Қостанай облысында бүтін бір ауылдың тұрғындары ауызсусыз отыр

Қостанай облысы орталығының іргесіндегі Садовый ауылы ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Кеңес заманында салынған желі 1990 жылдары істен шыққан соң әркім ауласынан ұңғыма қазып пайдаланған. Бірақ өткен жазда ылғал аз болып, сол ұңғымалар да кеуіп қалыпты. Ал қала жағдайына бейімделіп салынған қос қабатты үйлердің тұрғындарына тіпті қиын.

Ұңғымадан су шығып тұрғанда сапасыз болса да, көпшілігі соны тұтынып келді. Ал былтыр жазда жерасты суы жоғалғанда бірқатары қайтадан қайнар қаздырды. Оның құны тереңдігіне қарай жарты миллион теңгеге дейін жетеді.

«Екінші ұңғыма қаздырдық. Оның суы ішуге келмейді. Бақшаға, ыдыс-аяқ жууға ғана қолданамыз», — дейді Садовый ауылының тұрғыны Ғалия Құтымбекова.

Ауылда 1300 адам тұрады. Барлығының үнемі қаладан таза су әкелуге мүмкіндігі жоқ. Амалсыздан ұңғыманың суын ішеді.

Жазда ауылға тіршілік нәрі көлікпен тасымалданыпты. Кейін тоқтатылған. Аудан басшылары ақпан айында халықпен кездесіп, бұл жұмысты қайта қолға алатынын айтады.

«Садовый ауылында сумен қамту жүйесін салу үшін біз қазір зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер де нақты қоры 1-2 жылдың анықталса, ақша бөлініп тұрса 3-4 жыл ішінде сол сұрақ шешілуі мүмкін», — дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Садықов.

Қостанай ауданында 52 елдімекен бар. Орталық су желісі соның жетеуіне ғана тартылған. Биыл 13 ауылды ауыз сумен қамтуға жобалық-сметалық құжат дайындалыпты.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *