Ахаң тұрған үйді қалпына келтіру үшін қаржы керек

Қостанай облысында 29 киелі жердің туристік картасы жасалды. Қасиетті нысандардың 19-ы жергілікті маңызға ие. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен үй. Алдағы уақытта бұл нысан жергілікті тұрғындардың бастамасымен қайта жаңғыртылуы мүмкін. Ұлттың ұлы ұстазы атанған Ахаңның кіндік қаны тамған осы үйдің бүгінгі жайы қандай? Осы жайында ҚазАқпарат тілшісі арнайы материал дайындаған еді.

Ахаң туған үй — қазіргі Ақкөл мен Байтұрсын (Южный) ауылдарының арасында. Шамамен 1850 жылдары салынған баспананың кейіннен іргетасы қалып, бізге жеткен болатын. Ахмет Байтұрсынов ақталғаннан кейін, 1990 жылы туған үйіне тас белгі қойылды. 1996 жылы «Ақжол» экспедициясы құрылып, ұлт ұстазының туған жерінде өткізілетін шаралар жоспары жасалды. Экспедицияны Ахметтің түп бабасы – Үмбетей батыр ұрпақтарының бірі Ибрагим Ағытайұлы басқарды.

«Ақталғанда Ахаңның аруағы тұтас елдің рухын аспанға көтерді. Ол кезде ауылда Ахметтің көзін көрген, Ахаң үшін жазықсыз жазаланғандарды, тіпті сол үшін қаза болғандарды білетін шалдардың көзі тірі болатын. Сол қариялардың өзі Ахметтің туған үйін бар кезінде жөндеу керектігін айтып кеткен. Белгілі ғалым Байтұрсын Ілияс «Алтын бесік» деген кітабында да мұны нақты жазған. 2011 жылы үйдің орны абаттандырылып, сырты қоршалды. Негізі, осы шаңырақ Ахметтің атасы Шошақтың қыстауы болды, кейін Байтұрсынның өзі тұрды. Байтұрсынның үлкен ұлы Қали сол маңда жерленген. Қазір бұл ел арасында «Байтұрсын тамы» деп аталады», — дейді Ибрагим Ағытайұлы.

Ақкөл ауылында тұратын Ахмет Байтұрсыновтың тікелей ұрпағы — Әбдісалық Жақсымбеков. Ол кісінің айтар уәжі де айқын – Ахаң үйін тез арада қалыпқа келтіру.

«Атамыздың үйі ауыл тұрғындарының белсенділігі арқасында еңбегі арқасында тұрғызылды. Енді оны талапқа сай етіп, келген-кеткен адамдарға жылы ұшырайтындай, келешек ұрпақ «Ұлт көсемінің үйі осындай болған» деп танитындай деңгейде жаңғыртылса, жаңартылса екен. Біраз жыл қараусыз қалқайып тұрған қадірлі нысан мемлекеттің қамқорлығына жақында алынды. Енді ол өз дәрежесіне лайық жөндеу көрсін. Жөндеу көріп, көркеюі де керек. Мендегі тілек осы», — дейді Әбдісалық қария.

Ахмет туған жер өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін Мәшен қажы қыстауы аталып келген деседі. Мәшен қажы – Ахметтің бірге туған ағасы. 2007 жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен, ауыл жігіттері Ахаң үйін саманнан қайта салып шықты. Үйді сақталып қалған іргетасының арқасында қалпына келтіру мүмкін болды дейді ауыл тұрғындары. Мұнда екі бөлме бар, оларға ортақ бір пеш қойылған. Үй іші кішігірім музей. Негізінен мектеп оқушылары келіп тамашалайды. Нысан карта бойынша Байтұрсын ауылдық округына тиесілі.

«2016 жылы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке Ахаң туған үйді ұзақ уақыт сақталатындай етіп, қайта жаңғырту туралы ұсыныс жаздым. Облыс басшысы бірден қолдады. Мен жөндеу барысының жоспарын құрып, жаңа үйдің эскизін жасадым. Бірақ, жұмыс қаржылық жағдайға байланысты тоқтап қалды. 2018 жылы аудан әкімдігінің күшімен үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, алдағы уақытта қайта салу жұмысы қолға алынуы керек», — деп ұсынды Ибрагим Ағытайұлы.

Ахаң үйін қалыпқа келтіруді аудан әкімі Шота Оспанов тікелей бақылауына алған екен. Айтуынша, қаражат мәселесі шешілсе, қайта жаңғырту жұмыстары басталады.

«Ең алдымен, бұл жұмыстың абыройлы іске асуы маған сын. Ахметтен асқан кіміміз бар? Қазіргі уақытта демеуші іздестіріп жатырмыз. Өңірдегі «Алюминстрой» ЖШС директоры Абай Мұқановқа да ұсыныс айттым. Тағы бір мәселе, Ахаң үйі қалай салынады? Қолымда екі жоба бар. Біріншісі, кәдімгі қазақы үй салу болса, екіншісі сәулетті ғимарат тұрғызу. Алаш қайраткері Әлихан Бөйкейхановтың туған үйі ешқандай өзгеріссіз сақталып тұр дейді. Көзкөрген ағаларымыз Ахаң үйін де солай қалдыру қажет деген ұсыныс айтады. Бұл енді алдағы уақытта шешімін табады», — дейді аудан әкімі.

Шота Оспанов айтқандай, қазіргі тұрған үйді қалыпқа келтіру үшін 2,5 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ, келешекте киелі нысанға жарық желісін жеткізіп, сервистік орталық ашу мәселесі де аудан басшысының назарында. Сонда келушілер қатары артып, оларға жақсы жағдайлар жасалмақ. Расымен де, уақыт өткен сайын саман үйдің тозығы жетеді. Ауыл ақсақалдары қалыпқа келтіру жұмыстарын қыс түспей бастау қажет дейді.

Ахаңның үйі дайын болғанда оған келушілер де көп болары сөзсіз.

Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

Түпнұсқадағы тақырып: «Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған үйді қастерлеу — парыз»

 

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері қызметтерінен кетті

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері өз өтініштері бойынша қызметтерінен кетті, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Қостанай облысының ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *