Студенттік жатақханалар құрылысын өз бақылауыма аламын — Архимед МҰХАМБЕТОВ

Қостанай облысының әкімдігінде өткен селекторлық жиында студенттік жатақханалардың құрылыс мәселесі талқыланды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Қостанай облысында Автомобиль жолдары, Политехникалық және Медициналық колледждер студенттері үшін жатақханалар салу жоспарлануда. Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк атап өткендей, жатақхананың құрылысы ауылдық жерлердегі жастарды тұрғылықты баспанамен қамтамасыз етуге және 1250 студенттің өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта екі жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Автомобиль жолдары колледжі жанынан 500 орындық жатақхана құрылысы басталады. Оның сметалық құны 1,6 млрд теңгеге бағаланды. Сондай-ақ Политехникалық колледж жанынан 500 орындық жатақхана құрылысына смета бойынша 1,5 млрд теңге жұмсалады. Ал Медициналық колледж жатақханасы құрылысының жобалық құжаттамасы желтоқсан айында бекітіледі», — деді С.Карплюк.

Бұл оқу орындарының жатақханаларын салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов жобалардың қымбаттығын сынға алды. Оның айтуынша, қаржыны барынша үнемдеу қажет. Сондықтан құрылыс жұмыстарын өз қадағалауына алмақ.

«500 орындық колледж жатақханасына 1,5 млрд теңге ақша жұмсау қымбатқа түседі. Менің орынбасарларым қомақты қаржы жұмсауға жол берген. Олар жобалық құжаттаманы бастапқыда бақылауға алуы тиіс еді. Енді бұл жобаларды жеке бақылауыма аламын. Бұған дейін де айтқан болатынмын, жатақхана құрылысына 1 млрд теңгеден артық ақша жұмсамауға міндеттіміз. Студенттер үшін тұратын бөлме, асхана, жуынатын жер, дәретхана болса жеткілікті. Оңтайландыру жұмыстарын жүргізген дұрыс», — деді өңір әкімі.

Мынаны да қараңыз

Қостанайда бір әйел көпірден секіріп кетті

Қостанай қаласында көпірден секіріп кеткен әйелге қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп хабарлайды облыстық Полиция ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *