Латын графикасы біздің тілімізге зәру емес…

Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен облыстың қала мен аудандарының Тіл басқармаларының интерактивті түрде қатысуымен жаңадан ұсынылған латын таңбаларына негізделген қазақ әлібиінің жобалары талқылауға салынды. Осы орайда белгілі ғалым Алмасбек Әбсадық та өз пікірін білдірген болатын. 

tobyl-torgai.kz 

Латын графикасына негізделген қазақ әлібиінің алғашқы нұсқалары жарық көргенде негізгі талас-тартыс лингвист ғалымдар мен ІТ мамандарының арасында жүрді. Бұл — дұрыс үрдіс. Себебі жаңа ақпараттық технологиялардың, жасанды интеллект, цифрландыру дәуірі өз күшіне еніп жатқан кезеңде ІТ мамандардың уәжіне құлақ асқан абзал. Одан кеміп қалмаймыз.

Бүгінгі таңда ұсынылып жатқан жобалар біршама сол пікір таластарды ескеріп, ымыралық жоба түріне ұқсайды. Бірақ әлі де жона түсуді қажет ететіні анық. Бұрынғы 32 әріп бір санына кеміп, 31 болыпты. А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 24 дыбыс бар деп айтқан еді. Қазір лингвистер 28 дыбыс бар деп жүр. Демек, «бір дыбыс — бір әріп» қағидасына әлі жете алмай келеміз. Бұл жерде «бір дыбыс» дегенде таңбалау барысында екі дыбысты бір дыбыс ретінде жазу мүмкіндігін естен шығармау қажет. «Технология», «инновация» дегендеріміз осындайдан басталады. Осы орайда А.Байтұрсынұлы қолданған әдісті, яғни қазақ тілінің сингормонизм заңын пайдалана отырып, әліпбиді әлі де ықшамдай түскен орынды.

Әліпби — құрал. Бұрын ол дыбысты таңбалап, сөзді жазуға қызмет етті. Одан жазылған сөзді қағазға түсіріп, ақпарат таратуға қызмет жасаса, қазіргі таңда ол электрондық құрылғылар арқылы тарайтын ақпараттық құралға, таңбалы жад (искусственный интеллект) құралына айналды.

Латын графикасы біздің тілімізге зәру емес, біз оған зәруміз. Саяси-тарихи, экономикалық дамуымыз бізді сол графикаға зәру етіп отыр. Әліпбиін озық технологиялардың құралына айналдыра біліп, сол арқылы өркениеттің көшін бастап отырған елдердің тәжірибесіне біздер де ілесуіміз қажет. Енді бір-екі секірсек, 28 таңбаға жетіп қалармыз. Ал оның ар жағында британдық латын әліпби үлгісіне негізделген 26 таңбаға да қылаң беріп қалар…

Алмасбек ӘБСАДЫҚ 

Мынаны да қараңыз

«Біз үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз»: Екатерина Смолякова, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат

Respublica партиясы өкілдерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау тұрғындарымен өткен кездесу барысында ҚР Парламенті ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *