Қарттарын қадірлеген ел өркендер

Жангелдин ауданы Көкалат ауылында қарияларға арналған тағылымды іс-шара өтті. «Ажар» дәмханасында тұрғындарға ас беріліп, Албарбөгет орта мектебі оқушылары әзірлеген «Қарттар – тарих, қазына, ел қазығы» атты мерекелік концерт ұсынылды.

«Бүгінде Көкалатта зейнет жасындағы 63 адам бар. Оларға жағдай жасау әрқашан біздің назарымызда. Ауылдық округте 17 жеке шаруа қожалығы тіркелген. Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаға белсенді қатысады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұмытқан емес. Соның нәтижесінде елді мекенде көптеген игі іс атқарылды. Қарияларға арнап ас беру бұлжымайтын дәстүрге арналған. Жыл сайын бір іскер азамат дастархан жаяды. Биыл танымал кәсіпкер, меценат Талғат Әмірхамзин құрмет жасап отыр. Елордадан арнайы келіп, тай сойып, мағыналы мәжіліске ұйытқы болған жерлесімізге зор алғыс білдіреміз», — деп атап өтті ауыл әкімі Аманжол Торбаев.

Талғат Қорғанұлы 2011 жылы туған жерге ат басын бұрып, кәсіп ашып, 100 млн теңгедей инвестиция құйған болатын. Қазір жемісін көріп, аймаққа шапағатын тигізіп отыр. Ол жетекшілік ететін «Аянбай» шаруа қожалығында бүгінде 9 адам жұмыспен қамтылған. Мешіттің жөнделуіне, ас пен тойға жасаған қаржылай қолдауынан бөлек, биыл ауыл ішіне толықтай жарық орнатты. Қазір Көкалатта шам тартылмаған көше жоқ.

Көкалат — тарихи мекен. Бұл жерде Ы.Алтынсарин шығармасына арқау еткен Қыпшақ Сейтқұл алғаш рет кетпен салып, егін еккен. Айса Нұрманов әйгілі Албарбөгет бөгенін тұрғызып, Қабырға өзенінің суын байтақ атыраптың игілігіне жаратты. Кенесары батырларының бірі Шәкір Қараманұлының кенесесі де осы жерде. О.Дауылбаев, Н.Нұрханов, Н.Бектемісов, Қ.Сәрсеке, Қ.Салғара, Т.Әбдік, Қ.Әбіл, Т.Иманқұл, М.Әбеуов, М.Жәкей т.б. жазушы-ғалым, қайраткерлер, еңбек адамдары көптеп шыққан. Олардың жарқын ісі ұрпаққа үлгі. Белгілі кәсіпкер, шаруашылық басшысы, Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов ауылдың ауызбірлігіне, еңбекқорлығына ризалығын білдірді.

«Қабырға бойын жайлаған елден жақсы азаматтар шыққан. Оларды дәріптейтін, ұрпаққа үлгі болатын шаралардың көбейгені қуантады. Қарияларға жасалған құрметке ризамыз. Біздің ақыл-кеңесіміз артық болмайды», — деп атап өтті ел ағасы.

Жиында жас ғалым, ақын, «Қостанай таңы» газеті ұйымдастырған жазба айтыс жобасының екі мәрте жүлдегері Батырлан Сағынтаев жырдан шашу шашып, киелі өлкенің тұлғаларын өлеңге қосса, айтыскер ақын Серікболсын Әбікен ел жайлы толғау, термелерін орындады. Астанадан арнайы келген ақын, журналист Мұхарбек Жәкей де жылы лебізін бөлісті.

Басқосуда ауылды көркейту мақсатында атқарылар істер де ортаға салынды.

«Жастарды назардан тыс қалдырмау керек. Көкалаттан ақын-жазушы, кәсіпкерлер көп шықты. Ізімізді басып келе жатқан оқушыларды өзге де елге пайдалы мамандық түрлеріне бейімдеуіміз керек. Келешекте «Ауыл күнін» өткізіп, аға ұрпақ пен жас буынның кездесуін ұйымдастырсақ», — деп ұсыныс білдірді  ауыл түлегі, іскер азамат Хамит Шакин.

Көкалат жаңалыққа құштарлығымен де ерекшеленеді. Ауылда 80 отбасы облыстық газетке  жазылады. Сөз барысында тұрғындар елді мекенмен байланысын үзбеген «Қостанай таңы» газеті ұжымына да алғысын білдірді. Басқосу соңында ауыл ақсақалы Қозыбай Әбішов кешті қорытындылап, келесі жылғы қарттар күнін мерекелеу жауапкершілігін шаруа қожалығы жетекшісі Таңат Тәжібаевтың әулетіне табыстады.

 

Абылай МАУДАНОВ,

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

kostanaytany.kz

Мынаны да қараңыз

Сарықопа

Қасиетті Торғай жерінің ЮНЕСКО тізіміне ұсынылған жері — Сарықопа туралы Сарықопа! Енді, мән беріп отырсам, ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *