыруына ем болатын шөптерді жақсы білген. Балаларды сүндетке отырғызған. Бәймен атам: «Биыл құрғақшылық болып тұр. Дұға оқып, жаңбыр тілеп келейін. Үйге арқан салыңдар», дейді екен. Айтқандай-ақ, іле жаңбыр жауатын көрінеді. Бір күні күз кезінде әртүрлі ауруларға ем болатын шөптерді термек болып атқа мініп, қырдан асқан кезде қара бұлт үйіріліп, айдай тақыр жерге аспаннан қара кітап түседі. Бәймен атамыз аттан түсе қалып, «мынау маған Алланың берген сыйы екен» деп қатты қуанады. Сол кітаппен талай ауыруды емдейді. Бір күні бір атамыз көкпек шауып жүріп абайсызда ордалы жыланның біреуін ортан белінен шауып түседі. Ордалы жыланның аталығы ол кісіге шабуыл жасап, соңына түсіп алады. Ол кісі атқа мініп Бәймен атамызға шауып келіп, мән-жайды айтады.
Бәймен атамыз сонда былай деген: «арасы 1 метрден үш сызық сыз. Сосын басыңа кетпенді қойып отыр. Тілін таба алсам жыланға кәдік. Таба алмасам маған кәдік». Жылан кетпенге сарт етіп түсіп, бірінші сызыққа келіп жатыпты. Дұғаны оқып жатқанда екінші сызыққа келіп жатқан. Дұға аяқталған кезде жыланның көзі жарқырап, ісініп, бір жасар баладай болған. Атамыз қап-қара болып, маңдайынан тер мойыншақтайды. Жылан 3 сызыққа жылжыған кезде атамыз тағы дұға оқи бастайды. Сол кезде жылан жіңішкеріп барып, сылқ етіп өліп қалады, сол кезде атамыз «уфф» деп дем алған екен.
Медресені бітірген кезде Бәймен атам 22 жасар екен. Бір күні бір ауқатты адамның 10 баласы бірдей көтеріліп кетеді. Барлығы үйлі-жанды екен. Содан ол кісі ат-арба жіберіп, сол өңірдегі атақты молда Оспан қожаны алдыртады. Сонда Оспан қожа «маған бекер келдіңдер, Жыланшық өзенінің бойында отырған Бәймен ислам дінін оқып, бітіріп келді, Бәйменді алдыр. Мен үлкейдім, сыртқа шыға алмаймын. Пайғамбар жасындамын» деген. «Бәймен жас қой. Оған бағынбайды» дегенде ол «Бәйменге емес, оның аруағына бағынады» деген екен. Сонан Бәймен атамыз оларды 40 күн зікірін салып емдеген. Бәрі сауығып атамызға ризашылығын білдірген. Бәймен атамыздың қасиетін бүкіл ауыл біледі. Бәймен атам жерленген Жаманқопа өте киелі жер. Жаманқопаның жанынан өтіп бара жатқан бірде бір жан құран оқымай кетпейді. Талай жүргізушілер, жолаушылар сол жерден құран оқымай өтпек өтпек болғанда машиналары себепсізден себепсіз тоқтап, жүрмей қалған. Түсіп басына құран оқығаннан кейін ғана көліктері жүреді. Жаманқопаның тұсынан өтіп бара жатқанда үлкен кісілер жастарға мән-жайды түсіндіріп айтып отырады. Бірде мынадай жағдай болды. Біз бірнеше адам машинаның бортына отырып «Айырқұм» совxозына (ред. Дұрысы Айырқұм бөлімшесі) бара жатқан едік. Жаманқопаға тақай берген кезде мен ер адамдарға «Машинаны тоқтат деп айтыңдар. Жаманқопаға келіп қалдық, құран оқиық» дегенмін. Ер адамдар оған мән бермей, тоқтатпай-ақ оқи береміз деді. Сол-ақ екен машина кілт тоқтады. Шофер бала түсе қалып машинасын әрі-бері қарап: «бәрі дұрыс, неге тоқтағанын түсінбедім» дейді. Жүргізуші жас бала еді. «Бұл жерде үлкен кісі жатыр. Қасынан тоқтамай өтіп бара жатқан соң машинаны тоқтатқан ғой. Сенің атаң болады», деп түсіндірдім. Бәріміз машинадан түсіп басына барып құран оқығаннан кейін машина жүріп кетті. Ол туралы ауылдың кәрі-жасы бәрі біледі. Бәрі тоқтай қалып, құран оқып барып жүріп кетеді. Қатты ауыруға шалдыққан жандар ол кісінің басына барып қонып та жатады. Бәймен балалары Мұқанбетжан мен Мейрамды медресеге оқуға береді. Олар 10 жыл оқып елге оралады. Мұқамбетжан бір жиында, бір үлкен қалпе кісінің кебісін салып жатқанда басы тиіп кетеді. Қалпе: «мықты азамат екенсің» деп арқасынан қағады. Содан соң ол үш күн ауырып қайтыс болады. Бәймен атамыз: «әттеген-ай, тіл өткен екен» деп қатты қайғырады. Сол кезде Мұқанбетжан 20 жаста, Мейрам 17 жаста болған.
Бәймен атам Мейрамға «Балам, сенің жағдайың не болар екен. Революция болып жатыр. Орыстар сені оңдырмас», — деп уайымдаған. Үлкен баласы Мұқанмбетқалиға Жаманқопаның ортасынан қора соғып малды қойыңдар. Ертең жылқы, сиырдың бәрін айдап кетеді, аш қаласыңдар» деп ақыл берген. 1928-1929 жылдары «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен 10 отар қой, 5 үйір жылқы, қара малды айдап кеткен. Бәйменнің үлкен баласының әйелінің аты Мүгілсін. Атамыз Аппақ келін атандырған. келіні Аппаққа Бәймен атам Мейрам әкемді тапсырған. Мейрамға: «Кеңес үкіметі күн бермейді. Ол сорлап қалады. Аспаннан түскен қара кітапты шапаныңның қолтығында сақта. Ол есін жиып, қатарға қосылғанда берерсің. Мен туып өскен Жаманқопада қаламын» — деген. Айтқандай-ақ Бәймен атам 1 ай ауырып, қадақ (шаншу) ауыруынан қайтыс болады. Мейрам әкем әкесінің жылын беріп, дүние-мүлкін Жаманқопаға көміп, үш сиырға тамағын тиеп, балаларын ертіп, жаяулап Шалқарға көшеді. Шалқарға келген соң Мейрам әкемнің Сара деген әйелі мен 5 жасар Ғазез деген ер баласы қайтыс болады. Содан соң Мейрам әкем Кіші жүз Жаббастың (ред. Жаппас руы деп ойладым) қызы Рәшті алады. Бір жылдан соң елге оралып, Қарақоға ауылында Жетім руының ортасында үш қара (ред. Қара – ру аты) (Мейрам, Мұқанбетқали, Сейілxан) тұрады. Мейрамның 13 жасар баласы Нәмнұр қызылшамен ауырып қайтыс болады. Мейрам әкем маған Нәмнұрдың қабірін көрсетті, ағашпен қоршап қойған екен. Мейрам әкемнің екінші алған әйелі Рәш бала көтермепті. Мейрам кейіннен Кеңес үкіметінің оқуын да оқып, балаларға сабақ берген. Почтада жұмыс істеген. Орысша білген, сауатты адам.
Мейра әкеммен құрдас, араласатын кісі: «Мейрамның өзі де молда, әкесі де молда» деп қаралап, сонан Мейрам әкем Торғайдың түрмесіне жабылады. Үш күннен кейін Мейрам әкемнің түсіне Бәймен атам кіріп «неге жатырсың, шық'» деп аян берген. «Тұрдым да шығып жүре бердім, есік ашық екен» дейді Мейрам әкем. Тағы бір күні бір жиында «біз ішкен арақты неге ішпейсің» деп әкеме күштеп арақ ішкізеді. Содан Мейрам әкем ауырып ес-түссіз жатады. Аппақ әжем «қара кітапты әкелдім, басыңа қойып тіліңді кәмилаға келтірші» деген. Содан Мейрам әкем жақсарып, зікірін салып есін жиған. Кейіннен жанағы құрдасы әкемнен кешірім сұраған: «Саған құрдастықпен қиянат жасадым, қаралап түрмеге жаптырдым, арақ ішкіздім, мені кешірші. Сен Нәмнұрдың басына келіп құран оқып тұрсың. Менде бала да жоқ, бәленшенің баласы деген топырағы да жоқ. Аяғыңа жығылайын» деп кешірім сұраған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Ауыл адамдарына повестка келіп, соғысқа аттанады. Семиозерға келген кезде Мейрам әкем ауырып, зікір салып, ешкімге бой бермей жүгіріп кетеді. Оны көрген командир бұл кісі акыру деп оны елге қайтарады. 1942 жылы Мұқанбетқалидың баласы Абдраxман соғысқа аттанады. Әкесі Мұқанбетқалидың 1944 жылы еңбек армиясына алынады. Мұқанбетқали әкем екі жыл жұмыс істеп қашып келген. «Түсімде бабам (Бәймен атамды айтады) елге барып, боталарыңның бетінен сүйіп кел. Үйіңді салып, жейдеңді тігіп қойдым» деп аян берді. Оянсам түсім екен. Еңбек армиясына қайта барғаннан кейін үш күн (қадақпен) ауырып қайтқан. Қасында болған Жүніс деген ауылдас кісіге шекпенге орап мені қой деген. Жүніс (руы Жетім) «жуындырып өз қолыммен қойдым» деп айтып келген. Мұқанбетқалидың баласы Абдраxман, яғни менің әкем 1944 жылдың тамыз айында «Ленинград шайқасына кірдік. Аман болыңдар», деп xат жолдаған. «Боздақтар» атты кітапта Ленинград қаласының маңындағы Александровка жеріне жерленген деп көрсетілген.
Байшағырдың 4 баласы болған дедік қой: Сарман, Сәрке, Күмісбай, Сүттібай. Солардың ішінде Күмісбай атамыз бақсы болған. Құрдастары әжуалап, «Күмісбай сенің бақсы болғаныңды білейік. Сен қашан өлесің?» деп сұрапты. Ол: «Білгілерің келсе айтайын, мен 37 жасымда бәлені күні бәлен сағатта қайтамын»,- деген. «Ал осы бақсылығың балаларыңа қона ма?» деп сұрағанда «Балаларыма қонбайды. Ұрпақтарымды әурелеп-әурелеп кетер. Бақсылығым басымда Ақ отау, Ақ нар болып шөгіп жатыр», деген екен. Сөйтіп құрдастарына айтқан күні, айтқан сағатта, 37 жасында қайтыс болады.
1953 жылы Жанғабыл Жүніс Сорда (ред. Көл, жер аты) шығырмен егін еккен. Киіз үйде Мейрам әкеммен бірге отырдық. Сол кезде Жұбатқан 16 жаста еді. Ақ жейде ақ дамбалмен үйге кіріп келіп «Аға маған бабалар Күмісбай бақсының басына бармадың деп ұрсып жатыр, жол көрсетші», — деп өтінді. Сонда Мейрам әкем оған: «Құбылаға бетіңді бер де тарт. Қара нарың өзі-ақ апарады» деген еді. Жұбатқан келіп «Аға бардым. Ақ отау, ақ нар болып жатыр екен деді. Мейрам әкем былай деп кеңес береді: «Жұбатқан сенің бақсылығыңа ризамын. Бірақ сені Кеңес үкіметі қолдамайды. Сен армияға бар. Орыстың побы (поп) жұлыныңнан егеді. Сонан соң бақсылығың басылады». Күмісбай атамыздың аруағы Сейілxан әкемнің біраз әуреледі. Сапа мектепті интернатта жатып оқыды. Күнде түн мезгілінде шығып кетеді екен. Тәрбиешілер түсінбей оған күнде ұрсушы еді. Мен әкеме айтып келдім: «Е-е, аталары әурелеп жүрген ғой» деп Сапаны үйге алып келді. Сападан: «не болды?» деп сұрағанда ол: «Мейрам атам келіп жетектеп алып кетеді» деп түсіндірді. Сапа да біраз ауырып жазылды. Мейрам әкем: «Төкен балама қонады» деп ойлайтын. Бірақ, Төкенгеде қонбады.
Кейде Мейрам әкем ауырып, Жаманқопаға барып қонып, зікір салып, сауығып қайтатын. Кеңес үкіметі кезінде әкемді қудалап, жиі-жиі аудан орталығы Торғайға шақыра беретін. Сонан соң Таласбай әкем Мейрам әкемді ертіп барып финанс бөліміне патент алып берді. Мейрам әкем тарауық оқиды, айт шалады, қайтыс болған адамдардың дәуірін айналдыратын. Ауырған адамдар келіп, әкемнің жанына түнейтін. Бір күні көршіміздің әйелі толғатып, бала туған соң талып қалған. Енесі келіп талып жатыр деп әкеме жүгіріп келді. Әкем: «қазір барамын. Әтешті ұстап алыңдар» — деді. Мен жүгіріп әтешті ұстап алдым. Әкем қара кітабын оқыды. Әтеш өліп қалды. Сол кезде «уx-x» деп әйел басын көтерді. Бірнеше жыл өткенде сол әйел адам тағыда бала көтеріп, туған кезде есінен танып қалған. Жолдасы үйде болмаған екен. Әйел көз жұмды. Жолдасы үйге келгенде: «үйдің жанындағы Мейрамға неге апармадыңдар?» деп жыланды.
Бір жеңгеміз жүйке ауруымен ауырып, ағамыз ол кісіні арбаға байлап алып келді. Мейрам әкем қол-аяғын шеш дегенде «жоқ аға, ол қашып кетеді»,- дейді. Әкем: «қашпайды» деп қолын шештіреді. Сол кезде жаңағы есін білмей тұрған жеңгеміз орнынан тұрып «атакем-ай» деп бірнеше рет сәлем жасады. «Ата, аруағыңнан айналайын. Басым қайнап жатыр» деп дастарxанда тұрған бір кесе ыстық шайды төбесіне құя салды. Мейрам әкем ол кісіні дұға оқып емдеді. 1959 жылы Мейрам әкем ауылдың ақсақалдарын жинап намазға жықты. Маған дәптерге жазып оқып отыр дейді. Мен оқып отырамын. Маған: «сен сауап алдың» дейтін.
Аспаннан түскен қара кітапты оқып адамдардың өмірін айтатын. Мейрам әкем 1902 жылы Жаманқопада туған. Қайтыс боларының алдында ауырып жатқан кезде «мені уайымдамаңдар, менің бетімді жабатын адам өзі келеді. Аспаннан түскен Бәймен атамыздың қара кітабын менімен бірге көміңдер. Баласы жоқ демеңдер. Балаларым алдымда. Қуаныш, Бимария екеуің даладан жүгіріп келмеңдер. Қасымда болыңдар. Екеуің шығарып салсаңдар болды», — деп өсиет айтты. Айтқандай екеуміз де қасында болдық. Сағат таңертеңгі ондар шамасында «Албарбөгет» совxозынан Мұxаммедуәли келді. «Ауырып жатыр деген соң көңілін сұрайын деп келдім», — деді. Тамақ піскенше екеуі әңгімелесіп отырды. Сонан соң Мейрам әкем «Қуаныш, тамақты тездетіңдер», Мұxаммедуәли тамақ ішіп болған соң тәлел айта бер», деп өтінді. Тәлелді айтып болған кезде молда әкем жүріп кетті. Сөйтіп Мейрам әкеміз 1979 жылы 12 маусымда бұл дүниеден өтті.». Сонымен екі бабамыздың басына соғып, білетін құран сөздерін оқып, дұға бағыштадым.
Сол күні, яғни 2019 жылғы 6 шілде күні Ұлы Жыланшық аймағынан туған ауылым – Көкалатқа ат басын бұрдық. Суреттерді түсірген мен, яғни Амандық Қорғанұлы және Данил Потапов-Поличинский!

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *